СЫҚАҒЫН КАРИКАТУРАСЫ КӨМКЕРГЕН
04.05.2018
1020
0

Халықшылдығымен де, ұлтжандылығымен де жұртшылық құрметіне бөленген көрнекті сатира сардары Ғаббас Қабышұлы екі аяқ, бір таяғымен редакцияға кіріп келгенде, орнымыздан тұра құрмет көрсетуге ұмтылыстық. Сабырлы да салмақты, парасат-пайымымен жұмсақ, қарлығыңқы қоңыр дауысын қоңыраулатты.
– Сықақшылар қодыра бидайдай шашырап, жылдан-жылға қожырап бара жатқан мына заманда қағытпа, қалжыңға жаны жақын ізбасарлар көзіңе түсе қалса, ілтипат таныта ілестіре жүрген артықтық жасамайды, – дейді ағамыз. – Мына бір шалғайдан сәлем «шарпысқан» сатира сарбазының аяқалысы жап-жақсы, қолтығынан демеп жіберу керек сияқты.
– Әрине, – деп бас изеп жатырмыз.
– Міне, мынау тікен тілдінің біраздан бергі жиған-тергені екен, – деп қолындағы кітапты ұсынды. Аманғали Сарқұлов деген талант иесінің «Қорыққан қораз» атты мысал өлең, карикатуралар жинағы екен. Алғашқы бетін ашқанымызда кітап авторы Ғаббас ағасына:
«…Талантыңызға тәнті, азаматтық ерлігіңізге риза інілеріңіздің бірімін. Алматыға, әдеби басылымдарға ойым жетсе де қолым жетпей жүр. Мына бір кітабымдағы «іштен шыққан шұбар жыландарыммен» танысып, аяқалысым ұнаса, жолашар жасап жіберер деген үмітім бар. Өзім Оралда, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық кітапханада суретші болып істеймін», – деп ішкі әлемінен хабар беріпті.
Кітапты біз де мұқият ақтардық. Мысал өлеңдері өзіне тән стильдік өзгешеліктерімен жақындастыра тартты. Қайсыбір шумақтарының буын сандарындағы «алақұйындық» алқын-жұлқын, аспа-төкпе мінезін аңғартатындай.
Аманғалидың өзгелерден тағы бір ерекшелігі көздеген нысанасына лайық әзіл суреттерді де түрлі-түсті бояулармен өзі айшықтайды екен. Яғни, сықақтарын карикатуралары көмкеріп тұр.
– «Талантың тас жарып», ісің ілгері бассын! – дегіміз келеді ғой.
Солай дей отырып, жас таланттың алғашқы кітабына «тұсаукесер» рәсімін жасап, бірнеше сықағын карикатураларымен қоса оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Ендігі төрешісі – Сіздер, күлкі сүйер қауым.

Еркін ЖАППАСҰЛЫ.


Аманғали
САРҚҰЛОВ


ҚҰС СЫНАҒЫ

Құс біткеннің төресі,
Мекиен бас төреші,
Тұйғын, сұңқар және бар
Жақсының туыс бөлесі.

Көре салып лашынды,
Құс біткенің қасынды.
Қаршыға, бүркіт, үкі бар
Сұрамайды жасыңды.

Тұмсығынан сұс тамған,
Қанатын қомдап, ұшталған.
Кілең жайсаң тізіліп,
Емтихан алды құстардан.

…Оқшаулау тұрған шеттегі
Шақырды ішке кептерді.
Сұрақты бірден жаудырып,
Асықпастан тексерді.

Бітпейтін неткен баспалдақ
Кимелеп бәрін қапталдап,
Қалың топты қақ жарып,
Тапсырып шықты қасқалдақ.

Көп күттіріп тұрмады,
Шақырды ішке тырнаны.
Терлеп шықты бұл сорлы,
Ешкімге мойын бұрмады.
Қанатымен сабалап,
Үкіні тіпті «апалап».
Аман-есен тапсырып,
Атып шықты жапалақ.

Шошайтқан бас бармағын
Сықпытын көр қарғаның:
«Төрт» болар деп сызданды,
«Үшке» де жетпес салмағын.

Есі тіпті ауысқан,
Өтіп шықты сауысқан.
Кеше «жұтып» қойған-ау,
Айырылыпты дауыстан.

Қойғандай біреу дуалап,
Сұрақтан сұрақ қуалап,
Тінти қарап жан-жағын
Тапсырып шықты дуадақ.

Жиылып бар тұмсықты,
Қоршап алды шымшықты.
«Қандай сұрақ келді?», – деп
Барша құстар ынтықты.

Қобалжып кірген көкекті
Сұрақтармен төпепті.
«Бала-шағаң бар ма?», – деп,
Тұйғын ептеп кекетті.

Үрпиіп тұрған торғайды,
Үркітуге болмайды.
Түк білмесе бейшара
Лашын қайтіп қорғайды.

САЛАТ

Алло! Қияр сәлем!
Таптым ғой іздеп әрең.
Мен ғой, Қырыққабат!
Майонезіңді жіберме
Ұстатпай жүрер пәлең.
Бір мәселе болып тұр,
Ойымды шапшаң толықтыр.
Сарымсақ, Сәбіз, Картопқа айтып,
Пиязды маған жолықтыр.
Асханаға бәрі беттесін,
Кетчупке айт. Кетпесін.
Араласайық!
Жұрт не десе, о десін!

ИТТІҢ СЫРҚАТЫ

Ауырған ит үрмеді,
Ұясына кірмеді,
Сұлық жатты мөлиіп,
Жүгірмеді, жүрмеді.

Тәлтіректеп, қағысып,
Жүні етіне жабысып,
Емханаға әрең жетті
Іш-құрсағы қабысып.

«Төбет едім төзімді,
Түсінуден қалдым өзімді.
Сілекейім шұбырып,
Аша алмаймын көзімді.

Тап болды бітпес әбігер
Көмектесе гөр, дәрігер!».
Мойын, бас, желке, жауырын…
Сипады сосын сауырын.

Жүрегін тыңдап,
Қанденге ымдап,
Түртіп көрді
Бүйрегі мен бауырын.

«Қабынған екен бездерің,
Қалай ғана сезбедің,
Болған шығар күшік күніңде
Қатты қорыққан кездерің!

Табаныңа сыз барған,
Қарашықтарың қызарған,
Жұтқыншағың кеңейіп,
Тілің де ұзарған.

Енді көңіл бөлінді,
Күткенің жөн өзіңді.
Анықтаймыз қанның құрамын
Сілекей мен сөліңді.

Ісінген екен денеңіз,
«Наркоз» жасап, егеміз,
Диагноз дұрыс болуы үшін
Ішіңді жарып көреміз.

Ауыртпай соямыз,
Паразиттерді түгел жоямыз.
Бәрі дұрыс болса
Порталға қоямыз».

Дәрігер ауызын жаппады,
Айнала күдік қаптады.
…Шошынғаннан «зып» еткен итті
Ит қосып іздесе де таппады.

ҚОЯН МЕН КІРПІ

Кірпі кіртиіп,
Тікенегі үрпиіп,
Қоянға келіп жалынды:
– Түсіне көр халімді,
Тоным суға малынды,
Қыстата көр ініңе,
Сындыра көрме сағымды!

Көңілшек Қоян
Қонағын аяды.
Кірпіні алып үйіне
Астына көрпе жаяды.

– Ренжи көрме
Өрлеген жоқпын өрге –
деп Кірпі
Жорғалады төрге.

Есептен Қоян жаңылды,
Аянбастан шабылды.
Тоңазыса екеуі,
Бір көрпені жамылды.
Қаңғып жүрген Кірпі еді
Қоянның тиді мың себі:
Қыстатып қоймай қонағын
Пәтеріне тіркеді.

Бірін-бірі ұғысты,
Жылынғасын жұғысты,
Тітіркеніп тікеннен,
Есікке Қоян ығысты.

Кірпі жағдайды шамалады
Үйді еркін аралады.
Ұйқысырап кейде
Қоянға қарай домалады.

Тікені шаншып кіргесін,
Аулақ салды іргесін.
Қоян үйінен кетіп тынды,
Кірпімен тұру мүмкін емесін білгесін.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір