Көзіңнің сағынамын қарағанын…
27.04.2018
1615
0

(Абай шөбересі –
Ғазел Жағыпарқызы жайлы бір үзік әфсана)

Ғазелді мен жұмыс бабында жиі көретінмін. Бұдан отыз жылдай бұрын… Онда ол топ-толық, ширақ, шашы дудырап ұшып-қонып жүретін. Іскерлігі, ұйымдастырғыш табандылық мінез-қабілет оның жігерлі бойынан өнебойы табылып тұратындай. Кім білген, ұлы Абайдың бір сілемі – тікелей үрім-бұтағы – шөбере қызымен қатар жүргенімізді?… Көп қызметкердің бірі ғой деп ойлаппыз. Екеуміз де қазақ киносы жағында, яғни ол – Ғазел Мағауина Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында фильм түсіруші шығармашылық үлкен топта ассистент-көмекші, қосалқы режиссер де, ал мен Мемлекеттік кинокомитетте бас редактор қызметінде жұмыс жасайтынмын. Аманымыз түзу, хал-жай сұрасып тұрамыз. Тіпті «Мағауина» деген ата-тегіне де онша зер салмаппыз.
Ғазел Мағауина жайлы жазуды ұсынғанда ойланып қалып, «шынымен сол кісі ме?» де­ген­дей тосылғаным рас-ты. Өнебойы алтын көм­бенің үстінде жүріп, бірақ сол алтын көмбенің тереңде, тарих қойнауында қалың бүркеліп жатқанынан мүлдем хабарсыз жайда жүргендей күй кештім. Ұлы ойшыл, дана бабамыз Абай Құнанбаевтың 150 жылдық торқалы тойын қа­лың қазақ емей, дүниежүзі, Юнеско арқылы той­лағалы жатқанда, Абай туралы аз ғана деректің өзі үлкен олжа. Қалам ұстаған әрбір жазарман қазір жер-жерден факт-материал іздеп, тіміскіле­ніп жүргенінен хабардармыз. Архив қойнауын ақтарып, «пәлен жерде ұлы атамыздың бір ұрпа­ғы бар екен» десе, салып ұрып жетіп барғандар, сабыла із салушылар жетіп артылады. Сөйтсек…
Иә, сөйтсек, нағыз қызық материал, қазақ­ша айтқанда, көнекөз шежіреміз жанымызда жүр екен. Телефон нөмірін алып үйіне хабар салмақ ние­тіміз іске аспады. Ешкім жауап бермеді. Ал­дында естігеміз «Ғазел апай ауруха­нада жатыр екен» дегенді. Сол жаққа бармаққа жиналып-тергеліп жатқанда телефон шырыл­дады, құлағын көтерсем – бір егде кейуананың даусы. «Қарағым, Шәрбан, мен Ғазел апайың­мын ғой… Амансың­дар ма? Ауруханадан шық­қан бетім, үйде жан адам жоқ, кішкене әл жинап алайын, содан соң хабарла­сар­мыз…», – дейді. Ойлаймын, «апыр-ай, шынымен қартайып қалғаны ма? Уақыт шіркін бәрі­нің бедерін жойып жібере ме… жастықтың да, күш-қуаттың да, әр-әсемдіктің де… Жо-жоқ, соншалық егде тарта қоймаған болар, күні кеше бұлаң қаға бұлықсып жүргендердің талайы шау тарта егделік-кәрілік дейтін кесірдің құрығына ілігіп, ілініп-салынып жүргендері өтірік емес қой. Мына өзіміз де күндердің күнінде дегендей…».
Келіскен уақытта ол кісінің есігінің қоңы­рау­ын бастым. Ширақ адымдап, жалма-жан есік аш­қан үй иесіне таңырқай қараймын. Бая­ғы шып-ширақ, қияқ көзді, қараторы әсем жан көз ал­дымда. Тек дудыраған қалың шаш бурыл тарт­қан. Бойы тіп-тік, күлкісі де сол кішкене бала­ның пәк күлкісіндей. Жадырап тұр! Қуанып кеттім!
Менің алдымда ғана енген фотокор­рес­пон­дент жігіт екеуі тіл табыса, жайраң қаға бір әңгі­ме­нің тиегін енді ағытқандай. Ол ол ма, қазақы дарқан көңіл де өзгермеген, дастарқанын толты­рып, түрлі дәмге сірестіре мәзір жасап үлгеріпті. «Апырым-ау, ауру­ханадан шыққан адам қалай үлгерген?» деймін таң-тамаша қалып.
– Сіздер Абай атаның кіші баласы – Ма­ғауия­ның киелі босағасын тұңғыш аттап тұр­сыз­­дар. Қадамдарың құтты болсын! – дейді тағы да.
– Денсаулық қалай, Ғазеке, еш өзгермепсіз, бәз-баяғыдағыдай!
– Сен де өзгермепсің. Ал дәмге келіңдер. Әңгі­мені әлі де айта жатармыз.
Бастапқы кіргеннен байқағанымыз – бұл үйде, киелі пір-отта екі қасиетті жанның рухы ба­сым тұрғандай: жүрек дірілдеп, аяқ теңселген­дей күй кештім. Қабырғада кілемге өрнектелген ұлы ақынның портреті. Суреттер, суреттер. Ақ­ын кітабында басылған, Абайдың өз бала­лары – Ақыл­бай, Мағауиямен түскен суреті, және бір топты сурет көзімізге отша басылды. «Сол сурет­тер­дің көшірмесі ме?», – деп сұраға­нымызда Ғазекең:
– Жоқ, қайта түпнұсқасын менен алып қайы­ра көшірткен. Кезінде Мұхаңның өзі /Мұхтар Әуезов/ бір суретті алған, – деді. Жал­пы, бұл үй – фото-архив үйіндей. – Көпте­ген құжат­ты Семейдің өлкелік мұражайына бердім. Әлі де сұрап жатқандар бар, тек көбі қайтар­майды. Абай атамнан жүзге тарта ұрпақ тараған, соған байла­нысты фото-сурет, құжаттар сақтал­ған.
Ғазекең күрсінді. Өзі туралы, жалпы Ма­ғау­ия­дан тараған ұрпақ жайлы сөз суыртпақтағы­мыз келіп, әңгімеге бетін бұрдық.
– Мағауия – менің атам, ол Жағыпардың әкесі, Абай мен Ділданың кенже ұлы. Жағыпар әкеміз 1934 жылы қайтыс болады, Семей облы­сы, Шемониха ауданында кезінде мектеп-ин­тер­нат салдырып, ашаршылық жылдары көптеген қазақ балаларын мектепке тартып, интернатқа алдыртқан. Өзі математикадан, әдебиеттен, суреттен сабақ берген, аса сауатты, көзі ашық саналы азамат. Шешеміз Күлманат, екеуінен жеті бала дүниеге келген, екі нәрес­телері жастайынан шетінеген. Біз – бір қыз, екі ұл. Қыз­дары – Рә­филә 1938 жылы Алматыда 21 жасында қайтыс болды. Үш айлық нәрестесі ішінде кетті. Өкпе­сіне суық тиген екен. Күйеуі Ғымыран Ысқақов та сол 38-жылы фин со­ғысында опат болады. Ұлдан – Берекехан Ұлы Отан соғысына аттанады, үйленбей қыршын кетті, оралмады. Жошыхан да 19 жасында соғыста оққа ұшты. Ол ақын еді, он екі жасынан өлең жазды. Маған арнаған «Қарындасыма» деген өлеңі кейіннен құрасты­рыл­ған «Жыр – аманат» кітабына енген:
Қарындасым, сүйенішім, тірегім,
Мен дегенде өзгеше еді-ау жүрегің.
Ағатайың алыс кетсе қасыңнан,
Жалғызсырап, жабығарсың, білемін.
…Жастай, 1943 жылы, Харьковты азат ету жолында қанды майданда ерлікпен қаза тапқан Жошыхан тірі болса үлкен ақын санатына қо­сылар ма еді, даңғайыр ақын атасының жолын қуып, поэзия көгінде шарықтар ма еді. Әттең… Ал оның «жалғызсырап жабығарсың» деуінде мән бар. Үш жетімек – Жошыхан, Ишағы /Иш­ән/, Ғазел үшеуін әке-шешесі қайтыс болға­сын Мұхтар Әуезов пен Әбділдә Тәжібаев қа­зіргі №12 мектеп-интернатқа орналастырады. Жошыхан майданға өзі сұранып сол жерден аттанады.
– Әке-шешем қайтыс болған соң қатты қи­нал­дық, – дейді әңгімесін соза Ғазел апай. – Онын­шыны тәмамдағасын киноактерлік екі жылдық мектепке түстім. Оны 1947 жылы бітір­дім. Ұлағатты адамдардың алдынан дәріс алдым, олар – Г.Рошаль, М.Әуезов, Күләш Байсейітова. Өнерге деген құштарлық әрі қарай жетеледі. Мұхаңның қолдауымен Қазақ мемлекеттік университетіне түстім, маған Абай атындағы дара стипендия тағайындалды. Оны үздік бітіргесін 1958 жылы киностудияға қызметке алындым. Қазірге шейін осындамын. Көптеген көркем фильмдердің қойылуына менің де еңбегім сіңді десем артық болмас. Мұхаң мені еркелетіп, үйіндегі той-думаннан қалдырмайтын. «Менің қарғашым, әкесі зерек еді, тұқымына тартқан… Күлгенінің өзі менің Жәкімімді елестетеді. Көзі­ме тура Жәкім сияқты болып тұрады», – дейтін Мұхтар аға­тайым. Бірде: «Әкеңнің туған қарын­дасына ғашық болып ем ғой…», – дегені бар-тын.
Бұл айтып отырғаны – Кәмила, Мағауия­қызы, менің әкем Жағыпардың қарындасы. Оқыған, әнші, Абайдың бар әнін айтатын, асқан сұлу. Шашының ұзындығы екі метрден астам, тәкаппар, Мұхаң ғашық болып күйеуге ұзатылған жерінен алып қашқан. Бірақ көп отаса алмай, Мұхтар ағатайым Ленинградқа кетеді… осы Ва­лен­тина Николаевнаға үйленеді. Соның күйігіне шыдай алмай Кәмила апам қайтыс болады. Міне, суреті, – деп Ғазел апай шкаф сөресіндегі топ ортасында отырып түскен әдемі, сол кезең үлгісінде киінген жас келіншек­ті нұсқады. – Бастапқы сөзімде Мұхаң менен бір сурет алды дедім ғой, сол сурет осы бола­тын…
Ғазекең жырдай әңгімелеген екінші адам – Уә­сила, Мағауияқызы. Ол кісінің тарихи да ор­ны бар, ол да көріктінің бірі, тектінің тең­дес­сізі. Абай атасының поэмаларын, Мағауия әке­сінің шығармаларын жатқа оқитын. Мұхтар Әуезовке «Абай» эпопеясын жазуда зор қолқа­быс еткен. Мұхаң одан ылғи да керекті фак­тілерді сұрап, тегі оны консультант есебінде санаған. Тіп­ті, «Абай» көркемфильмін қоярда да Уәси­ланы Меркіден алғызып, кейіпкерлердің киім үлгісін жасатып, тіккізген. Уәсила негізін­де Ділдә әжесінің бауырында өскен, анасы Дәмегөй, одан – Жағыпар, Құтайма, Уәсила, бір туады.
– Уәсила – менің әрі әкем, – әрі шешем. Қам­қор­шым. Ақылды, ұстамды, «Ей!» деген сө­зін естімей өстім. Уәскім мені өз қолымен күйеуге ұзатты. Жолдасым – Әнес Сәтбекұлы, қы­зылор­далық, мамандығы – геолог, жарқылда­ған та­маша жан еді. 1977 жылы, 48 жасында инфарк­тан көз жұмды… – Ғазел қатты күрсініп алды. – Арамызда бала болмады, апармаған курорт-санаторий, сауықтыру орындары қалмады. Шақалақ түсе беретін. Сірә, жастайғы көрген қорлық-қорқыныштар салдары дағы… Жошыхан ағатайым әскерге алынарда: «Абай­дың ұрпағы­мын…» деп ләм-мим деуші болма. Қудалап, тоз-тозыңды шығарады. Интернаттан қуады, далада аштан өлесің», – деп солқылдай жылап табыстаған-ды.
– Уәсилада бала болды ма?
– Уәскім аса балажан-ды. Бәрімізді, қай­ныла­рын да бауырына салып, аялап өсірді ғой. Кіндігінен бала жоқ. Мені баласындай әлпеш­теп «Еркешім» деп отыратын. Қайнысының қызын өз қызым деп өсірді. «Уәсиланың баласы емес десеңдер, әруағым кешірмейді!», – дейтін. Мұхаң қатты сыйлап қастерлеуші еді өзін. Зейнетақы тағайындатты. Үй алып берем деп жүргенде, 1954 жылы қайтты. Мұхаң, Сәбит, Сапарғали Бегалин бастаған зиялы топ «Абай­дың сілемі» деп ардақтап жерледі. Өз қолыммен жуып, ахиретіне орап, 66-ға қараған шағында анамдай болған ардақты апамды мәңгілік сапарына ұзаттым.
– Ал Мұхтар ағамыз бен Кәмиланың орта­сында бала болды ма?
– Болған. Қыз балалар: бірі бір жарым жа­сын­да, бірі туысымен өліп қалған. Ұмытпасам, бір қызының аты Ләйлә. «Ләйлі – Мәжнүнді» жатқа өлеңмен айтатын. Мұхаң да сол нәрестесі­нің аты өлмесін дегендей Валентина Николаев­на­дан туған сүйікті қызын Ләйлә қойған жоқ па?.. Кәмила Мағауия атамыздың екінші әйелі Мар­жан­нан туған. Арманда кетті ғой… Мұхтар ағатайымды ғажап жақсы көретін:
«Көзіңнің сағынамын қарағанын,
Жүрекке махаббатпен тарағанын,
Отырам күндіз-түні өзіңді ойлап,
Өмірге дос болуға жарамадың…», –
деген бір шумақ өлеңі есімде қалыпты. Ақын еді. Қайран, Кәмила!..
Осы шумақты әндете айтқан Ғазел апайдың әуезі кең, мәнерлі үні оның дағы ән өнерінен алыста еместігін танытқандай.
«Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық мол жылдар?!
Ақырын, ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау құрғы,лар», –
Ғазекең өзі шығарған әнімен баяу сыңсиды.
Бар өкініші – Жағыпардан тараған бес баладан бірде-бір ұрпақ қалмағаны. Дауыл-әмірдің дүлейіне тап болған бұлардың әулетін алақұйын шақ біраз шайқаған. Жалпы, Абай ұрпағы кеңге тамыр жайды ма?
Бұл өз алдына басқа күрделі мәселе. Ана бір жылдары А.С.Пушкин үрім-бұтағы жайлаған есеп-карта шығарылған екен. Көз жүгірткенімде жағамды ұстадым: жер шарының Пушкиннің ұрпағы тарамаған бұрышы жоқ!
Тіпті, Азияның түкпір-түкпірінде де… Ин­донезия, Малайзия, Эфиопия дейсіз бе. Қызыға­сың да құлазисың… егер сойылды заманға душар болмаған күнде, қуғын-сүргін, абақты-айдауды көрмеген кезде Абай атаның да ұрпақтары мың­да­ған отбасы болып, әр жерде, әр елде түті­нін будақ­татып, отын маздата жағып отырмас па еді?!

* * *
Ғазел апайдың шағын екі бөлмелі ұядай үйінен қоштаса шығып бара жатып небір ойлар қамалағандай, екі бірдей қасиетті кісілердің Ұлы рухы орныққан алтын босағаға тәу ете кетіп барамыз. Ол екі қасиетті адамдар – Абай және Мағауия аталарымыз. Осынау киелі босағаны ұстап отырған, ардақты бабаларына байланысты суреттерді, құжаттарды көзінің қарашығындай сақтап отырған аяулы Ғазел Жағыпарқызына саушылық, амандық тілей отырып, ол кісімен әлі де бір емес, бірнеше рет жүздесерміз деген нық сенімде едік.
Алайда сұм ажал әпкелі-сіңлілі – Ғазел мен Ишағының жер бетінде жүре тұруларын көп көргендей… Сонымен Мағауия атамыздың тұқым-жұрағаты үзілді.
Алайда Ақылбай ұрпағы Қазақстан өңірінің батысында өмір сүріп жатқан көрінеді. Оған да шүкір. Ғазел апамыз бір сөзінде: «Ақылбай балалары Гурьевте тұрып жатыр», – деп қалып еді. Енді бір орыс газетінде музыкант қыздың пианинода ойнап тұрған сәтін бейнелеп: «Ақылбаева – патомок великого Абая» – деген-ді. Әттең сол газетті таппай-ақ қойғаным.
Иманғали Тасмағамбетов Алматы шаһары­ның әкімі болып тұрған әлеуетті кезінде Ишағы мен Ғазелге жиырма мың теңгеден стипендия тағайын­датқан еді.

Шәрбану ҚҰМАРОВА,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір