ӨНЕР ДҮЛДҮЛІ
18.05.2018
1325
0

Ә’узу билләhи минәш-шәйтанир ражим.
Бисмилләhир рахмәнир рахим.
ФАТИХА СҮРЕСІ.

Ақ сөйле! Нақ сөйле!
Жаратқан Ием жар бола гөр.
Аумин!
АВТОРДАН.

Төрт мезгіл: көктем, жаз, күз, қыс – Біз осы тылсым дүниенің тұ­нып тұрған сырын ұғынуға, та­нып-білуге құштармыз. Бұл табиғат тану­ға жатады. Ал, адам тану ше?! Пенде дүниенің есігін ашып, шыр етіп Анасының құрсағынан шық­қан­да, Ол пәк және таза болмақ. Алай­да, көп нәрсе Әке тәрбиесі, Ана мейірімі, оның ақ сүті, әлдиі, со­дан соң, тегіне, туған жердің то­пырағына, қоршаған ортасына, нә­рестенің қабілет-қарымына, өсе ке­л­е, білімге деген құштарлығына бай­ланысты деген ойдамын. Осы тұр­ғыдан келгенде, режиссер Жанат Жад­жиевты түгелдей білем деп ай­тудан аулақпын. Мен оны алғаш рет 1966 жылдың 18 мамырында бұрын­ғы ТЮЗ-дың алдында, яғни Кали­нин көшесі мен Коммунистический даң­ғылының қиылысында (сол кез­де «Бродвей» деп аталатын) көр­дім. Сонда ол 17 жаста екен. Қасына бес-алты жігітті ілестіріп алған. Жа­наттың үстінде – ақсұр костюм, қан­қызыл жейде, және жейдесі жар­тылай ашық, мойнында – құ­лаш­тай көк түсті шәлі орамал. Ша­шы – бұйра-бұйра, ол желкесінен асып, иығынан төмен түсіп, екі құ­лағын тұтастай жапқан. Өзі – сұң­ғақ бойлы, ірі денелі, өте тәкап­пар, сұсты, көп сөзге жоқ өзгеден ерекше жан-тын. Қасымда – Болат де­ген бөлем бар, ол – орыстармен сөй­лесе қалсам – аудармашым, бы­лай­ша айтқанда – оққағарым. Шал­ғай ауылдан, сонау Созақтан кел­геніме әлі жыл толмаған. Ол кез­де мен – «Арз-2» зауытының жұ­­­мыскерімін. Жексенбі күні – де­малыс. Көшеге шығып қыдырып, жан-жақпен таныспақ боп келе жат­қан інім екеуміздің алдымыздан кес-кестеп, шетке қарай ығысты­рып өтетін жолымызды бөгеп, бас са­лып сұрақтарды бұршақша жау­ды­рып тұрған сыптай жіңішке – Ануар Атапханов деген жігіт жолыға кеткені бар емес пе?! Кейін біздің театрда көркемдік декоратор боп жұ­мыс істеді. Ал, тағы біреуі – то­лық­ша келген, орта бойлы жігіт. Әл­гі пысықтың кейбір ыңғайсыз сұ­­рақтарын ерсі көріп, көзін төмен салып, өзінен-өзі қысылып, бір қы­зарып, бір бозарып, үнсіз ая­ғы­ның ұшымен жер шұқылап тұрды. Жа­наттың курстасы әрі сахналық әріп­тесі, ең жақсы көретін досы, ақыл айтатын ағасы еді. Сөйтсем, ол өте дарынды актер Тортай Айт­қожанов екен (Кейін бауыр болып кет­тік. Бірақ, өмірден ерте озды. Мар­құм, жаны жәннатта болсын!). Ал, қалған үшеуін білмеймін және олар­мен осы күнге шейін жолыққан емес­пін. Сонымен ұзын сөздің қыс­қа­сы, әңгіме «ақшаң бармаға» келіп ті­релді. Менің намысыма тиіп, мен­сінбей, тәкәппарлық танытып сөй­леген жігітті аса ұнатыңқырамай:
« – Бар! Оны не істемексіңдер?» – де­генімде, тағы да сол зуылдақ бір сөз бастамақшы еді, бірақ жанында тұрған Жанат: « – Жә, болды! Же­теді! Менің атым Жанат!» – деп ма­ған қолын ұсынды. Менің де жұ­дырығым әжептәуір секілді еді, алай­да, ананың күректей қолының ор­т­асында ойыншық боп қалды. Сөй­тіп, ол: « – Мынаның аты – Ануар, мына жігіт – Тортай!» – деп бас­қалардың да атын атап та­ныстыра бастады. Мына еңге­зер­дей жі­гіттің азаматтық жасап, мені өзі­мен тең санап «танысайық, сөйлесе ке­ле дос болармыз» деген сөзіне ішім жылып, содан мен де арқа-жар­қа сөйлесіп, СГА дүкенінен №12 портвейн сусынынан алты-же­ті бөтелке алған бойы бір қуысқа жай­ғастық та, жайбырақат әңгіме-дүкен құрып тарқастық. Сол дос­тығымыз Жәкең аяқасты көз жұм­ғанға шейін жалғасты. Бауырым, Сен бізді тастап мәңгілік мекеніңе ат­­тандың. Біз төбемізден жай түс­кен­дей есеңгіріп қалдық. Мен әлі күн­­­ге шейін сенің жоқ екеніңе сен­гім келмейді. Иә, күйзеліске түсіп, күңіренгеннен ештеңе оңбасын бі­лемін, болар іс болды!
Жәкең – текті жердің ұлы еді. Оның арғы атасы – Ыбырай Ал­тын­сарин, нағашы атасы – Ораз Жан­досов болса, анасының қолын­да тәрбиеленген нағашы ағасы – Сан­жар Жандосов. Мен – Жәкең­мен көп жыл араласқан адаммын. Ылғи да, екеуміз оңаша отырып сыр­ласқан кезде, ол ішіндегі ешкім­ге айтпаған, қордаланған ойларын сыртқа шығарушы еді:
« – Жалпы, жағымпаздық – ең үлкен дерт. Өз басым жағымпаз ак­терлерден қатты қорқамын. Себебі, жа­ғымпаз актер – театрдың, өнер­дің жауы. «Қыз Жібек» спектаклін сах­налағанымда Бекежанды жа­ғым­ды кейіпкер ретінде көрсетіп, ақ­тап шыққан соң, арты айқай-шу­ға ұласты. Тіпті, жергілікті газеттер ме­ні «халық жауы» деп айыптап, сыни мақала жазды. Менің бір тү­сінбегенім сыншылар да, жур­на­лис­тер де «сіз бұл спектакльде қан­­дай мақсатты көздедіңіз?» деп сұра­ған емес. 1986 жылдың 18 жел­тоқ­санында қойылымды Көркемдік кеңеске тапсырдық. Алматыдағы «Жел­тоқсан оқиғасынан» Біз ха­бар­сыз едік. Спекткальді Облыстық ко­миссия мүшелеріне көрсеттік. Олар Алматыдағы оқиға мен атал­мыш қойылым арасынан әлде­қан­дай байланыс іздеді. Комиссия мү­шелері спектакльді түкке алғы­сыз етіп қатты сынап тастады.
– Қарақшы Бекежанды алдың­ғы планға неге шығарасың? Жібек пен Төлеген қайда? – деп дүрсе қой­ды, бірі.
– Бекежан деген қарақшыны қаһарман жасаудағы мұратың нен­дей? – деді, ашулы жандар.
Қан қысымым көтеріліп кетті. Бұ­дан соң шыдап тұра алмадым-да­ғы:
– Бекежан өзінің қара күшіне ға­на сенеді. Ол Жібекті шын сүйді! Жі­бек Төлегенді көргенше Беке­жан­­ды «батырым, арыстаным» деп алдап-арбап келді. Төлегенді көрді де, Бекежаннан теріс айналды. Жі­бек – нағыз жәдігөй, – деп ойымды ірікпей айтып тастадым. Бәрінің көзі шарасынан шығып кетті.
– Әй, сен Жібекке тіл тигізбе! – деді, бірі.
– Бұл спектакль емес. Бекежан қа­лайша қаһарман болады? Сенің фи­лософияңмен келісе алмаймыз, – деп тісін қайрады, екіншісі.
Еңбегіміз зая кететін болған соң, Алматыдан арнайы Комиссия ша­қырттық. Әшірбек Сығай бас­таған Комиссия спектакльді көрді. Со­дан, ол кісінің қолдауымен қойы­­лымым театр репертуарына ене­тін болды. Әшекең:
– Алматыға гастрольдік сапар­мен келіп, «Қыз Жібекті» көрсет. Таяқ­ты бірге жейміз! Мен сені қол­даймын! Есіңде болсын, бірінші Асқар Тоқпанов қарсы шығады! – деді. Қойылым біткен соң, алдыңғы қатарда отырған А.Тоқпановты кө­ріп: «Қазір бұл кісі не айтар екен?» – деп жүрексініп отырға­ным­­да, Асекең таяғын жоғары кө­те­ріп:
– Шөлде-е-е-еп жүр ем… Шөл­де-е-е-еп жүр ем… Бүгін шөлім қан­ды! – дегенде барып терең дем ал­дым. Әр спектаклім туған балам се­кілді. Мен олардың ешқайсысын бө­ліп-жармаймын. Дегенмен де, ба­ғы байланған «Қаракөзім» жа­ныма ерекше жақын. Пайымдауым­ша, ең жақсы қойылымым осы – «Қа­ракөз». Жезқазған театры жаңа маусымды «Қаракөзбен» ашады, бол­маса сол қойылыммен жабады. Мен кейде: «Артистке атақ керек пе? Атақ таланттың өлшемі бола ал­майды ғой» деп көп ойлаушы едім. Сәбиге сыйлық жасасаң, ол қатты қуанады. Сезімнің адамы – актерді қуанту да, ренжіту де оңай. Ол да – бір сәби. Бүкіл өмірін театр­ға арнаған өнер адамы да өз ең­бегінің бағаланғанын қалайды. Шын дарын алған атағына лайықты болуы үшін үнемі ізденіс үстінде жүреді. Байқап қарасам, спектакль тек менің ғана төл туындым емес ұқ­сайды, себебі, онда актерлердің де төккен тері бар екен. Сахнаға шы­ғып, кезекті репетицияны бас­тағанда, бір сәтке шаршағаныңды ұмытасың. Дайындық үстінде актер әр қырынан ашыла түседі. Сол се­беп­ті де, оған еркіндік беріп, идея­сы­мен санасқанда ғана шын мә­ніндгі көркем дүние шығады. Ал, ак­тер режиссердің өзін бір шеңбер­дің бойымен ғана жүргізіп отыр­ғы­сы келгенін байқап қалса, онымен іш­тей таласа-тартыса бастайды. Бұл тар­тыс өрши келе, актердің ре­жис­серге деген өшпенділігін оятады. Кей­де артист: «Образымның кілтін тап­тым!» – деп айқай салғанда, қат­ты қуанғанын байқаймын. Сол кез­де, мен: «Міне! Ізденсең бәріне же­тесің!» – деймін, жымиып. Актер ширығып кетеді. Қашан, қай за­манда да адам өз кінәсін мойындап еді?! Ешқашан да мойындаған емес, және мойындамайды да. Басқаны былай қойғанда, өзіңді-өзің сынап көрші! Біреу саған: «Ана бір жерде сен дұрыс істемедің!» – деп айтса, бұл­қан-талқан болар едің. Міне, мә­селе қайда?! Алдымен өзгені сы­нау үшін, өзіңді жөндеп ал! Ме­нің­ше, уақыт бір орында тұрмайды, үнемі өзгеріс үстінде болады. Адам ба­ласы неғұрлым өркениетке жа­қындаған сайын, соғұрлым қаты­гез­дікке бейім бола ма деп қорқа­мын. Мүмкін мен қателесетін де шы­ғармын. Өйткені, мен де пен­демін ғой! Ел-жұр: «Қазіргі заманда Дү­ниежүзін ақша билейді!» – дейді. Ақша билесе, билейтін де шығар, бәлкім. Өнерді, оның ішінде театр өнерін ақша билемеуге тиіс. Жал­пы, тұтастай алғанда шығармашыл жан­дар, әсіресе актерлер мен ре­жис­серлер нәпақа табу үшін бас қа­тырмай, өз мамандығына барын­ша адал болғаны абзал. Режиссер – қойылымның көркемдігіне тіке­лей жауапты тұлға. Қорыта келе ай­тарым, театр – ақша табатын орын емес, ол – жалпы адамзатқа ру­хани нәр беретін қасиетті өнер оша­ғы. Әйтпесе, оның Киесі ұра­тыны белгілі! Әй, Сасайбек (мені солай деп атайтын)! Сағат дегенің таң­ғы 05:00 болыпты. Ертең 11-де ре­петиция, жатып демалайық-ей!».
Оқырман қауым осы деректің барлығын қайдан алды деп сұрауы мүм­кін. Айтайын! Осыдан он сегіз жыл бұрын диктофон сатып алып, өзі­ме қажет-ау деген әңгімелерді, я бол­маса толғандырған ойларды жа­зып, оны қағаз бетіне көшіруге әдет­тенген едім. Бұл Жанатпен оңа­ша отырғанда жазылған дүние­лер болатын. Бірде Жанат диктофон қосқанымды сезіп қалып: « – Не жазып жатырсың-ей? Ищь, жаз­ғы­шым! Пиши, пиши!» – деп әңгіме­сін ары қарай жалғай түскен еді. Міне, енді сол жазғандарым пай­даға асты деп ойлаймын. Мұның бәрі Жәкеңнің өз аузынан шыққан сөздер. Бір қоспасы жоқ! Жанат Хаджиев Б.Қалтаев, С.Сат­тарова, А.Ысмайылов, Ә.Өмір­за­қова,
М.Құ­ланбаев, Б.Құлан­баева,
Қ.Жәкібаев, М.Жақсымбетова,
М.Бақ­тыгереев, К.Мұратәлиева,
А.Кен­жеков, А.Айдарбеков, Н.Жан­төрин, Ә.Молдабеков, Ә.Бо­ран­баев секілді театр тарлан­боз­дары­ның қамшы салдырмас шебер­лігіне тамсанып отырушы еді, мар­­­құм. Жанат қойған қойылымдар түрлі театр фестивалдерінде сегіз рет Гран-при жеңіп алған-ды. Тоғы­зыншы рет жүлдегер болайын деп тұрған жерінен бәз біреулер зал­дан: « – Не, Хаджиевтен басқа ре­жиссер жоқ па? Бұл жолы әр театр­ға бөліп беріңдер!» – деп ай­қайлап, аттан салды. Ал, Ж.Хад­жиев болса, бұған мыңқ еткен жоқ. Орнынан тұрды да кетіп қалды. Біз: « – Ей, Жанат-ау! Бұл сен алатын жүлде еді ғой!» – дегенімізде, ол, еш сас­пастан: « – А-а-а, ала берсін! Ен­ді, бөліп берді ғой, болды емес пе?!» – деп түк бол­мағандай, жайбарақат кете бар­ды. Міне, өнердің жұлынына түс­кен жегі құрттармен ашық ай­қасқа шыққан Жанат Хаджиев – әділеттің ақ туын биік көтерген, шындықтың шылбырын берік ұстаған мықты азамат еді. Алла-Тағаланың әмірі­мен жарық дүниеге әкелген Анасы­ның сүтінен нәр алған, сана-сезімі ерте оянған өнер дүлдүлі өкінішке қарай, кенеттен көз жұмып, мәң­гілік мекеніне аттанды. Марқұм Жа­натты қасиетті Жер-Ананың қойнына тапсырғалы жатқа­нымыз­д­а, Көк аспаннан тыраулаған жеті тырнаның үні алыстан талып естіл­ген соң, жалт қараған едік. Сөйтсек, соның ішінен біреуі бөлініп шығып, қабірдің үстін айналып өтіп барып, қайтадан самғай жөнелді. Бұл қан­дай құбылыс болды екен?! Тылсым, әйтеуір!
Соңғы он бес-жиырма жылдың бе­дерінде Ж.Хаджиевтің деңгейіне жет­кен бірде-бір режиссер жоқ. Де­­генмен, ізін басып, тәлім-тәр­бие­­сін көрген актер, режиссер Са­ғыз­бай Қарабалин, Жұлдызбек Жұ­манбай, Ержан Қауланов секілді шә­кірттері бар. Айталық, актер әрі ре­жиссер С.Қарабалин өзінің ұста­зы туралы былайша толғанады:
« – Жанат Әубәкірұлы Хаджиев – ме­нің шығармашылығыма зор әсе­рін тигізген тұлға. Жәкең 1982 жы­лы Торғай Облыстық қазақ му­зы­калық драма театрының Бас ре­жиссері болып келгеннен кейін, жа­нына жақын тартып, мені режис­сер­лыққа баули бастады. Әгәрәки, кейіпкер жағымсыз болса, оның себеп-салдарын ашып, ақтап шы­ғуға тырысатын, ағамыз. Кейбір ре­жиссерлар автор пьесаны қалай жаз­са, және дәл сол күйінде, үтір-нүк­тесін өзгертпей сахналаса, Жә­кең: « – Ол режиссердің өз айтары жоқ па?» – деп қатты қынжылатын. Ұс­тазымның актерлермен жұмыс істеу тәсілі ерекше еді. Қойылым­ның алғашқы кезеңінде пьесаны талдау, әр сахнаның әрекеттілігін, реттілігін, басты мақсат-мұратын, әр образдың қарым-қатынасын ай­қындағанда, өзі айтып түсіндірмей, олар­дың ойын біліп, сұрақтың ас­ты­на алатын. Бұл да өскелең ұрпақ үшін үлгі болатын дүние еді. Сонда ұстазым: « – Неге солай?! Ну и что?! Почему?! Зачем?! Ну, дальше, да­льше…» – деп артистердің зығырданын қайнатып, жетесіне жеткізіп, образдың шынайы шығуына аса мән беретін. Осы күнге дейінгі режиссерлік кәсібім Ж.Хаджиевтің көркемдік тәсілін үйрену арқылы қалыптасқан. Жиырма бес жылдан астам уақыт бірге жұмыс істеген Жәкеңді өзіме ұстаз тұтамын!..». Бұдан бөлек, Жанаттың «шекпенінен шыққан» Жұлдызбек Жұманбай мен Ержан Қауланов секілді жастардан үлкен үміт күтеміз. «Өлсе өлер, табиғат, адам өлмес», – деп хакім Абай айтқандай, Жанат Әубәкірұлы Хаджиевтың аты өлмейді!.. Қайран, Жәке! Жатқан жерің жарық бол­сын, топырағың торқа болсын, Алла Тағаланың құдіретімен рухың Пейіште шалқысын!.. Әумин!

Жақсыбек ҚҰРМАНБЕК,
Ғ.Мүсірепов атындағы
Қазақ мемлекеттік
академиялық Балалар мен
жасөспірімдер театрының актері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір