Алаштың Әнуары
27.04.2018
2524
0
Биылғы жылы Қазақстан Республикасының халық артисі, көрнекті талант иесі Әнуар Боранбаевты егер сұм ажал арамыздан алып кетпегенде 70 жасқа толар еді. Әнуар Боранбаев 1948 жылы Қостанай өңірінде дүниеге келген. 1966 жылы Құрманғазы атындағы өнер институтының театр факультетіне түсіп, 1971 жылы бітірді. Институттың
3-курсынан бастап, өмірінің соңына дейін қазақтың қара шаңырағы
М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында еңбек етті.Осы театрдың сахнасында қазақ ұлтының салт-санасы мен дәстүрін ішкі дүниесімен сезінетін табиғатынан тіл құдіретін қастерлей білетін жас актер көптеген рольдерде ойнап, майталман сахна шеберлерінің біріне айналды. Әнуар аға театрға келісімен Қапан Бадыров, Қамал Қармысов, Серке Қожамқұлов, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков сынды қазақ өнерінің ірі тұлғаларынан дәріс алды, шапағатымен енді, солардың дәстүрімен өсті. Мұның барлығы Әнуар ағаның 30 жылда сомдаған 60- тан астам кейіпкерлерінен анық байқалады. Әнуар аға өзінің ішкі жан — дүниесінің тазалығымен, ойлампаздығымен ерекшеленді. Ұлттық және дүниежүзілік классиканың көптеген характерлі образдарын оның ішінде жастыққа тән албырт сезім, одан кейін келетін сабырлы байсалдылық , парасат – міне, осы секілді адамгершілік қасиеттер ізденіспен, психологиялық тереңдікке, образ саралаудағы рухани мол дайындықпен жалғасып, М.Әуезовтің «Түнгі сары­нын­дағы» Сапа, «Қаракөзіндегі» Сырым, «Абайындағы» Әбдірахман, Қ.Мұқашевтің «Дала дастанындағы» Ильяс, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері Ақтоқтысындағы» Мұрат,
Ш.Айтматовтың «Ақ кемесіндегі» Момын, «Ана – Жер анасындағы» Майсалбек,
Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» Еламан, Қ.Мұқаметжановтың «Біз періште емеспізіндегі» Сабырбаев, т.б. рольдерді дүниеге әкелді.
Әнуар Боранбаев қазақ кино өнеріне де үлкен үлес қосты. «Қазақфильм», «Қырғызфильм», «Мосфильмге» түсті. Олар: «Түркісіб»,
(Т.Рысқұлов), «Гауһартас» (Тастан) , «Көгілдір төбедегі үй», «Жау тылындағы майдан» (Байсалбаев).
Әсіресе «Гауһартас» фильміндегі Тастан ролі ауыр психолгиялық образ. Ол туралы оның өзі: «Ол өзі қаталдығы мен қайсарлығы, салқындығы мен салмақтылығы, дүниеқорлығы мен адалдығы қатар жүретін күрделі образ», – деп айтқан еді. Актер осы образды жан-жақты ашып, көрсете білді. Халық оны осы Тастан ролінен таныды десек болады. Бұл фильм Қазақфильмнің «Алтын табақшасынан» орын алды. Қандай драматургиялық шығарма, қандай жанр, роль болмасын, ол бірдей игеріп, шеберліктің биік деңгейіне жеткізе білді. Халқы осы еңбектерін бағалап, 1982 жылы Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген артисі, 1998 жылы Қазақстанның Халық артисі құрметті атағын берді. Әнуар аға өзінің бір сұхбатында: «Талант адамға туа біткен қасиет қой. Актердің білімі мен дүниетанымы, ішкі мәдениеті болмаса, жалаң талантпен алысқа бара алмайды», – деген еді. Бұл сөздерді кейінгі жас буынға өсиет етіп айтқандай.
Қазіргі кезде Арқалық қаласының «Мерей» кинотеатрына оның есімі берілді. Өзі оқыған мектебінде музейі ашылды. Актердің өмірі мен творчествосы жайлы «Актер тағдыры» деген естеліктер кітабы жарық көрді. Өзінің қоңыр үнімен, қарапайым адами қасиеттерімен көрермен көңілінен шыға білген ірі тұлға – Әнуар Боранбаев өнерде өшпестей із қалдырды.
Театрдың 92 маусымында актерді еске алу кеші Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында аталып өтеді. Сондай-ақ, оның өмір жолы, сахнада сомдаған бейнелері жайлы көрме ашылады.

Наргиз Тамабекқызы,
М.Әуезов театры музейінің
жетекшісі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір