АДАЛДЫҚТЫ АР ТҰТҚАН…

0
84 қаралды

Қалаубек Тұрсынқұлов ағамен мен ертерек таныстым. Қазақстан Жазушылар одағының органы – «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке келгенімнен-ақ ол кісі Одақтың басшыларының бірі ретінде, әйтеуір жылы қабылдады. Оны- мұны тапсырмалар беретін, анда-мұнда жұмсайтын. Мұрнының астынан ғана мырс етіп, ақырын сөйлеп, күлімдеп тұратын ағаның айтқандарын мен шамамның келгенінше орындауға тырысатынмын.

Қалаубек аға қызметке тым ерте, сағат таңғы сегіздерде келетін. Содан кешкі жеті, сегіздерге дейін отыратын. Қолы сәл қалт ете қалған тұстарда Одақ қызметкерлері – Сүният Бәкенов, Қайсар Жорабеков, Сайлау Жұмабеков ағалармен шахмат ойнайтын.
Мен таңертең жұмысқа келгенде ең алдымен Қал-ағаның бөлмесіне соғатынмын.
Ұлттық валютамыз қолымызға тиетін болып, орыстың сомын теңгеге ауыстырған тұста екеуміз үш тәулік ымыраластықта қызмет атқардық. Әр адамға қолында бар 150 мың сомды ғана ауыстыруға рұхсат берілген тұста өздері шет елдерде жүрген Олжас Сүлейменов, Оралхан Бөкеев, тағы басқа да үйде жиналып қалған ақша еді деп келген қаламгерлердің ақшаларын ауыстырып беруге сол күндергі арнайы құрылған Жазушылар одағындағы штабтың басшысы ретінде Тұрсынқұлов тыңғылықты кірісті. Мен ол кісіге үш тәулік бойы сенімді қолқанат болдым. Қал-ағам астыма қызмет машинасын береді де, Алматының Абай атындағы және Гагарин атындағы даңғылдарының қиылысындағы Баспалар үйіне жұмсайды. Ондағы «Жазушы», «Жалын», «Қазақстан», «Қайнар», «Мектеп» баспаларының есеп-қисап орталығынан Пәленше жазушының немесе Түгенше ақынның пәленбай уақытта мынандай кітабы, аудармасы шыққан. Оған осынша ақша берілген деген анықтама қағаздар тасимын. Қал-ағам банктың Жазушылар одағы тарапынан ресми заңдастырылған өкілі ретінде ол ақшаларды теңгеге ауыстырады. Оны қаламгерлердің үйді-үйлеріне жеткізетін де – менмін. Тынымсыз бұл іс-әрекет екеумізді тіпті жақындастыра түсті. Ағалы-інілердей болып кеттік. Ішіп-жеміміз де араласа бастады. Кездеспей қалсақ, бір-бірімізді кәдімгідей іздейміз.
Арада жылыстап жылдар өтіп жатты.
…Бір күні, ия, бір күні алып-ұшып жетіп барсам… Қал-ағам мені көрмейді. Амандассам, сәлемімді алмайды. Қолымды ұсынам, менің тарапымнан ештеңені көрмейтінге ұқсайды. Маңайындағылармен, менімен бірге жүргендермен әзілдесіп, ойнап-күліп сөйлесе береді. Бірдеңе айтсам, құлағына да ілмейді. Ол кісі үшін мен жоқ адам секілдімін. «Апырым-ай, бұл ағайға не үшін жазықты болып қалдым екен» деп іштей іримін. Ары ойланамын, бері ойланамын, арамыздан қандай қара мысық өтіп кеткеніне миым жетпей-ақ қойды.
Әсіресе, кеше ғана ағалы-інілі болып жүрген адамның бүгін сені тірі жәндік құрлы көзіне ілмеуі – қандай қасырет!
Енді айналасындағылардан сұрау сала бастадым. Тірі жанға ештеңе деп тіс жармаған ғой.
Күнде таңертең қызметке келген бетте, есігін ашып қарап, бір көрініп кетем. Бұл өзімше – баяғыша сәлем бергенім. Бірақ… Назар да салмайтынға ұқсайды. Жүзінен тірі пенде көргенін байқатарлық бір белгі сезілсе ғой, шіркін… Кабинетінен шығар уақыттарын күтіп, әдейі жанасамын. Елес құрлы да сезіну болсашы…
Араға апталар салып, мен де алыстай бастадым. Кеңсесіне қарай аяқ басуды тоқтаттым. Тұтқиылдан ұшыраса қалса, оны-мұныны сылтауратқан болып, немесе қасымдағы біреулермен сөйлескен болып, теріс айлана беремін. Сөйтіп… ағалы-інілі екі адам… бір-бірімізді жоғалттық.
Уақыт доңғалағында тоқтау бар ма, қу тіршіліктің илеуінде кете бардық. Бір күні «Қазақ әдебиеті» газетінің қабылдау бөлмесіндегі хатшы Атынгүл Сұлтанаева:
– Еркін, сені Қалаубек аға шақырады, – дейді. Аңырып, сенерімді де, сенбесімді де білмей қалдым.
– Неге? Қашан?
– Жаңарақта ғана телефон соқты. Келіп кетсінші дейді.
«Қатты сөздер айтып, ұрысса қайтем!» Шегіншектей, шегіншектей… ақыры бардым. Сыртқы жағынан қағып, имене есік ашып едім:
– Кел, айналайын, кел, – деп орнынан тұрды. Жып-жылы алақанымен қолымды қосқолдай қысты. Баяғыша күлімдеген қалпы мұрын астынан шығатын майда-қоңыр дауысымен:
– Отыра ғой, айналайын, – деп қасындағы орындыққа жайғастырды. Үлкен көк сейфтің жоғарғы есігі ашылды. Ішінен «маржан шашылды».
– Мен таптым, – дейді ризашылықпен.
– Нені? – деуге батылым бармай отыр.
– Еркін-жан сені бекер жазғырып жүріппін…
«Нені болса да айтса екен…» – тыпырши бастадым.
– Бірнеше қайталап оқыдым. Бәсе, сенің стиліңе келмейді.
– Қал-аға, нені тұспалдағаныңызды түсініңкіремей отырмын.
– Газеттегі материалды айтам.
Сөйтсем «Қазақ әдебиеті» газетінің үш-төрт ай бұрынғы шыққан санынан соңғы беттерінің бірінде «Пародия орнына» деген айдармен авторсыз, шағын материал жарияланыпты. Онда Қал-ағамның «Қазығұрт: ақиқат пен аңыз» деген роман-эссесінен алты-жеті сөйлем үзінді алып, соны оңдырмай сынаған ғой. Ол жарияланым менің назарыма ілікпепті де.
– Бәрін де анықтадым. Өзімнің бауырларымның бірінің қолынан шыққан екен.
Ондай «иттік» жасау менің қолымнан келмейтінін кешірек түсінсе керек. Арқа-жарқа құшақтастық.
– Бір күдік бойымды қанша алшақтатқанмен, ондай қиыс қадамға сені қимай жүруші едім. Ақыры көзімді жеткіздім, – деп бір күрсініп алды.
Ағалық-інілік аралас-құраластығымыз бен түсіністігіміз қайта қалыбын тапқан еді.
Қайран, Қал-ағам, адалдықты ар тұтқандардың бірегейі едің-ау!..

Еркін ЖАППАСҰЛЫ.

Пікір қосу