Жерді айналған жалғыз Айдай жалықтым…

0
306 қаралды

Адалбек АХМАДИ


***
Тапқан анам толғатып,
Жиырма үшінде наурыздың.
Сәби сүю мол бақыт,
Иісі бар жалбыздың.

Иісі бар жусанның,
Сәби сүю бақыт шын.
Үй іргесі ну шалғын,
Уысындамыз уақыттың.

Иісі бар ерменнің,
Сүйсем деуші ем бір сәби.
Дүниеге сен келдің,
Қалды артыңда құрсақ үй.

Бұл пәниге сен кепсің,
Қарашаның сегізі.
Кеудемдегі кермек мұң,
Балауыздай еріді.

Сені көрсем қуанам,
Айналайын бал қызым.
Қайда жүрсең жүр аман,
Жалғызым-ау, жалғызым!

Армысың төр Алтайым
Армысың Төр Алтайым қойнауы құт,
Шабыт боп сіркіреді ойдағы бұлт.
Бір кезде сенен ауған Ата-бабам,
Кетіпті босағаңа байлап үміт.

Сол үміт мені сенім қауыштырған,
Еседі аңқыл самал таныс қырдан.
Сені аңсап Арғы беттен келіп тұрмын,
Кезім ғой тұла бойды шабыт буған.

Армысың Төр Алтайым кенді мекен,
Төсіңді аш тәй-тәй басып келді бөпең.
Сен маған сенесің бе саған деген,
Ішімде сан сағыныш туды десем.

Армысың кенді мекен керемет Жер,
Келбетін аймалаған көбелектер.
Қойныңнан кен қазыпты кеше сенің,
Атамның самайынан себелеп тер.

Армысың керім қала Өскеменім,
Мен сенің итіңді де дос көремін.
Құшақтап жылап тұрмын міне бүгін,
Атамның егіп кеткен көк терегін.

Армысың ата қоныс асыл мекен,
Бір аунап атам сенде жатыр ма екен?!
Өзіңмен қауыштырған қайта мені,
Тұмар ғып апам таққан тасың ба екен?!

Армысың Апа-дала, асыл аймақ.
Қазақтың ең керемет асы қаймақ.
Анамның ақ айранын қанып іштім,
Қазанда Ақсарбастың басы қайнап.

Қазақтың ең керемет асы қымыз,
Көруге Төр Алтайды асығыңыз.
Қазақтың түсінбейді сағынышын,
Шайына ішпегендер қатып уыз.

Көруге Төр Алтайды асығыңдар,
Сақтаған немереме асығым бар.
Төр Алтай қойнауында қалсын денем,
Денемді көк жусанмен жасырыңдар!!!

***
Өр Алтайда туылып,
Төр Алтайдан қыз алдым.
Таң нұрына жуынып,
Суын іштім Тұмаңның.

Қаратайдың Еліне,
Күйеу бала атандым.
Көрдім ақыр сені де,
Баба жұрты Атамның.

Бұқтырманың жағасын,
Жағаладым Сен жүрген.
Алтын Алтай – анашым,
Өзіңді аңсап келдім мен.

Сендей сұлу көркем жер,
Жоқ екен-ау, Әлемде.
Кел қасыма, еркем, кел,
Айналайық Өлеңге.

Сұлу қыздай Жер көркі,
Симайды екен Өлеңге.
Шабытыма дем берші,
Бір жыр тусын менен де.

Көркем жердің қолыма,
Қондырдым ғой бір қызын.
Тағам омырауыңа,
Үзіп Көктің жұлдызын,
Төр Алтай!

Жанарға
Құдай қосқан Жанарым – өмірлігім,
Көк дөнендей тулап тұр көңіл бүгін.
Жар боласың жарым ес жынды ақынға,
Ауырлайды аяулым сенің жүгің.

Деп, едім ғой мен саған үйленерде,
Құл басымды келесің сүйреп өрге.
Кетер ме едім кім білсін ішкіш болып,
Тәңірімдей өзіңді сүймегенде.

Адалбегің Жанар-ау, әлі бала,
Анама да ұқсайсың Жарыма да.
Өкінбеймін кетсем де бүгін өліп,
Сүйгендігім үшін мен сені ғана.

Тәңірім сен,
Арым сен,
Жарым да сен.
Арнасам ғой тек саған әнімді әсем.
Мөлдір нұрды көрмесем көкірегіңнен,
Махаббатыңа Тәңірімдей табынбас ем.

Сенен басқа жарым жоқ Арым Жанар,
Бәлкім бұл ән ең соңғы әнім болар.
Тәңір куә кетер ем қаңғыбас боп,
Сен болмасаң санамның шаңын қағар.
Кімге керек ақындық шешендігім?!
Білмей өтсем Ар – Тәңір екендігін.
Қауыштырдың Арыммен қайта мені,
Енді өмірден өкінбей өтем Күнім!

Серт
Қанша мәрте аян бердің Еркем Сен,
Жүрегіңнің алауына өртенсем.
Махаббаттың не екенін білер ең,
Күн мен Жердің өбіскенін көрсең сен.

Өбісерміз, бөлісерміз қайғыны.
Өбектейді, аймалайды Ай нұры.
Мен өмірдің келте екенін білсем де,
Білмеймін ғой өлерімді қай күні.

Сені тастап бұл өмірден кетпеймін,
Сертім осы Сері гүлі беткейдің.
Орын сайлап жүрегімнің төрінен,
Сезіміңді түрегелтіп көрінен,
Сүйем мәңгі Сені мен!
Ақ қар
Сәбидің үлпілдек тәніндей,
Бидайдың ақ уыз дәміндей,
Ырыстың ақмаржан дәніндей,
Қараша қаздардың әніндей,
Ол сенсің ақ қар!

Елімнің ақ тамақ таңындай,
Көңілдің аққанат арындай,
Кеудеме қонатын сағымдай,
Бір ойға шоматын арудай,
Ол сенсің ақ қар!

Адамның ақ бесік құндағы,
Адасқан арманның мұңлы әні,
Ақынның ақжаңбыр жырлары,
Алланың әдемі жұмбағы,
Ол сенсің ақ қар!

Ақ мамық жауған құсқанатым,
Қымтайсың кең қазақ даласын,
Құшақтап тәнімнің моласын,
Тап-таза қалпыңда қаласың,
Ол сенсің ақ қар!!!

Туған жер
Тік түскен туырлықтың тесігінен,
Сәуленің сүтін еміп жетіліп ем.
Кеудеден кетпей қойды-ау, есіл бейнең,
Тербеген, беу, туған жер, бесігім ең.
Бұйырған татып өмір несібінен,
Еріксіз кеттім шығып есігінен.
Болса да тұла бойы тыр жалаңаш,
Екен ғой туған жердің төсі кілем.

Жүгіріп жалаң аяқ мен төсінде,
Жүгініп жатқан таудың өркешінде,
Жебедей нық қадалған тұрушы едім,
Жел тербеп Жеменейдің желкесінде.

Шуақтың шұбатына қана ма адам,
Япыр-ай, несін кеткем сол арадан?!
Берсемші бір жапырақ жүрегімді,
Алыстап кетерімде саған Анам.

Не келіп, не кетпеді бұл басыма,
Жаһанда жер жетпейтін тұлғасына,
Шіркін-ай, туған жерге жетер болсам,
Жырымның бөлер едім шұғыласына!

Өмір-ай…
Қоламтаны қолпаштап,
Пысық қылған өмір-ай.
Жолбарыстан жон таспа ап,
Мысық қылған өмір-ай.

Балапанын аққудың,
Қарға деген өмір-ай.
Көк есегін Аққұмның,
Жорға деген өмір-ай.

Тауып әрең бір бидай,
Зорға жеген өмір-ай.
Өз еліңді Қырғидай,
Қорға деген өмір-ай.

Арын сатып ақшаға,
Азып кеткен өмір-ай.
Қына шығып тасқа да,
Қажып кеткен өмір-ай.

Жанға түскен жараға,
Ем іздеген өмір-ай.
Өрім-өрім жан Ана,
Жем іздеген өмір-ай.

Көпке шашпай топырақ,
Ғарып кеткен өмір-ай.
Жанарыңды шоқып ап,
Жарық төккен өмір-ай.

Жақсылықпен жамандық,
Егіз деген өмір-ай.
Айналайын адалдық,
Сені іздеген өмір-ай!

***
Түнек кеуде түйір нұрға шөлдейді,
Сен тұрғанда маған өлім келмейді.
Ұшып егер аспан кетсе шыбын жан,
Жүрегімді жүрегіңе жерлейді.

Шолпаным да таңнан кейін сөнеді,
Түн тігісін алмас сәуле сөгеді.
Жалғызым-ай, жарығы сен жүректің,
Тамұқ тәнім жарығыңнан өледі.

Жалықтым деп айта көрме Жанарым,
Жел де сүртпес сенсіз сезім жамалын.
Сенің ғана бауыздайды кірпігің,
Адал ұлдың тағдырының тамағын.

***
Жерді айналған жалғыз Айдай жалықтым,
Жалғыз қалай жанып тұрсың жарық Күн?!
Өзегімде өлеңімді өлтіріп,
Өзеніне лақтырдым тамұқтың.

Жанғанымен жұлдыз көкте қанша мың,
Таң алдында жалғыз қалар Шолпаным.
Кеудемдегі өзі жалғыз жүректі,
Бөліп әлек басымдағы барша мұң.

Анашым да жалғыз жатыр мекенде,
Армандарын ақтай алмай өтем бе?!
Жалғыз қасық сусын болғым келеді,
Құба құмда шөлдеп жатқан бөкенге.

Жалғыз барып мұң шағамын еменге,
Жалғыз жылу жүгіріп жүр денемде.
Ғұмырымды кетсем болды сиғызып,
Жазылмаған жалғыз шумақ Өлеңге!

***
Жалғыз өзім қалған екем Жерде кең,
Жаман екен елмен бірге өлмеген?!.
Жер бетінен Жалғызым-ай сені іздеп,
Күні бойы, Түні бойы сенделем.

Сен бәрібір табылмайсың,
Жерден шын.
Өзегіңе өмір берген МЕН дерсің.
Тым құрыса тірі аң да жоқ қасымда,
Көнеміз ғой, Жалғыздыққа көнгем шын.

Сен құссың ғой көкке кеткен,
Мен адам.
Жұмыртқаңды тауып алдым моладан.
Екеумізге бір болуды жазбаған,
Менің Жарым, құс емес қой…
Абадан!..

***
Бауыржандар
Армысыңдар Бауыржандар!..
Жігіттер.
Жүрегімнен тұр ғой тағы шығып тер.
Қолымызға бере алмайды су құйып,
Бүгінгінің жігіттері мігіттер.

Жігіт емес бүгінгінің жастары,
Ойлайды олар өздерінің бас қамын.
Бауыржанның жебесе егер аруағы,
Қазағымның ашық болар аспаны.

Бауыржандар!.. Ата, есімін алғандар,
Бауыржанның ерлік ісін жалғаңдар!..
Қазағымның биік болып шаңырағы,
Орындалсын, Орындалсын армандар!..
Шаңырақты құлатып ап бір күні,
Жаман атқа қалмаңдар!..
Ата есімін алғандар!

***
Қазақ деген ұрпағымын тектінің,
Тәңір өзі қалап өпкен көк туын.
Жиырма бір жыл айдарымды жел тарап,
Жиырма бір жыл маңдайымды өпті күн.

Қазақ деген тәуелсіз ел боп мығым,
Жалбарындым Жаратқанға жетті үнім.
Тәубә, тәубә!.. көк аспанның төрінде,
Жиырма бір жыл желбіреді көк туым…
Желбірей бер көк туым!!!

Қазақтың тілі ғажап тіл
Жанат Ахмадиге
О, Жанат, аға, сүйінші,
Жүрегім сегіз Жыр тапты.
Қуанған сәтім бірінші,
Болыңыз сіз де ұрпақты.

Жүрегім сегіз Жыр тапты,
Үлгердім жазып бір түнде.
Өсіріп аман ұрпақты,
Сөйлетем, аға, бір тілде.

Ойларды түнек біртіндеп,
Санадан қуып азат қыл.
Зар жылай берме, тіл, тіл деп,
Қазақтың тілі ғажап тіл.
Қазақтың тілі азат тіл!

Жанардың насихаты
Әй, Адалбек Ақмәди,
Өлеңді қой, ақша жи.
Өлеңменен Қасым да,
Ала алмаған баспана-үй.

Ақмәдидің Адалы,
Ақынсың ғой саналы.
Баға алмайсың өлеңмен,
Мынау жалғыз баланы.

Әй, Адалбек Ақмәди,
Есіңде ме баққан үй.
Бақыт саған келмей жүр,
Болмаған соң баста ми.
Өлеңді қой, ақша жи!

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.