Сапабек Әсіп
27.04.2018
2157
0

Қазақ әдебиеті мен руханияты ауыр қазаға душар болды. 93 жасқа қара­ған шағында абыз ақсақал, ардагер жазушы, майдангер журналист, көрнекті қоғам қайраткері Сапабек Әсіп дүниеден озды.
Сапабек Әсіп 1925 жылы 21 қарашада қазіргі Қостанай облысының Аман­гелді ауда­нын­дағы Қабырға ауылына қарасты Сарының Алакөлі де­ген жерде дүниеге келген. Еңбек жо­лын он екі жасында шығырға құ­лақ­шы болудан бастаған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1944 жылғы қыр­күйектен бастап 1972 жылғы маусымға дейін журналистік жұмыспен шұ­­­­ғыл­данды: Қос­танай облыстық «Большевиктік жол» (қазіргі «Қостанай таңы») га­зетінің редакциясында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, бас ре­дак­тордың орынбасары, Амангелді аудандық «Социалистік шаруа», Жан­гел­дин аудандық «Социалистік ауыл» (кейін «Жаңа өмір» – «Новая жизнь») га­зетінде жауапты хатшы, редактор болған. 1965–1967 жылдары Жангел­дин ау­дандық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған. 1972 жыл­дан зей­неткерлікке шыққанға дейін Қазақ Совет Энциклопедиясының Бас ре­дак­циясында аға ғылыми қызметкер, Бас редактордың бірінші орын­ба­сары, редакция мең­герушісі болып істеген.
«Қазақ қасіреті», «Қатерлі дерт, қалжыраған халық», «Танталовы муки сте­пи», «Қау­қар­сыз қазақ мәселесі», т.б. кітаптары жарық көрген.
«Нұрхан Ахметбековтың поэтикалық әлемі» деген тақырыпта кандидат­тық дис­сертация қорғаған. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лау­реаты.
Сапабек Әсіп саналы ғұмырын халқымыздың бірлігі мен келісіміне, қа­зақ жерінің тұтастығына арнады. Оның ел мен жер тағдырына қатысты жазған публицистикалық мақалаларының орны ерек­ше.
Алаш жұртының ардақтысы, еліміздің абыз ағасы Сапабек Әсіптің жарқын бейнесі әріптестері мен оқырман қауым­ның жүрегінде ұзақ сақталады.

Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының секретариаты.


ҚАЛАМЫ ҚАРУЫ БОЛДЫ

Жетпіс төрт жыл бойы қаламы қо­лы­нан түс­пеген қарымды, қайратты Са­па­бек аға­мыз­ды көзі қарақты қазақ білді және қайтып кел­мес сапарға аттанғанын естігендер: «Има­ны жолдас болсын!» деп мұңайды, ал таныс, жол­дас, дос бол­ған­дардың көзі тірілері қимай қош­тасып, қабырғалары қайысып қала берді дей ала­мын. Баршасы Сапекеңнің елімізге, хал­­қымызға адал Перзент болғанына, ел­дің абы­ройын, халықтың талап-тілегін жақ­тап жүз­деген тарихи құнды мақала жаз­ғанына куә. «Қазақ қасіреті», «Қатер­лі дерт, қал­жы­ра­ған халық», «Қауқарсыз қа­зақ мәселесі» және «Танталовы муки Степи» деп аталған ғы­лыми-зерттеу кі­тап­тарын ғана оқыған үл­кен-кішінің бек риза болып: «Міне, нағыз Қа­зақ! Міне, Ха­лық ұлы!» – дегендері күмәнсіз.
Иә, жорналшы-жазушы Сапекеңнің сан та­қырыпты білімдарлықпен игере жаз­ған мән-мағыналы мақала-толға­ныс­тары өз ал­дына бір мол еңбек болса, қа­зақ жерінің қам­қоршысы, жоқшысы Са­пабек Әсіповтің мы­на аталған төрт кі­табы – «Отан үшін отқа түс, күймей­сіңді» (Бауыржан Момышұлы) өмір­лік қ­ағидасы еткен Қазақтың жанай­қайы!
Алла берген ақ жүрегіне жүгіне хал­қына адал болған, қашан да батыл да әділ сөйлеу­ден жаңылмаған қаламдас қайсар аға Сапе­кеңе отыз жыл сыйлас, сырлас іні болғаныма енді шүкіршілік етіп отыр­мын…
Аяулы Аға! Сені сағына еске алып, ай­тар сыр-әңгімем басталды. Сөзіміз са­бақтасқанда күлімсіреп қарайтын жы­лы жүзің, жара­сымды нар тұлғаң көз ал­дымда тұрады.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.


ПЕЙІШТЕ НҰРЫҢ ШАЛҚЫСЫН!

Жарық дүние, қоғам, күллі жаратылыс, болмыс, күнде­лік­ті тіршілік пиғылы таза, ниеті тура, жан дүниесі ізгілікпен нұр­ланған пенделер арқылы дамып, қырланып, жанданып, жаңарып, алға басады, ілгері өрлейді, көктейді, гүлденеді, мәң­гілік жалғасады. Бұған дәлел-айғақ жеткілікті. Бастысы – елге, халыққа қолдан келгенше адал қызмет етіп, шапағат жа­сауға ің­кәрлік, ұрпақ жаю, қадірлі болу. Кім келіп, кім кет­пеген фә­ни жалғаннан. Бүгін сондай аяулы тұлға, азамат, өмі­рінде қа­зақ деп жар құлағы жастыққа тимеген ардақты адам бақиға озып отыр. Сапабек Әсіпов! Сапекеңді ертеден, негізінен бас­пасөз арқылы білетінбіз. Кейін Алматыда көрісіп, ди­дар­ласып, пікірлесіп жүрдік, екі жаққа ортақ жандар үйінде дәм-тұздас болған шақтар да аз емес.
Сыпайы, сырбаз, табанды еді, ұзақ ғұмыр кешіп, мәң­гілікке аттанған жасы үлкен әріптес ағамыз. Тығыз аралас­па­сақ та арамызда сыйластық, сенім болды, құрмет болды. Бір-бірімізге телефон соғатынбыз. Менің жарыққа шыққан әл­дебір дүниеме пікір айтатын, ризалық білдіретін. Бір өкінерлігі – қабіріне топырақ сала алмағаным. Ғафу ет, ға­зиз жан!
Нұрың пейіште шалқысын!

Зәкір Асабаев.


Өмірлік мұңы – Жер еді…

Сапабек ұстазым Алаш арыстарының ұлы мұраттарына ғұмыр бойы адалдықтың үлгісін көрсетіп еді. Әсіресе, жер тағ­дырына орай көкейкесті ойлар айтудан еш жалыққан емес. Бұл ретте Ә.Бөкейханов, Е.Бекмаханов сынды қайраткерлердің жер қатынасына қатысты ойларын одан әрі дамытып, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрді. Қаламгердің кітап аттарынан ғана көп сыр түюге болар еді. Мысалы, «Қазақ қасіреті», «Қатерлі дерт, қал­жыраған халық», «Қауқарсыз қазақ мәселесі» еңбектері маз­мұнына лайықты жүк көтеруімен ерекшеленеді. Жалынды кө­семсөзші: «Қаламгерлік мақсатым: қазақтың миына кір­піше­шен кіргізіп, көкірек көзін ашу», – дейтін еді. Осы мақсат жо­­лын­да ұлан-асыр тер төкті, Парламентте сөйледі, Жер Кодек­сіне ұл­ттық мақсатты тиянақтайтын ұсыныстарын енгізді.
Кезінде Жазушылар одағының «Жер және қазақ тағдыры» ко­миссиясын басқарған қаламгер көші-қон мәселелеріне, шөл және шөлейт жерлерді құнарландыру проблемаларына ай­рықша ден қойды. Осының бәріне әрдайым биліктің назарын ау­дарып отырудан жалықпады. Біраз мәселелер шешімін тауып та жатты.
Сапабек аға – көптеген шәкірттер тәрбиелеп өсіруге де жан шуа­ғын жұмсаған мейірімді жан. Осы күнгі қазақтың көптеген қа­бырғалы қаламгерлерінің тұсауын алақандай аудандық газетте кесіп, қанаттандырып еді.
Қазақтың талай алып қаламгерлерін соңғы сапарға аттан­дырған Жазушылар одағының қасиетті қара шаңырағынан Са­пабек ағаның рухы да қошемет сезініп, «қош» айтысып, Өзі ғұ­мыр бойы мұңын мұңдаған киелі Жерінің мәңгілік құшағына еніп, жайғасты-ау! Жүз жасаған әкесінің қасына барып дамыл­дады… Жер – Ананың әлдиіне бөленді… Жүрегі Жер деп соғып еді… Рухыңыз пейіштің төрінде шалқысын, ұлағатты ұстазым!
«Жер сатылмайды және шетелдіктерге жалға беріл­мей­ді.» – ҚР Парламент Сенаты таяуда ғана осындай түзетулермен Жер туралы Заң қабылдады. Бұл Сапабек Әсіпұлының зарыға күткен Заңы еді!.. Әттең, өзі ести алмады, бірақ елі, халқы осы­нау қиялдай болған арманның жемісін көрсе, ағамыздың да рухы шалқыры сөзсіз-ау!

Қайсар ӘЛІМ.


Ұстазбен қоштасу

(Сапабек Әсіп дүниеден өткенде)

Көрсетіп күйкілікті сезімге ерген,
Құр босқа пайда болмас езілгеннен.
Аттанып қарт жауынгер бара жатыр
Кешегі Жангелдиннің көзін көрген.

Торлаған баяғыдан бұл Торғайды,
Аспаннан түйдек-түйдек бұлт аунайды.
Қашаннан антына адал, қайсар мінез,
Жауынгер алған беттен бір танбайды.

Алданбай алтын, күміс – бар атаққа,
Малданбай, мойын бұрмай марапатқа.
Қару ғып қаламыңды қарсы тұрдың,
Елдегі алас-күлес
Алапатқа.

Жер үшін
Жанталасқан
Қазағыңның,
Иыққа артып жүгін азабыңның.
Соғыстың қасіретіне айырбастап,
Жастық шақ – бозбала күн базарыңның.

Халықтың қасіретін бірден біліп,
Биліктің бетін бұрып, бір көндіріп,
Шөл жерді, шөлейт жерді кетем деуші ең,
Суарып көз жасыммен – гүлдендіріп.

Жүрмедің –
Жұртқа өкпелеп, босқа налып,
Сөзіңнен жазған-сызған нұсқа қалып.
Аудандық газетке әкеп кіргізіп ең,
Торғайда,
Білегімнен ұстап алып.

Әкеліп кіргізіп ең, қолыңменен,
Деуші едің, – әділдіктің жолында өлем.
Жер үшін дайын болып жан беруге,
Ел үшін ерте тұрып ерінбеген.
Ту етіп, қолыңа ұстап –
Туралықты,
Сүюші ең жан-тәніңмен туған ұлтты.
Шындықты қара нардай көтердің сен,
Бір күнгі місе тұтпай –
Буралықты.

Ешкімге тиіспейтін өзі келіп,
Қашан да тілі – тастай, сөзі – берік.
Жер бетін тастап, самғап кете барды,
Келбетін қос заманның көзі көріп.

Разы болды ма, әлде, болмады ма?
(Оңай ма жауап беру ол жағына).
Әйтеуір жемқор, кемтар жандар көрдің,
Көз салып қарағанда жан-жағыңа.

Ардақтап еске алмайды атыңды кім?!
Айтатын кім қалды енді ақын мұңын.
Өзіңе ұқсағаным болар, бәлкім,
Бойымда болса аздаған батылдығым.

Көтеріп, теңдеп тиеп заман жүгін,
Кеттің сен, ұрпақтарың алаң бүгін.
Жеріңді жат қолына кетпесін деп,
Тілейсің ол жақта да амандығын.

Қош аға!
Асыл ұстаз –
Ардагерім.
Арманын
Ахаң, Жахаң жалғап едің.
Ту қылып
Рухыңды көтереді,
Артыңда аман-есен қалған елің!

Серік Тұрғынбекұлы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір