Сүгір және Мафруза

0
181 қаралды
Созақ сахарасының сайын даласына дейін күмбірлете күй төгіп, әуелете ән салып тұрады. Өйткені, бұл өнер қонып, бақ дарыған өлке. Талай талантты дүниеге әкелген Теріскей топырағында кешегі Ықылас Дүкенұлы, Сүгір Әліұлы, берідегі Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Файзулла Үрмізов, Ергентай Борсабаев сынды дүрлер өткен. Өмірінің соңғы жылдары кемеңгер жазушымыз Мұхтар Әуезов өзінің болашақ «Өскен өңір» атты романына материал жинау үшін Теріскейге табаны тиіп, елдің тыныс-тіршілігімен, бай тарихымен танысады.
Осы сапарда ол Баба Түкті Ша­ш­ты Әзиз, Ысқақ баб кесе­не­ле­рінде болып, бабалар рухына Құран оқытады. 1961 жылы Мұх­тар Омарханұлы Қазақ хандығы­ның қалыптасу кезеңінде тірек қамал болған Созақ тарихымен танысу үшін аталмыш қыстаққа қайта келеді. Осы сапарында ұлы жазушының өмірінде естен кет­пес­тей бір оқиға болады. Бұл шертпе күйдің негізін салу­шы­лар­дың бірі, дәулескер күйші Сүгір Әліұлымен кездесуі еді. Атақты домбырашының үйіне «Созақ» кеңшарының директоры Балтабай Әбдіраманов алып барады. Сүгір­дің үйіне Созақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әділ Сасбұқаев, жас жазушы Тә­кен Әлімқұлов бірге барады. Кең маңдайлы, жылы жүзді, айнала­сына ойлы көзбен барлай қарай­тын үлкен парасат иесі Мұхаңды Сүгір күйші де тап басып таныпты. «Сүке, мына кісі Алматыдан кел­ген қонағымыз, атақты жазушы Мұхтар Әуезов. Ұзақ жолдан шар­шап келдіңіз, күйшіні үйге алды­райық десек, үлкен кісіге, өнер адамына өзім барып сәлем бере­мін деп көнбеді. Алдыңызға келіп тұрмыз, аздаған бұйымтайы бар екен», – дейді кеңшар дирек­торы әңгіменің тігісін жатқызып. Ән­шейін­де шешіліп көп алдында дом­быра ұстай бермейтін Сүкең сонда риза болып көсіліпті деседі. Осы жолы ол қонақтарының ал­дында «Тоғыз тарау», «Шалқы­ма», «Назқоңыр», «Аққу», «Кер­тол­ғау», «Жолаушының жолды қоңы­ры», «Бозінгеннің бүлкілі» атты күйлерді іркілмей орындап бер­ген. Сүгірдің сіңірді де жібітіп жі­бе­ретініндей жүрек қылын шер­тер мың иірімді күйлерін құмарта тыңдайды. «Мен бір талант тап­тым, Тәкен! Сен Сүгір жайлы жаз», – деп жанында бірге сапарлас болып жүрген Тәкен Әлімқұловқа ой тас­тайды. Өзі сәтін салса қайта ай­налып келіп, Сүгір күйшінің өмір және шығар­ма­шылық жолын зерттейтінін айтады. Дегенмен, кемеңгер жа­зу­шыға Созақ сахара­сына қай­та айналып келуді тағдыр жазбады.
Сүгір бала кезінде Ықылас Дү­кенұлымен кездесіп, оның шә­кір­ті болған. Мұны Сүгірдің ау­зынан кезінде Созақ ауданының шежіреші қариясы Есіркеп Өмірбеков жазып алған. Сонда Сүкең былай деген екен:
«Ауылымыз Жетіқоңыр құмы­­ның өр басында отыратын. Қа­рия­лар намазын оқуға тұрған кез еді. Мен де таң асып тұрған атым­ды отқа қоюға шыққанмын. Сол кезде құлағыма қобыз үні естілді. Күй тұла бойымды шымырлатып барады. Тыңдап тұрып қалыппын. Күй бірте-бірте жақындап келе жат­ты. Әлден соң екі аттылы кө­рінді. Атымның ерін алып, жү­генін сыпырдым да өріске жібер­дім. Аттылыларды күтіп алдым. Алыс жолдан келе жатқан Сүгір күйші екен. Қобыз­ды ұйқыашарға тартыпты. Осы сапарда біздің ауылда екі аптадан аса жатты. Мен оның «Қасқыр­дың ұлуы», «Қам­бар», «Кертол­ғау», «Ерден», «Ақ­қу» сияқты күйлерін үйреніп ал­ып, домбыра­да тартатын бол­дым». Осыдан соң Сүгір Ықылас­тың күй­ін орындаушы ретінде таны­лады.
Алайда, Ергентай Борса­баевтың қалдырған әңгімесіне қарағанда, Сүгір тоғыз жасына дейін қолына домбыра ұстамаған. Бұл кезде олар Мойынқұмның Үшкөкше деген жерін қыстайды екен. Кезінде «Көкшенің әр шұңқыры бір отар малдың қыс­тығына азық» деген сөз қалған.
Міне, осы құмда қыстап отыр­­ғанда бір күндері Сүгірдің ла­ғы жоғалады. Сүгір оны шағылдан шағыл асып, күн ұзақ сабылып іздейді. Бір уақытта алдында жел­маяға мінген бір ақсақал қарсы келе жатыр екен.
– Ата, сары лағымды жоғалт­тым. Көзіңізге түспеді ме? – деп сұрайды бала Сүгір.
– Балам, лағың үйіңе барды. Шөлдеп қаласың. Үйіңе қайта ғой, – дейді қария.
Сүгір оның қолындағы дом­быра­сына қайта-қайта қарағыш­тай беріпті. «Домбырама қарай бердің ғой, көңілің кетсе ала ғой», – деп жолаушы оған домбы­расын ұстатыпты. Домбыраға қызықтай қарап қалған бала сәлден кейін жан-жағына қараса, желмая мінген жолаушы көзден ғайып болыпты.
Үйіне келген Сүгір әкесіне көр­генін айтады. Әлі бір малын сойып, әруақтарға құран оқы­тады. Сүгір 15-16 жасқа келгенде «Әлі­нің күйші баласы» атанады. Атағы Теріскей өңіріне түгел та­ралады.
Енді Тәкен Әлімқұлов ағаны тыңдап көрелік.
«Сүгір үпілеген үйірімді тағы да қайталады. Тұңғыш перзен­тінің өлімі ойда жоқ. Көкейде көк бие мен қоңыр құлынның қасіреті. Айықпайтын, аяусыз қасірет! Сүгір: «Бір бунақтан да күй жа­сау­ға болады екен ғой» деп ойлады. Осы мезетте құлын өгей енеге телінді. Бие бауыр баса қоймады. Бірақ көрнеу жатыр­қамады да. Мамакөнек қалыпта маңқайып тұра берді.
Күйші атаулыда басыр түйсік болмақ. Сол түйсік Сүгірдің кеу­де­сінде оқыс оянды. Оның сезім­тал саусақтары домбыраның сағасына шоршып түсті де, шым­шыс та өзгерді. Өкініштің орнын қуаныш басты. Домбыра аңыра­май, еркелеп шыға келді. Бейне қу шанақтан қызыл құлын кісінеген­дей болды. Жіңішке әсем әуен тө­гілді. «Тәйри-тәйри, тәйри-тай» деген нәзік те ерке дыбыстар сағалықтан бұғалыққа қарай өрлеп, бара-бара құлшына кісінеп кетті. Жансыз ағашқа жан бітті, ыңқылдады. Пернелер иіп, екі ішек еңірегенде көк бие қоса еңіре­ді. Артынша оқыранып, емі­ренді. Қоңыр құлынды иіскегенде жануардың көзі жасқа толып кетті.
Бие иіді…
Күйші бусана балқыды».
Бұл Сүгірдің алғашқы «Тел­қоңыр» күйінің шығу тарихы еді. Мұнан соң Сүгір іле-шала «Шал­қыма» деген күй шығарады. Осы­дан соң Сүгір бірте-бірте кеме­ліне келіп, жетіле береді, құ­ла­­шын кең жаяды. Жігіттік дер шағыңда ол «Ұлытауда, Най­ман­ның Жырық руының Ибеске атасынан тараған Есенбек, Есен­қабыл деген ағай­ын­ды батыр әрі дәулетті кісілер бар. Соның Есен­бегінің кіші қы­зы Мафруза домбыраны Тәттімбет үлгісінде шертіп, Орта Жүз, Ар­ғын-Най­ман елінің арасында өзі теңдес күйші болмай, көңілі құ­лазып жүр екен» деген әңгімені есітеді. Сүгір жолға жиналады. Мафруза көптің құрметіне бө­ле­ніп отыр­ған осы елдің ерке қызы болып шы­ғады. Өзіне сенімді қыз ер­кінсіп: «Домбырада күй сайы­сынан мені кім жеңсе, қойшы-қолаң, жарлы-жақыбай демей, шал болса да қартсынбай тиер едім», – дегенін Сүгір алдын-ала естіген болатын.
Мұны естіген соң Сүгірден дег­­бір кетеді. Күндіз күлкіден, түн­де ұйқыдан қалады. Көңілі алабұртып, жүрегі өрекпіп, бей­маза бір күйге түседі. Ұлытау бау­райында жатқан сұлу да сыл­қым қыз түсіне кіріп, жанын жай таптырмайды. «Күйші қызбен бір кездессем» деген құштарлық оны байыз таптырмайды. Осы ын­ты­зар­лықпен ол әкесінің қалауынан тыс жолға шығып, Ұлытауға ке­ліп, ат шалдырып отырған беті еді. Айтса, айтқандай, Мафруза міне­зіне ақылы, ақылына көркі сай өнерлі қыз екен. Сүгір әкесі­нің: «Не айтып тұрсың? Ұшса құстың қанаты талатын, шапса ат тұяғы тозатын, көз көрмеген, құ­лақ естімеген қайдағы бір қиянды айтасың. Ол қызды жеңгеніңмен, мұратыңа жете алмассың. Өйт­ке­ні, қырық жетіні матап беріп, құда түсіп қойған жерім бар» деге­ніне қарамай, айшылық –айлық жер­ден ат сабылтып кел­геніне өкінген жоқ.
Айтпақшы, ауылдан шығарда мынандай да оқиға болып еді-ау. Әлінің баласының аяғына тұсау болып жүргенін естіген ауыл қа­рия­лары жиналып, топтанып үйіне келген. Құлтас бастаған ел жақсыларын Әлі құшақ жая қар­сы алады. Сый-құрмет көрсетіп, тө­ріне оздырады. Құлтас би сөз бастайды.
– Әлі шырақ, адамнан екі түрлі бала туады. Бірі үй баласы, екіншісі ел баласы. Үй баласын ата-ана билейді, ел баласын ел ағасы билейді. Сенің балаң ел баласы болайын деген екен, оны өзің билепсің, шақыр балаңды!
Сүгір үйге қол қусырып, сәлем бере кіреді.
– Балам, естуімізше, баратын жерің алыс көрінеді. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» деген. Қасыңа үш-төрт жігіт ертіп ал. Бәрінің бір-бір өнері болсын. Өйткені, жат жерде сын көп болады. Аттың мықтысын мінің­дер, киімнің тәуірін киіңдер. Жо­рытқанда жолдарың, Қызыр баба шылауларыңда болсын. Әумин! – деп бата береді.
Әлі үлкен ұлы Сатыбалдыны жолсеріктікке қосады. Сайдың тасындай бес-алты жігіт таң қ­ұ­лан­иектене атқа қонды. Сарысу өзенін жағалай отырып, Қара­жар­дан Сарыкеңгірге өтті. Одан әрі өрлеп, Ұлытауға да жетті.
