Өтеев өнегесі
04.05.2018
1725
0
Адам баласына баға бергенде, оның өмірлік өнеге істері бірінші кезекте тұратыны белгілі. Әділдікті ту еткен бабалардың пікірі бойынша, биікті – биік, жүйрікті – жүйрік деп айту асқақ адамгершілік қасиетті білдіреді. Мен білетін Жұмаш Өтеев дәл осындай қазақтың нағыз зиялы азаматы, ұлылардың сарқытын ішкен саңлағы, ел қамын – өз қамым деп ойлаған ел ағасы еді.
Бір қызығы, мен Жұмаш ағаның өзінен бұрын, атымен жақсы таныс болдым. Өткен ғасырдың аяғында (90 жылдары) құрылтайшысы Білім және ғылым министрлігі болған «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналында біршама уақыт қызмет істедім. Бір күні бас редактор мені шақырып, өте мұқият қатталған бір қалың қағаз папкіні қо­лыма ұстатты. «Мына дүниені асықпай қарап шық, өте мұқият оқы, талда. Мен мұны саған әдейі беріп отырмын, жоғары жақтың бақылауында тұр… Сосын басуға бола ма, болмай ма, маған айтарсың», – деді. Ол кезде жас жуналиспіз, бірден қызығушылығым оянды. Бөлмеме кіріп, қалың қағаз папкіні алдыма қойдым да асықпай парақтай бастадым. Мұқабада «Алма­ты облысы, Нарынқол ауданы, Қара­саз колхозы. «Энгельс» атындағы мек­теп-гимназиясы Халық педагоги­касы бойынша оқу-тәрбие жұмысы бағдарламасының жобасы», – деп жа­зы­лыпты. «Авторы – Жұмаш Мұқа­мет­нұрұлы Өтеев», – деп көрсетіліпті. Әрі қарай парақтай бастадым. Сөйт­сем, алдымдағы дүние адам баласының темірқазығы болып табылатын халық педагогикасының негіздеріне арна­лып­ты. Әрине, мен педагогика ба­сылы­мында қызмет істегеніммен, педагогика ілімінің ісмері емес едім. Бірақ, маған автор жазған халық педагогикасының алғашқы қарпінен бастап соңғы нүктесіне дейін түсінікті болып шықты. Ұлттық тәрбиеде, халықтық педагогикада білетінімізден білмейтініміздің көп екенін осы папкідегі қолжазбаны әбден талдап оқығанымнан кейін көзім жеткенін несіне жасырайын. Мың болғыр автор инемен құдық қазғандай осы еңбегіне бар ықылас-ынтасын арнаған сияқты болып көрінді маған. Расында да бүгінде қайта-қайта айтылып жатқан­дай, ұлт мектептерінің қай-қайсысы болса да ана тілімен қатар, сол халық­тың өсіп-өну, өркендеу тарихы, гео­г­рафиясы мен экологиясы, әдет-ғұрпы, тұрмыс-салты, елдік дәстүрі жайында тиянақты білім бермейтін болса, онда ол қанша жерден алтынмен аптап, күміспен күптеп қойса да ұлттық мек­теп бола алмайтыны хақ. Қалай дегенде, сабағы қазақ тілінде жүретін­дер­дің бәрін бірдей ұлттық мектеп деп айтуға ауыз бармайды. Бұлар нағыз ұлттық мәртебеге сай болу үшін оларда қазақтың рухы асқақтап тұруы тиіс. Олай болмаған жағдайда қазақ мек­теп­теріндегі жүргізіліп жатқан оқу-тәрбие ісінің бәрі бекер сөз. Өз ұлты­ның тарихын құрметтеп, мәдениеті мен әдебиетін бойына терең сіңіріп, өне­рінен мейлінше сусындап, салт-дәстүрін ұстанып, ана тілінде сөй­ле­мейтін ұрпақтың ұлттық санасы да өспей, мешеу қалады емес пе? Сон­дықтан ұлттық тәрбие беру, мек­теп­тердегі оқу-тәрбие процесін ха­лық­тық педагогика негізінде ұйым­дас­тыру салт-дәстүр мен әд­ет-ғұ­рыпты, та­ным­дық-ғибраттық, та­рихи-мәдени, сонымен бірге діни-рухани мұраларды қастерлей білетін жас ұрпақты тәрбие­леу өз ұлтын сыйлайтын, дәстүрін қастерлей алатын әрбір ата-ананың қасиетті борышы болуға тиіс. Бұл не деген сөз? Яғни, біздің жастарымыз елдің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосуы үшін ар-ождан, борыштылық, жауапкер­шілік, әдептілік, әділеттілік және басқа да жоғары жалпы­адам­зат­тық және ұлттық құндылықтар арна­сын­­дағы ұлы мұраттар рухында тәр­бие­­ленуі керек… Халық педа­го­гикасына арналған сол бағдар­ламалық мақала көп ұзамай журнал бетінде жария­ланды. Мақалаға жұртшылықтың ықыласы мен қызы­ғушылығы орасан болды. «Ж.Өтеев атындағы халықтық педагогика мек­тебі» жарқырап шық­ты. Қарасаздан шыққан алтын көмбе бүкіл Қазақ­станға тарады. Бабадан қалған бай мұраны ол иесіне осылай қайтарды. Ол кезде халық рухани тоқырауға ұшырап, әрі-сәрі күй кешіп жүрген өліара кезең еді ғой. Жұмағаң­ның «Алтын көмбесі» халықты дүр сілкінтіп, ыстық ықыласын оятты. Бұл адамдар аңсаған ізгі жол ма? Әрине, ізгі жол. Содан кейін редакция пош­та­сына лек-лек хаттар ағылды, тел­е­фон­дарда тыным болмады, үсті-үстіне безілдеп, шырылдап жатты. Сон­дағы сұрайтындары Жұмаш Өтеев­тің мекен-жайы мен телефон нөмірі.
Міне, менің Жұмағаңмен алғашқы таныстығым осылай басталған.
Кейін 2000 жылдары Қарасазға «Мұқағали оқуларына» барып жүрген­де ол кісімен жүзбе-жүз кездесіп, та­нысу­дың реті түсті. Тіпті қарашаңы­ра­ғында болып, ақ дастарқаннан дәм таттық. Одан кейінгі барған сапарла­ры­мызда да жеңгейдің қолынан ыстық шай ішкеніміз бар.
Жұмаш Өтеев кім дегенде – ең ал­дымен оны Мұқағалидың шәкірті деу керек. Одан кейін ақын Мұқағали мұрасының шырақшысы десе жарасады. Меніңше, Жұмағаңның есімі бұл күнде бүкіл қазақ пір тұтатын Тәңіртаудың мұзбалағы атанған ақын мұрасымен тығыз байланысты. Оны біреудің біліп, біреудің білмейтіні зор өкініш, әрине. Неге? Себебі, ол бүкіл шығармашылық мүмкіндігін ұлы ақын­­ның шығармашылығын на­си­хаттауға арнаған кісі. Сонау қазанның ернеуінен қарауыл қаратқан кеңес заманында-ақ ол қолына қалам-қағазын алып, Мұқағали мұрасын насихаттап, шығармашылығының ел арасында кең таралуына бастамашы болып келді. Мысалы, Қарасаздағы «Энгельс» орта мектебі ішінен ақынға арналған тұңғыш музей-залын ашқан осы – Жұмаш ағамыз болатын. Іс барысында кездескен кедергілерге қарамастан оның бүкіл жобасын жа­сап, эскизін сыздырып, түрлі өрнек­термен әрлеп, мүмкіндігінше жабдық­тап, көп еңбек сіңірді. Бір бас қос­­қанымызда ол жөнінде әңгімелеп бер­гені де бар еді. Ағамыздың ай­туын­ша, Қарасаздағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің қатардағы мұғалімнің бірі болып қызмет істеп жү­ріпті. Бұл – 1981 жыл екен. Ал­дымен Нарынқолдағы аудандық Орталық мәдениет үйінде, сонан соң Қарасазда Мұқағалидың 50 жылдығы дүркіреп өтіпті. Шыны керек, бұл өзі елді дүр сілкіндіріп, халыққа қанат бітірген оқиға болыпты. Ол кезде кеңестік қысым заманы, партия деген бар. Алдымен Аупартком атқа мініпті, соңынан ауыл-аймақ, аудан жұрт­шылы­ғы абыр-сабыр күй кешіпті. Атынан аты үркетін ақын-жазушылар мен ғалымдар Алматыдан арнайы келіпті. Тәңіртаудың етегінде көсіліп жатқан бүкіл қазақ ауылы олардың аузынан өз пензенттері туралы айтқан жақсы сөздерді, берген жоғары бағаны естіпті. Жұртшылықтың жандары марқайып, Мұқағалимен мақтанатын, өлеңдерін жатқа айтатын халге же­тіпті. Әсіресе, Қарасаз ауылы ер­екше толқыпты. Тіпті, көздеріне жас алғандары да болмай қалмапты. Қысқасы, Елшенбүйрек тауының етегін жайлаған елде бұрын құлақ естіп, көз көрмеген қошеметтің куәсі болыпты. Міне, осы аста төк сән-сал­танат пен қошемет Жұмағаңа қатты әсер етіпті. Сол күннен бастап Мұ­қағали Мақатаев мұрасын нас­и­хаттау керектігін түсініп, соған іштей бекінсе керек.
Сөйтіп, үш-төрт жыл күресіп жү­ріп Мұқағалидың өзі оқыған мек­тептен арнайы орын бөлгізіп, «Мұ­қағали мұражайы» деген бұрыш ашады. Бұл – 1988 жыл болатын. Әрине, біткен істі қазір айту оңай. Әйт­песе, мұражайды ашу, оған қатыс­ты экспонаттар жинақтау, тың де­рек­тер іздестіріп табу, оларды сақтау инемен құдық қазғандай қиын болғаны анық. Бірақ Жұмаға алған бетінен қайтпайды, бәрібір дегеніне жетіп тынады. Абырой болғанда мұражай уақытында ашылыпты. Мұражай ашылғанда, бүкіл ауыл мәре-сәре күй кешіпті. Нарынқол ауданының бірінші хатшысы Б.Ос­па­нов бастаған кілең ығай мен сығайлар, Социалистік Еңбек Ерлері Н.Әшім­ба­ев пен Ж.Молдасанов, ақынның жары Л.Әзімжанова, тағы басқалар «Мұқағалидың музей залының» лентасын қиыпты. Ел дән риза, оның басы-қасында жүрген­дер­дің құшағы алғысқа толыпты. Несін айтасың, содан бастап ауылдан қонақ үзілмейтін болыпты. Жұртшылық «ауылға қыдыр қонды» десіпті. Ауданға келген ақын-жазушылар болсын, басқа да мәртебелі қонақтар болсын Қарасазға бұрылмай кетпейтін болыпты, «Мұқағали музейінің» есігін ашпай қайтпайтын болыпты. «Ойдан ой туады» демей ме қазақ, сол айтпақшы ойдан ой, ұсы­ныс­тан ұсыныс туып, олар жоғары­дағылардың құлағына үздіксіз жетіп жатыпты. Әрине, жоғары жақтың өз есебі бар, жұртшылықтың ұсынысын бірден қуаттап-қостап кетті десек өтірік болар, бірақ Мұқағалидың жеке музей үйін ашу туралы идеяға олар да қырын қарамағаны анық. «Қазақтың маңдайына біткен біртуар ақынға бір музей ашпасақ, ел болғанымыз қайда, жұрт болғанымыз қайда?» – десіпті. Өйткені, идея шын мәнінде керемет еді. Бұл ең алдымен халықтың ұйықтап қалған рухын көтеретін тамаша идея болатын. Нәтижесінде, Қарасаздан ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған жобасы жеке ғимаратты көтеруге қол жетіпті. Осылайша, «көп түкірсе – көл» демекші, көптің тілегімен, аптал азаматтардың қолдауымен 1991 жылы Қарасаз ауылының қақ төрінен ақын мұражайы бой көтерді. Қазір Мұқа­ғали Мақатаев атындағы мемориалды мұражай ауылдың қақ төрінде жарқы­рап, керемет көрік беріп тұр.
Ол ол ма, жалғыз ауыл емес, бүкіл аудан, одан облыс көлемінде Мұқағали шығармашылығына арналған тұңғыш конкурсты ұйымдастырған кісі де осы – Жұмағаң екен. Онда мектеп оқушы­лары – өскелең ұрпақ тегіс ақын өлеңдері мен поэмаларын жатқа оқуға тиіс болды. Кейін ол «Мұқағали мү­шәй­ра­сына» ұласты, келе-келе «Мұқағали оқулары» деген атпен респу­бликалық дәрежеге көтерілді. Мен білетін Жұмағаң шындығында да өте шығармашыл жан еді. Соның бір жарқын мысалы, 2008 жылы «Мұқа­ғали Мақатаев поэзиясының көркем­дік жүйесі» деген тақырыпта кандидат­тық диссетация қорғады. Сосын 1996 жылдан зейнеткер демалысына шық­қанға дейін ашылуына өзі сеп болған М.Мақатаев атындағы әдеби-ме­мо­риал­дық мұражайдың директоры қызметін атқарды. Өмірінің аяғына дейін Албан Асан Барманбекұлы орта мектебінде «Мұқағалитану» пәнінен сабақ бергендігін де айтып өтсек орынды. Ал, 2014 жылы «Қара өлеңнің қас шебері» (М.Мақатаев туралы әде­би талдаулар, рецензиялар, естелік-эсселер) деген тақырыппен ұлы ақынға арнаған кітабын көпшілікке тарту етті. Аталған еңбегінің біреуін Жазушылар одағына келіп-кетіп жүргенде қолтаңбасын қойып маған да сыйлаған болатын. Қысқасы, Жұмағаң ғұмыр бойы Мұқағалимен «ауырып», емін де Мұқағали мұра­сы­нан тапты. Сол себептен Жұмаш Өтеев­ті «Мұқағалитану» ғылымының бастауында тұрған алғашқы мұқағали­тану­шының бірі десек, ақиқаттан алыс кетпейміз. Бұл менің жеке пікірім.***
«Әкенің баласы – адамның дұш­паны, адамның баласы – бауырың», – демеуші ме еді хакім Абай? Сол айт­қан­дай, Жұмаш аға адамзат баласы­ның барлығын өзіне бауыр тұтты, өзі де өзгеге бауыр бола білді. Меніңше, оның ұғымында біреуді дұшпан тұту немесе біреуге дұшпан болу деген пенделік пиғыл тіпті жоқ еді. Сәбидей пәк һәм мұнтаздай таза болатын. Қысқасы, біреуге сыртынан жұдыры­ғын түйіп немесе жер-жебіріне жетіп зәредей кесір тигізбеген адам болды десем, артық айтқандығым болмас. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осыған келіп саяды.
«Ұяты бар адам көлеңкесінен де қысылады», – депті бұрынғы қазақтар. Ғұлама әл-Фараби «Адамшылдықтың басты көрсеткіші – ұят», – дейді. Расында біздің қазақтың ұғымындағы «ұят» басқа бірде-бір халықта кездес­пейді. Ешбір ұлтта қайталанбайтын өзгеше құбылыс. Ар-ұят – адамдықтың өлшемі. Өмір сүру ережесі үшін бұдан асырып айту мүмкі емес шығар. Мұны неге еске алып отырмын? Себебі Жұ­маш Мұқаметнұрұлы да ар-ұят пен намыстан жаралған жан еді. Ол өмірінің соңына дейін сол қадір-қасие­тінен арылған жоқ. Ешкімнің ар-ұятын таптамады, намысына тимеді. Ешқашан шектен шықпады. Оның адал екендігіне айналасында­ғы­лар­дың бәрі сенетін. Сеніп қана қоймайтын соған еліктейтін, ұқсап бағатын. Өйткені, менің түсінігімде ол өле-өлгенше пенделік күнә істемеді, әрі өзі араласқан адамдардың бойынан кілтипан-кінә іздемеді. Өзі қандай таза болса, жұрттың бәрі сондай деп ойлады. Әрине, бұл жалған дүниеде періштені көрген адам жоқ. Дегенмен, жаны кіршіксіз таза, пәк адамдарды «періште» дейтін болса, онда Жұмаш аға сол атқа әбден лайық адам. Сон­дықтан болу керек, ол мүмкіндігі бола тұра үлкен қызметке қызықпады, боқ дүниенің соңына түспеді. Барлық қара­пайым адамдар секілді қарапайым ғұмыр кешті.
Философ ақын Шәкәрім қажы «Дүниеде сыры өзімен бірге көмілетін адам бар ма екен?», – дейді. Ойлы адам­ға кәдімгідей салмақ салатын сұ­рақ. Бар-ау!.. Менің ұғымымда сыры өзімен көмілген адамның бірі – осы Жұмаш ағамыз ба деп қалам. Өйткені ол осы жасқа келгенше біреуден ілгері, біреу­ден кейін өмір кешті. Жоғында – ешкімге жағдай айтып қол жайған жоқ, барында – жұрттан оқшауланып, асып-тасқан жоқ. Былайша айтқанда, барын да, жоғын да білдірмеді. Бір қалыпты ғұмыр сүрді. Тіпті егер бір адамға айтар өкпе-реніші болса, соның бәрін өзімен бірге ана жаққа алып кетті-ау деп те ойлаймын. Неге дейсіз ғой? Себебі, ол біреудің кінә-күнәсін жіпке тізіп, бетке басып айта алмайтын, бәріне кешіріммен қарай­тын. «Сабыр түбі – сары алтын» деген­нің нағыз өзі еді. Түсінген кісіге бұл да кез келген жұмыр басты пен­деңіз­дің бойынан табыла бермейтін періште текті ізгі қасиет. Алла Тағала да ісіне сөзі сай, мінезіне амалы сай адамды ұнатады дейді ғой. Сол секілді Жұме­кең­нің ісі мен сөзінде, мінезі мен амалында алшақтық болмапты деседі білетіндер. Жасанды мінез көрсету, өтірік мүләйімсу – оған мүлде жат нәр­се, жат қылық болыпты. Не істесе де, не айтса да табиғи қалпынан тан­бапты.
«Әкенің баласына беретін ең жақ­сы сыйлығы – жақсы тәрбие», – де­меу­ші ме еді атам қазақ. Сол айтқан­дай, Жұмаштай қадірлі ағамыз ұл-қызда­рын осы қағидаға сай тәрбиеледі деп айтуға толық негіз бар. Перзент­тері­нің бәріне жақсы тәрбие беріп қана қойған жоқ, жоғары білім де бер­ді. Несібелерін ақ-адал теріп жеу үшін кәсіп үйретті. Адалдықтан атта­мауға, әділетті болуға шақырды. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көр­сетуге баулы­ды. «Ұлық болсаң, кішік бол» дегенге үндеді. Ең бастысы ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Дәстүрге сай құда-жекжат арттырды, өрісін кеңейтті. Олармен құйрық-май жесіп, төс қа­ғыс­тырды. Артында өнегесі қалар отбасы үшін бұдан басқа бақыттың керегі бар ма? Өйткені ол ұрпағының бақыты мен болашағы үшін ғұмыр кешті. Ендігі ғұмырды солар жалғай­ты­нына, келесі өмір жырын солар жырлайтынына біз бір мысқыл да шәк келтірмейміз. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген – осы. «Мәнді өмір – мәңгі өмір» деген де – осы. Жұмағаң мәнді өмір сүрсе, өзі соған сенсе, он­ың ендігі мәңгі өмі­рін ұрпағы жал­ғас­тыратыны күмәнсіз.
Атам қазақтан сөз қалған ба? Сол қазақ атамнан «Бас көзі жұмылады, көңіл көзі жұмылмайды», – деген де сөз қалған. Бұл не деген сөз? Осы сөзге сүйенсек, Жұмекеңнің көзі жұмылса да оның туған-туыстары мен ұрпақ­тарының көңіл көзі жұмылмақ емес. Оның бүкіл бітім-болмысы солармен бірге мәңгі жасай береді.

Болат ШАРАХЫМБАЙ,
ақын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір