ҚҰСПАН ҚЫСТАУЫ

0
100 қаралды

Самат ИБРАИМ


Нарын құмындағы Құспан ата қыстауының ақшағылы баяғыдай жоталанған қалпы алыстан көзге шалынады. Бұл күнде маңынан жан да, мал да көрінбейді, етегін қалың шөп басқан күйі құлазып тұр. Кезінде соғыстан қайтқан керзі етікті солдат осы ақшағыл ір­гесіндегі қара қыстауға жет­кен­ше асығып еді-ау.
Ол соғыс туралы сұрағандарға әңгіме айта бермей­тін, «ондай қайғы-қасіретті кейінгі ұрпақтың басына берме­сін», – дейтін де қоя­тын. «Жеңістен кейін елге аман-есен оралып, үйі­ме келгенімде бес жыл бойы ая­ғымнан шешпеген, не үнемі қа­сымда болатын керзі еті­гімді бо­саға жаққа, өзімнен бөлек қалды­рып кеткен сәтім есімнен кет­пей­ді», – деген Құспанның сөзі ел ау­зында қалды. Бүгінде оның құ­дық ша­ғы­лын «Құспан қыстауы» деп атайды, қыстауының орнында дөңгеленген алаңқайда өскен жа­сыл түсті адыраспан алқабы ғана жатыр…

***
Кенеттен көтерілген дауыл су­сылдақ құмды үрлеп, айнала лезде түтеп кетті. Жоталанған ақшағыл етегіндегі мұржасы қисайған қара қыс­тау қарауытып әзер көзге ша­лы­нады. Жел үйірген топырақ сол қа­расыннан пана тапқандай ірге­сіне келіп үймелеп, тығылып жа­тыр. Ысқырған жел қиыршық құмды шағын терезеге дамылсыз са­балайды. Онсыз да топырақ баса бастаған шеген үйдің қабырғасы бұрынғысынан да аласара түскен. Жел саябырсыған кезде қыстаудың есігі іштен сыртқа қарай әлсіз итерілді. Табалдырыққа үйіліп қалған құм есікті ашқызар емес. Іштен сақал-шашы аппақ арық аққұба шал бір қырындап шықты да «бар болғыр-ай» деп күңк ете түсті. Манағы долы жел басылып, ештеңе болмағандай айнала мо­мақан күйге еніпті. Қарт жың­ғыл­дан жасаған таяғына сүйеніп шо­ланға барды. Одан күректі алып шығып, есік алдындағы өлі то­пы­рақты кейін ысыра бастады. Да­мыл-дамыл күрекке сүйеніп ал­қын­ғанын басып алады да, қай­­та­дан іске кіріседі. Есік ашы­лып, жабылатындай етіп әрең де­генде күреді де, ендігісіне шама жоқ дегендей күректі сүйей салды. Сіресіп қалған белін жаза алмай ұзақ тұрды. Бар салмағын таяққа сала үй жанындағы ақтыққа қарай жүрді. Қыр басына шыққан соң қолын көлегейлеп, айналасына ұз­ақ қарады. Жасаурап кете берген көзін шапанының жеңімен сүртіп, қайта-қайта көкжиекке көз тігеді. Жалпақ қоңырлықтан құдық шағылға бет түзеген екі түйені көр­ді, малды суарайын деп құдық­қа қарай ақырын аяңдады.
Жел ыңғайына жығылған құм құдық дересін де баса бастапты. Күш-қуатымның барында құм ма­ған бағынатын, енді мен оған мо­й­ын­сұнатын болдым-ау деп ой­лады. Баяғыда құдықтың дересін белуардан келтіріп соғатын. Кір­піштен қалағандай жылмиып тұ­ра­тын дереге кім де болса таң­дану­шы еді. Мұндай дереге құм да жола­майтын. Құм адамдары құ­дық­тың айналасына ішінен шық­қан топырақты айнала үйіп жаса­ған қорғанды дере деп атайды және оның қалай соғылғанына қарап құдық иесін кім екенін баға­лайды, оның қандай адам екенін бірден біледі. Құдықты таза ұстауға аса мән беретін бұл қарт жырылып, жапырылған дереге қарап күр­сінді, құдық түгілі қазір қыстауын да құм басып жатыр. Бала болса жоқ. Сонау қырық бірінші жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда екі баласымен бірге майданға ат­тан­ды. Балалары соғыста қаза тауып, өзі аман-есен елге оралды. Сұм соғыс сөйтіп шаңырағын шайқал­тып кеткен. Ол дереге сүйеулі жат­қан қауғаны алып, ішінде тығы­лып қалған құмды сусыл­да­тып төкті. Төңкерулі жатқан астау­ды көтеріп қойды. Құдықтан қауға­мен су тарту ақсақалға оңай тиген жоқ. Айналдырған екі тү­йе­сін екі демалып, әрең суарды. Қау­ғаны орнына қойып, астаудың түбінде қалған суды шайқап төкті де оны төңкеріп қойды. Жаздыр­май қалған белін қос қолдап ұс­таған бойы құдық дересіне отыра кетті. Суға қанған түйелер біз кеттік дегендей мамырлай басып, үйге қарай тартып берді. Біреуін ұстап мінгісі келді де, ол ойынан тез қайтты. «Осы тұрған жер емес пе. Жаяу да барамын ғой», – деді дауыстап, тап қасында біреу отырғандай. Сосын ұясына еңкей­ген күнге ұзақ қарады. Ол көп оты­рып қалды. Оңашада ой деге­нің қаумалап алады. Үйге барғысы жоқ. Қыстауда кемпірі екеуі ғана. Жақын маңда ел де жоқ. Жазда бұл маңға қойшылар келеді. Күз түсе қыстақ­тарына олар да көшіп кет­кен. Міне, айдалада ала құмның ішінде жалғыз үй қалып отыр. Ауыл­дық Кеңестің төрағасы жазда шопандарды аралап жүріп Ұлы Отан соғысының ардагері Құс­панға арнайы келгені бар, кеңшар орталығына көшуді ұсынды, бірақ ол келіспеді. Бір жыл болса да осы Айбаста отыра тұрайын деп ой­лады. Былтыр немере інісінің баласы Хасан орталыққа көшіріп әкетейін дегенде көнбей қалған. Туған топырағын көзі тірісінде қиып, тастап кете алған жоқ еді. Дегенмен, балаларым кешегі сұм соғыстан аман келгенде, бұл жерде отырмас едім деген өкініш те соң­ғы кезде маза бермей жүр. Үйіне жақындағанда құлағына гүрілдеген машинаның дыбысы келді. Келе жатқан үлкен жүк машинасын көрді. Бұлар кім бол­ды екен? Кеңшардың машиналары әзір бұл маңға келуге тиіс емес еді, кім болса да есігім ашық, төр дайын. «ЗИЛ» машинасы ажылда­ған күйі сусылдақ құмды тіліп келеді. «Ой, шіркіннің мықты­сын!» – деп шал іштей риза боп тұр. Машина бұған жақындап келіп, тоқтады. Кабина­дан түскен ұзын қара жігітті бірден таныды. Хасан екен.
– Ассалаумағалейкүм, ата, – деп ол қос қолын ұсынды.
– Хасансың ба, шырағым, амансың ба? – деді ол жігіттің қо­лын қысқан күйі жібермей біраз тұ­рып қалды. Сағынышын білдір­гені.
– Аманшылық, ата, шешемнің дені сау ма, өзіңіз күйлі-қуаттысыз ба?
– Шүкір, қарағым, әне шешең де шықты. – Қыстаудан шыққан бе­лі бүгілген қара кемпір де бұлар­ға қарай жүрді. Хасанның келге­ніне ол да қуанып жатыр. Елсізде отыр­ған үйге қонақ келгеннен артық қуа­ныш бар ма, үй іші лезде көңіл­деніп сала берді. Кішкентай шам­ның жарығы жарқырап жа­нып тұр. Күләй кемпір қазан­дыққа те­зекті толтыра қалап, шай қа­мына кірісті. Құспан қонағымен екеуі әңгімелесіп отыр.
– Машинаңды өзгертіпсің, бұрынғың құмға жүре алмайтын бірдеңе еді ғой.
– Иә, ата, осыған ауыстым, – деді Хасан. Одан соң әңгімені жал­ғас­тырмақшы болып қыстауды топырақ баса бастағанын тілге тиек етті.
– Қайтейік, қарағым, кемпір­дің түрі анау, менен де қайран шамалы. Азын-аулақ малымызды суғарғанға шаршап қаламын. Кәрілік деген жеңді ғой, оның үс­тіне кешегі соғыста бес жыл етік шешпестен су кешкеніміз, сыз окопта жатқанымыз бар, соның бәрі әсер етеді.
Шай үстінде Хасан келген шар­уасына көшті. Өздерін осы жо­лы көшіріп әкетуге келгенін айтты. Құспан кесесіндегі шайды сораптап ұзақ ішті.
– Солай дейсің… көшіруге кел­дім дейсің, – деді ойланған күйі. Кемпір жаутаңдап шалына қарай берді. Рас, кемпірінің совхоз орталығына көшкісі жоқ, өткен жы­лы әзірше халіміз бар ғой дегенді сылтауратқан. Әйел заты әріден ойлайды емес пе, «Біреудің қолына қалай қараймыз, Хасан­ның әйелі қай бір туған келі­нің, ертең күн көрсетпей жүрсе қайте­міз? Қой, шал, одан да жылы орын­ды суытпайық», – деп зар қақ­қан еді. Күләйдің сол сөзі се­беп болды ма, былтыр көшпей қалған. Құс­пан осының бәріне ой жүгіртіп өтті. Хасанның пейілі туысқандық жанашырлық қана, әйтпесе, өзін­де кісі қызығатын байлық та жоқ. Бір білетіні зейнет­ақысын алып, аздаған малын сатып күн көруіне болар, бірақ ауыратыны бар, сыр­қайтыны бар, оларға масыл бола­тыны анық. Бірақ көшпеске енді амал да жоқ. Ол тамағын кенеп, сөз бастады.
– Атамекенді тастап, салдыр­лап орталыққа көшпеспін деп едім. Жуық маңда қазір ел де жоқ. Ендігі жерде күнелтісіміз де нашар болатын түрі бар. Өлмелі шал-кемпір ғой деп жаның ашығаның болар бұл, оныңа бек рахмет. Де­ген­­мен сендерге масыл боламыз-ау осы.
– Жоқ, ондай сөзді айтпаңыз, бәрі дұрыс болады деп ойлаймын. Аз-кем үнсіздіктен кейін әңгіме көшу мәселесіне ойысты.
– Үй ішінің көр-жерін, бұзаулы сиырды, бес-алты жандықты ма­шинаға тиеп, кемпір екеуің жүре беріңдер. Мен бір түйені мініп, екіншісін жетектеп барамын ғой.
– Шал-ау, мен де сенімен қа­лай­ын, жалғыз өзіңе қиын болар, – деді кемпірі сөзге араласып. Құспан кемпіріне түйіле қарады. Пікірін қостамағаны. Кемпірі сасқанынан жаулығының шетін тартқылай берді.
– Ата, шешемнің айтуы дұрыс. Бұл кісі де сізбен бірге қалсын. Жал­ғыз жол жүру қиын ғой, – деген Хасан сөзіне тоқтады.
Ертесіне таң ата машинаға жүк пен мал тиеліп, Хасан аттанып кетті. Екеуден-екеу қалғасын шал мен кемпірдің көңілі бір түрлі құлазып сала берді. Керексіз деп қалдырған ескі-құсқы заттардың өзі бұлардың көзіне оттай басыл­ды. Күләй оларды жинастырып, шоланға тасып әлек болып жүр. Көшкенде жұртын жинап кету қазақтың әдеті. Бұл қара қыстау оларға тіпті жұрт сияқты емес, қайтып келетін құт мекені секілді. Екеуі де әр нәрсені түртпектеп жү­ріп алды. Екеуінің де бұл жерден кеткісі жоқ. Бірақ онысын бір-біріне сездіргісі келмейді. Шалдың қысыңқы көзі бұрынғыдан жұ­мыла түскен. Қабағы қатыңқы. Ол қыстаудың ішіне қайта кірді. Бұ­рын­ғыдай емес, қаңырап тұр. Қазаны алынған қазандық орны қап-қара болып үңірейіп жатыр. Осы сәт оның жүрегі шаншып өт­ті, шаңырақтың оты сөнді деген осы шығар деп күбірледі. Енді біреу­дің қазанына, біреудің отына телміріп, қалған ғұмырын өзгенің босағасында өткізбек. Осы үйде ту­ды, осында өсті, осы үйде үйлен­ді. Осы үйде екі баласы өмірге кел­ді, жандары жәннатта болсын. Сексен жасына дейін бұл үйдің ошағының оты сөніп көрген емес. Ендігі сиқы мынау… Шалдың көзі қарауытып, құлағы шыңылдап кетті. Үйдің ортасындағы таяуға таяна берді. Үйге кірген кемпірі бұл тұрысын көріп, «Ауырып қалған жоқсың ба?», – деп бәйек болды. Ол басын шайқады, сосын үйдің ішін барлай қарады, қош­тасқаны. Үңірейген қазандыққа көзі қайта-қайта түсе берді.
– Енді Құспанның үйі жоқ, тек қыстауы бар, бұл да қашанғы тұрар дейсің, – деді. Күләй үнсіз жыла­ды. Құспан қораның түбінде жат­қан диірмен тасты есікке қарай домалата бастады. Кемпірі екеулеп есікті сонымен тіреді. Белдерін жазып, бір-біріне қарады. Сосын екеуі де үнсіз түйелеріне қарай беттеді. Түйеге мінген екеу бірінің соңынан бірі ілбіп батысқа қарай жүрді. Артқы түйедегі кемпір ар­тына қайта-қайта қарайды, қолын көзіне жиі апарады. Алдыңғы түйедегі қарт үнсіз, мелшиген күйі. Жолда кездескен әр қабақ, әр ыл­ди оған өткен өмір жолын еске түсі­ріп келеді. Өкініштісі, бәрі де жылт етіп артында қалып жатыр, қалып жатыр…
Құспан мен кемпіріне Хасан төрт бөлмелі үйінің бір бөлмесін босатып берді. Бұл өзінің Кеңес армиясы қатарында кызмет етіп, Ауғанстанда интернационалдық борышын өткеріп жатқан үлкен ұлы Ескендірдің бөлмесі екендігін айтты. Баласының әскерде сер­жант екендігін, хат алып тұраты­нын мақтаныш сезіммен жеткізді. Қарт қалбалақтап:
– Ескендіржан аман-есен оралсын, – деп тілегін білдірді.
– Ата, еш қысылып, қым­ты­рыл­маңыздар, балам келгенше оған керемет етіп үй салып қоя­мын. Құрылыс материалдарын жинап жатырмын, келгесін үйлен­ді­ремін, – деген Хасан желпіне сөйледі.
Хасан көрші-қолаңды, жол­дас-жорасын шақырып, қарттарды таныстырды. Құспан бір түйесін сатып, жарты ақшасын қоярда-қоймай үй иесінің қолына ұстатты. Үйін жинастырып, оны-мұны шаруаларды істеген, іс тігуге қолы шебер кемпіріне келін де оң көз­бен қарап, кәдімгі келін мен ене­дей қарым-қатынаста болға­нына қарт іштей қуанды. Құдай­дың бергеніне шүкіршілік етті. Шуақты күндер осылай жылжып өте берді. Соңғы айлары әскердегі баласы­нан хат келмегеніне Хасан аман болса жарар еді деп, алаңдап жүр­ді. Бес жыл соғысты басынан өт­кер­­ген Құспан болса оны әскерде бір жер­ден екінші жерге ауысу жиі бо­лып тұрады, хат жазуға мұршасы бол­май жүрген шығар деп жұбат­ты.
Бір күні ауылдық Кеңестің төра­ғасы, қасында бір майор және бір-екі адам бар Хасанның үйіне келді. Төраға сөзге шешен, елге қадірлі кісі болатын. Ол алыстан орағыта сөйледі, ауылдың, елдің жағдайын айта отырып, халықа­ралық жағдайға ойысты. Кеңес одағының әскерлері Ауғанстанда соғысып жатқанын, соғыс болған жерде адам шығыны да кездесеті­нін тілге тиек етті, мұның өзі бей­біт кезеңде қаза болғандардың ата-анасы үшін ауыр қайғы екен­ді­гіне, бірақ Кеңес одағының бей­біт­шілік үшін күресінде ондай жағдай болмай тұрмайтындығына тоқталды. Хасанның санасына түрлі сұмдық ойлар келе бастады, балам аман болса екен, мына әңгіменің сыңайы жаман дегенше болған жоқ, төраға: «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ. Бекем бол, Хасан, Ауғанс­тан­дағы ұлың Ескендір ерлікпен қаза тауыпты», – деді. Хасан сілейіп оты­рып қалды. Әйелі «Құлыным-ай, қарағым-ай!» – деп дауыс са­лып аңырап қоя берді. Оған Құс­панның кемпірі мен естияр бала­лар қосыл­ды. Үйдің іші күңіреніп кетті.
– Қашан қаза тапты?! Балам­ның сүйегі қайда?! – деген Хасан­ның дауысы тарғылданып қатты шықты. Майор қалтасынан бір қағазды алып, дауыстап оқып жа­тыр. Сосын мүрденің қалайы та­быт­қа салынып, облыс орталы­ғына әкелінгенін айтты. Бұл дереу қалаға аттанбақшы еді, әскери ко­миссар әскерилердің өздері бүгін түнде осында жеткізеді деді. Және ертең жерлеу керек, тапсыр­ма солай деп кесіп айтты. Айтқан­дай, сол күні түнде Ескендірдің мүрдесі ауылға жеткізілді. Қапта­ған әс­кери­лер, баласының сүйегі тиел­ген машинаға Хасанды жола­тар емес. Ол бар күшін салып бі­реу­­лер­дің ұстағандарына қарамас­тан, жолды бұзып-жарып табытқа жет­ті. Өзін қолынан ұстап сабырға шақырмақшы болғандардың сөзін құлаққа ілер емес. Мұздай темір табытты құшақтай алды. Табытты қаумалап түсіргесін оны дайындап қойған бөлмеге алып кірді. Көзі қанталаған Хасан:
– Табытты ашыңдар, мына мұздай темірді құртыңдар! – деп ақырды. Бір әскери алдына кесе-көлденең тұра қалып:
– Кешіріңіз, ашуға болмайды, тапсырма солай! – деді. Баласы­ның өліміне тап осы офицер кінәлі­дей оны жолынан былай жұлқи итеріп жіберді. Сол кезде басқа әскерилер қоршап алды да қарсыласқанына қарамай, қос қолтығынан ұстаған күйі бөлмеден дедектетіп алып шықты. Ауыл ағалары мен қарттар оған басу айтып жатыр. Үйдің қасында тұр­ған «Жедел жәрдемді» көрді, есін жиды, неге келгенін сұрады. Әйе­лі­нің жүрегі қысылып қалыпты, дәрі берген соң тәуір деген дәрігер өзінің де берік болуын өтінді.
– Жарайды, – деді амалы құ­рып, – тек маған баламның қа­сына отыруға рұқсат етіңдер! Әс­кери комиссар өзі бас болып, қа­сына екі-үш солдат алып табыт жатқан бөлмеге қайта кірді. Ұсын­ған орындықты Хасан лақтырып жіберіп, табыттың бас жағына тізерлеп отырды. Бір қолы табыт­та, бір қолымен жер таянды… Мына құрсанған темір жәшіктің ішінде жатқан баласының жүзін ең болмаса бір көре алмай, күйініш деген өзегін өртеп барады. Таңер­тең үйдің қасында марқұммен қоштасу рәсімі болды. Бес-алты адам сөйледі. Бәрінің айтатыны «Ескендір интернационалдық борышын өтеуде ерлікпен қаза тапты. Оны Отаны ешқашан ұмыт­пайды!» деген тәрізді жалын­ды сөздер. Ескендір жерленді. Әс­керилер сол бойда кері кетті. Ағайын-тумалар, ауылдастар же­тісі өткен соң сиреді. Мынау төрт бөлмелі үйде баласының орны үңірейіп тұр, әрбір зат ұлын есіне түсіреді, үлкейтілген суретіне қай­та-қайта қарайды. Жаны күйзел­ген ол үйде одан әрі жүре алмасын біліп, жұмысына шықты. Жұрттың бәрі өзіне аяушылықпен қарағаны жан­ға тағы батты. Біреудің алаң­сыз күлкісін естісе тура өзіне әдейі істеп жатқандай көрініп, адам­дар­мен кездесуден қашқақтады. Кеш­ке машинасын гаражға қойып, кабинасын тарс жауып, әлгінде алған бір бөтелке арақтың аузын ашты. Ащы су қайғысын басқан­дай болды. Ертесіне, оның ерте­сіне осы көрініс қайталанды. Тіпті ерте тұрып жүз грамды тартып алып, бас жазатын болды. Ақыры бір күні оның ішіп алғанын білген ауданнан келген мемлекеттік ав­тоинс­пектор жүргізуші куәлігін алып қойды. Кеңшар директоры араласып, оның қайғысы барын айтып, қайта алдыртты. Арада он күн өткенде ол рульде ішіп алғаны үшін тағы куәлігінен айырылды, ақыры машинаны тапсырып, слесарь болуға көшті. Мұнда арақ ішуге онсыз да сылтаулар көп ек­ен. Қолы шебер ол біреудің маши­на­сын тастай етіп жөндеп берсе бол­ды, әлгі жүргізуші дүкенге қарай құстай ұшады. Бұл жолы да үйіне мас болып келді. Қарсы алдынан дәрет алуға Құспан қарт шықты. Хасанға «Сексенге келген бұл неге өлмейді, неге менің жап-жас балам өледі?» деген тосын ой келді. Қарттың алдына кесе-көлденең тұра қалды, оған тесіле жек көре қарады да:
– Сен шал тұра тұр, қадамда­рың құтсыз болды. Келе сала ба­лам­ды жалмадыңдар, – деді. Құспан қарт баланың өліміне тап өзі кінәлідей күбіжіктеп қалды.
– Қарағым, Алланың жазуы солай шығар, не шара? Ажалға кім араша тұрады дейсің.
– Өзің құдайшылсың ғой, бес уақыт намаз оқисың, таңертеңнен кешке дейін құдайға жал­ба­ры­на­сың. Әлде менің от пен оқтың ара­­сын­­да болған баламның аман­дығын тілемедің бе? Құдай сен­дерді аяса, осылай соқа бастарың қалмас еді.
– Иә, құдай, кешіре гөр, – деп Құспан қарт бұрылып кетті.
Аузына келгенін айтып жатқан Хасанның сөзін тыңдамауға ты­рыс­ты. Осының бәрін естіген Құс­панның кемпірі бөлмесіне кі­ріп, пеш түбіне бүрісіп отыра қалды. Сырттан Құспан қарт кірді, сабыр­лы адам ғой, еш сыр берген жоқ. Кем­пірі бірдеңе деуге бата алмады, ал ол ештеңе болмағандай намазға жығылды. Таңертең Хасан атасы­нан келіп кешірім сұрады, өзінің күйік­тен ішкенін, мастық­пен ренжітіп алғанын айтып, өкін­ді. Енді ондай қайталанбайды деп ант-су ішті. Құспан кәдімгідей көң­іл­деніп қалды. Бәсе, кеше мастықпен айтты ғой, әйтпесе он­дайы жоқ еді, ақылы бар деп ойла­ған ол сөз бастады.
– Хасанжан, саған бұл орны толмас қайғының өте ауыр екенін жақсы білемін. Не шара? Құдай­дың бергеніне шүкіршілік ет, бас­қа балаларың бар, өздерің бар, ен­дігі тіршілікті, денсаулықтарың­д­ы ойла, амандық тіле. Менің екі балам кешегі Ұлы Отан соғысында қаза тапты. Өзім де от пен оқтың ортасында болдым, небір сұмдық­тар­ды мына менің шыққыр көзім көрді, оны саған айтып жеткізе ал­маймын. Ал балаларым тірі бол­са, мен осындай күй кешер ме едім. Маған олардың қазасы оңай тиді деп ойлайсың ба? Мен сонда да шү­кіршілік етемін. Мен неге құмдағы қыстаудан көшпеді деп ойлайсың. Онда менің ұлдарым дүниеге келді, сонда өсті, содан әскерге кетті, басқан іздері, жүр­ген жерлері сайрап жатыр. Мен сені түсінемін, бәріне де сабыр ет. Баяғыда Мақаш деген атақты правительдің Орынборда оқып жат­қан ұлы қайтыс болып, ол қай­ғыдан үйінде жатып алыпты. Еш­кіммен сөйлеспепті, ешкімді кіргізбепті. Мұны естіген құрдасы Жантұрған би правитель жатқан үйге баса-көктей кіріп келіп:
– Мақаш, тұр орныңнан, не­ғып жатырсың! – депті. Қолын төбе­сіне қойып көсіліп, шалқасы­нан жатқан Мақаш:
– Маған тұр дейтіндей сен кімсің? Құдаймысың?
– Құдаймын!
– Құдай болсаң, баламды алдың, енді не істермін дейсің.
– Мен құдай болсам, балаңды алғаныңмен қоймай, басыңдағы бағыңды алар едім. Астыңдағы тағыңды алар едім, қойныңдағы қатыныңды, алдыңдағы малыңды алар едім. Көзіңді тас соқыр еткі­зіп, қолыңа таяқ ұстатып, дорба ар­қалатып, қайыр сұратып, тен­ті­ре­тіп жіберер едім.
– Астапыралла! Не дейді! – деп басын жастықтан жұлып алып, түрегеліпті дейді Мақаш әкім. Үлкен парасат иесі Мақаш сонда үйінде қайғы жұтып жатқанда менің осы қайғымды кім түсінер екен, кім бөлісер екен, кім қол­тық­­­тан демер, кім аталы сөзін ай­тар екен деп замандастарын сынап жатса керек.
Құспан қарт әңгімесін одан әрі жалғады, келінге де, естияр бала­ларына да бұл қайғының ауыр тигенін айтты. Келінді дәрігерге қарату керектігін ескертті, Хасан әйе­ліне қараса шынымен де беті қуарып, әбден жүдеп кетіпті, тек ба­қырайып көзі ғана қалыпты.Балаларының да қабағы түсіңкі, көңілсіз. Үй иесі есін жиғандай бол­ды, біраз күн ішпей жүрді. Бі­рақ баяғы көріністер қайта бас­талды. Мас болып кеңес өкіметіне тіл тигізді, қарттарды кінәлады. Ертесіне кешірім сұрайды. Хасан­ға қарт енді бұрынғыдай ақыл айт­пайтын болды, ол жұмыстан келерде тарс бүркеніп ұйықтаған болып жатады. Енді шал-кемпір ортақ дастарханға бармады, кем­пірі бір шәугім шайды қайнатып, нан-секермен өздері бөлек тамақ­т­а­нады. Келін байғұс оған ыңғай­сыз­данып: «Бұларыңыз не, Ха­сан­ға өкпелеп жүрсіздер ме?» – деп талай шайға шақырды, бірақ бұлар «Алла разы болсын!» айтты. Келін пісірген тамақтарын әкеп беріп, қамқорлап жүрді. Бір шаңырақтың астында екі отбасы осылайша екі түрлі өмір кешіп жатты. Хасанның сөзіне қорланған Құспан қарт құм­нан біреу келсе, өздерін ала кетуді өтініп, жалынады. Ондағы ойы өз қыстауына барып, қайта тұру болатын. Бірақ онда қалай күн көреді. Бір түйесін сатып жіберді, азын-аулақ жандықтары да сойыла-сойыла азайды. Бір күні кемпірі Құспанға:
– Шал-ау, менің ақылымды тыңдасаң, кеңес төрағасына бар. Соғыс ардагерісің, үш орденің бар, екі ұлың соғыста қаза тапты, бәрін айт, – деді. Алғашқыда кемпірінің не айтпақшы болғанын түсінбеген ол:
– Сонда маған не істе демек­ші­сің? – деп сұрады.
– Не істегені несі, пәтер сұрай­сың. Ел іші ғой, өз алдымызға бір­деңе етіп күн көрерміз… Құспан кемпіріне күле қарап, «қапияда қатын ақыл табады» деген осы-ау деп әзілдеді. Кемпірінің сөзінің жаны бар, бұрын неғып ойға кел­меген, көңілінің алыс түкпірінде үміт оты жылт еткендей болды.
– Кемпір, мынауың ақыл екен. Киімімді әзірле, – деді. Орден-ме­дальдарын тағынып, екеуі кеңсеге қарай жүрді. Ауылдық кеңестің төрағасы жылы қарсы алды, аман­дық-саулық сұрасты. Құспан Ха­сан­ды жамандаған жоқ, тек бір бөлмелі болса да пәтер беруін сұ­ра­ды. Төраға бәрін айтпай түсінді, іштей аяды, оның өзі де майдангер болатын.
– Құсеке, уайымдамаңыз, бір ретін қараймыз, кешегі сұрапыл со­ғыстан аман келген біздің қата­ры­мыз да жыл санап азайып бара­ды. Директормен де сөйлесемін. Өзім хабарын беремін, – деген төрағаның сөзі нық шықты. Құс­пан соған қуанды. Арада айға же­тер-жетпес уақыт ішінде ауылдық кеңестен хабар келді, екі бөлмелі үй беріпті. Құспан қарт пен кем­пірі балаша қуанды. Хасан бұл хабарды естігенде есеңгіреп қал­ған­дай болды. Бәрінен бұрын көрші-қолаңнан, жора-жолдас­тарынан, ағайындарынан ұялды. Себебі олар: «сонау құмнан шал-кемпірді көшіріп алып, малдарын пайдаланып, жаратып, ақыры сыйғызбай қуып шығыпты, өйте­ті­ні бар о баста көшіріп алып несі бар еді» деп айтатын болды-ау. Ол Құспан қартқа барып:
– Ата, менен бір үлкен ағаттық кетті, кешіре алсаңыз, кешіріңіз. Осы үйде тұра беріңіздер. Әкемнің бауырын баға алмасам не болға­ным, әкемнің аруағы атар мені, – деп жалынды. Құспан ләм-лим де­ген жоқ. Асықпай тыңдады, сө­зін де бөлген жоқ. Сосын бір жөт­кірі­ніп алып, сөзін бастады:
– Қарағым, Хасанжан, саған өкпеміз жоқ. Жаның ашып бізді көшіріп алдың, соныңа рахмет! Бұл – екінің бірінің қолынан кел­мей­тін іс. Ал бізге ардагер деп пәтер беріп жатыр екен, несі бар, жеке тұрып көрейік, үй арасы жақын, келін екеуің келіп-кетіп көмектесіп тұрарсыңдар. Қонуға, қолғабыс етуге балаларыңды жіберіп тұрарсыңдар, өздері бізге бауыр басып қалды. Хасан қуанып кетті, өкпелесіп айырылысар ма екенбіз деп еді, жоқ, олай болма­ды. Қарттың айтқанына қарағанда бүлінген ештеңе болмағандай, бәрі ретімен сияқты. Атасының даналығына бас иді. Балалары болса «ата мен әжем үй алды» деп қуанып жүр. Әйелі, бала-шаға­сы­мен қарттарды жаңа үйге көші­ріс­ті, жаңа қонысқа құтты болсын айтты, үлкен кілемдерін сыйға тартты. Бұрын қарттар Хасанның үйінде тұрғанда барып сәлем­де­суге, әңгімелесуге бата алмай, ыңғайсызданып жүрген Құспан­ның майдангер достары, құмдағы бұрынғы көршілері, алыс-жақын ағайындар қаптап келе бастады.
Ауыл шетінде жаңадан салын­ған шағын үйдің шамы жанып тұр. Бұл құмнан келген Құспанның үйі еді.

Пікір қосу