Сүгір көк майсалы, бал бұлақ­ты көркем кеңістікке тігілген сегіз қанатты ақшаңқан киіз үйге келіп түседі. Сән-салтанаты жа­расқан, біркелкі киінген, насат жүзді жігіттерді үстінде бейқасап ком­зол, аяғында шытырмалы кебіс-мәсі, шаштарында шолпы-шаш­бауы сыңғырлаған сылаң­даған келіншектер жылы шырай таныта қарсы алып, үйге бас­тайды. Қыр­дың қызыл түлкісін­дей жайнаң­даған қыздар қымыз сапырады. Шөл қанып, ентік басылып, көңіл демделген соң екі жақ жапатар­мағай жөн сұрасады. Әуелі ұлы­таулықтар ұлардай шулап, жо­лау­шылармен аман­дасады.
Көкорайдағы киіз үй іші би келіп түсетіндей әдемі безен­ді­ріліп­ті: ноғай кілем, ортада ша­шақты, масаты орамал жабылған үстел, оның үстінде он екі тілді сыр­най, ырғайдан істелінген қаз мойын үкілі домбыра, керегелер­де түлкі, бұлғын, қасқыр терілері, қамшы, құс мылтық, уықтарға ораған сан түрлі оюлы сырмақтар, бәрі-бәрі жұтынып тұр. Қалың етіліп төселген көрпенің үстіне бірнеше құс жастық тасталған. Мынадай салтанатты бұрын-соңды көрмеген Қаратаудың қырандары айналасына ұрлана қарап отыр.
Осы кезде үйге қыз жеңгесі келіп, дастарқанға бауырсақ төгіп, сабадан үлкен ыдысқа қы­мыз құйды да оны сапыра бас­тады. Сапырып-сапырып барып көзеге қымыз құйды. Беті көпір­шіктенген қымыз иісі мұрынды жарып жі­бере жаздады. Шөл қысып келген жігіттер байқатпа­ған болып жұ­ты­нып та алды. Жолаушылар ал­да­рындағы қы­мыз­ды ала бергендері де сол, есік алдына дейін келіп, атынан топ етіп түскен әлдекімнің дыбысы естілді. Сөйткенше болмай ішке еркекше киінген, онысы денесіне соншалықты құйып қойғандай жараса кеткен қағылез қыз іркілмей еркін кіріп келді. Ол жат жігіттерден именген жоқ. Жана­рын жасқап төменшік­теген де жоқ. Жағалай отырған­дарға иегін изеп амандасып, жең­гесі мен апасының ортасына келіп тізе бүкті. Сол қалпымен айнала­сын­дағыларға тәкаппар жүзбен қарап қойды. Мұнысы «менімен дом­быра жарыстыратындай кім­сің­дер сендер?» дегендей болып көрінді. Қыз жеңгесі ұсынған кесе­­ден бал қымызды сарқып ішті де, шегіне отырып, домбы­расын қолына алды. Оның құлақ күйін келтіріп, сұқ саусағымен бірер мәрте «дың-дың» дегізді де дом­бырасын күмбірлетіп ала жөнелді. Қысылмай-қымты­рылмай дом­быра тартып отырған бой­жет­кенге қонақтар таңырқай қарасты. Ол іркілместен үш күй тартты. Осы кезде қыз жеңгесі қозғалақтап:
– Еркежан, өзің ғана тарта беремісің? Қонақтарға да кезек берсеңші, – деп тіл қатты.
Ескертуді қыз ұната қоймады. Дегенмен, жеңге өтінішін жерге тастамады. Ол домбыраны кере­ге­ге сүйей салды. Кезектің кел­генін білген Сатыбалды дом­бы­раны іліп алып, өзі білетін күйді шертіп өтті. Сосын бірге келген серігіне берді. Ол бір күй ойнап, досына ұзатты. Осылай домбыра жағалап отырып Сүгірге тиді. Бұл қонақтардың «біздің ешқай­сымыз қаражаяу емеспіз» деген қыры еді.
Сүгір солақай болатын. Ол домбыраның құлақ тиегі мен сағақ­тағы тектің орынын ауысты­рып, өзіне ыңғайлап алды. Сірә, домбыраның құлағын қаттырақ бұрап жіберді-ау, шамасы, қыз «бүлдіретін болды ғой» дегендей тыржың етті. Қызды қыздыра түс­кісі келді ме екен,әлде басқа бір ойы болды ма,Сүгір құлақты одан сайын қаттырақ бұрады. Сосын баптанып отырып, қыз­дың шертіп өткен күйлерін қаз-қал­пында қайталап шықты. Күйге жаңа екпін, жаңа ырғақ, құбыл­малы қайырмалар үсте­ме­леп, түрлендіріп тартқанда бой­жет­кен байыз тауып отыра алма­ды. Бойжеткеннің түсі мың құ­­бы­лып, іштегі арпалысын жасыра алмады.
Ұлытаулықтар күйді ұйып тың­дады. Сүгір мүдірген жоқ. Қыз­дың тартқан күйін қаз-қал­пын­да қайталап, домбыраны алдына тастай салды. Күй тарты­сының ережесі бойынша бірінің күйін бірі тартып, қарсыласына өз күйімен жауап беретін. Әрине, қарсыласының күйін тарта ал­маса – жеңілгені. Кезегін алған қыз да аянып қалған жоқ. Күм­бір­леген күй тау суындай тас­қын­дады. Күй додасы ұзакқа созыл­ды. Тыңдармандар сонда сілтідей тынып, сайыстың соңы немен бітерін күтіп отыр. Ұлытаулықтар қыздарының шабысына дән риза болып тамсана қарайды. Жер­лестері қолдап отырған соң ба, Мафруза екпін ала бастады. Бір уақыттар болғанда Сүгір «аз-кем тыныс алып келейін» деп қыздан рұқсат сұрады. Жергілікті жігіт­тер мұны қонақтардан күш қайт­ты дегенге сайып, желпініп қалды.
Үйден ұзаңқырап шыққан Сүгір көкке қолын жайып, Алла­дан медет тіледі. Қарабура атасы­нан жәрдем күтті.
– Уа, Әруақ! Қолдай гөр! Қыз­ды өз аяғыммен іздеп келіп едім. Жас қыздың алдында жү­зім­ді төмен қаратпа! – деп Жарат­қанға жалбарынды.
Осы кезде күйшінің төбесінен екі қанатымен көкті қақ айырған­дай алып бір құс зымырап ұшып өте шықты. «Уа,әруақ! Тілегімді қабыл ете гөр!» деп Сүгір қуанып қалды. Сол замат денесі сергіп сала берген. Көңілі де жаңа ғана төбесінен зу ете қалған жұмбақ құстай көкке көтерілді. Сері сезім оны әлдилеп,бойын сергітті.
Ол үйге ерекше бір тың ша­быт­пен оралды. Иін тіресіп отыр­ған қыз-жігіт оған орталарынан жол ашты. Ол домбыраны іліп алып, қос ішегінің астын-үстін салалы саусағымен бірдей іліп, алма-кезек шерткенде шымыр күй желіден босатылған құлын­дай ойнап шыға келді. Мұндай әуен бұрын-соңды естілмеген еді. Тіпті, даладағы малға дейін тыныш­талып, күй күмбірі тымық түнде алысқа тарап жатты. Ма­на­дан бері тәкаппар күйде отырған қыз күй ырғағына бойын алды­рып қойды. Ол күйдің ырғағынан жаңылысып қалды. Япыр-ау, күй желісі қалай-қалай ширатылатын еді? Қыз домбырасын әрі-бері сабалағанымен, Сүгір шерткен күйдің ізін таба алмады. Ауаға сіңіп жоғалған ғайып күйдің елесіне малтыған қыз домбыра­сын сипап отырып жігітке ұсын­­ды. Қипалақтаған қыз: «жол-сізден, ізет-бізден», – деді есті­­лер-естілмес.
Енді Сүгір ширықты. Ол ба­тыл­данып:
– Замандас, біріміз Қаратау­дан, екіншіміз Ұлытаудан екен­біз. Екеумізді кездестірген дом­быра емес пе? Ендеше, бір дом­бырада бір күйді орындайық, – деп ұсыныс тастады.
Қыз оны қабыл алды. Маф­руза орнынан тұрып жігіт жа­ны­на іркілмей барып отырды. Осы кезде айнала отырғандар шу ете түсті.
– Мафруза, жеңілсең жолың­ды жаса. Бірақ, домбыраның құлағын ұстама. Немене, одан кем бе едің? – деп қызды қайрай бастады.
– Құрбылар, еліме берген сер­тім бар. Қыз да болсам, серт­тен таяр жағдайым жоқ. Кім жеңсе, соның етегінен ұстаймын деп елге берген сертім бар, – деп бір тоқ­тады.
Сосын Сүгірдің тізесін баса ке­ліп отырды. Сүгір қызға дом­быра­ның жоғары пердесін бас­тырып, өзі ішекті асты-үстіне кезек шертті. Үй ішін тағы да әсем күй кернеп кетті. Екі адам бір бейнеге айналып, тұтасып кетті. Сәмбі талдай солқылдаған қыз белі күй ырғағымен тербелді. Ол жігіттің аса дарындылығына тәнті болды.
Мафруза тебіреніп, толғанып бір күй тартты. «Бұл саған арнаған толғауым. Күйдің де аты «Толғау», – деді Мафруза. Сүгір қолына дом­бырасын алып бір күй тартты. «Бұл сенің «Тол­ғауыңа» жауап. Мұның аты «Кер­толғау» болсын, – деді Сүгір. Осы күйдің соңы «дари-дори-дай» деп өзек өртеп дірілдеп тұрып алады. Діңкеңді титықтатып тұрып ала­тын бұл күй Сүгірдің жан сырын толғады ма екен,кім білсін. Тәкаппар қыздың өзі күйдің осы тұсында булығып шыдай алмаған деседі. Осыдан соң қыз «екеуміз тел өскен қозыдай бірге жүрейік» деп «Тел­қоңыр» күйін тартыпты. Қыздың бұл күйіне масаттанған Сүгір «Шалқыма» күйін жол­дайды. Осылай қонақтардың қай­татын уақыты да келіп жетеді. Сонда Мафруза қыз «Жолауш­ы­ның жолды қоңырын» шерткен де­седі.
Қаратау мен Ұлытаудың бел ортасында «Ақалайдың даласы» деген тақыр жер бар. Осы тақыр­дың ортасындағы тарам-тарам жолды жергілікті тұрғындар бүгінге дейін «Тоғыз тараудың жо­лы» деседі. «Тоғыз тарау жолмен жүріп елге келерсің» деп Сүгір «Тоғыз тарау» күйін тартқан дейді кезінде осы күй тартыстың куә­гер­лері. Мұны Сүгірдің шәкірт­те­рінің бірі Ергентай Борсабаев тарихшы інісі Сүлеймен Тәбіріз­ұлына айтып кеткен. Шертпе күйдің шебері Файзулла Үрмізов те осы әңгімені мың құбылтып айтып отырушы еді, жарықтық. Домбырасын қолына алып, «Мафру­за былай тартқанда, Сүгір былай тартып­ты» деп күйді қол­мен қойғандай, көзбен көргендей оқиға желісіне орай ретімен тар­тып отыратын. Ал, белгілі шертпе күйдің шебері Жанғали Жүзбаев­тың әкесі Әлімхан Жүзбаев Сүгірдің «Тоғыз тарау» күйінің тоғыз нұсқасын біледі. Демек, Сүгір Ұлытаудағы Мафрузаны ойлағанда жаңа күй шығарып отырған болса керек.
Осылай кісілердің куәлік еткеніндей, қыз бен жігіт бір-біріне қол беріп, серт байласады. Елге абыроймен оралғанымен, Сүгір қызға берген сертін әкесіне батып айта алмайды. Сосын ел жақсыларына қолқа салады. Құда түсіп қойған жағдайы бар әрі жер шалғайын ескеріп, Әлі шал ыңғай бермей қояды. Көп кешік­тірмей ол құдасына хабар жі­береді. Ар­тынша атасфтырған келінін түсіріп, ұлының аяғын тұсаулайды. Сүгір атамыздың екі қызы болды. Кейін­нен бесік­кертпе етіп алған келіншегі белгі­сіз кеселден өмірден озды. Жас­тайынан ұяң өскен Сүгір ата-анасының ықпа­лынан шыға алмайды. Аяғындағы тұсауы алынса да, ұзап шыға алма­ған. Мафрузаны іздеп барса, бәл­кім, сертіне берік қыз етегінен ұс­тар ма еді?! Сертінде тұра алмай, сүй­генімен қосыла алмай арманда өт­кен Сүгір, бәлкім ішіндегі бар­лық шерін күй етіп төккен шығар-ау.
Мафруза қыз Ұлытаудың ұшар шыңына шығып, Қаратау жаққа қайта-қайта қарағыштаған дейді бізге жеткен әңгімеде. Өзегін өкініш өртеген өжет қыз қол алы­сып, серт беріскен жігітті ұзақ күтіп­ті. «Сөзімнің өлгені – өзімнің өлгенім. Ел-жұртыма, қатар-құр­быларыма күлкі болмайын» деп жалындаған жастық ғұмырын жалғыздықпен өткерген. Алыс-жақыннан қыз айттыра келген ел жақсыларының ешқайсысына ыңғай танытпапты. Талай жігіттер Мафрузадан дәмеленіп, түн ұй­қысынан, күндіз күлкісінен айы­рылға­нымен, қыздың тоң болып қат­қан жүрегін ешкім жібіте алмаған. Шіркін, бүгінде осындай сертке берік жан бар ма деп еріксіз ой тұңғиығына сүңгисің.
Кім білсін-ай, Мафрузаның наласы ма, Сүгірдің кіндігінен ер бала болмаған. Жасы ұлғайғанда Сүгір үй көлеңкесіне отырып ал­ып, сары уайыммен күнді өткізеді екен. «Отымның өшкені ме?» деген тұңғиық ой оны жегідей жегені рас та шығар-ау. Ол өз қа­тар­ластарына «Жастың наласы – Құдайдың наласы» деген бар. Білместікпен жазықсыз жастың наласына қалдым. Осы қылы­ғым­ды кешіре алмадым», – деп отырады екен.
Шертпе күйдің негізін салу­шы­лардың бірі де бірегейі Сүгір Әліұлы 1961 жылы 79 жасында дүниеден өтті. Өзінің өтініші бойынша Қара Бура зиратына жерленді. 1992 жылы Созақ ауы­лының қариясы Колхоз Сағын­дықовтың ұйымдас­тыруымен Сүгір Әліұлына арналып ас бері­ліп, басына күмбез орнатылды. Қазір Созақ ауданында Сүгір атындағы балалар музыка мектебі бар.
Қазір ұлы күйшінің сағанасы көптен жөндеу көрмегендіктен әбден ескірген, кірпіштері құздай бастаған. Кесенеге барар жолдың да тозығы жеткен. Иә, қазақ барда домбырасын ұмытпайды. Ақын Қадыр ата айтып кеткен­дей, «На­ғыз қазақ қазақ емес, Нағыз қазақ домбыра». Ендеше, домбыраны қадыр тұтатындар, күйді құр­мет­тейтіндер барда Сүгір баба басына келіп тәу ететіндер азаймайды. Сондықтан, күй-құдіреттің ке­сенесін күрделі жөндеуден өткізіп, барар жолды жаңалап қою керек-ақ. Бұл – болашақ ұрпақ үшін де қажет. Биыл Созақ ауданы құрыл­ғанына 90 жыл толуын атап өтеді. Осы іс-шара аясында атақты күйшінің кесенесі басына бару­шылар легі тиылмауы бек мүмкін. Ендеше, жоғарыда біз айтқан жәйтті бүгіннен қолға алу қажет.Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Шымкент қаласы.

Пікір қосу