Ақынның «жан тебіренісі»
18.05.2018
1195
0

Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде белгілі айтыскер ақын, Қадыр Мырзалиев атындағы өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолланың «Жан тебіреніс» атты жаңа кітабының тұсаукесері және белгілі өнер шеберлерінің қатысуымен әдеби сазды шығармашылық кеші болып өтті.

Шығармашылық ке­ш­ке Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты Асан­әлі Әшімов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, ҚР Мемлекеттік сыйлығы­ның лауреаты, белгілі ақын Есенғали Раушанов, Қа­зақс­тан Жазушылар одағы­ның орынбасарлары қа­лам­гер-журналист Мереке Құл­ке­нов, ақын, ф.ғ.д., Бауыржан Жақып, ақын Бақыт Бе­делхан т.б., танымал тұлға­лар, студенттер мен өнерсүйер басқа да көрермендер қатысты.
Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов: «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», – деп Абай айт­пақшы, поэзиямен айтылған сөз әр уақытта жүрекке жетеді. Қара сөзді сығып-сығып жүз сөзден бір сөз шығаратын – поэзия. Айналайын, Бауке, құтты бол­сын! Бауыржан деген атқа лайық бол. Соны дұрыстап алып жүр», – деді.
Ал ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман болса: «Бауыржан туралы әңгіме көп. Қисық дейді, қыңыр дейді. Бірақ Бауыржан қалай болғанда да үлкен қайраткерге айналып келе жатыр. Міне, қазір елдің аузында «Бауыржан шешеді, Бауыржан біледі» деген әңгіме айтылып жүр. Қазір Бауыржанның кемеліне келген қайраткер шағы. Бауыржан осыған дейін отқа да, суға да түсті. Соның бәрінен өлеңі өт­кі­зіп келе жатыр. Шынайы ақын. Бұл менің шәкіртім. Кітабың­ның тұсаукесері құтты болсын!», – деді. Шығармашы­лық кешті жүргізген ақын Жанарбек Әшімжан: «Бұл «Ан-Арыс» баспасынан шығарған Бауыржанның «Жан тебіреніс» дейтін төртінші кітабы. Бұған дейін ақын­ның бірнеше жинағы жарық көрген. Республикалық, халықаралық айтыстарда ұлттың сөзін сахнада түлеткен батыр мінезді, Махамбет сынды ақынымыз кейінгі жыл­дар­да жазба поэзияда оза шауып, бәйге алып жүр. Осыдан үш-төрт жыл бұрын, дәл осы сах­нада Бауыр­жанның керемет кеші өткен. Зал лықа то­лып, Алма­тыдағы бүкіл студенттер қауымы, үлкен аға буын, бәрі де Бауыржанның шығармашылығына сәттілік тілеп, осы жерде қол соғып, тілеулестігін білдірген. Бүгін де, міне, сондай тағылымды, ерекше шара болғалы тұр», – деп, көрермендерге ақын Бауыржан Халиолланың жан-жақты шығармашылық талантын сөз етіп, таныстырып өтті. Сонымен қатар, Бауыр­жан Халиолланың өнеріне тілекші тағы да басқа қайраткерлер сөз сөйлеп, ақынды жаңа кітабының тұ­сау­кесерімен құттықтады. Ақын Бақыт Беделхан Жазу­шылар одағының атынан Бауыржан Халиол­ланы құттықтап, ұлы Абайдың бюстін сыйға тартты.
Шығармашылық кеш аясында ҚР Халық әртісі Асаналі Әшімов бастап, Жүрсін Ерман қостаған бір топ өнер қайраткерлері ақын Бауыржан Халиолла­ның жаңа кітабының тұсауын кесті. Шара барысында Бауыржан Халиолланың композиторлығымен шық­қан әсем әндер түрлі өнер жұлдыздарының орын­дауын­да шырқалды. Кеш соңында ақын Бауыржан Халиолла жиналған қауымға алғысын білдіріп, өнерсүйер жастармен естелікке фотоға түсті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір