Жазушымен кездесу
18.05.2018
1348
0

14 мамырда Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», жазушы Марал Ысқақбайдың кеші өтті.

Қаламгер Жамбыл облысы, Қордай ауданы, «Сұлутөр» ауы­лын­да дүниеге келген. Оның ал­ғаш­қы тырнақалды туындылар – «Етікші», «Көкжал» әңгімелері мен «Қырық қыз» хикаяты. Мар­ал Ысқақбай Қазақ энциклопе­дия­­сында ғылыми редактор, «Қа­зақ­кітап» бірлестігінде Бас редак­тор, Қазақстан Жазу­шы­лары одағы Басқармасының хатшылығында, «Мектеп» баспа­сы­на директор боп қызмет етті. Кеңес­тер одағы ыдырап, еліміз­дің тәуелсіздік алуымен байла­ныс­ты Қазақстан Республикасы Өкіметі 1991 жылы М.Ысқақ­байға авторлық құқық жөніндегі агенттікті құруды тапсырады. Сөй­тіп, жазушы тәуелсіз елдің тұң­ғыш дербес институты – Қазақс­тан Республикасының Ав­торлық және сабақтас құқық­тар жөніндегі мемлекеттік Агент­тігін (ҚазМАСҚА) құрады. Қазір ол Әділет министрлігі қарама­ғындағы «Зияткерлік меншік коми­те­ті» деп аталады. Марал Ысқақ­бай – «Ұят туралы аңыз», «Жой­­қан төбе», «Көңіл жұбаны­шы», «Пенде ғұмыр», «Шығарма шырайы – шындық», «Ғашық боп көрмеген келіншек», «Мүйіз­ді Өтеген» секілді түрлі жанрдағы шығармалардың авторы. Қалам­гер­дің кешін Қазақстан Жазу­шы­лар одағы Басқарма Төраға­сы­ның орынбасары, ақын Бауыр­­жан Жақып жүргізді. Кешке Сейфол­ла Оспан, Жанарбек Әшімжан, т.б. ақын-жазушылар қатысып, ал Ал­ма­ты әкімдігінің ресми өкілі Бауыр­жан Байбектің құттықтау хатын оқыды.


Марал Ысқақбайға

Көкем, бүгін айтары да көп енді,
Сексенге кеп, сеңгір көкке бөленді.
Кімге айтып жүрміз, бірақ, сөзді осы,
Кімді көздеп жазып жүрміз өлеңді?

Жан-тәнімен берілетін – берілсе,
Егілетін ғашық болып – егілсе, –
Қазақ халқы қалды Эпоста қалжырап,
Басқа жерде жоқ қой енді ол, меніңше?

Көке, менде арман көп қой, арман көп,
Хикметше әлі лаулап жанғам жоқ?*.
Бұ дүниені қазақ қалай дөп айтқан:
«Бір бес күндік жалған», – деп.

Қу фәниге қайта келмес жандай ғып,
Көке, өзіңді енді күтсең – хандай күт?
Елден бұрын, біздің қазақ, Құдай-ау,
Екі Дүние барын білген… Қандай жұрт?!

Қазақ деген – зар заманның боздағы.
Боздағанда одан ешкім озбады.
Жетпіс жылдай Едіге** боп, жалғанның
Жарығына шыға алмай,
Не ішінен тына алмай, Боздады…
Туа тәнті Құдірет пен құс-үнге,
Қазақ өзін көреді ылғи түсінде.
Көрінгеннің түрткі болмай көзіне,
Қалып қойды Эпосының ішінде.

Ақ жүрегі бір Аллаға аян боп,
Ғарышыңа қанатымды жаям деп,
Күнге қарап,
Күлтегін боп күңіренді,
Тебіренді
Қозы Көрпеш-Баян боп.

Көрінгенде коммунизм елесі,
Дір-дір етіп кетеді әлі денесі.
Қазақ халқы қалды Эпостың ішінде.
Қазақстан – Соның бұлдыр елесі…

Кілемменен көкке де ұшып көлеңдеп,
Дүниенің ойын санға бөлем деп;
Қазақ әдебиеті дейтін Ұлттық Банкте,
Қазынасы қалды Эпос боп, Өлең боп!

Асан Қайғы болып қанша боздады,
Абай болып қайдағыны қозғады…
Қазақ Әдебиетінде… қалды оның,
Ақыл-Ойы, Абыройы, Ожданы.
Халқым қалып,
алтын қалып жырақта,
Көзім менің
көлбеңдеген шырақта.
Қара Өлеңмен қазақты қоса жұтардай,
Ғаламзаттың түсі суық бірақ та?!

Ол сөйледі толықсып бір толғанда,
Аруақ кеп арқасына қонғанда.
Жер бетінен сенің ұлтың жоғалса,
Менің ұлтым жоғалса,
Қандай ұлыс қалар екен сонда онда?


* «Если я гореть не буду, Если ты гореть не будешь, Если мы гореть не будем, Кто тогда развеет тьму?».
(Назым Хикмет).

**Совет өкіметі «Едіге батыр» жырын 70 жыл бойы жалғанның жарығына шығармаған.

Серік Ақсұңқарұлы.

05.05.2018 ж.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір