Ұстазға ескерткіш қойылды
18.05.2018
1164
0

Тіл, дін, дәстүр, тарих және атамекен. Осы бес құндылықты көзінің қарашығындай сақтап, бойтұмары еткен болашақ ұрпақ бағзы бабалар аманатынан адаспаса керек. Баға жетпес бес рухани байлыққа «Бес анық» деп ат қойып, айдар тағыпты ұлт ұстазы. Өз ұлтын, қала берді өзін тереңірек танығысы келген адам алдымен Мұхтар Арынның тәрбие туралы толғамдарын бір оқып шыққаны жөн-ақ. Кешегі кеңес кезінде Алаш азаматтарын ардақтаудан тайсалмай, қазақ тілінің тағдырына алаңдаушылық білдірген, егемендіктің алғашқы жылдарында ұлт мүддесін қорғайтын жүйелі заң шығаруға ықпал етіп, адалдық пен ар-намысты бәрінен биік қойған арда ұлға Бақалы ауылдық Мәдениет үйінің алдынан еңселі ескерткіш-бюст ашылды. Тағылымды шараның салтанатына алыс-жақыннан белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, елге танымал ақындар мен журналистер, ғалымдар мен саясаттанушылар келді.

Қай заманда да қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған Мұхтар Арын есі­мін бүкіл ел біледі. Дүниеден озға­ны­на ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, ой-толғамдары ел ортасында әлі күнге дейін айтылып келеді. Өміршең сөздері кейін­гі жастарға өшпес өнеге. Алаш үшін атқарған абыройлы істері қазіргі қо­ғам үшін айнымас темірқазық. Ба­ла­лық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс ке­ліп, тар заманда есейген ауыл баласы алыс­қа көз тікті. Білімге деген құш­тар­лық Алматы Шет тілдері институтына же­телеп, филология ғылымының кан­дидаты дәрежесіне дейін көтерді. Әр жыл­дары бірнеше жоғары оқу орнында, ми­нистрлікте абыройлы қызметтер ат­қарды. Ғұмырының соңғы он екі жылын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мем­лекеттік университетінің ректор­лы­ғына арнады. Қандай қызметте жүрсе де, ұмыт қалған ұлттық мұраларды қайта жаң­ғыртуға күш салып, ғаламат ғылыми еңбектер жазды. Халықтың рухын оя­тып, қызыл саясаттан сарғая бастаған ті­лін тірілтетін мақалалар жариялады. Заң­ғар тұлға туралы зиялы қауым айтар пікір де бір төбе. Бәрі де ел үшін туған пер­зенттің парасат-пайымын әңгі­ме­леп, жарқын істерін жоқтайды.
Саналы ел ерін ұмытпайды. Оған ая­дай ауылға жиналған алқалы топ дә­лел. Аймақта өткен Алаштың атаулы кү­ніне халық көп жиналды. Ұлын ұлық­тады, көзіне жас алып, кемеңгерлігін сөз етті. Қабірстаннан аттамайтын қазақ ал­дымен Бақалы өңірінде мәңгілік ты­ныс тапқан Мұхтар Арынның кесенесіне ке­ліп, рухына құран бағыштады. Еңселі ес­керткіштің ашылу рәсімінде Сарқан ау­данының әкімі Ерғазы Қошанбеков осын­дай өнегелі іске Елбасының «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы түрткі болғанын айтып, шараға қатысып отыр­ған Мұхтар Арынның зайыбы Райхан Бер­діқожақызына, асылдың сынықтары Ерлан мен Нұрланға ізгі тілегін арнады. Сонымен бірге, облыс әкімі Амандық Ба­таловтың сәлемін жеткізді. Шарада ұлт ұстазының үзеңгілесі, философия ғы­лымдарының докторы, профессор Аман­гелді Айталы сөз сөйлеп, қайрат­кердің сан қырын тебіреніспен еске алды. Философ ақтөбеліктердің ыстық сә­лемін де арқалай келіпті.
– Құрметті ағайын! Мұхтар Арын – бүкіл қазақ халқына ортақ тұлға. Әсі­ресе, оның есімі ақтөбеліктерге өте ыс­тық, – деп бастады Амангелді Әб­дірах­манұлы алғашқы сөзін. – Мұхтар Ақтөбеде ұзақ жыл ректор болды. Көп рек­торлардың бірі емес, келелі ой ай­татын кемеңгер басшы еді. Мұхтар Ға­лиұлы студенттерді ғана тәрбиелеп қой­ған жоқ. Сонымен бірге, халықтың тәрбиешісіне айнала білген абзал жан. Біле білсеңіздер, Рухани жаңғырудың ал­ғашқы кезеңі тәуелсіздік алған жыл­дармен сәйкес келді. Сол жаңғырудың ал­ғашқы легінде Мұхтар Арын жүрді. Ол қандай іске де қазақ руханияты тұр­ғысынан қарайтын. Адамды тірісінде мақ­тап жатады. Өлгеннен кейін ұмы­та­ды. Бірақ ұлы істерімен ұмытылмайтын адамдар бар. Ондай тұлғаны халық із­дейді, сағынып тұрады. Мұхтар Арын­ қазақ халқымен бірге.
Сонау бір жылдары қазақтың батыр қы­зы Әлияны комсомол мектебі тәр­биеледі деп кеуде соққан коммунистер көп еді. Ал Абайды орыс мәдениеті өсір­ді деген ұшқары пікірлер жиі ай­тылатын. Мұхтар Арын ұлт рухын жа­ныштайтын теріс идеологияларға қарсы шы­ғып, халықтың маңдайалды мақ­таныштары ең алдымен қазақтың ұлт­тық тәрбиесінен нәр алғандығын дә­лелдеп бағатын. Амангелді Айталы Алаш ағартушысының көпке үлгі бо­ларлық істерін әңгімелеп берді.
Мұхтар Арындай ұлт ұстазының ұр­пағын өрбітіп, киелі шаңырағының отын маздатқан Райхан анамыз да ал­қалы әлеумет алдында ақтарыла сөз сөй­леп, барша жұртқа рахметін айтты. Сон­дай-ақ, ескерткіштің авторы, бел­гілі мүсінші Қадыржан Кәкімовке ана­лық алғысын жаудырды.
Салтанатты шараның екінші бөлігі «Мұх­тар Арын: ұстаз, ағартушы, қайрат­кер» тақырыбындағы ғылыми-тәжіри­бе­лік конференциямен жалғасты. Мұн­да Сарқан ауданының әкімі ҚР Пре­­зиденті Кеңсесінің басшысы Жеңіс Қа­сымбектің, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің құттықтау хаттарын оқып берді. Конференцияда әр облыстан келген ғалымдар, оқыту­шы­лар ұлт тұлғасы жайлы естеліктерін айтып, сыйлықтарын табыстады. Атап айтқанда, Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы Абылай Мұхамбетжан баяндама жасап, «Ақтө­бенің Абайы» атанып кеткен текті аза­маттың атқарған ұшан-теңіз істеріне то­қталды. Сонымен қатар, конфе­рен­ция­ға ескерткіштің ашылуына ыстық ілтипаттарын білдіріп, ізгі тілектерін жолдаған танымал тілтанушы ғалымдар Әбдуәли Қайдардың, Рабиға Сыздық­тың және Өмірзақ Айтбаевтың сәлем­демелері жеткізілді. Бұдан бөлек, Ақ­төбе, Қызылорда, Павлодар, Атырау об­лысы әкімдері мен университет рек­торларының құттықтау хаттары оқы­лып, жаңа жинақтар, ғылыми кітаптар, портреттер тарту етілді. Оның ішінде «Нұр Отан» партиясы Қызылорда об­лыс­тық филиалы төрағасының орын­басары Ержан Байтілес Мұхтар Арын­ның күріштен бейнеленген портретін сыйласа, Павлодар мемлекеттік уни­вер­ситетінің проректоры Арман Ақышев ға­лымның жары Райхан анамызға зерлі кам­зол жапты.
«Ауылдағы еш жерде оқымаған, са­қа­лы беліне дейін түскен қарияға өзің­нің ғылыми идеяларыңды түсіндіре ал­саң, сонда ғана нағыз ғалым боласың, ба­лам!» – деген екен Мұхтар Арын. Әт­тең, осы сөзді бүгінгі тым терминшіл ға­лымдар әр диссертациясының маң­дай­шасына жазып қойса ғой деп күйі­неміз. Қайран, ұстаз…

Қуаныш ТҰНҒАТАР.
Бақалы ауылы,
Сарқан ауданы,
Алматы облысы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір