Ғылымы – теңіз, білімі – кеніш Корея

0
146 қаралды
Шетелдік ғылыми ортада зерттеу жұмыстарының ғылыми жаңалықтары мен негізгі тұжырымдарын танытудың өзектілігі, қазақстандық ғалымдар еңбектерінің рейтингісін арттыруға үлес қосу, шетелдік жоғары оқу орындарымен халықаралық білім кеңістігінде оқыту жүйесімен тәжірибе алмасу – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Осындай мақсатта Оңтүстік Кореяның Ханкук шет тілдер университетінде тағылымдамадан өтудің мүмкіндігі туды. Тағылымдама аясында университет кампустарын аралап, материалдық-техникалық базасымен танысып, кітапханаларында, ғылыми-зерттеу институттарында, орталықтарында болып, ғалымдармен танысып, тәжірибе алмастық.
Тағылымдама барысында шет тілдер департаментінде болып, ондағы тіл мамандарымен тығыз байланыс түздік. Университетте барлығы 45 тіл меңгерілетін болса, Орталық Азия тілдері департамен­тінде корейлік студенттердің қазақ және өзбек тілдерін меңгеріп жатқаны қуантарлық жай. Қай тілді меңгеру де студенттің таңдау құқығында. Тіл таңдауда оны меңгертетін ұстаздардың кәсіби біліктілігі де маңызды рөл атқара­тыны айқын. Осы ретте айтып кететін жағдай, қазақ тілін таңдап меңгеріп жатқан корейлік студент­терге қазақ тілінің маманы, про­фес­сор Әлия Құрышжанова­ның еңбегі зор екені даусыз. Профес­сор­дың бірнеше сабағына қатысу­дың сәті түсті. Қазақ тілін шетел тілі ретінде меңгертіп жатқан, қа­зақ тілінің әлемге танылуына елеу­лі үлес қосып жүрген білікті ұстаз, ғалым. Оңтүстік Кореяның Ханкук университетінде алты жылдан бері қызмет етіп келеді.
Шетелде қазақ тілін оқытуды Қазақстанда тұрып, өзге ұлт өкіл­деріне қазақ тілін меңгертумен са­лыс­тыра алмай­мыз. Қазақ­стандық өзге ұлт өкілдерінің тілді білмесе де, көп жай­дан хабары болады. Қазақтілді ортамен, қолда­нысымен таныс. Шетелде қазақ тілін меңгертуде көп жағдай ескерілуге тиіс. Мүлдем бөлек тілдік және мәдени орта. Өзге тілдік орта, тілдік тұлға қа­лып­тастырудың өз қиындығы бар. Алғашқы деңгейдің өзінде фоне­ти­калық ерекшелікті меңгертудің өзі оңайға соқпасы анық. Әр ұлттың өзіне тән дыбысталу, фо­но­логиялық ерекшеліктері бола­ды. Мәселен, біздің төл дыбыс­тырымыз, сонымен қатар ш, ж, с, ш, з дыбыстары қатар кел­ген жағдайда да, оларды дыбыстауда да қиындық туары анық. Осындай позицияларды жеңілден күрделіге қарай жиі қайталап оқыту, жаттату, жаттығу жасаудың маңыздылығын аңғаруға болады.
Қазақ тілін өзге тіл ретінде оқы­ту­дың әдістемесін жете мең­герген ғалым-ұстаздың бірнеше сабағына қатыстым. «Есімдер» тақырыбына арналған сабағына да қатысып, сабақ үстінде студент­термен пікір алмастық. Корейлік студенттердің қазақ есімдеріне деген ерекше ілтипаты бірден аңғарылады. Ерекше әсер қалдыр­ған тұсы, корейлік студенттердің өздеріне қазақша есім таңдауы. Жаңа тілді меңгеруде сол ұлттың есімін таңдау, соны иелену жаңа тілдік тұлға қалыптастыруда маңызды рөл атқаратындығында болса керек. Өйткені тіл үйрену­шінің жеке тұлға ретіндегі келбеті оның тілдік тұлға келбетімен толы­ға түсетіндігі де, адам тілдің табиғатын таныған сайын, тілдік таңба арқылы санасына жинақтай беретіндігі де айқын. Осы тұста ғалым А.Маслоудың пікірі ойға оралады. «Адамдар екінші тілді үйренгенде, жаңаша ойлап, сезініп, өзі әрекет жасап үйренеді және сол тілді меңгеру арқылы екінші тұлға болып қалыптасады. Жаңа тілдік «Мен» екінші тілмен араласып, жақындасып, тілге қызығушылығы артады, мәселе­лерді шешуге белсенді болады және өзін еркін, жеңіл сезінеді», – дейді ғалым. Қазақ тілі саба­ғын­да қай студенттің де есімін сұра­ғанда, бірден қазақша аттарын айтқа­нына қарап, осыны анық аңғаруға болады. Екінші жағынан, қазақша есім таңдаса, заты корей бола тұра, қазақ боп кетпейтіні айқын. Бірақ сол тіл үйреніп жатқан жастардың ұлтқа деген, сол ұлттың тіліне деген құрметін де сезіне білу керек деп ойлаймын. Профессор Әлия Құрыш­жано­ваның өзге тақырып­тарға арналған сабақтарынан кейін, медиаре­сурс­тарды пайда­лану арқылы тілді оқыту жөнінде көптеген мағ­лұматтар алдық.Профессор Сон және Кореядағы қазақ тілі
Ханкук шет тілдері универ­ситеті дегенде Орталық Азияны зерттеу институтының және департамент директоры, профес­сор Ең Хун Сонның аты аталатыны айқын. Профессордың ресми қабылдауында болып, өзінің кітап­ханасымен таныстық. Сөре­дегі кітаптарға көз жүгіртсек, қа­зақтілді кітаптардың, зерттеу еңбектерінің, сөздіктердің көп екен­дігі бірден көзге түседі. Қазақ­тың тілі, әдебиеті, тарихы, мә­де­ниеті, экономикасы, саяси бағ­дары, т.т. ең жаңа деген еңбектердің біразы бар. Орта Азия елдерінің көпшілігін қамтыған зерттеулерге толы. Қазақстанда тіл үйреніп, диссертация қорғап, еңбек еткен ғалымның өз еліне барып, ко­рейлік студенттерге Орта Азия тілдерін, соның ішінде қазақ тілін оқытуға мұрындық болып отыр­ғандығын баса айту қажет.
Профессор Сонның «Қазіргі қа­зақ тілі», «Бұқаралық ақпарат құ­ралдарындағы қазақ тілі» сабақтарына да қатысып, тәжірибе ал­мастым. Елбасы Н.Ә. Назар­баев­­тың Қазақстан Халқына арналған Жолдауы талқыланды. Жолдау жай мәтін емес. Сондықтан әрбір сөйлеміне баса назар аударып, түсінік беріп отырды. Студенттер де қызығушылық танытып, өзара пікір алмасып, ашық диалог түрін­де өтті.
Профессор Сонның «Қазіргі қазақ тілі» сабағы жалғастыру деңгейіндегі топта өтеді. Осы топ­қа «Наурыз» тақырыбында сабақ өттім. Бір қуанарлығы корейлік студенттердің ұлттық мейрамды барлығы білетіндігі, таныс екен­дігі. Ұлттық мейрамға арналған наурыз думан тілекпен сабағы­мызды бастап, қазақтың жаңа жылы, көрісу мерекесі, ұлттық дәстүрі, тағамы, сусыны, ойынына деген қызығушылығы мен құрме­тін аңғардым. Сабақ соңында екеуара құралған диалогтарында грамматикалық қателерді елемеуге тура келеді. Ол қателіктерден де маңыздысы корейлік студенттер­дің «қазақтың киіз үйін жақсы көремін, ұлттық сусыны, ойында­ры, ою-өрнектері ұнайды, алты­ба­қан тепкім келеді» деген тір­кес­тер­ден диалог құрауға та­л­­пы­ныс­тарын ерекше атап өтуге болады.

Сеулге сапар…
Ионин қаласынан Сеулге дейін Беомдо атты корейлік студентпен сапарлас болдым. Қа­зақша есімі – Алмас. Ханкук уни­верситетінде білім алып жатыр. 4-курста ақылы топта оқиды. Әскерден кейін білімін жалғас­тыруда. Корея елінде студенттерге берілетін мемлекеттік гранттың саны біздің елмен салыстырғанда көп емес. Әлеуметтік жағынан төмен отбасыдан шыққан студент­те­рге және ең жоғарғы білім көрсеткішіне ие санаулы жастар ғана ие бола алады. Студенттердің көпшілігі ақылы түрде білім ала­ды, көбіне сабақтан бос уақытта­рында жұмыс жасайды. Алмас та білім алып, еңбек етіп жүрген жас­тардың бірі. Академиялық білім алмасу бағдарламасы бойын­ша Қазақстанда болған. Бітіру курсында екі зерттеу жұмысы берілетін болса, соның бірі Орта Азия елдеріне қатысты болатын­дығы. Алмас зерттеу жұмысын түркітілдес халықтардың шығу тарихындағы көк бөріге қатысты аңыздар бойынша алған екен. Аталған тақырып аясында біраз әңгімелестік. Қазақтың миф-аңыздарындағы көк бөрі, Тотемдік ұғымға қатысты зерттеулерге байланысты да сұрақтар туындады. Аталған тақырып аясында ғылыми еңбектермен ғаламтор арқылы сайттардан алынған материалдар­дың аздығы, қазақстандық кітап­ха­налардан ғана таба алатындығы қиындық тудыратынын айтады. Мақсаты айқын, талабы таудай, қазақ тілінде түсініп, сөйлей біле­тін Алмастың аталған тақырып­тағы зерттеу жұмысын ойдағыдай аяқтайтынына біздің де сеніміміз мол. Талапшыл жастың өмірлік ұстанымы да – «Ізденген жетер мұратқа»…
Сеул сапарында қаланың, Корея елінің басты жәдігерлерінің бірі Кенбоккун сарайын көрудің сәті түсті. Тарихы тереңнен сыр шертетін бұл сарай 1395 жылы салынған. Оның «Шығыс сарайы» (Чхандуккун) мен «Батыс сарайы­ның» (Кенхигун) солтүстігінде орналасқандығынан «Солтүстік сарай» аталып кеткен. Сеул сарайдың бес сарайдың ішіндегі ең үлкені әрі әдемісі де осы тарихи орын екендігін ескеріп, көзбен көрдік, тарихына үңілдік.

«Қазақстан – менің екінші Отаным»
Орталық Азияны зерттеу институтының докторанты О.Сангхоның диссертациясының тақырыбы Қазақстандағы қала­лар­дың даму тарихы, тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі әлеу­меттік жағдайы, экономика­сы, мәдениеті, тілдік саясатын қамтуға арналған. Қазақша Берік есімін иеленген. Қазақстанда білім алып қайтқан және біраз қалаларында болған. Батыс өңіріне келудің сәті түспеген. Орал қаласының тарихы жөнінде, тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі қаладағы оно­мас­ти­калық атаулардың жайы туралы біраз сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбіттік. Қазақ еліне, тіліне деген сүйіспеншілігі мен құрметі өте жоғары. Оған дәлел Беріктің «Қазақстан – менің екінші Ота­ным­дай» деген сөзі. Жас ғалым Корея елінде Орта Азияны зерттеуге, Қазақстанға арналған ғылыми еңбектер, қазақ тілінде ақпараттар аз болғандықтан, осы бағытта үлес қосып, ғылыми еңбектер жазуды мақсат еткен, сол бағытта ізденіп жүрген, екі ел арасындағы халықаралық ғылыми байланысты нығайтуға үлес қосуға талпынған жастың бірі. Қос тілді меңгерген жас маманның ғылымда бағындырар биіктері алда. Өйткені тіл меңгерген адам үшін ғылымда шекара жоқ.

Тегі кәріс,
тілі қазақ Ан Джихи
Ан Джихи есімді корей сту­денті қазақша Аяулым есімін иеленген. Бұл студентпен кездесу Сонгнам ауданында өтті. Тіл үйретуде тек аудиториядан шық­пай, кітапқа үңілумен шектелмей­тініміз анық. Ашық сөйлесу, қа­рым-қатынас тәжірибесі маңызды рөл атқаратынын да ескеру қажет. Аяулым қазақ тілін 2015 жылдан бері меңгеріп келеді. Қазір қо­сымша орыс тілін де меңгеруде. Бірнеше тілді білетін талапты жас. Қазақстанда білім алған. «Қазақ­-
с­танда оқығанымда қазақ жаста­рының арасында өзара орысша сөйлесетін жастарды да кездестір­дім. Қазақ тілін үйрену оңай болма­ғаны анық. Алайда «Тал­пынған жетер мұратқа дегендей», бар талпынысыммен қазақ тілін меңгердім. «Айқын» республика­лық газетінде тілші ретінде тағы­лымдамадан өткенім – басты жетістіктерімнің бірі дер едім. Кореядағы Пульгокса деген бір­неше жылдық тарихы бар ұлттық жәдігер тарихи ескерткіші мен Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесімен салыстырып, талда­ған мақалам жарияланғанда қатты қуандым. Одан кейін де бірнеше мақалалар жазып, редак­цияға жіберіп отырдым», – дейді Аяулым.
«Қазақтың ақын-жазушыла­рынан кімдерді білесің?» деген сұрағыма Абай Құнанбаевтан бастап, Ыбырай Алтынсарин, Ах­мет Байтұрсынов, Жамбыл Жабаев, Оралхан Бөкейлерді тізіп шықты. Ең бір таңданған тұсым, «Айқында» тәжірибеден өткенде, Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Келін» шығармасын оқып, жай оқып қана қоймай, мазмұнын жете түсініп, шығарма кейіпкері Тоқтас пен Нұршат арасындағы және ене мен келін арасындағы қарым-қатынасты, сондағы қа­зақы тәрбиені ұғып, шығар­ма­ның көтерген тақырыбын, жазушының идеясын дөп басып айтуы көңіл қуантарлық жағдай. Бұл жерде қазақша үйренген шетелдіктерді мақтау деп ұғынбау керек. Кейде ренжіп жатамыз, өзге ұлт өкілдері­нің бірі қазақ тілінде сөйлесе, байқауларға қатысса, көкке кө­те­ре­міз деп. Ол елде тұрып жатқан қазақстандық азаматтарға қа­тысты. Олар қазақ тілін білуге міндетті. Шетелде тұрып, сол елдің азаматы болса да, қазақ тілін үйреніп, қазақша сөйлеп, тіл арқылы елге, ұлтқа деген ерекше құрметтерін танытатын шетел­діктерге деген біздің де құрметіміз жоғары.

Естен тандырған
Енсон Чой…
Чой Енсон, қазақша есімі Нұрай Орталық Азияны зерттеу институттың ассистент қызмет­кері. Заты корей болған­мен, аты да қазақ, тек аты емес, кішкентай жүрегінде қазақ халқына деген үлкен махаббатын сыйғызған Нұрайдың институт­тағы жұмысы ақпарат бөлімімен байланысты. Орталық Азия елдері туралы ма­ңызды ақпараттарды корей тіліне аударып, институт сайтына жария­лап отырады. Ғылыми бағытта қазақша-кор­ейше сөздік жұмысы­мен айна­лысып, осы бағытта жұ­мыс­­тануда. Мақсатшыл қыз «Тек өзіме емес, өзгеге пайдам тисін» деген ұстанымда. Қазақ тілін үйренем деген мақсат түрткі бол­ған жағдайдың бірін еске алды әңгіме барысында. Теледидар жаңалықтарынан корей дәрігері қазақстандық балаға ота жасай­тын­дығы туралы ақпараттар беріл­ген. Отадан кейін ол баланы Ко­рея­ға әкелгенде, корей тілінен орысшаға аударатын аудармашы боп, қиындықтар туғанынан ха­бар­дар болған. «Қазақша білге­німде мен де көмектесер ем аудар­машы боп» деп армандаған Нұрай сол арманына қол жеткізген жандардың бірі.
Ханкук университетінен келіп, Орталық Азияны тану маманды­ғына оқуға түседі. Профессор Әлия Құрышжанов­дан сабақ алып, қазақ тілін жоғары дең­гейде меңгеріп шығады. Жоғары дең­гейде меңгергенінің көрінісі Нұрай­дың өткен жаздағы еліміздің елеулі оқиғаларының бірі болған, әлем көз тіккен ЭКСПО халық­аралық көрмесінде қызмет етуі. Корей павильонында қазақ­ша сайраған корей қызы көпке үлгі болды, көпті таң қалдырды. Өз басым Нұрайдың осы ЭКСПОҒА өткенге дейінгі сынақ­тан өту жағдайына таң қалдым. Сынақ тапсырмаларын қазақ тілінде талап етіп, орыс тілінде емтихан тапсырудан бас тартып, жалғыз өзі қазақ тілінде емтихан қабыл­дат­қызған қайсар қыз. Қайсарлығы, қазақ болмаса да, қазақ тілінің мәртебесі үшін жасаған қада­мын­да. «Қазақстан­ның Президенті келгенде, дәл қасында тұрып, корей павильонын таныстыру құрметіне ие болуым – қазақ тілін білгенімнің арқа­сында. Ол күн мен үшін тарихи сәттердің бірі», – деп еске алады.

***
Осыдан екі жыл бұрын облыс­тық қазақ драма театрында Мем­ле­кеттік хатшы Гүлшара Әбді­қа­лы­­қованың қатысуымен «Мәң­­­­гі­лік Ел» – ұлттық тарих пен тари­хи зердедегі құбылыс ретінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Аталмыш шара Қазақ­-
с­тан халқы Ассамблеясы ұйымдас­тыр­ған саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасы ая­сын­да, «Шерлі шежіре аманаты» халық­аралық форумы шеңберінде ұйымдастырылды. Сол басқосуға Оңтүстік Кореядан арнайы келген Ханкук университеті Орталық Азияны зерттеу институтының профессоры Ким Санг Челдің сөзі есімде қалған: «Сонау қиын жыл­дарда Қазақстан көптеген ұлт-ұлыстардың өкілдеріне пана бол­ғанын, өсіп-өркендеуіне жағ­дай жасағандығын жақсы білеміз. Қазақ халқының қонақжай пейілі мен кеңдігінің шапағатын көрген халықтардың ішінде кәрістер де бар. Құнарлы қазақ топырағында қазақтан жақсылық көрген бауыр­ларымыз тамырын тереңге жібе­ріп, мәуелі бәйтерекке айналды. Ел өмірінің барлық саласына белсене араласуда». Есте қалар ерекше ілтипатпен қазақ халқына алғысын білдірген Ким Санг Чел қызмет жасаған универсиетке барарымды сол кезде білмегенім анық.
Бабаларына құрмет көрсеткен халыққа деген, елге деген алғыс­тың бірі шығар, Қазақстанда тұрмаса да, Нұрай секілді жастар­дың қазаққа деген ілтипаты.
Қазақ қайда жүрсе де қазақ. Корея еліне білім алмасумен оқуға барған қазақ студенттерінің басын қосып, мерекелік жиын ұйымдас­тыр­ған Әлия апайымыз туралы «Әр қазақ – менің жалғызым» дейтін ақын Сабыр Адайдың сөзін еріксіз еске түсіреді. Шетелдіктерді қазақ тілінде сөйлетіп, қазаққа тәнті қылған, әлем таныған қазақ­тың ғалым қызы. Ханкук универ­ситет­інде білім алып жатқан әрбір шетелдік студенттің қазақ тілін жетік меңгерудегі жеңісі осы ұстаз ебегінің жемісі екені даусыз.
Шетелдік ғылыми ортада зерттеу жұмыстарының ғылыми жаңалықтары мен негізгі тұжы­рым­дарын танытудың өзектілігі, қазақстандық ғалымдар еңбектері­нің рейтингісін арттыруға үлес қосу бағытында шетелдік профес­сор­лар тарапынан ғылыми ма­қала­ларымызға талдау жасалып, баға берілді.
Халықаралық ұйымдармен ғылыми білім берудегі тілдерді меңгертуде халықаралық тәжірибе алмасу, оқыту жүйесіндегі зама­науи әдістер, білім нәтижесін бағалау жүйесі бойынша біліктілік арттырып, тағылымдамадан өткен­­дігі үшін берілетін сертификатқа да ие болдық.
Шетелдік профессорлармен жақын танысып, тәжірибелерімен бөлісіп, озық үлгілерін үйреніп, корей студенттеріне қазақ тілі сабақ­тарын жүргізіп, өз тәжірибе­мізді көрсетіп, біліктілігімізді арттыруға мүмкіндік берген бұл қиыр шығыстағы бұл тағылым­даманың біз үшін әсері мол.

Рита СҰЛТАНҒАЛИЕВА,
М.Өтемісов атындағы БҚМУ қауымдастырылған профессоры,
филология ғылымының кандидаты.
Орал – Сеул – Ионин – Орал.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.