Мұңлық

0
129 қаралды

Гүлнұр ҚАСЫМЗАДА


Алқасы үзіліп аспан төріне шашылып қалған қарашаш сұлу – Қара түн мойылдай мөлдір де мұңлы. Терезе алдында тұңғиық әлемнен көз айырмай түнгі аспанға ақтық сырын ақтарған Сыңары да дәл сол түннен аусашы!
Оңаша, оқшау бөлме. Екеуі ұйқы қашырғалы қашан. Білте шам да өлеусірей барып өшіп тыныпты. Күн демей, түн демей жолаушылап келген Қаршыға азды-кем мызғығаны болмаса, енділік ояу жатыр. «Келгені анық, көргені жаңа, жаныма жа­быса кетпесе де жақындауға бейіл берер еді ғой, әлде, жатырқап үлгерген бе?» – деп іштей налыды жартылай ашық көрпені әрі ысы­ра беріп: «– Сен едің ғой үлбір өңді, ұялшақ жанарлы жәу­ді­рім, қуанып, құлшынсаң етті?..».
Орнынан тұрған Ол терезе алдында со…н…ау ғайып та жұм­бақ ғаламға үнсіз қадала қарап тұрған Бойжеткенмен қатар­лас­ты. Тынши қалған бөлме іші мұның алқына соққан жүрек үнін анық естіртіп тұрғандай. Тек өзіне ғана естілетін беймаза лүпіл!..
Қаршыға әйнектен алқаракөк зеңгірді зейінді көзімен ай­қара шолып шықты да бір сәт өз ойына құлақ асты: «Бұл тұрмақ, үн­сіз ойға шомған мына Аруды анау шексіз де шетсіз дүниәуи әлем­нің өзі алып жүрегімен, тілсіз ділімен аймалап, құшып, ләз­затты күй кешпесіне кім кепіл?.. Тіпті, жанарындағы жаз­мыш жазуын да зер салып оқымақшыдай тұнжыр қалыпта тына қалыпты. Мен жоқпын жанында, мына үйде… Бар болсам сезер еді ғой, әнтек, бермен қарай бұрылып…».
Жанарын алыс нүктеден тайдырмаған Қыздың ұзақ-сонар жолға ессіз елеңдеп күтумен өткен күндері көз алдында сынап­тай сырғиды. Мұңын да, сырын да, мынау аспан ғана көкірегіне кө­гендеп жұбатпаушы ма еді сонда? Міне, бүгін де сол кеп, аласұрған сол көңіл ауаны…
«Сіз қызықтан һәм сыйлы да сырбаз сәттерден жалығып, не жаңылып келдіңіз бе, Қаршыға? Әлде, қол ұстасқан жан құр­бы, Сіз аялаған, аймалаған мың махаббат, мың бір түн жал­ғыз жүрегіңізге сыңар бола алмады ма? Айтпақшы, ауыздан ле­кіте шыққан лепірме лебізіңізді таңырқана, тамсана тың­дау­шы арда Алашыңыз қайда? Әлде… Сіз әлдеқашан жа­ды­лап үл­гір­ген жәми жұрттың жаппай жарамазаны жабықтырды ма? Ал мен…мен…».
Қыз мұңая, сәл бөгеліп, терезенің аржағындағы марғау әлем­ге қайта түңіле үңілді: «Жоғалтып алдым… Нені? Кімді? Бәл­кім, өзімді шығар?.. Иә, мен жоқпын…жоқпын ба шыны­мен?! Ендеше мынау мимырт әлемде аты да, заты да беймәлім қай­дағы бір Елесті түннен де, күннен де шарқ ұрып іздеп жүр­геніме жол болсын? Жә, мені қойшы, Сіз…Сіз де, айтыңызшы, сол көзбен көріп, қолмен ұстай алмаған сағым сананы, ғайып та ғажайып Елесті іздеп келдіңіз бе мұнда?..».
Қыз сырын айтпай, сұрамай іштей сезді ме екен, Қаршыға күр­сініп салды. Бір кездегі айнала-төңірегін торлаған жасан­ды­­лық, жалған азар-безер, берекесіз мейманалы мереке-мей­рам­дар мұны да мезі етіп, селт етпейтін қара тасқа айналдырған…Жа­нындағы мумия Қызға емес, құзардағы мұзға мұң шаққан кейіп­те нақ бір…
«Иә, сол Қаршығамын! Саған, бәлкім, мейірімін төге алма­ған, төге де алмайтын Қаршыға. Ащы өмірдің залалды запыра­ны тамағыңа тамғанда у деп ішкізген Қаршыға. Тағдырмен бет­пе-бет кезігіп қанатыңнан қайырылғанда қасыңда бола ал­ма­­ған Қаршыға. Күнікей қыз басыңмен баянсыз да басыбайлы тағдырыңмен алысып-жұлысып жүрген жүдеулі шағыңда саған көз қырын да салмаған Қаршыға. Өйткені ме, өйткені мен ол кез­де періштелік қалыптан пенделікке түсірген, жанымды жауыр, тәнімді тасбауыр еткен мынау безбүйрек тағдырдан өзі­ме тең құралай құрбылас тектімді іздеп жүргенмін!..».
Қыз байқамаған екен, қос жанары ілездем жасаурап, көз ай­шығына жазықсыз жас тамшылары үйіріле қалыпты. Жал­ма-жан ұзын да қайқы кірпіктерін жиі жыпылықтатып, әлгіні ішке қотарып әлекке түсті.
…Сонау-сонау, біршама жыл бұрынғы, балаң шағында қа­шықтағы Қаршығаны іздеп шыққаны бар. Араға ұзақ уақыт салып онымен кезіккенде де дәл осылайша бірер тамшы са­р­ғал­дақ сағынышы кірпігінен үзірсіз үзіліп түскен-ді. Ал бүгін, мынау үміталды, жо-жоқ, бәлкім, соңғы-ұмыталды ұшырасуы ма екен екеуінің бұл түн?..
Түнде үн жоқ. Тылсым, ғайып. Тоңазығаны байқалды. Ай­қара ашық терезені қайта жабар алдында байқап қалды –тұңғиық түбінен соңына екі айшықты із қалдырып қас қағым сәтте екі сызық қосаралана сорғалап барады екен…


Ән аға

Алатаудан әрі асып еңіске енжайлаған Таң­шолпан өзін тұмшала­мақ болған көкала бұлт­ты сер­піп тастап аспаннан үзіл­ме­лі көпір ұм­сы­на, жердегі қаяу­лы құрбыға бар бейілімен қол бұл­ғады.
Құлқынсәріден жаңа туған Шол­пан құр­бысымен қауышу күндегі дағ­ды­сына айналған Суретші қыз елжірей қуа­нып езу тартқан. Бі­рақ, ізінше қарайып жал­ғыз тұрғаны жадын қай­­та жаншып, жанары та­ғы мұңға малынды. Жұп­тары жазылмай таң гауһарын бірге тама­ша­лап, таң қала тамсанатын сол бір шақ: «Сен – Таң ханшасы, ал мен Таң ханзада­сы­мын! Шолпан біздің жүрегімізден жаралған…» дей­тін шат-шадыман сол беймезгіл мезеттегі бұ­лар­дың көзайым қуанышын Табиғат ана да хош көріп сүйіншілей жаңғыртып әкететін — ақ­шаңқан арайымен, сан құбылған сәруәр сәу­лесімен!.. Әттең, өңінде емес, таңғы періш­телік түсінде …
Әуен… Тағы да ән естіледі. Ұдайы алыс­-тан – сонау Арштан құла­ғына құйылатын жұмбақ саз, назым наз. Жерден емес, ғарыштан талаурай жеткен періште текті асылзат. Томаға тұңғиықтағы жан лебізін толқытып, жаралы жанымен бірге егіледі, талықсып кетсе, періш­те қанатымен бүркіп оятып өмір нәрін тамыза­ды. Сезімтал, сара Құдірет ие­сіндей осы ән ғана жанына жақын, көңіліне рәуа:
«…Бей­ха­бар жүр едім ғой махаббаттан,
Қол созып, құшақ жайған қандай адам, қан­дай адам?…».
Айтқандай-ақ, ақырын-ақырын алыстап, Таң­кие әуен бүгін де әп-сәтте ғайыпқа қай­та сіңіп кете барды. Қолсозым жердегі үздігіп ба­рып үзілген ғазалынан көзді ашып жұм­ғанша ай­рылып қалған Суретші қыз тағы да сол өң мен түстің әнтек аралығында ала­бұртады амал­сыз:
«Ән аға, – дейді ерні дір қаға күбірлеп, өлеусіреген таң жұлдыздарына телміре телініп, – қарашы, зеңгірден төгілген сенің әніңді әсемпаз әлем таңданып та табына тың­дап қалыпты! Ғайыптан келген ғажап ән, тек сенің ғана әнің!».
Үнемі өзі ғана еститін ғұснижамал ән қа­сие­тін, саз сиқырын суретке түсіріп, қағаз жү­зіне бедерлеуге асығатын Таң қызы бұл жо­лы түндегі жауған ақ мамыққа апыл-ғұпыл адам сұлбасын сызды. Сүтпісірімге жеткізбей сү­гіретін аяқтағасын үнсіз мұңая, әлсіз жымия өз «шимайына» қайта көз салды. Сағыныш са­ғымынан жарқ етіп елес беретін ғазиз жан­ның әдеттегі бейнесі… «Әттең-ай», – деп күр­сі­не тілек етті, өзі салған бейнеден көз алмаған қал­пы, « – мен есейем, мен жетем дегенше жер­­ден тағат таба алмай, қалықтап көкке ұш­тың ба? Көкала мұз құрсаған шырқау шыңды құш­тың ба? Ақсең­гірмен тіресіп, бозмұнарға іле­сіп, бір көрініп, бір өшіп қайта ғұмыр кеш­сеңші?! Қара бұлтты қақпайлап, ақ бұлт­қа хат бай­лап арғы-бергі жайыңнан аманат хабар ал­сам­шы?! Дерегіңді әспеттеп, бедеріңді сал­самшы?!».
Тамағына ащы һәм өртті өксік тығыла бер­ді. Қыстың қытымыр аязды ызғары тұлабойын то­ңазытып, діріл қақ­тырса да елейтін емес. Қайта қос уысына қар толтырып алып бетіне қайта-қайта басады.
Әлдебір уақта аласы айшықты қара көздері таң жұлдызына тесіліп қадалды да қалды. Кір­пігіне әнтек іліне қалған жа­құт-жауһар бірер там­шы іліне-бөліне төмен қарғыды. Қаракөз қалқасына қар бетінен шарасыз қарап қалған Ән ағасы тырс-тырс тамған ып-ыстық тамшы­лар­ды үнсіз жұтып жатты.
Енді байқаса, айнала айнадай жарқырап кет­кен екен! Осы шақта ту сыртынан әлдекім ақы­рын ғана дыбыстағандай болды:
– Таңқызы!
Суретші қыз дыбыс шыққан жаққа жалт қарады. Әлгі, өзін «Таңқызы» деп әуездеген кө­­зілдірікті адам сыпайы ғана ғафу өтініп қа­сына жақындай берген.
…Курортты аймақтан қайтуға уақыты таяп қал­­ған көзілдірікті кісі бұл қызды сырттай ба­ғып, бақылап жүргеніне бірнеше күн өткен-ді. Ретін тауып жақындап келген беті осы.
– Көңіліңізді бөлдім білем…
Қыз ләм қатқан жоқ.
– Су бетіне сурет салсаң…сырғып кетеді. Ал ма­мық қарға, қар бетіне қайта үңіліп, – түс­кен бе­дер түс көргеннің белгісі. Екеуі де әуре­шілік емес пе, қалқам? Оның үстіне қайдағы бір Елеске еле­гізіп, емініп…
– Әурешілік шығар, бәлкім, бірақ Сіз айт­қан­дай «елес» емес.
– Одан да…маған көз тоқтата бір қарасаң ет­ті, қарғам?..
– Көзілдірігіңізді алыңыз?
– Алсам алайын, бірақ сән үшін емес еді…
Қыз бірақ ер адамның жүзіне назарын сал­ған жоқ.
– Нені ұқтың? Ұқсай ма екем?..
– Көп көзбояушының бірісіз.
– Дәл таптың. Кезінде солай болған… «Аң­қау елге…
– Арамза молда» демекші…
– Артықтау кеттің бұл жолы, ару Қыз.
«Бол­­­масаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз» деген Абай сөзін қай қазақ қаперге алып жатыр дейсің? Мына сен де…
– Енді алар еміңізге бара берсеңіз болады, аға­сы…
– Сен ше, сұлу бикеш?
– Мен бе? Мен, әлгі өзіңіз айтқан «қайдағы бір Елеспен»…
«Түсім де, өңім де, емім де сол адам» деген сөз жұтылып қала берді көмейінде.
…Миығынан күліп сәске түске таяп қалған Күн ұлпа қардың буынын босата төрге озып келе жатты. Өз бедеріне қимастықпен көз салған Суретші қыз Әлгінің айтқан сөзін есіне ал­ды: «Мамық қарға түскен бедер түс көр­геннің белгісі…».

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.