Үміт сыйлағым келеді…

0
88 қаралды

Толқын АҚАНҰЛЫ


Қыранмын
Қарғадай жемтік көріп қуанғанша,
Келеді өмір сүргім қырандарша.
Сұңқардай самғап өтсем арманым жоқ,
Қарқылдап мың жыл өмір сұранғанша.

Тапқанын құзғын емен басып жеген,
Қыранмын ырыздығын шашып жеген.
Бүркіттің балапаны мен шығармын,
Біреуді бүріп түссем ашуменен.

Өтпесе екен деймін көңілсіз күн,
Келеді қырандарша өмір сүргім.
Қонамын биіктерге сондықтан да,
Сазайын тартқызсам деп не бір сұмның.

Қонбаймын жемтік үшін төмен барып,
Жасымнан қара бұлтты келем жарып.
Тегіне тартып туған тастүлек деп,
Көп үміт күтіп отыр менен халық.

Білмеймін қызық көрем мұнан қанша,
Келеді өмір сүргім қырандарша.
Әйтеуір қара құзғын емеспін мен,
Кешірер жұртым мені кінәм болса…

Әке
Әке, бейнең көз алдымда,
Ата жұртың өз орнында.
Майлы тауың мұңайып тұр,
Тарқағандай базар мұнда.

Ізің жатыр қия бетте,
Бола білдің ұя көпке.
Қиындықпен өтті өмірің,
Айтсам кімге сыяды өкпе?
Кездеспеспіз бұл пәниде,
Кездесерміз қияметте!

Шешен едің, дархан едің,
Берік еді арқа-белің.
Алты қанат ақбоз үйге,
Белдеу болған арқан едің.

Арқамдағы тірек едің,
Кеудемдегі жүрек едің.
Керек қылса елің үшін,
Кетпен едің, күрек едің!

Бір әулеттің панасы едің,
Бір ауылдың ағасы едің.
Ағынды өзен сағасы едің,
Асқар таудың саласы едің.

Мұңайғанда мұңдас едің,
Сағынғанда сырлас едің.
Молаң қырда жатқанменен,
Ақиығым, орның мәңгі
Асқақтаған шыңда сенің!..

Үміт сыйлағым келеді
Өмірден күйзелгенде, шаршағанда,
Сыйлағым келеді үміт барша жанға.
Сыйлағым келеді елге жасыл ғұмыр,
Таудағы мәңгі жасыл аршадан да.

Келмейді сырқат жанды зарықтырғым,
Дертінен талайларды сауықтырдым.
Қол ұшын жауыма да берсем деймін,
Басына төне қалса қауіп бір күн.

Біреудің көрсем-дағы жамандығын,
Келмейді арзандатқым адам құнын.
Дәрігер деген атқа дақ түсірмей,
Күзетем тіршіліктің амандығын!..

Сыйлаған шипагерлік Алла маған,
Дарыған бұл қасиет кең даладан.
Алғысқа бөленеді әр күн сайын,
Ажалға арашашы болған адам!

Атым қазақ
Атым қазақ, шетте туып, шетте өстім,
Қар жамылып, мұз төсеніп, от кештім.

Жалтақтамай, жапақтамай ешкімге,
Тартысқанда тура сөйлеп, дөп кестім.
«Есің барда еліңді тап!» деуші еді,
Ел іргесі бүтінделсін деп көштім.

Аңсап күткен ағайынмен септестім,
Тасбауырдың талайымен беттестім.
Қаным қазақ, жаным қазақ емес пе,
Атажұрттан өлсем де енді кетпеспін!
Алты Алашым басын қосып тұрғанда,
Айдаһардың көмейінен өтпеспін!..

Малайзиядағы домбыра
Олжасыз өткен емес ешбір күнім,
Көңілдің талай жерге шаштым нұрын.
Шетелдік бір досыма ала барып,
Домбыра сыйлап едім бес жыл бұрын.

Айналып бес жылдан соң барғанымда,
Алдымнан шықты қайта сол домбыра.
Күңіреніп сала берді қолыма алып,
Ішегін қағып-қағып қалғанымда .

Салтымен күн кешеді әрбір халық,
Атады қайда болсын таң нұрланып.
Толқыдым домбыраға жаным ашып,
Шетелде құлазыған жалғыз қалып.

Қамалып ән мен өлең шанағында,
Бейшара батыпты әбден нала-мұңға.
Пернесін басып едім саусақтарым,
Сырғыды аққу мойын сағағында.

Күрсінген домбыраның танып ішін,
Менің де өртенгендей жанып ішім.
Шырқатып әнге салдым сол арада,
Байқұстың басайын деп сағынышын.

Қия алмай кетерімде қарайладым,
Орнына қайта қойдым, абайладым.
Айыруға домбыраны даласынан,
Ешқашан болмайды екен деп ойладым…

Өмір
Мына өмір өтіп жатыр зулап ағып,
Айтасың оның сырын кімге барып?
Жастықтың жайлауында еркін шалқып,
Жайнатып биіктерге ту қададық.

Аралап туып-өскен кең өлкені,
Көп көрдік шуақты да көлеңкені.
Арманның жетегінде атқа қонып,
Қоштастық қимай-қимай жан еркені.

Өткеріп қуанышты, шаттықты да,
Ақыры іздегенді таптық мына.
Сүрлеуі сүріндірер ауыр жолда,
Асығып көңіл, шіркін, аптықты да.

Туғаннан кете алмайсың түңілгенмен,
Қуғанға жете алмайсың жүгіргенмен.
Өмірдің шындығына көзің жетпес,
Бүгіліп тереңіне үңілгенмен.

Көңілде көп болса да көздегенің,
Бұл өмір істейді екен өз дегенін.
Үмітің күдікпенен жағаласып,
Қай күні кім біледі кез келерін.

Жылдардың ерген сайын жетегіне,
Ғұмырдың көзің жетер өтеріне.
Басыңа қона қалған бақыт құсы,
Лып етіп бір күні ұшып кетеріне…

Пікір қосу