Көк бүршіктей көктер менің көктемім
04.05.2018
1315
0

Абдулмахмуд ПОШАТАЕВ


Күз
Ұйытқып жел де, қорғансыз талды аймалап,
Жапырақ кілем, жауыпты жерді жаймалап.
Түнерген тұман жер бетін, басып тұмшалап,
Тырсылдап жауын жауып тұр көктен майдалап.

Жалаңаш болып, жел шайқап таудың бақтары,
Мазасыз күйде, аршалы таудың шатқалы.
Үркері ауып, шолпаны көкке шаншылып,
Шықтанып дала, бозарып атар ақ таңы.

Аунаған айды, түнерген түпсіз түнді де,
Ақ таңға теліп, барады ауып сүмбіле.
Амалсыз атқан ақ таңды күтіп үздіге,
Сары-ала тонын жайып ап жатыр күз міне.

Шыңырау шыңдар, қиялы жондар қатпарлы,
Алатау жатыр жамылып алып ақ қарды.
Жөңкіліп көшкен ақша бұлт тауға асылып,
Есер жел есіп, кезіп жүр жалаң бақтарды.

Сіресіп жатқан таудағы алып мұздақтай,
Бір сәтке дала сазарып қапты міз бақпай.
Бір топ шіл үркіп ұшады беттен-беттерге,
Қалған-ау тегі күз жақпай.

Уақыт ағымы
Жылжып та өткен,
Сырғып та өткен – уақыт,
Біреуді жүрсің үмітті етіп, жұбатып.
Біреудің жүрсің мезгілін ұрлап, жылатып,
Жылжып та өткен, сырғып та өткен – уақыт.

Жүректің дертін басқан да келіп – уақыт,
Төзімі қатты, тастан да берік – уақыт.
Жетелеп жасты, қаусаған шаққа жеткізіп,
Кәрі қып тастап, қашқан да жеріп – уақыт.

Ғасырдан ғасыр жылжитын талмай – уақыт,
Жылдарды жылға жүрсің ғой жалғай – уақыт.
Өлеңім менен ой-сырым қалғай – уақыт,
Кетейін бірге өзіңмен самғай – уақыт.

***
Мешіт тола жамағат, түнеп тегін.
Алла деп, ризық сұрап жүректерің.
Бақ-дәулет, берекесін берсін Құдай,
Аңсаған, орындалсын тілектерің!

Қадір түні белгісі қадірімнің.
Тағы бір жыл өтті енді, тағы бір түн.
Қазағымның басына бақ тіледім,
Ақ тілекпен еселер бағы мүмкін?!

***
Ұялып жүрмін, қысылып жүрмін бетсіз бе ем?
Құдайым сірә сақтасын мені тексізден.
Тірегім менің, баласын ерек қорғаған,
Өмірдің мәнін үйрендім әке тек Сізден.

Жүрмін ғой әке әлі де болса қаңғырып,
Көкейде елім, көкейде ауыл жаңғырып.
Болмаған тірлік, болудың шіркін бастауы,
Орындалсыншы, таңдағы тілек, таңғы үміт.

Жүргенің ерек, күлгенің ерек, күлімдеп,
Көңілдің жасы, өмірдің жасы дірілдеп.
Сағынып тұрып, бағынып тұрып тағдырға,
Бір сүйсе сүйді, сүйгені соңғы ұлың деп.

Сары ауру болып, сарсаңға түсіп ауырған.
Кезімде менің келгенсіз маған ауылдан.
Өзіңдей әке бауырмал болдым, сол шығар,
Қатын, баласын кейінге қойған бауырдан.

Арманым ғайыр, арманым биік көкейде.
Тұралап қалдым, тұрып бір кетсем өтей ме?!
Бишымыр бабам бағымды ашсын тілейін,
Жанын да берген, барын да берген кедейге.

***
Керемет кезім менің, бала кезім.
Бала ғой,
Бала көңіл, бала сезім.
Тауға қарап өсіп ем, биік жүрмін,
Мөлтілдеп жасқа толып қара көзім.

Үйрек жүзген су ма еді?!
Келмей көктем.
Кейін ғана түсіндім, сенбей кеткем.
Балалық бал дәуренім сағынамын,
Жастығым ай оралмай, келмей кеткен.

Қыс еді, қар да қалың қырауы көп.
Сайрамсудан су алып, бір ауыл боп.
Есекке теңіп алған флягімді,
Толтырып шелегіммен, құлауым көп.

Өмірім, сүріп мына бейнетпенен.
Қабырғамды жан жоқ ау күйретпеген.
Сол суда көрген үйрек қандай сұлу,
Қыл қалам шеберіндей суреттеген.

Сезім қалай оятса түнгі мені.
Мен ояу ,
Жанмын сүйген Сүмбілені.
Хан балығы жүзетін тасқын суда,
Таң қалдырды, үйректің сүңгігені.

Қыста көрген үйрек қой сүңгігені.
Ажыратып алыңдар түнді, мені.
Үйрек қонған, қыстаған Сайрамсуға,
Аққу құс та қонар кеп, кім біледі?!

***
Не деген Астананың кеші мұңды,
Жан едім, Жүрегі ақ, кешірімді.
Ардан безіп жүргенім өзім екем,
Бақ келіп түрткілейді есігімді.

Құны бір, көк тиын боп маған ардың,
Біреуді жек көрейін, табалармын.
Қашан есім кіреді, ойлап жүрмін,
Бабын беріп, бақ қонған балалардың.

Өртейді өзегімді сезім деген,
Түндерім өтіп жатыр көз ілмеген.
Мен жалғыз, жүрегім де жалғыз менің,
Сол жан қайда екен бір “өзің” деген.

Дос болып, шайтанменен, періменен.
Ажыратты дейді Алла сені менен.
Бабаларым жындарды оқып, байлап,
Сол пәлекет кек алып, тегі менен.

Жанмын ғой, жоспары бар, бір есебім.
Табармын, Алла қолдап бір есебін.
Ағайын қолдаңдаршы, мені қорғап,
Жындармен өмір бойы күресемін.

Қой дейді, алда дейді бағың әлі.
Қам көңіл, сезімге бір бағынады.
Балалық күндерім ай келмей кеткен,
Қөңіл құрғыр сол күнді сағынады.

***
Өмір қатал!
Жан екем қиялдаған.
Ілесем деп жақсыға, жиі алданам.
Өлеңіме сыймайды қаласам да,
Көп өкініш кеудеме сыя алмаған.
Сағың сынса,
Сынға алып сынайды адам.
Пендемін мен, жүрген бір,
Құдайға аман.
Жылап жүріп күлетін кез болады,
Күліп жүріп өмірде жылайды адам.
Қара бұлттың осы деп сейілгені.
Жамандап, жексұрын қып кейін мені.
Еркелеген жан екен деп түсінбей,
Не боп кеткен кей жанның пейілдері.
Пендеміз ғой, үлкенің, кішің мейлі.
Азамат боп жүргенің үшін мейлі.
Сыйласаң сыраға бал берген адам,
Өмірдің жалғандығын түсінбейді.
Мұқаңды тезге салды, қашты бәрі.
Сынады, аяғында састы бәрі.
Бауыржан сенбеймін мен қорғадың деп,
Мұқаң марқұм айтып еді Москваны.
Жетем деп бұл өмірдің биігіне.
Қалмайды кей адамның сыйы мүлде.
Әр қазақ жалғызың ғой, соны ұғын,
Қалғың келсе, көксеген биігіңде.
Алақаным сол менің, жайып көктен.
Жайым жоқ, жағдайым жоқ, байып кеткен.
Сабақ боп, Сүлейман да өлгенінде,
Ел-жұртқа алақанын жайып кеткен.
Сыйлаған ел ағасы көп пе менің?!
Сан қилы жолдан мен де өткен едім,
Сын болмай, мін түзелмес, – деп айтпаған,
Шынында сол кісіге өкпеледім.

Астана қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір