Ақын мұңы ішіндегі толғаныс
18.05.2018
1442
0

Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ


Жақында белгілі ақын Жарас Сәрсектің «Жан – арымның жарығы» атты жыр жинағы қолға тиді. Қаламгердің өлең туралы қара сөзбен өрілген ой-тебіреністері соңғы бөлі­міне жинақталған бесбөлімді ол кітап көзге жеңіл оқылғанмен, көкірекке…
Тегінде, поэзия – қайғы-мұңы да ересен гүл­деп жататын бір жұмбақ та жұмақ әлем. Ол әлемге алдияр оқырман қауым да үнемі кіріп-шығып, тәңірлік жұпарымен тыныстап жү­реді… Ақындар болса, сол әлемде тұрақты өмір сүріп, жасампаздық көрсетуі тиіс. Ондай бол­маған жағдайда, олар бейне бір «пейіштен қуыл­ған Адам мен Хауа» секілді, кәдімгі қу тір­лік аясында азап шегеді. Дегенмен, ақын­дардың поэзиядан тыс сондай мехнатты тір­лігінен де, бәрібір, мұң мен өлең иісі аңқиды үнемі!.. Жарастікінен де.

Уа, Өлең,
Бүгінде ең жақыным-досым – қайғым.
Қайғыммен әсте саған қосылмаймын.
Төбемнен төне қарап тұршы менің.
Әзірше осындаймын.
Әзірше алыста жүр амал менен.
Амалдан жарық көрем, жанар көрем…
Тұла-бой түгел жүрек болған күні,
жарай ма, мен Өзіңе хабар берем…
Мұңлы толқыныс. Ол толқыныс – бейне бір, киелі тұман ішіндегі тіршілік секілді, та­биғатын тап басып тану өте қиын, жұмбақ құ­былыс. Ондағы ойлардың дауыстары да күң­гірт. Әр сөз пыр-пыр ұшқан бұлдырықтай, кө­кірек көзіне көрініп те үлгерместен, жад түкпіріне жалт ұшып, ілезде ғайып болып ке­тіп жатады онда. Қалай десек те, мұңлы ақын толқынысын ұғыну үшін, оқырманы да мұңлы болмағы шарт. Ал, Жарас – жара­тылы­сынан мұңлы ақын. Сол себепті, оның атал­мыш кітабындағы өлеңдерін оқырман ретінде тал­дау да, сын айту да оңай емес. Біздің мақ­са­тымыз – ақын өлеңдеріндегі мұңның өзін­дік табиғатын барлап көрмекке тырысу ғана.
Мұң келеді, адамдар, Мұң келеді.
Қай жүректі таңдайды? Кімге енеді?
Жаратқанның – ол да – ерек жаратылысы,
Жазған құлға болмай ма бір дерегі…
Бәлкім, бәрің көруден шаршадыңдар.
Кәне, Мұңды тік тұрып қарсы алыңдар.
Оятыңдар өңірді, төңіректі,
«Ұлы Өзгеріс келді!» деп жар салыңдар!
Мұң келеді!
Қай жүректі таңдайды, кімге енеді?
Бізден қолдау табам деп келе жатыр,
Бүлдіріп алмаңдаршы бірдемені!..
Мұң келеді.
Жарастың осы өлеңін оқу барысында, құд­ды, мұңбейнелі адамды тосып тұрғандай еле­гізесің біртүрлі… Әрине, мұңлы көңіл-күй адам баласының бәріне тән. Дегенмен, ақын мұңы – трансцендентальді қуат, аса сезімтал да нәзік жанның аспандық жапырақтары бө­ліп шығаратын періштелік сиқырлы әтірзат. Жа­наза басында көз жасының жаңбырына тап болсаң да, тәуба сәулесін де үздіксіз сеуіп тұра­ды ол санаңа. Мұңлы ақынның көкейінен қа­мыға ұшыртқан сөздерінің кейде ерекше на­қылдық қасиетке ие болатыны да содан. Жа­рас өлеңдеріндегі мына жыр жолдар соны ай­тады:
Барлық ақын пайғамбар демесек те,
Пайғамбардың бәрі де ақын болған.

…Жыламауға тиісті едім.
Өйткені,
жанарыма Отанымды жасырғам…
…Түн домалап келе жатыр Аспаннан…
Өзім – төбет, сөзім – сүйек, кемірдім.
Түзге қарап көп ұлыдым. Не білдім?
Шырақ ұстап ауласынан көңілдің
шыққан жалғыз жабырқаулы өмірмін…
…Қара түнде, білте шамның түбінде
ауылын шолып отырамын қайғының…
…Тыр-жалаңаш шешінген елді көрдім.
Мұңданады мұнар-Көк.
Көз жасы боп мөлдіредім,
жынданған ба бұлар деп…

Адамның үйі Алланың үйі болмайды.
Алланың үйі адамның үйі болсын тек…

…Бақыт жәйлі басқадан бұрынырақ айтыппын,
кейінірек жетіппін.
Қайғы жәйлі басқадан кейінірек айтыппын,
бұрынырақ жетіппін…
Қап-қара мұңға уланып…

…Ауа іздесең маған келгін, адамдар,
Самал-сөзден ауам бар!..
Иә, поэзия – қайғы-мұңы да ересен гүлдеп жататын бір жұмбақ та жұмақ әлем. Суреткерлер сол әлемде тұрақты өмір сүріп, үнемі жасампаздық көрсетуге міндетті. Бірақ, бұ Жалғандағы ашкөз жанталас тіршіліктің бұлжымас заңдылықтары аңқылдақтарға тән қош үйлесімнің ондай ғажабына пысқырып та қарамайды. «Өмір – күрес» аксиомасы. Ал, ақша патша болған қоғамда «Өмір – жара­сым» қағидасының әулиелік сыры ешкімнің қаперіне кіріп те шықпайды. Ақынның кейде өз поэзия жұмағынан шығып қалғанын се­зінуі – ел ішінде, өлең тұрмақ, алаштық Ата Тіл­ді де ешкім керек ете қоймай, қасиетті Ата­мекен ұғымы да адыра қалып бара жатқан сон­дай шым-шытырық күйзеліс әлемінде қа­бағат туындайды. Отанның бар екенін де он­ша сезінбей, олайша бейөлең қалыпта тір­лік ету – барып тұрған ақын тозағы.
Уа, Өлең,
Сенен қалған мыңбояулы мұң да аман…
Қалай, қайтіп емдеуге болады сені,
мәртебелі Өлең?!..
Осылай кейде есіріп кетем, есігін таппай Есімнің.
Мен саған түбі кешігіп жетем.
Кінәлі болсам, кешіргін.
…Қаламымның сиясы қатып қалған сияқты.
Ақ қағаздан әлде осы, алып қаштым ұятты…

Немесе, мына бір ой:
…Астанамызда бос жер жоқ ойлануға да.
Кешкі асым – заманның зары…

Немесе, өлеңнің мына бір жолдары:
Сен молаңа беттеп кетіп барасың.
Тал бесікке бөлену жоқ екі рет…
Бір бәріміз – көр қазушы жандармыз…
…Одүниелік отандастар, кеш мені…
Өлең мұңға айналады, мұң – өлеңге. Ал­ма-кезек метаморфозалық алмасулар!.. Тіпті, мұңлы ақынның көрер түсіне дейін де мұңлы бол­мағы заңды. Көктем түніндегі Түз махаб­баттының самал-тынысы секілді…
Түз махаббаты демекші, Жарастың ға­шық­тық сезімге орайғы жырлары да мұңлы бо­лып келеді.

Мұңымды гүлмен жасырып күлгем.
Ашындың…
Амал не, жаным, көрсетпеген соң сен сенім.
Махабаттымның тот басты сұлу семсерін.
Сен менің шағын Отаным едің,
Майданнан жеңіліп қайтқан
жауынгеріңмін мен сенің…

Махаббат – Махамбеттен де қиын екен,
Барады күннен-күнге жаным жасып…

…Біздің кеудеміз – махаббатымыздың Меккесі…

Қыз он бестен өткен соң, Ұмай сынды.
Байлаулы құл тәрізді жігіт біткен…

…Еркек есін жиғанша сүйе алады.
Ертегі өмір – әйелдің қиялында…

Ой саусағы бетін сипап елестің,
Саған ғашық болғалы – өлі еспін…
Бабаларымыздың ежелгі көркем фило­со­фиясында да, соның негізінде қалыптасқан әлемдік бергі діндерде де, поэзияда да, сүйіс­пеншілік сезімі жүрекке тиесілі суреттеледі. Жүрек – трансформатор. Әрекет үстіндегі он екі мүше арқылы, қоршаған ортадағы сезімдік барша информация ағыны жүрек арқылы транс­формацияланып, жұлын бойымен, ақыл ішінде таңғажайып ойлық кейіпке еніп жатады толассыз. Ақылдағы сол алапат құйын-ойлардың алауы қайыра жүрекке жа­лын­дап, нәтижесінде, адам көңілінің шұғы­ласын қырық құлпырмаға салады. Жұмақтық әрі тамұқтық барша музыка ойналып жатады сонда. Жүректің көзі ашылса, Рух көзі ретін­де­гі төбекөздің көрмейтіні болмайды. Ақыл­дың жұпар тұманы іспеттес мұң жарықтықтағы ойлардың сыр-сипаттары мен қарекетін көре білу де жүрек көзінің ашылуына тікелей бай­ланысты. Жарас ақынның жүрекке деген ерек­ше мұңлы мінәжатының бір сыры сонда бол­са керек.
Жүрегімнің өлең-күлшесі – жырым болар,
қамырын Түн илеген…

…Адамдардың жүрегінен көз іздеп,
Әуеден де, Жерден де дем беретін Сөз іздеп..
«Жан» деген сөздің жауабын іздеп жүрмін мен…

Қалды ма жазған құлдың көрмегені.
Жүрегім, жетегіңе ал өрде мені.
Өзіңнің сырыңды ұқпақ мұңлық едім,
Енді сен қуалай көрме мені…

…Содан бері менің үйім – жүрегім.
Жүрегіме түнедім…
…Тағы да өлетін шығармыз.
Кеудемді бір сорлы дамылсыз ішінен қағады…

…Сақта мені! – деп күрсінді бір күні
жүрегімнің ішіндегі жүрегім.
«Жан – арымның жарығы» кітабында туған өлке табиғаты жайында да жазылған жарқынмұңлы өлеңдер бар. Солардан бір-екі мысал:
Тұп-тұнық тынып аққан өзеніне
тұншығып өліп кеткің келеді екен.
…Жығыла жан тапсырған ағаш та тамырлана,
жайқалтып жатады екен жапырағын…
…Жарасын жалатпайтын жағасына
барады қайран Іле жылап ағып…

…Құмырсқа бізді құдай санайды.
Күндікке,
құйттай неменің озарын бізден білдік пе?
…Құмырсқаның да шері бар шығар,
адам бола алмай ашынған…
Сұрағым кеп жүр көктемдегі жасыннан.
Бұл өлең жолдарындағы философиялық көр­кем пайымдардың санаға айырықша әсер ететін әдемі лиризмі де – ақынның өміршең та­биғат мұңлылығын өз мұңы арқылы айы­рықша сезіне білуінде және соны сөз майын ағы­за, шынайы бейнелеп бере алғанында. Он­дайда, рас, құмырсқа өзегінде мұң бол­мағын өз мұңыңның қошынан да түйсікпен иіскеп ұғына алмағыңның мүмкіндігі жәйлі де ойға қаласың. Өмірге ғашықтықтың мұң­лы­ларда ғана екеніне де бір сәт иланғандай бо­ласың сондайда.
Асылында, кез келген мұңлы адам ой­шыл­дыққа бейім келеді. Ал шабытты сәттер­дегі мұңлы ақынның ойшылдығы тіптен ала­бөтен.
Ақындар –
– жаныңды Құдай қысқандағы жырдың толғағы.
Ақ парақ деген – Алла жүзінің белгісі…
Бейнелеп айтсақ, ақын тебіреніске түс­кен­де, түйсігінің түбіндегі қараңғы үрей шат­қалдарынан жап-жарық арман-тілек құсын ұшы­рады болашаққа. Өткен өмірінің қай­ғылы кезеңдерін де елжірей еске алады. Бүгін­гі қоғамының қатыгез сықпытына қарай оты­рып, бірмезетте уытты налаға да, уаныш­ты шүкіршілікке де қатар беріледі:
…Адамның санасында тозағың бар.
Адамның санасында жұмағың бар…
Бағзы бабалар дүниетанымындағы «Бас­тағы Бақ» пен «Маңдайдағы Сор» концепция­сы­ның ақын түйіндеген кезекті бір формуласы осындай.
Күн дірілдеп тұр…
Мына тірлікте есерсоқ,
Аспан мен Жердің арасын кезген сәуленің
сәлемін алар көсем жоқ…
Жарық-ау, Күн-ау, мына сұмдыққа қа­раңыз:
біз Саған кетіп барамыз!..
Өзтанымнан тәңіртанымға дейінгі ара­лықта ілгерінді-кейінді ерен жөңкіген ойлар! Бақ сезімінің қуанышынан да мұнарасы биік мұңлы ойлар!..
Әттең, сондай мың сан ойдың өлең түрін­де үнемі өріле бермейтіні де өкінішті, мұңлы…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір