Көк көйлекті қыз
25.08.2015
2655
0

кок койлекті кыз

(Әңгіме)

Сәбит Досанов


Бұл Даниярдың бес жасында болған оқиға.

Айгүл кеш жатса да ерте оянды. Алыс жолдан шаршап келіп қатты ұйықтағандықтан болар, ұйқысы қанып қалыпты. Тұра беріп байқады, жанындағы төсекте жатқан Данияр жоқ. «Таң атпай қайда кетті? – деп ойлады ол. Сыртқа шыққан Айгүл Даниярмен бетпе-бет келіп қалды.

  • Қайда жүрсің? – деді Айгүл.
  • Байғабыл өзеніне бардым.
  • Суға түстің бе?
  • Жоқ.
  • Енді не?
  • Өзен жағасында отырып таңның атқанын тамашаладым.

– Өткен жылы «Алматы» санаторийінде демалыста болғанда тамашалап едің ғой таңның атысын.

  • Мама, мен саған бір қызық айтайын ба?
  • Айт ғой, құлыным!
  • Қала мен даладағы таңның атысында біраз айырмашылық бар екен.
  • Ол қандай айырма?

– Қалада күнді даладағыдай айқын көре алмайсың. Қалада таң атқанда күннің көзін бұл бүркеп, бұлыңғыр тартып тұрады. Ауылдың таңы ерекше, өте сұлу екен. Мұнда ұйқысынан оянған күннің қызғылткүрең шапағы бұлтсыз аспанға өзгеше көрік береді. Бетін бұлт бүркемеген күн де жарқырап, жайнап шығады. Тып-тыныш тұрған өзен суына түскен күн сәулесі таңғы самал желмен ақырын ғана діріл қағады. Дала таңы тұнып тұрған тап-таза сұлулық! Ертең тағы барам өзен жағасына. Сен де көрші сол сұлулықты.

– Мен үй шаруасымен айналысамын.

  • Онда папам екеуміз барамыз.
  • Сол дұрыс, ботам.

«Әкесінің туған жерін жанындай жақсы көретін Данияр бұл өңірде талай болған», – деп ойлады Айгүл. Оның елге алғашқы сапары әлі есте. Ұшақ Арқалық әуе жайына қонған сәтте: «Ура! Менің Торғайым!» деп айғай салған. Салон толы халықты өзіне жалт қаратқан Данияр сонда үш жаста еді. Әкесінің туған жеріне деген бала махаббаты ерекше болатын. Даниярдың төрт жасында айтқан бір сөзі әлі есте. Ерасыл отбасымен бірге жазғы демалыста, Ыстықкөлде еді. Іргедегі демалыс үйіне қонаққа барған бұлар жаяу келе жатқан. Күн күйіп тұр. Жарты жолға келгенде «Шаршадым, мені көтер» деді Данияр анасына.

  • Әкең көтерсін, – деді анасы.
  • Жоқ сен көтер, – деді Данияр.
  • Неге мен көтеруім керек?
  • Папамның аяғы ақсақ. Ол тез шаршайды.
  • Мен де шаршап келе жатырмын, жаяу жүрсеңші.
  • Көтермесең Торғайға кетіп қаламын.

– Кетпе, құлыным, кетпе. Кел, келе ғой, – деп Даниярды көтеріп әкелді анасы демалыс үйіне. Сонда ол төрт жаста болатын.

Сол жылы бұлар тағы да елге келді. Онда Ерасылдың ата-анасы «Қазақстанның 40 жылдығы» деп аталатын кеңшардың орталығы Байғабыл селосында тұратын. Сәлем бере келген совхоз директорынан:

  • Бұл совхозда қанша қой бар? – деп сұрады Ерасыл.

– Сексен мың, – деді шаруашылық басшысы – соншалық көп болмаса да жылқы мен ірі қара да бар. Сосын жиырма мың гектар жерге егін егеміз.

  • Мына Қызбел тауындағы Ақбас бүркіт бар деген рас па?

– Рас. Бірде көршілес Жанкелдин ауданына бар жатып сол Ақбас бүркіттің Қамыстыкөл жағасында жусап тұрған жылқылардың үстінен айнала ұшқанын өз көзіммен көрдім.

  • Апыр-ай, ә!
  • Өзі бұрын-соңды біз көріп жүрген бүркіттерден әлдеқайда үлкен екен.

Үлкендердің әңгімесін зейін қоя тыңдаған Данияр сурет салып та отырған. Совхоз директоры қоштасып шыға бергенде «аға мынау сізге» деп екі парақ қағаз ұсынды. Анықтап қараса сурет. Біріншісінде директордың портреті. Тік иық, кең кеуделі қасқабас кісі жұмсақ жымиып отыр. Үстінде қызыл сызықты шолақжең көк көйлек. Бақытжан өз бейнесін айнытпай салған Даниярға сүйсіне қарады. Екінші қағазда Қамыстыкөл жағасында үйездеп тұрған жылқылар. Көлде екі аққу жүзіп жүр. Аспанда Ақбас бүркіт.

– Бұл суреттерді қашан салдың? – деп сұрады Бақытжан.

  • Жаңа сіздер әңгімелесіп отырғанда, – деп жауап берді Данияр.
  • Сен нешедесің?
  • Бес жастамын.

– Тіл-аузым тасқа. Көр де тұр, мына баламыз өсе келе ұлы художник болады, – деді Бақытжан өзін ұзатып салып тұрған Ерасылға.

– Оны уақыт көрсетер, кім болса аман болса екен, адам болса екен, – деді Ерасыл.

Келесі күні Данияр мен Ерасыл ерте тұрып, Байғабыл өзенінің жағасына келді. Ұйқысынан жаңа ғана оянған күн шығыс жақты қызғылт шапаққа нұрға бөлеп, көкжиекке баяу көтеріліп келеді. Өзен жағасындағы балауса көк құрақ пен балапан талдар арасынан қиғаштай құйылған күн сәулесі су бетінде ақырын дірілдеп, әлсіз толқынмен бірге тербеледі. Арғы беттегі Қамыстыкөл жақтан ұшып шыққан қос аққу сыбызғы үнмен сыңси ұшып Құмкешу жаққа беттеп барады. Төңірек құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Кермиық кең дала жас босанған анадай кеудесін кере еркін тыныс ала балбырап, өзгеше бір бақыт құшағында балқып, көсіліп жатыр. Ана бір тұстағы қалың қамыс арасынан шыға келген бір топ қоңыр үйрек су бетінде еркін жүзіп жүр. Су астынан секіріп шығып тереңге қарай сүңгіген алабұғаны ұзындығы төрті қарыс жуан шортан қуалай жөнелді…

Ет пісірім сәттен соң мойынын қызыл орамалмен ораған көк көйлегінің етегін жел желпіген сымбаты бөлек бір сұлу қыз келді. Ол әкелі-балалы екеуіне бас изеп амандасты да, бұдан желі жері ұзап барып тоқтады. Сосын иығындағы инағаш пен екі шелекті жерге қойды да аяғындағы көк шәркейін шешті. Бұларға көз қиығымен ұрлана қарап көк көйлектің етегін тізеден сәл жоғары көтерді. Күн нұрымен шағылысқан аппақ балтыр жарқ ете қалды. Әлдебір сұлу әуенді ақырын ғана әуелеткен сұлуға қадала қараған Данияр:

  • Папа, қараш, ана қыз қандай сұлу! – деді.

– Бұл қыз біреуді күтіп отырған сияқты. Байқайсың ба, мойнын бұрып әлсін-әлсін ауыл жаққа қарап қояды, – деді Ерасыл.

  • Сонда кімді күтеді ол?
  • Кімді болушы еді, сүйген жігітін де.

Көзін сұлу қыздан ала қашқан Данияр су бетінде қалқыған үйректерге қарап, жеңіл күрсінді…

Сол сәт аппақ ақ арғымақты жетелеп сұңғақ бойы сымдай тартылған, қап-қара, қап-қалың шашын шалқасынан қайырған жас жігіт келді баяу басып. Бұтында көкшіл джинси, үстінде қып-қызыл шолақжең көйлек. Көк көйлекті қыз орнынан ұшып тұрды. Қызыл көйлекті жігіт сол қолын кеудесіне қойып, басын иді. Сосын қызды оң қолымен құшақтап, бауырына тартты. Көк көйлекті қыз қызыл көйлекті жігіттің құшағына еніп кетті… Осының бәрін көзінің бір қиығымен бақылап отырған Даниярдың ойын арқа тұсынан бірі кісінеп, бірі шұрқырап шауып өткен топ жылқының дүбірі бөлді…

Әкелі-балалы екеуі үйге қайтып оралғанда есік алдына үлкен сары самаурын қайнап тұр еді. Жер ошақтағы қазанда қайнаған еттің көбігін алып жатқан Мақпал:

– Құлындарым, келдіңдер ме, таң атпай қайда жоғалып кеттіңдер? – деді ұлы мен немересіне мейірлене қарап.

– Мына сенің ерке немерең ғой, таңның атысын өзен жағасында қарсы алайық деп болмаған. Ылғи осы, мені біржаққа жетелейді де жүреді. Еркелігі аздай, тентектігі тағы бар мұның. Қазір бұрышқа тұрғызып қойсам ба екен?

  • Ерасыл Мақпалға қарап көзін қысып қойды.

– Тиіспе менің немереме! Тентек болғанмен ақылды тентек бұл. Кел, ботам, бері кел! Етегіне оралған немересін әжесі құшырлана иіскеп маңдайынан сүйді. «Ал, енді маған тиісіп көр» дегендей әкесіне кеудесін кере қарады әжесінен мықты қорғаныс тапқан Данияр.

– Сол сәт қарсы беттегі қорадан аппақ ақ лақ шыға келді ойнақтап. Тұра жүгіріп ақ лақты ұстап алды Данияр. Сосын оны мойынан құшақтап, арқасынан аялай сипады.

– Ақ лақ екеуміз дос болайық, жарай ма? – деді Данияр. Ақ лақ «жарайды» дегендей басын шұлғады.

  • Мен сені Алматыға алып кетейін, барасың ба?

«Мө, мө» деді ақ лақ.

Осылай әрнәрсені бір айтып, ақ лақпен біраз сөйлесті Данияр. Сосын оны қоя берді де сәлден соң. қораны айналып кетіп бара жатқан ақ лақтың соңынан жүрді. Данияр «Ақ лақ қайда барасың? Тоқташы. Мен саған тимеймін. Менімен бірге Алматыға бармасаң бармай-ақ қой. Тоқташы, екеуміз жасырынбақ ойнайықшы» деп сөйлеп келеді Данияр. Оны елең қылған ақ лақ жоқ. Басы қайқайып кетіп барады.

  • Тоқтамасаң тоқтама. Мен саған өкпеледім, – деді Данияр аузы бұртиып.
  • Кім сені өкпелеткен, – деді сол сәт үйден шыға келген Айгүл.
  • Анау ақ лақ қой, – деді Данияр. Менімен ойнағысы келмейді.
  • Ойнамаса қойсын. Сен енді қасқа бұзаумен ойна.
  • Онымен ойнамаймын.
  • Неге?
  • Ол ақ лақ сияқты сүйкімді емес.

– Жуын, тамағыңды іш. Сосын ойнайсың ақ лақпен, – деді Айгүл ұлын бетінен сүйіп…

Сол күні түнде Мақпал немересін жанына алып жатты.

  • Әже, ертегі айтшы, – деді Данияр.
  • Айтайын, ботам, айтайын, – деді Мақпал мейірленіп.
  • Бүгін не туралы айтасың, әже!
  • Тау көтерген жігіт жайлы.
  • Адам тауды көтере ала ма?

– Көтергенде қандай! Ел үшін қажет болса сондай ерлік те жасайды ер жігіт.

  • Сонда қалай?

– Ол былай болған, – деп тамағын бір кенеп алып кезекті ертегіні бастап кетті Мақпал.

«Ерте, ерте, ертеде, Ешкі жүні бөртеде, Жиделібайсын жерінде, Жағалбайлы елінде жаз бойы жауын жаумапты. Көгеріп өскен көп егін сап-сары болып сарғайып, бидай масақтары қурай бастапты. Егін болмаса жер емшегін емген ел ертең аштықтан қырылады. «Енді не істеу керек?» – деп ақылдасады халық.

– Бұл тығырықтан шығар бірақ жол бар. Ол – көрші елмен шекарадағы алып тауды егістікке арқалап әкелу. Тау бар жерде жауын бар. Жауын жауса құрғақшылық болмайды, астық болады, – депті көпті көрген көне көз қария.

  • Тауды көтеру мүмкін емес, – депті біреу.

– Ел мен жерге деген махаббатың алмайтын асуы, жеңбейтін қиындығы жоқ. Елін сүйген ер болса қауіп-қатерден қорықпай, басын бәйгеге тігеді, – депті қария.

  • Ол қандай қауіп-қатер?

– Ақылы асқан, қайраты тасқан ер жігіт Алладан рақым болса алып тауды арқасына салып көтеріп-ақ кетеді. Қауіп-қатер дегенім – егістікке жеткізер жол тегіс емес, оның ойпаңы мен өрі, кедірбұдыр жырасы бар. Сол жерлерде сүрінбесе болғаны. Бар ма, кәне, елім деп еміренген ер жігіт?

– Бар!. – деп тау қыранындай саңқ ете қалыпты жиырма бес жастағы бозбала.

  • Атың кім:
  • Толағай.

– Бар бол, балам! – деп жанарынан от шашқан тау тұлғалы жігітке сүйсіне қарапты қария. – Ал, халайық, алақандарыңды жайыңдар, мен бата берейін батыр балама.

– Уа, ел үшін туған ер жігіт! Жортқанда жолың, жолдасың қыдыр болсын! Алып тауды арқалап, еліңе аман-есен оралғайсың. О, Жаратқан Ием, жолбасырстай жүректі, арыстандай қайратты хас Толағай батырдың жолын оңғара көр!

Елінің абызынан бата алған жас арыстан Толағай күні-түні тоқтаусыз жүріп көрші елдің шекарасына жетіпті. Сосын маңдайын күнге сүйгізіп, табанын тасқа тигізіп, «О, Жаратқан Ием бір өзің жара бола гөр» депті. Кеуде кере демалып ап, «Ауып» деп алып тауды тік көтеріп жүріп кетіпті. Түн қата жүріп түс қашып еліне аман-есен жетіпті. Жете бере әлдебірдеңегі сүрініп, құлапты да өзі тау астында қалыпты. Қалың ел қара жамылып, қайғы жұтып жоқтапты Толағайды. Арада апта өткенде ел армандаған жаңбыр жауыпты. Содан бастап алтын астықтан тау тұрғызған ел жоқшылық пен уайым-қайғыны ұмытып, тоқшылықта бақытты өмір кешіпті. Елін сүйген ердің құрметіне ол көтеріп әкелген тау Толағай деп аталыпты».

  • Данияржан ұйықтап қалдың ба?
  • Ұйықтаған жоқпын, әже.
  • Неге үнсіз қалдың?
  • Толағай жайлы ойлап жатырмын. Менің Толағайдай болғым келеді.
  • Еліңді сүй. Еліңді сүйсең Толағай да, одан да зор боласың.
  • Тағы бір ертегі айтшы, әже!
  • Айт десең айтайын, құлыным, айтайын.

…Ол еңсесін жоқшылық езген тақыр кедей еді. Күші тасып, ақылы асып тұрса да өмірдегі әділетсіздіктен жолы болмаған тепсе темір үзетін жас жігіт тойып тамақ ішпей, үнемі түлкіқұрсақ болып жүретін. Сол жігіт сол күні тіптен аш еді. Қалтасын қағып, ең соңғы тиын-тебеніне бір тоюды армандаған ол көшеде өткен-кеткенге алақан жайып тұрған қайыршыны әудем жерден көріп келе жатты. Ерсілі-қарсылы ағылған адамдардың арасында қызылды-жасылды киініп, алтынға малынған әйелдер де, киген киімінің өзі бірқаралық құлпыдай құлпырған жігіттер де бар еді. Алайда, солардың ешқайсысы қайыршының қалтыраған алақанына тым болмаса бірер тиын тастамай, кеуде кере кердең басып өте берді, өте берді. Ал, сіңірі шыққан кедейдің қайыршыға қайырылмауға дәті жетпеді. Ол қалтасындағы соңғы тиын-тебенін алып, аштықтан көзі қарауытып, тізесі дірілдеп, қалт-құлт етіп құлағалы тұрған қайыршының күс басқан күрең алақанына салды. Сол сәт ол күтпеген ұлы оқиға болды. Кедей жігіт қиналғанда түсінде аян беретін Құдайдың сұлбасын көрді. Айнала аяқ астынан жап-жарық болып шыға келген қас-қағым сәтте аспаннан ақ жұлдыздай ағып түсіп, кедей жігіттің қарсы алдына тұра қалған Құдай қайыршының иығынан асыра оң қолын алға созды. Сол сәт аспанда ай мен күн шағылысып, құйрықты жұлдызға ұқсаған қызғылтсары шұғыла кедей жігіттің көз алдынан зу етіп өте шықты. Сол-ақ екен Құдайдың сұлбасы ізім-қайғы жоқ болды. Сол күннің ертесінде қайыршыға қарайласқан кедей жігіт құдайдың құдіретімен аяқ астынан ат басындай алтын тауып, бір-ақ сәтте байып шыға келді.

  • Қайыршыға соңғы тиынын берген кедей жігіттің аты кім?

– Қайыржан. Қайырымды болсын деп Қайыржан қойса керек ата-анасы атын. Адам болып туғанмен адам болып қалу қиын. Адам болып қалудың бір шарты – Толағай сияқты елін сүйген ер болу керек, екінші шарты – қайырымдылық. Сосын өтірік айтпау, адал болу… Осылай жалғаса береді. Есіңде болсын, Данашым, ел үшін ерлік жасаудан артық бақыт, қайырымдылықтан асқан қасиет жоқ!

  • Тағы бір ертегі… – дей берген Даниярдың сөзін бөлді Мақпал.

– Мен саған енді ертегі емес, өмірде болған бір ұлағатты ұлы оқиға жайлы айтып берейін.

  • Иә, – деп елең ете қалды Данияр.

– Біздің ауылда Шәрипа атты жалғызбасты бір әйел бар еді. Өте ақылды еді, жарықтық қайтыс болып кетті. Иманы жолдас, жатқан жері жарық болсын марқұмның.

  • Көп ауырды ма?
  • Жоқ, ауырған жоқ.
  • Машина қағып кетті ме?
  • Жоқ.
  • Сонда қалай?
  • Өз еркімен өлді, байғұс.
  • Қалайша? – деп таңданды Данияр.

– Күйеуі жол апатынан қайтыс болды. Бар бақыты – жалғыз ұлы еді. Оның өзі іштен ауру болып туды. Не деуші еді жүрек ауруын парах па, прох па?

  • Порок сердца.

– Иә, иә, сол. Жиырма жастағы жалғыз ұлы бір күні кешкісін жұмыстан қайтіп келе жатып көшеде құлап қалыпты. Ауруханадан бірақ шыққан ол оғлан жайлы емдеуші дәрігер анасына: «Балаңыз мына қалпында көп өмір сүре алмайды. Тезірек жүрегін ауыстыру керек! Әйтпесе…», – деп күмілжіпті. Бұл тығырықтан шығу үшін жүрек табу, оны сатып алу керек. Ол аз ақша емес. Жесір әйелде ондай ақша қайдан болсын. Сататын да ештеңесі жоқ. Осы әңгімеден соң байғұс ана қатты қиналыпты. Ақыры ешкім күтпеген бір шешімге келіпті байғұс ана.

  • Ол не шешім?
  • Баласына өзінің жүрегін беріпті.
  • Қалай сонда?

   – Дәрігерлер операция жасап, анасының жүрегін баласына салыпты. Ауруынан құлан таза айыққан бозбала құлындай құлдырап шауып жүр.

  • Сонда сол ана өліп қалды ма?
  • Жүрексіз адам өмір сүре алмайды, балам.
  • Аты кім оның?
  • Гүлсана.
  • Әже.
  • Не, құлыным?
  • Тағы да айтшы ертегі.
  • Шаршадың ғой, ботам.
  • Шаршаған жоқпын. Сізді тыңдай бергім келеді.
  • Әке-шешең ертегі айта ма, саған.
  • Мамам айтады, папам айтпайды.
  • Папаң неге айтпайды?
  • Ой, ол жұмыста, командировкада болады.
  • Демалыс күні ше, бос емес пе демалыс, мереке күндері.

– Ол күндері ол кабинетінде отырып алып күндіз газет, кітап оқиды, түнде жазады.

  • Сонда қалай, саған қарамай ма?

– Қарайды. Екеуміз шахмат ойнаймыз. Мен папамды жеңіп кетемін ылғи. «Сен жақсы шахматшсысың. Түбі математик боласың», – дейді папам.

Даниярдың даусынан мақтаныш лебін сезген Мақпал:

  • Құлыным сол, – деп бауырыңа тартып, бетінен сүйді.
  • Ал, анау папамның ақын досы бар ғой…
  • Алмас Айтуғанов па?
  • Иә, сол кісі күшті ойнайды шахматты.

– Бір рет мен ол ағаға да мат қойдым. «Ой, қайтеді мынау?» деді. Сосын «Мына бала өте алғыр» деп папама мақтады мені.

  • Ботақаным, қошақаным сол. Енді ұйықтайық. Жарай ма?
  • Жарайды. Сізге рахмет, әже.

Мақпалдың бауырына тығыла түсіп ұйықтап кеткен Данияр түсінде Толағай мен Қайыржанды көрді. Қайыржан – Сейілхан жездесі сияқты шақпақ тастай шап-шағын денесінде бір жапырақ артық ет жоқ қаршығадай қагілез қараторы кісі екен. Даниярды қолынан жетелеп бір жаққа алып бара жатты.

  • Қайда барамыз? – деді Данияр.
  • Мектепке, – деді Қайыржан.

Толағай анасы айтқан ертегілердегі сияқты алып адам екен. Мектепке кетіп бара жатқан мұны ақбоз атпен қуып жетті де, жерден тік көтеріп алдына отырғызып алды.

  • Аға, қайда барамыз? – деп сұрады Данияр.
  • Тауға, – деді Толағай.

Бұлар Медеу мұз айдынын оралып өтіп, Алатаудың биік шыңын бетке алып өрлеп келеді. Бір кезде ақбоз ат сүрініп кетті. Данияр ат мойнынан аса ұшып түсті. Сол сәт әкесі айта беретін Ақбас бүркіт құлап жатқан Даниярды айнала ұшты…

Түстің осы тұсына келгенде оянып кетті Данияр. Түнде бірге ұйықтаған Мақпал жоқ. Ерте тұрып кетсе керек. Ұясынан сынық сүйем көтерілген күн бөлме ішін жап-жарық қып Даниярды жып-жылы шуағымен аймалап тұр…

Сол күннің ертесінде Данияр ата-анасымен бірге аудан орталығына келді. Мәдениет үйінде халықтың жазушы Ерасыл Жақсыбековпен кездесуі өтіп жатты. Ат шаптырым үлкен залдың төрінде ата-анасының ортасында отырған Данияр сөйлеушілердің бірсарынды сөзінен жалыға бастады. Халықтың көз алдында тұрған әкесіне көз қиығын тастап қояды. Жан-жағына қарағыштап басындағы тақиясын бір шешіп, бір киді. Мына жиналыс тез бітсе екен деп тыпыршып отыр. Бір кезде кеше Байғабыл өзенінің жағасында қызыл көйлекті жігітпен кездескен көк көйлекті қыз орнынан тұрып.

  • Маған Даниярға сұрақ қоюға бола ма? – деді.
  • Сұрақ қоюға болады, – деді кездесуді жүргізіп отырған жергілікті ақын.

– Рұқсатты Даниярдың өзінен сұрайық – деді көк көйлекті қыз. – Данияр сенен бір нәрсе сұрасам бола ма?

– Болады, – деді жаңа ғана балалығына бағып, іші пысып, тапырлап отырған Данияр әп-сәтте салмақты бола қалып.

– Менің сұрағым мынау, – деді көк көйлекті қыз, – Данияржан, айтшы сен өскенде кім боласың, папаң сияқты жазушы боласың ба, әлде анаң сияқты ғалым боласың ба?

Данияр орнынан тұрып мінбеге келді. Қылдырықтай мойыны қылқиып микрофонға бойы жетпеді. Залдан біреу жүгіріп шығып орындық қойып берді. Орындыққа шыққасын, бойы биіктеп, залдағы халыққа қыдырта көз тастады. Сұрақ қойған көк көйлекті қыз алдыңғы қатарда түрегеліп тұрған. Туған айдай толқысып тұрған арудың аққу мойнындағы тарыдай меңге көзі түсті Даниярдың. Аппақ иыққа төгілген қоп-қою, қап-қара шашы тілерсегін қағып тұр. Беті аппақ. Аласы аз, қарасы көп үп-үлкен көзге үйлесе кеткен кірпігі ұп-ұзын. Көк жапырақ түстес көк көйлегі тобыққа дейін төгіліп, ұп-ұзын бойына өзгеше көрік беріп тұр. Жіп-жіңішке белін қып-қызыл белбеумен буып тастапты.

Үлкендерден көргеніне бағып, микрофонды саусағымен тықылдатты. Сосын көзін көк көйлекті қызға қадар тұрып:

– Мен папам сияқты жазушы болмаймын, мамам сияқты ғалым да болмаймын, – деді. Сосын сәл ойланып тұрып – Тоқтар Әубәкіров сияқты космонавт боламын! – деді үлкен кісілердей салмақты болып ап-анық сөйлеген Данияр. Сосын залдағы халыққа қарап басын иді де, орнына келіп отырды.

Сол күні-түні бойы түсінде көк көйлекті қызды көріп шықты Данияр.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір