Соғыстан кейінгі өмір

0
30 қаралды

Иә, сонымен елге, туып-өскен жерге қайтып келе жатырмын. Әке-шешемді, туған-туысқандарымды көруге асығамын. Бел шешіп орныма жатқым келмейді. Бірақ мен асыққанмен поезд асығар емес, әр станциялар, разъездерге тоқтап жайлап жүріп келеді.

Купеде төрт адамбыз. Бірі – өзім­ді Украинадан алып келе жатқан қазақтың белгілі ақыны Жұмағали Саин, екіншісі – соғыстан бір қолы­нан айрылып келе жатқан бір капи­тан. Ол кісіні Жұмакең таниды, үшін­шісі де майданнан қайтып келе жатқан бір қазақ, ол да ауыр жаралы. «Мәскеуде, госпитальда ұзақ жат­тым» дегеннен басқа оның аузынан сөз естіген жоқпын. Орнынан тұр­май­ды. Жұмакең де оңып тұрған жоқ, ол да жаралы. Жарасы жанына батқандықтан ба, әлде өзінің мінезі со­лай ма, әйтеуір ренжіп отырады, ешнәрсе жақпайды. Осы үш жара­лы­ның ішінде дені сауы – мен. Жасым да кіші болғандықтан вагоннан ва­гон­ға қайнаған су іздеп зыр жүгіремін. Мәскеуден алып шыққан азын-аулақ жол азығымызды төртеуміз бірге жей­міз. Жаралы адамдарды аяп мен купеде тамақ та ішпеймін.
Басымда жалпақ қызыл лента қиғаштай байланған папақы, үстімде қара венгер пальто, аяғымда немістің генералы киетін қонышы қатты қара жылтыр етігім бар. Ал асынып алған қару-жарақтарымның өзі бір көрме сияқты. Портупейлі жұлдызы бар бұ­рынғы командирлік белдігімде «ТТ» пистолетім, екінші жағыма қол­дан жасалған кабурда венгер пис­толеті, гимнастеркемнің астында өзімнің аты-жөнім жазылған кішкене Белгия пистолеті және бар. Кеудемде айқара асып алған планшетім, вино­куль (дүрбі), фонарьларды қосқанда сырт қараған көзге ерсі көрінетін де болар. Әрине, мұның ешқайсысын үстімнен шешіп тастағым келмейді. Шешсем формам бұзылатын сияқты. Осылардың әрқайсысы маған өте қымбат. Әрқайсысының менің қолы­ма түскендегі жеке-жеке тарихы бар. Жалпы, партизандарда шешіну деген әдет жоқ, сондықтан шешінбеймін. Мені Жұмакең түсінеді, ол маған «ше­шініп жат» деп айтпайды. Осылай 1945 жылдың 1 январы күні таңертең шабан жүретін жолаушы поезымен Алматыға келіп жеттік.
Поездан түскен жұрттың барлығы кинодан шыққан адамдардай. Сталин проспектісінің бойымен жаяулап кетіп барады. Машинаны былай қой­ғанда есек-арба да көрінбейді. Біз де жаяу тарттық. Көше көктайғақ. Жұ­ма­кеңнің жүгі де менде, артынып-тар­тынып жүріп келемін. Жұмакең арқан бойы артта келе жатады. Анда-санда ол:
– Әй, Қасым, – деп айқай салады. Артыма қарасам құлап жатады. Құла­ғанда бас киімі бір жерге, қолындағы шағын шамаданы бір жерге ұшып кетеді. Ол енді мен барғанша тұрайын деп ойламайды, сол жатқан күйі жатады. Жүгімді қоя салып жүгіріп барамын. Ол жай жатпайды, мен әд­ейі жыққандай маған ұрсып жатады.
– Жұмаке-ау, байқап жүрмейсіз бе? Өзіңіз қу сүйексіз, бір жеріңіз мер­тігеді ғой, – десем:
– Мен адал құлаймын, аяғым тай­са болды қол-аяғымды бірдей кө­теріп құлаймын, – деп күледі. Осылай Жұмакең құлай-құлай Калинин мен Фурман көшесінің бұрышындағы кіш­кентай бір бөлмелі үйіне әзер жетті.

***
Алматыда жүрмін. Алматы жым-жырт. Көшеде бала-шаға болмаса бос адам жоқ. Барлығы жұмыс істейді. Мазасыз майданнан алыстап кеткен соң екінші бір дүниеге келген сияқ­ты­мын. Бірақ, өзім Алматыда жүр­ге­нім­мен ойым майданда, сонау жау ты­лында жүреді. Тіпті түсімде де партизандар қатарында соғысып жүремін. Жылдар бойы, не қыста, не жазда үйді паналап көрмеген, биік төсекте жатып ұйықтамаған басым көп «азап» шектім. Үйге кірсем болғаны сол үйді сырттан фашистер қоршап алған сияқты, дереу қайта сыртқа шығуға асығамын. Төсекке жатып ұйықтап кетсем болғаны самолет есігінде парашют киіп тұр­ған­дай сезінемін де қарғып кетемін, жерге төсектен топ етіп құлап түсе­мін. Төсенішті еденге салып беретін болды. Сонда да ұйқылы-ояу қашып шықпақшы болып не есікке, не тере­зеге қарай жүгіремін. Жүгіргенге кей­де өзім ғана жүгірмеймін, жаным­да жатқан жолдасымды не қолынан, не аяғынан сүйрей жөнелемін. Әри­не, жолдасты да «жау қолына тастап» кетпеу керек қой!
Асыл «Социалистік Қазақстан» га­зе­тінде қызмет істейді. Ол жұ­мы­сына кетеді. Мен күндіз үйде жалғыз қаламын. Біраз отырған соң көшеге шығамын. Алматы көшелеріне та­ныс­тығым да шамалы. Сонда да бе­талды бір көшеге түсіп келе жата­мын. Өмір осылай жалғасып жатты. Жұ­мыс­сыздық жаныма әбден батты, қай­тадан майдан шебіне кеткім келеді.

***
Бір күні пәтерімде жалғыз өзім пистолет тазалап отыр едім, Жұмакең кіріп келді. Мен қуанып кеттім. Пистолетімнің бөлшектерін тастай салып жүгіріп барып оны құшақтап кеудеме бір қыстым.
– Қазір кетемін. Сенен бір нәрсе сұрайын деп келдім, – деді.
– Не нәрсе сұрағалы келдіңіз?
– Өткенде Украина партизан қоз­ға­лысы штабында саған бір пакет беріп жатыр еді ғой, ол қайда? – деп сұрады. Мен де ұмытып кетіппін, пл­ан­шетімді ашсам көк конверт қолыма түсті.
Сыртында «Қазақстан Орталық Комитеті, Шаяхметов жолдасқа!» де­ген жазу бар екен. Жұмакеңе ұсын­дым. Жұмакең:
– Әй, Қасым, осы пакет тегін емес! Осы хаттың ішінде сені осын­да­ғы өкіметке тапсырған шығар. Осы­ны Шаяхметов жолдасқа неге апарып бермейсің? – деді.
– Ашып оқысақ қайтеді? – дедім.
– Жоқ, мұны ашуға болмайды, ол ана мықтының өзіне жазылған ғой, – деп Жұмакең оң қолының сұқ сауса­ғын шошайтып, көзін алартып, басын шайқады. Мен түсінбедім.
– Шаяхметов деген кім? – деп сұрадым. Жұмакең Шаяхметовтың лауазымын айтып тұр, бірақ мен тү­сіне қоймаған соң:
– Ол Қазақстандағы ең мықты ко­мандирдің өзі, – деді.
– Ал, оған қалай кіремін? Ол қайда отырады? – дедім.
– Ол отыратын жерді көрсетемін ғой. Ал оған кіру оңай емес, – деп Жұмакең тағы көзін алартып, басын шайқады.
– Отыратын үйін көрсетсеңіз кіре­мін ғой. Ол түгіл наркомға да кіріп кеткемін, – дедім. Жұмакең күлді. Басын шайқап-шайқап күлді.
– Несіне күлесіз? Кіремін, – дедім.
– Нарком деймісің? Ол барлық Наркомды бір шыбықпен айдайтын адам, – деді. Сонда барып ол кісінің мықты екенін түсіндім.
– Ал сонда қалай кіремін?
– Ол үшін сен бір мықтының ка­би­нетіне кіруің керек. Онда ол кісі­мен тура сөйлесетін телефон болады, сол телефонмен өзімен ауызба ауыз сөйлесіп кіруге рұқсат сұрау керек, сон­да барып кіруің мүмкін, – деді.
Сонымен конвертті қалтама са­лып үйден шықтым. Жұмакең үйіне кетті.
«Социалистік Қазақстан» газеті­нің редакторының кабинетінен, бірде есігінен қарап қалғанымда, көп теле­фон аппараты тұрғанын көргемін. Енді соған тура тарттым. Қабылдау бөлмесіне келсем редактордың каби­не­тінің есігі ашық тұр екен. Бірақ редак­тордың секретары бір шықыл­да­ған орыс қызы екен, мені оған кір­гізбек түгіл қабылдау бөлменің өзіне аялдататын емес.
Біраз тұрдым. Бір кезде әлгі қыз­ды біреу шақырып кетті. Сәті түсті. Қыз шығысымен кабинетке кірдім де есігін жауып алдым. Стол үстінде шыны астындағы тізімнен «Шаяхме­тов-248» дегенді тауып алып бір теле­фоннан бұрап қалып едім:
– Тыңдап тұрмын, – деген жұмсақ дауыс естілді.
– Шаяхметов жолдас, – деп қалдым.
– Ия, тыңдап тұрмын, – деді тағы әлгі дауыс.
– Мен майданнан келген парти­зан отрядының командирі едім. Майданға қайта аттанғалы тұр едім. Сізге Украина партизандар қозғалы­сы штабынан пакет бар еді. Өзіңізге тапсыр деген еді. Мүмкіндігіңіз болса бірер минутқа қабылдасаңыз екен, – дедім асып-сасып.
– Жарайды, ертең сағат 11-де келіңіз. Аты-жөніңіз кім еді, – деген дауыс естілді. Аты-жөнімді айттым. Енді телефон трубкасын қоя бер­ге­нім­де секретарь қыз кабинет есігін ашып қалып мені көріп қалды да қо­расына қасқыр түсіп кеткендей айқайға басты. Мен жұмысымды тындырып алдым да кабинеттен шығып кеттім.

***
Ертеңінде «барымды киіп, ба­қа­нымды қолыма алып» бардым. Неше қа­бат екенін санау да қиын бір үй ек­ен. Жұрт кіріп-шығып жатқан есік­ке мен де жеттім. Босағада бір жастау милиционер тұр. Оны байқамағандай есіктен баса-көктеп үй ішіне кіріп кеттім.
– Тоқтаңыз, қайда барасыз? – деді милиционер. «Өзіңе не керек» дегендей оған көзімді алартып қара­дым. Ол басымнан аяғыма дейін қарап алды да:
– Пропускаңыз бар ма? – деп сұ­рады. Маған ол пропусканы кім беріпті. Оған адырая қарап:
– Жоқ, – дедім.
– Кіруге болмайды. Пропуска алыңыз. Қару-жарағыңызды тапсы­рыңыз, – деді ол қатаң дауыспен. Ма­ған басқа сөзінен «қару-жарағы­ңыз­ды тапсырыңыз» деген сөзі ар­қама аяздай батты.
– Қару-жарақты сен беріп пе едің? – дедім. Оның да төзімі тау­сылған болу керек:
– Шығыңыз, – деп мені па­льтомның жеңінен ұстай алды. Оның қолын қағып жіберіп ілгері кеттім. Ол артымнан қалар емес. Бір бас­пал­дақтарымен жоғары көтерілсем анадайда тағы бір милиционер тұр. Ол да алдымнан қарсы шығып мені тоқтатпақ болды. Қалтамдағы паке­тім­ді алып оған кімге келе жатқа­нымды айттым. Сөйткенше болмай милиционер дегенің қаптап кетті. Мен олардың ешбір сөзін түсінгем жоқ. Ойлап тұрғаным: «бұлар мені қарусыздандырғалы тұр. Өлмей қару-жарағымды ешкім ала алмас». Осы­лай егесіп тұрғанымызда қайдан шыққанын байқамай қалдым бір мы­ғым денелі, көзіне көзілдірік ки­ген, сары адам келіп сөзге араласты. Мен өз сөзімді өзім айтып тұрмын. «Мен мына пакетті өз қолыммен Шаяхметов жолдасқа тапсыруым керек. Мен әскери уставқа бағына­мын. Басқа ешкімге бағынбаймын», – дегенді айттым. Әлгі адам менің бұрылмас бетімді байқаған соң:
– Жүр, Шаяхметов жолдасқа апарайын, – деп мені ертті де, ана милиционерлерге «жүре беріңдер» дегендей иек қақты. Ол кісі мені ертіп әкеліп бір кабинетке кіргізді. Каби­нет іші қоңыр былғарымен қапталған диван, үлкен-үлкен орындықтарға толы екен. Аумағына ондаған адам сыятын столдың арғы жағындағы теле­фон аппараттары да көп-ақ. Тіп­ті, баяғы өзім кірген наркомның телефондарынан да көп пе деп қал­дым. Әлгі үлкен адам маған бір жұм­сақ орындықты нұсқап «отыр» де­ген­дей белгі берді. Отырдым. Өзі қарсы тұрған орындыққа отырды. Ішімнен «Шаяхметовтың өзі осы кісі болма­сын» деп енді оған кішірейе қарадым. Ол бір сабырлы да парасат­ты адам екен, жайлап менен жөн сұрап отыр. Мен жөнімді айтқанмен қызмет іздеп жүргенімді айтқан жоқпын. Мені асықпай тыңдап алды да:
– Бұл жер майдан шебі, жау тылы емес. Мұнда тәртіп сақтап жүрген жөн. Осынша қару-жарағыңмен пропускасыз ол кісіге кіремін дейсің. Оның жөні жоқ. Ол кісіге қару-жарақсыз да әркімдер кіре бермейді. «Қару-жарағыңды тапсыр» дегенде сенің пистолеттеріңді басыбайлы алып қойғалы отырған ешкім жоқ. Оны төменде, пропуска беретін жерге тапсырып, қайта шыққаныңда ала­тын едің. Өкімет үйін күзетіп тұрған адам­дарға қаншама әбігерлік туғыз­дың. Ол кісіге телефон соғып кіріп сәлем­десіп, әкелген пакетіңді берге­нің жөн. Ал тәртіпке бағынбағаның дұрыс болмады. Осы кабинетте мен отырып қызмет істеймін. Менен басқа бұл кабинетте ешкім болмайды. Осында, ана столдың үстіне мына асынып алғандарыңның барлығын қалдыр. Есікті жауып екеуміз Шаях­ме­тов жолдасқа барайық. Ол кісіден шық­қан соң қару-жарағыңды ала­сың. Есік алдына дейін өзім шығарып саламын. Оған қалай қарайсың? – деп бетіме қарап жымиып езу тартты.
– Жарайды, – деп орнымнан тұрып шешіне бастадым. Ол кісі те­лефон соғып біреумен сөйлесіп жат­ты. Сәлден соң ол кісі мені ертіп ка­бинетінен шықты. Сырты қораш көрінгенімен әлгі үйдің ішіндегі бөл­мелерде сан жоқ сияқты. Жүріп ке­леміз, жүріп келеміз, үйдің үшінші қа­батына шықтық па, әлде сол қа­батында ма есімде жоқ, бір кабинетке келіп кірдік. Кіргенде ешбір кедер­гісіз, тоқтаусыз кірдік. Мені ертіп әке­ле жатқан адам Шаяхметовтың өзі болмағанмен бір мықты екені енді белгілі болды.
Есіктен кіргенімізде ұзын да үлкен кабинеттің төрінде шашын та­қырлап қырған сап-сары адам отыр. Біз столына жақындағанда ол кісі екеумізге алма-кезек қарады да, біз­бен қол алысып амандасты. Мен ол кісіге қолымдағы пакетті ұсындым. Пакетті жайлап ашып жатты да, мені ертіп барған адам оның желке жағына шығып алып өкімет үйіне кіре беріс­тегі милиционерлер мен менің арам­да болған жағдайды қазақша айтып та үлгірді. Ол қанша ақырын айтқа­нымен мен естідім. Бірақ қазақша айт­қан сөзін түсінбеген адамдай үн­деме­дім. Әрине, мұнысын «сыр шаш­тыға» есептеп оған іштей өкпелеп қалдым. Пакеттен алған қағазды мұқият ішінен оқып шықты да оны мені ертіп барған адамға беріп жатып:
– Оқышы, бұл жігіт соғыста көп­те­ген ерлік көрсетіпті. Бұған көмек­тесу керек, – деп менен жөн сұрай бастады. Мен енді «айтарымды айтар осы кісі-ақ шығар» дегендей көкей­дегімді тауыса айттым. Сөзімнің соңында «қайта соғысқа кетемін» дегенді және ескерттім.
– Сен бала өкпелеме, қызметке орналастырамыз, көмектесеміз. Біраз соғысыпсың, енді демал. Ашуланба? – деді де мені ертіп әкелген адамға бұрылып:
– Ғабдолла, бұл жігітті менің атым­нан Әбдісаметке тапсыр. Қыз­мет­ке алып, жағдай жасасын. Өзінің қарны да ашып жүрген болу керек, оны да ескерсін. Келін екеуінің қарындары ашып қалмайтын болсын. Үш күннің ішінде орналастырып, маған айтарсың, – деп сөзін бітірді.
Ол кезде менде «рақмет» деген термин болмайтын. Ол кісімен қош­та­сып кабинетінен шықтым. Үш-төрт минуттан кейін Ғабдолла шық­ты. Мені кабинетіне ертіп барып, киінгенше біреуге телефон соғып сөйлесіп жатты. Бір кезде Ғабаң жа­ныма келіп:
– Қазір, Жоғарғы Советке бара­сың. Сонда орналастырады. Азық-түлік кәртішкелерін де береді. Ашуды тастау керек, – деді.
– Ол мекемеге қалай кіремін. Онда да милиционерлер бар ғой, – деп қалдым.
– Телефонмен айтып қоямын, күтіп алады, – деді.
…Сталин проспектісі мен ком­сомол көшесінің бұрышындағы үл­кен үйдің үшінші қабатына көтеріл­сем орта бойлы, қара торы адам тұр. Ол анадайда тұрған милиционер мен маған алма-кезек қарап жымиып күлді. Неге күлгенін түсінбедім.
– Ә, партизан аманбысың? – деп әлгі адам менімен қол алысып аман­дас­ты да, бұл кісі менімен бірге бара­ды, – деп милиционерге бір қарап мені қолтықтап әкеліп бір бөлмеге кіргізді. Манағы кабинет­тердей емес, шағын ғана бөлмеде стол басында тікірейген шашы, ұқыпты басқан мұрты аппақ бір адам отыр екен.
– Әлеке, міне әлгі партизан, – деді де мен ертіп келген адам каби­нет­тен шығып кетті. Қарт адам ор­нынан тұрып маған қол беріп аман­дасты да:
– Шешін, шырағым, – деп маған бұрыштағы киім ілгішті нұсқады. Шешініп келіп қарсы алдындағы орындыққа отырдым.
– Партизанмын деймісің, тіпті жассың ғой, – деді ол кісі. Үндемедім. Біраз жөн сұрап болған соң:
– Анау тапаншаңды көрсетші, – деп кабурымдағы «ТТ» пистолетімді нұсқады. Пистолетті кабурдан алып бердім. Пистолетті қолына алып қарап отырды да:
– Біз соғысқан кезде мұндай тапаншалар болмаушы еді, – деді. «Бұл кісі қалай, қайда соғысты екен? Осындай қарт адамдар да соғысқа барған екен ғой соғыстың басында» деп ойлап отырмын. Сөйткенше болмай бір жас әйел тамақ алып келіп бұрышта тұрған стол үстіне қойды да шығып кетті.
– Ал, шырағым, тамақ іш, қар­ның ашқан шығар, – деді қарт. Қар­ным ашып тұрса да, ол адамның ал­дында стол басына отыруға ұялдым да үндемей отырып қалдым.
– Ұялма, іш, – деп өзі де әлгі стол­дың басына отырып екінші тә­рел­кедегі қуырған картопты жей бас­тады. Мен де стол басына отыр­дым. Тамақ ішіп болған соң әлгі қарт мені ертіп бір үлкен кабинетке келді. Стол басында орта жасқа келген шашы қап-қара, қараторы бір сым­батты адам отыр. Кіре тағы әскерше тік тұрып сәлем бердім. Бұл Жоғарғы Совет президиуымының төрағасы Қазақбаев еді. Ол адам мені ұзақ ұстады. Тіпті ағайын-туғандарыма дейін сұрады. Ұзын сөздің қысқасы осы мекемеге қызметке орналастым. Бұйрығын да, азық-түлік кәртішке­ле­рін де сол күні берді де, «ертең қыз­метке шығасың» дегенді айтты. Сыртқа шықтым. Қуанышымда шек жоқ. Қайда барамын? Асылға ма, Жұмакеңе ме? Жоқ, Жұмакеңе баруым керек. Оның жүдеу жүрегін қызметке орналасқанымды айтып сергітуім керек. Жұмакеңе тарттым. Барсам, Жұмакең жазу жазып отыр екен, мені көріп қуанып кетті. Мені құшақтай алды. Мен де құшақтадым.
– Не болды, бардың ба?
– Айтпаңыз, айтпаңыз, – дедім күліп.
– Иә, не болды?
– Не болғаны жоқ, қызметке орналастым, міне бұйрығым, міне азық-түлігім. Столдың үстіне барлы­ғын шашып тастадым. Жұмакеңнің де қуанышында шек болмады. Бұй­рықтың мендегі көшірмесін оқып мәз болып күлді де:
– Сен тіпті шырқап кетіпсің ғой. Жоғарғы Советтің өзі болыпсың ғой, – деп мені тағы құшақтады. Ол мекемеде қирата жұмыс істейтіндей мен де мәз болып тұрмын. Ол бұй­рықты қайта дауыстап оқыды:
– Хабарлау-статистика бөлімінің ре­ференті, – деп екі-үш қайталап оқыды да, басын шайқап біраз тұрды.
– Ол не қызмет, не істеймін онда? – деп сұрадым.
– Оны мен қайдан білейін, сон­да­ғы бастықтар не істе десе, соны істей берерсің де, – деп жауап берді Жұмакең. Кеш батты, мен үйіме кеттім.
***
Сонымен қызметте отырмын. Кең бөлме, үлкен стол. Тартпалары­ның барлығы бос екен, біріне писто­ле­тімді, екіншісіне фонарымды, сауыт-саймандарымды салып қой­дым.
Бір кезде бөлім бастығы келді. Бұл кісімен кеше таныстырған – Ғарыпжан Досымбеков аға. Жасы қырықтардағы, ортадан төмен бойы бар аққұба адам. Иненің жасуынан өтетін пысық кісі. Ол жай келмеді, жуан-жуан төрт-бес папканы құшақ­тай келді. Папкаларды менің столым­ның үстіне қойып, өзі бір орындық алып маған жақындап отырды. Онан кейін жайлап менің міндетімді түсін­діріп отыр, зер сала тыңдап отыр­мын. Түсінгенім – бұл совет органдарының жұмысын бақылайтын бөлім болып шықты. Менің жұмы­сым облыстық атқару комитеттерінің қаулы-қарарларының дұрыс-бұрыстығын қарауым керек екен, зәрем ұшып кетті. Соғыста да мұндай қорыққан жоқ шығармын. Мең-зең болып отырып қалдым. Бастығым «әбден жеткізе түсіндірдім» деп ойлаған болар маған зор сеніммен бір қарады да бөлмеден шығып кетті.
Ең үстінде тұрған бір папканы алып ішіндегі қаулы-қарарларды оқи бастадым. Оқып отырмын, оқып отырмын. Жер кесіп берген бе-ау, ақша бөлген бе-ау. Кімге берген, не үшін берген? Түк түсінсем бұйыр­масын! Екі-үш күнде папкалардың екеу-үшеуін оқып шықтым. Бірақ олардың ішінде мен түсінетін қаулы жоқ екен. Папкаларды жинап тас­тадым. Бұл мекемеде ешкімді таны­маймын. Енді зерігуге айнал­дым. Қашанғы бір бөлмеде қарап отыра беремін, пистолеттерімді тазалауға кірістім. Мен отырған бөлменің есігін ашып қарайтындар да көп-ақ. Олардың көбі «жаңа қызметкер не істеп отыр екен?» дей ме, әлде айқара асып алған қару-жарағымды көргісі келе ме екен, әйтеуір есіктен бір қарап кетеді. Мен оларға көңіл аудара қоймаймын, өз жұмысым өзімде.
Бір күні «ТТ» пистолетімді бөліп тастап тазалап отыр едім, бірінші рет мені қабылдаған қарт жанында екі-үш адамы бар бөлмеме кіріп келді. Пистолет бөлшектерін суырмаға салып жаптым да, орнымнан тұрдым.
– Иә, шырағым, қалың қалай? Не істеп отырсың? – деді. Не дерімді білмей қалдым. Ол кісі жаныма жайлап отырды да, ашық тұрған тартпадан папкаларды бір-бірден алып столға қойды. Сонан соң:
– Ана, орталық тартпаңды ашшы, – деп қолын ілгері созды. Не істерімді білмей тұрмын. Тартпаны ашарымды да, ашпасымды да білмедім.
– Аш, аш, – деп Әлекең бетіме қарады. Амал жоқ, аштым. Әлекең пис­толет бөлшектерін бір-бірлеп алып стол үстіне қойып жатыр. Тіпті, тартпаның түп жағында жатқан вен­гер пистолетін де суырып алды. Оған еріп келген адамдар да пистолеттерге төніп тұр. Сөйтіп берекем қашып тұрғанда:
– Ал енді отыр, шырағым, – деді Әлекең. Отыра кеттім. Менде үн жоқ.
– Шырағым, бұл үлкен мекеме, бұл ең жоғарғы өкімет орны. Мұндағы жолдастардың барлығы орын-орын­дарында жұмыс істеп отыр. Соғыс әлі біткен жоқ. Азаматтар майданда қан төгіп жатқанда, біз де мұнда шама-шарқымызша жұмыс істеуіміз керек. Сөйтіп соғысып жүргендерге көмек­тесуіміз керек. Сен соғысып келдің, енді бармайсың. Мына пистолет­тер­дің енді саған керегі де жоқ. Мұның біреуін аты-жөнің жазылған кішкен­тай тапаншаңды қалдырып, басқасын тапсырсаң да болады. Ал, мына кеудеңе айқара асып алғандарыңды үйіңде төсегің бар ғой, сол төсегіңнің тұсына іліп, үйде қалдырып кету керек. Мұнда қызмет істеп үйрену ке­рек. «Ғарыпжан, бұл балаға жұ­мысты қалай істеу керек екенін үй­рет!», – деп бөлім бастығыма қарады. Қойшы әйтеуір, сол күні қызмет аяғына дейін Әлекең бастаған үш-төрт адам мені әр қырымнан илеп бақты. Сонан бастап мені олар қол­ға алды. Ол кезде кешкі қызмет бар, қызметке күндіз келсем де, кешке келсем де менімен арнайы әңгіме өткізіп, кабинеттеріне шақыратындар көбейіп кетті. Сөйте-сөйте тіпті, маған ұрысатындар да табылды… Қойшы, әйтеуір мен күн көруден қалған сияқтымын. Енді не істеуім керек? Бұл мекемеден кетуім керек пе? Кеткенде қайда барамын? Басқа мекемелер де осы мекеме сияқты шығар, онда да ұрсатындар жоқ деймісің? Қызмет дегенің қып-қызыл ұрыс екен ғой, оны кім білген? Өлім-жітімі жоқ дегенің болмаса, екінші бір соғыс екен ғой! Сөйтіп соғыстан кейін тағы бір соғысқа тап болғандай болдым. Бір күні сөйлесіп, сырласып жүретін, өзі соғысқа бармаған танысым бар еді, сол кездесе кетті. Оған өзімнің жағдайымды айтып, «майданға кетпесем болмайды» дедім. Ол шошып кетті.
…Бір күні үйден де, қызметтен де қаштым. Вокзалға келдім. Поезд бір сағаттан кейін жүреді екен, перронға ол кезде билет алып шығатын, ол билетті алатын ақша менде жоқ. Станцияны екі-үш квартал айналып жүріп перронға шықтым. Поезды күтіп тұрмын. Көп кешікпей Моск­ваға жүретін поезд келіп тоқтады. Жолаушы жүретіндер, оларды шы­ға­рып салушылар отыратын вагон­дарына қарай ұмтылғанда, мен жайлап поездың артынан айналып жұрт жоқ жағына келіп тұрдым. Поезд жүрсе бір вагонның табалды­ры­ғына іліне кетейін деп тұрмын. Сөйтіп поездың орнынан қозғалуын күтіп тұрғанымда қайдан келгенін білмедім, қызмет істеп жүрген жерім­нен екі адам қасыма жетіп келді. Оларға не дерімді білмей қалдым.
– Қасым, Қасымжан, бұл жерде не қылып тұрсың, сені Әлекең ша­қырып жатыр, – деді біреуі.
– Бармаймын. Майданға кетемін, – деп теріс қарап кеттім.
– Қасымжан, оның қалай? Сені бастықтар оқуға жібереміз деп жатыр. Ашуыңды бізге бер бір жолы, – деп әлгілер екі жағымнан қолтықтап алды да вокзалға алып келді. Амал жоқ, мен салым суға кетіп кеңсеге келдім. Әлгі екеуі бөлмеме кіргізіп асты-үстіме түсіп жатыр. Осылай екі-үш рет қашып қолға түскен соң, енді қашқанды да қойдым. «Басқа түссе баспақшыл» дегендей жүре бердім. Күндер, айлар осылай жылжып өтіп жатты.
Бір күні кешке партия жиналы­сына шақырылдым. Біткен жерім осы екен деп ойладым. «Анадан бері ұрыспай жүргендері жиналыста көп алдында бір-ақ ұрсайық» деген екен ғой. Тағы да қашуға уақыт тар болып қалды да, мойын бұра алмай қалдым. Жиналысқа барып шет жақтан орын алып отырдым. Жиналыс ашылып, президиум сайланып, жиналыс бас­тығы күн тәртібін хабарлай бастады. «Қайсеновтің тәртібі» деген сөзді естімей-ақ есіктен шыға қашайын деп ыңғайланып отырмын.
– Бірінші мәселе туралы бас­тауыш партия ұйымының секрета­рына сөз берілді, – деді жиналыс ағасы. Ол кісі орнынан тұрды да:
«Партия қатарына түсуге Қайсе­нов жолдас арыз берді», – деп соғып тұр. Түсінсем бұйырмасын! Ол арыз­ды қашан бердім, есімде жоқ. Анада Ғарыпжан аға: «Партияға өтуің ке­рек, майдан шебінің алдында болдың, енді коммунистік құрылыстың ал­дыңғы сапында болуың керек», – дегені бар, бірақ мен ешбір жауап қатқам жоқ. Бір қағаздарға қол қойдырып әкететін, әлде соның бірі менің арызым болды ма екен?..
Менің қысқаша өмірбаянымды оқып болған соң «сұрақтарың бар ма?», – деді жиналыс ағасы. Ешкім қол көтерген де, сұрақ та қойған жоқ.
– Кімде қандай пікір бар? – деді онан соң. Қойшы, әйтеуір ұзақ мақтау­дың соңында партия мүшелі­гіне кандидаттыққа бірауыздан қабылдандым. Мақтау сүйетін басым, осыншама мақтаған соң көңіл-күйім көтеріліп, «майданда да мақтай берген соң жақсы соғысып едім ғой, енді тәртіпті жүріп, айтқандарын бұлжытпай орындайыншы, ол жұмысы құрғыр полицай, староста­ларды тұмсықтан сүйкеп, фашистерін өлтіруден қиын дейсің бе?» деген қоры­тындыға келдім. Жұрт жиналыс­тан соң мені құттықтап жатыр. Бірақ менде «рахмет» деу жоқ. Оларға үнде­мей қараймын, қызарып ұяламын.

Қасым Қайсенов.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.