Айтматов феномені
27.04.2018
5140
0

немесе таным тармақтарының тарланбозы

Тарихи танымы мен рухани дамуы есте жоқ ескі замандардан бермен қарай сабақтасып жататын қазақ-қырғыз ұлыстарының ұлағат биігінен орын алған ортақ мұралары туралы сөз болғанда, ойға оралатын құндылықтар шоғыры адамзат өркениетінің өзекті бір бөлшегін құрайтынын байқаймыз. Санадан туындайтын салт пен дәстүр, таныммен сабақтасатын тылсым сырлы толғаулар жүйесі тоғысатын тұстарда да қазақ пен қырғыз жұртының рухани үндестігі мен мұндалап тұрады.
Басыма кидім ақ қалпақ,
Оюлап шетін сырғызған.
Менің де бетім жап-жалпақ
Айырмам қане қырғыздан!? – деп жыр­лаған көрнекті қазақ ақыны Әбділда Тәжі­баев өлеңін­дегі тірлігі бір ордалы жұрт­тар­дың абзал бейнесі – рухани бірлік пен адами үндестіктің тарихи дамуда сирек кездесетін нұсқасы. Адамзатқа ортақ құндылық – ұлы «Манасты» құбылмалы саясаттан арашалап алуға атсалысқан ұлы Мұхтар Әуезов дәс­түрі­нен дәрмен көрген текті тұлғалар, қай-қай заманалар болсын, «бір туған» ниетті қос ұлыстың игі бірлігіне дәнекер болудан жаз­ған емес.

Шыңғыс Айтматов… Шығар­ма­лары әлемдік көркем үлгілердің қа­тарынан орын алып, туған хал­қын абыройға бөлеген бұл есім қырғыз ғана емес, бүкіл түркі жұр­тының мақтанышына айналғаны шындық. Заңғар суреткерге қазақ бауырларының «Адамзаттың Айтма­товы» деген толағай теңеуі де – шын ықыласпен берілген баға. Бұл – қаламгерлік аренаға ХХ ғасыр­дың орта тұсынан шыға бас­таған тума таланттың алыс қиыр­ларды шарлаған атағы мен даң­қына шын пейілімен қуанған қазақ қауымы­ның, ұлы суреткерге деген ықы­лас-пейілінің көрінісі еді. Оған уақыт сынынан сүрінбей өтіп, өз дәуірінің өзегін жарып шыққан дара перзенттерге тән ерекше қа­сиеттердің көшбасында тұруы, еткен еңбегі мен тындырған шару­а­сының жалпы адамзатқа түсінікті болуы айқын айғақ. Тілі мен дініне, әдеті мен ғұрпына, қоғам­дық құрылысы мен қауым­дық қағидасына қарамай мұхит асып, теңіз басып, биіктіктермен біте қайнасып кету үрдісі де дара тұлғаларға тән құбылыс десек, Шыңғыс Төреқұлұлы – осы қатар­дан ойып тұрып орын алған ғасырлық құбылыс.
Адам бойындағы асыл қасиет­тердің арда тармағын алаулы азап­тар құрсауында ғұмыр кешкен, біреулер үшін – көптің бірі, енді біреулер үшін – биік рухтың, біре­гей болмыстың иелері – Жәмила мен Данияр бейнесі арқылы же­ріне жеткізе айшықтап берген жас Айтматов «тау мен дала жыршы­сы» биігінен ешқашан аласарған жоқ. Қарапайым тіршілік пен қатыгез болмыстың ара-қатына­сын­да жататын иірімдердің илеуі­нен шыққан жазушы кейіпкерлері, зерделі оқырмандардың сансыз тол­қы­нын: «Қайткенде адам қалады адам болып?…» – дейтін тереңге жетелеп келеді, әлі де жетелей берері сөзсіз. Суреткер мұраты – Расул Ғамзатов айтпақ­шы: «Адамдар менің жұлдызым, соларға жетсем болғаны» – десек, Шыңғыс Айтматов сол мұраттан көрінген жазушы.
Өркениет тарихына өзіндік бетбұрыс әкелуімен ерекшеленетін ХХ ғасырдың адамауи галереясын жасаған суреткерлер, өздеріне тұстас дәуірдің ғаламшар кезіп, мұхит табанын тоздырып, жер құрсағын індеткен пенделерінің іс-әрекеті арқылы уақытқа уағыз айтушылар биігіне көтерілгенін кез келген адамға мойындата ала­тын мысалдар жеткілікті. Осы тұста Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығы», Ми­хаил Шолоховтың «Тынық Доны» мен «Адам тағдыры», Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңізі», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы болып жалғаса беретін ғасырлық сөз-тұлғалар сөресінде «Қош бол, Гүлсары», «Боранды бекет», «Кассандра таңбасы» тә­різді құндылықтардың тұруының сыры неде дейтін сұрақтың көл­де­неңдеуі бек мүмкін. Сана сапы­рылысын сабырға шақыру үшін мифологиялық өрімдер мен таби­ғи таным деңгейіндегі өрістерде жатқан қарапайым қағидаларды шендестіру, орға түсуді оқыстан дегенімізбен одан шығудың тәсілі біреу-ақ екендігін мойындай білу, немесе мойындата білу шығар. Айтматов феномені міне, осындай құбылыстардан тұратын күрделі әлем болғандықтан жоғарыда тілге тиек еткен қарапайым сұрақтың жауабын да осы тұстардан іздеп көруіміз керек.
Жалпы, «Илиада» мен «Одис­сея», «Махабхарата» мен «Манас­тан» бермен қарайғы «адами оқулықтардың», шамамен «Дон-Ки­хоттан» бастап екінші демі ашылды деп пайымдауға әбден болатын сияқты. Әңгіме, асыра дәріптеу мен әсірелей әрлеуден, тарихи баяндаудан бірте-бірте арыла бастаған сөз өнері, енді екін­ші бір ерекше әлем – адам зердесінің ішкі иірімдері мен ой тол­қындарынан бастау алатын таным табиғатына қарай бет бұра бастаған тұс туралы. Әдеби әлем­нің осы екінші кезеңінде туған жұлдыздар шоғыры ерлік пен өрліктің, зұлымдық пен махаббат­тың, наным мен сенімнің шыр­мала шиеленген қиын түйіндерін залалсыз шешіп, зардапсыз тар­қату тәсілін зерттеп, зерделей бас­тады. Дәл осы екінші кезеңнің тұсында күшті мен әлсіздің, билік пен бұқараның, пенде мен та­биғаттың ара-қатынастарын­дағы аласапыран арпалыстардың асау ағындарынан қан мен тердің, қай­ғы мен қасіреттің, үміт пен мақсат­тың ара-жігін ажырату амалдарын іздеу мұраты алға шықты.
Х­Х ғасырда сол мұраттың көсе­гесін көгерткен топтың бел ортасында Шыңғыс Айтматовтың суреткерлік тұлғасы тұр.
Қазақ пен қырғыздың қадым заманнан бері көзінің қара­шы­ғындай сақтаған қасиетті жәді­гер­лері – таулары мен далаларының биік­тігі мен кеңдігін, оларда ғұ­мыр кешкен толымды тұлғалардың жан әлемі арқылы жер-жаһанға жар сала дәріптеген заңғар сурет­кер­дің өзіне тұстас дәуір болмы­сына тигізген әсер-ықпалы да зор болғанын мойындауымыз керек.
Шығарма өзегіне қазақ дала­сы­ның бір қиырындағы қарапа­йым адамдар тіршілігі арқау етілген «Боранды бекет» романы өз дәуіріне орай жаңа көркемдік өлшемге негізделген туынды болуымен ерекшеленеді.
Суреткер алдында сол өзі өмір сүріп отырған кезеңнің бар бол­мысын өзінің өнері арқылы өзгеге де ұқтыра алу міндеті тұратыны белгілі. Бұл шынайы сөз зергеріне тән құбылыс деп есептесек, оның алдында адам жанының нәзік сырларын қозғап, оқырманды шытырман тартысқа ендіру мұ­раты тұратыны сөзсіз. Әрине оның кілтін таба білу де оңай емес. Ол бойына табиғи дарын қабілеті мен үздіксіз іздену қасиетін сіңірген хас таланттың ғана қолынан келе­тін іс.
Шыңғыс Айтматов шығарма­лары туралы сөз қозғағанда осын­дай ойлар толғандыра бастайды. Ол күнделікті өмірде кездесіп жүрген елеусіздеу, жұпыны адамды бойына мол өнегелі қасиет жина­ған асыл адам деңгейіне дейін көтереді. Оның өзгеге ұқсамайтын өзіндік стильде бейнелеп отырған адамның көркем образына қоғам, тарих, болашақ деген философия­лық ұғымдарды қатар қамти оты­рып, оқырманның көңіл-күйін сол қарапайым қаһарманның ішкі әлеміне бойлатып, соған құрмет­пен, шексіз сүйіспеншілікпен бас игізеді. Жазушының сезім мен ой­ға толы шығармаларында адам тіршілігі таңғажайып әлем түрінде суреттелмейді, оқиға желісі де кә­дімгі қарапайым шындық дең­гейін­де көрініс табады. Алайда аңызға бергісіз оқиға желісін за­ман­дастарымыздың іс-әрекетінен, мінез-құлқынан табуға тырысады. Қа­лам­гердің әр шығармасы әлеу­м­еттік-адамгершілік пробле­ма­ларды тиянақты зерттеудің, терең талдаудың жарқын үлгісіндей болып, бір туындыдан екінші туын­дыға өткен сайын биіктен биікке көтеріліп отыратыны әм­беге аян.
Тіршілік әлемінің кез келген тұсында тоғысып отыратын қыр­ғыз бен қазақтың тарихи, мәдени сабақтастығы хас талант Шығыс Айтматовтың бұған дейінгі шығар­ма­ларында да қазақ кейіпкерлер ша­ғын ауқымда болса да негізгі идея мен оқиғалар арнасында үнемі көрініс тауып отыратын. Ал қаламгердің «Боранды бекет» романында бұл сипат барынша кеңейтіліп, тұтастай қазақ жұмыс­шы­сының бейнесін сомдауға арналғанын көреміз.
Романда қазақ даласының бір қиырындағы Сарыөзек сияқты шағын теміржол разьезінде енбек етіп жатқан қарапайым қазақ жұмысшыларының өмір-тынысы, кісілік болмысы суреттелуі екі халықтың тұрмыс-тіршілігінің де ұқсастығын еске салса керек. Алыс замандардан бері де терезесі тең, төсекте басы, төскейде малы қосылған қазақ пен қырғыздың бір атаның ажырамас егіз ұланын­дай екені баршаға белгілі. «Боран­ды бекет» романы осы үрдістің жарқын бір көрінісі деуге болады.
Жазушы қатардағы қарапайым еңбек адамы Едігенің тағдыры арқылы кешегі социализм дәуірі­нің өмір-тынысын көрсетеді. Шың­ғыс Айтматов өз оқырманын кісілік тұлға, адамгершілік сияқты ұлы қасиеттер туралы ойға бұра отырып, оны адам бойына дарыту­дың тиімді амалдары мен жолда­рын іздеуге жетелейді. Романның бас кейіпкері Едіге – бойынан ұлттық қасиеті айқын көрінетін күрделі тұлға. Ол ұлттық әдебиет қана емес, әлем әдебиетіндегі жаңа тұрпатты кейіпкер. Әрдайым әлеуметтік келісті іс-әрекет үстін­де көрінетін Едігенің тұла байын­дағы сезім мен парасат, күрес пен қимыл, толғаныс пен тебіреніс оқырман ойын еріксіз баурап, толғанысқа түсіреді. Ол – сондай-ақ қазақ халқының дәстүріне сай кішіге аға, үлкенге іні, отбасының тұтқасы, мейірімді әке, Қазанғап пен Әбутәліп Құттыбаевтарға айнымас дос, адал көрші бола білген өмірі өнегеге толы жан. Еді­ге­нің бойындағы парасат оның табиғи қарапайымдылығы мен қайырымдылығы арқылы тағы­лым­­ды қасиетке ие. Ол – қатар­дағы қарапайым қазақ, темір жолдың қара жұмысшысы бол­ғанына қарамастан ісі де, ойы да адамзаттық ұлы мұраттар биігінен көрініп отыратын дара тұлға.
Сонау қияндағы Қызылор­даның тұлпардың тұяғын, құстын қанатын күйдіретін, алты ай жазда бір тамшы тамбайтын аптап-ыстығына қарамай адамдар тір­шілік етіп жатқан Боранды бекет – біреулер үшін «ит байласа тұрғысыз» болғанымен осында жайлап, ұрпағын өсіріп, азаматтық қажыр-қайратын көрсетіп жүрген жандардың «алтын бесігі», басқа­ның «мысыр шәрі жұмағына» айырбастамайтын бақ мекені. Өрі­сі тар, күйкі мақсаттардың пен­десі еместігіне риясыз сендір­мек. Суреттеліп отырған темір жол бекеті шетсіз-шексіз алып құм шағылдар мұхитының ортасында жатқанымен, әлгіндей асыл адам­дар қайсарлығының арқасында «бұл өлкеде пойыздар шығыстан-батысқа, батыстан-шығысқа үздіксіз ағыла» беретініне кәміл сенесіз.
Романның басталуы да тосын. Оқырман бірден шиеленісетін оқиғаға тап болады. Ол – шағын ауылдың ағасы дерлік, разъездің ең байырғы жұмысшысы, Едігенің бір еңбек коллективінде істейтін ежелгі досы, жансүйер аға заман­дасы Қазанғаптың дүние салуы еді. Жұмыс басында жеткен суық хабар Едігенің санасын сан-саққа жетелеп, есеңгіретіп тастады. Оның түрлі себебі бар еді. Қазан­ғап­тай ұл да, қыз да өсірген ар­да­гердің демі таусылған шақта аузына су тамызып, басын сүйеп, бетін жабар жан болмай, қаңы­ра­ған бос үйде жан тапсыруы көңілін құлазытып, жанын ауыртты. «Қан­дай асыл еді десеңізші. Ақырында жүзін жабатын адам да болмай қал­ды қасында… ит өліміндей болды…», – деген Үкібаланың сөзі де күйеуінің ойын қайталағандай еді. Едіге іштей егілді. Асыл аза­мат­тың «ит өліміндей», қарғысқа ұшырағандай дүние салуы Едігені қатты күйзелтеді, терең тебіреніске түсіреді. Осы оқиғаға бас кейіп­кердің роман бойындағы барлық қимыл-әрекеті мен ой парасаты қозғаушы болады. Қазанғаппен танысқан алғашқы күннен бастап бірге өткізген өмір белестері ой ше­гінісі арқылы Едігенің санасын­да қайта жаңғырып, көз алдынан өте бастады.
Сонау бір жылдары соғыстан мүгедек болып оралған Едігеге Қазанғап қол ұшын беріп, боса­ғасына Қаранарды байлап, көме­гін көрсеткен болса, енді Қазан­ғапты мәңгілік сапарға аттандыру міндетін Едіге атқаруға тиіс күн туған еді. Өйткені, Қазанғап ал­дында тіріде қайтара алмайтындай борышы бар. Сондықтан бұл Едігенің Қазанғап алдындағы азаматтық борышын өтеуге тиіс сәттің келгені еді. Дәстүрлі ұлттық түсінікті санасына сіңіріп өскен Едіге ескі досын жерлеу күні шамасы келгенше азаматтық, кісі­лік борышын өтеуге талпынады.
Қай-қай тұста да шығарманың бас кейіпкері өзі өмір сүрген дәуір азаматтарына ұқсастығымен де, әрі өзгешелігімен де танылатыны заңды. Бұл орайда ірілі-уақты тар­тыстарға қатынасы оны өзгелерден бөлектеп көрсетіп, сезім-күйі де, қи­мыл-әрекеті де өз болмысына ға­на үндес шығып жатуы да керек. Қазанғап бірден өз жолын таба алмай, бір орынға тиянақтай ал­май жүрген Едігені дұрыс жолға салып, тіпті басына баспана тұрғызып, алдына мал салып беріп, еңбекке баулиды. Ақырында Борандының табиғатына да етін үйретіп, туыстастырды, көнтерілі азаматқа айналдырады. Оның тұрмыста, еңбек процесінде, адамдармен қарым-қатынас үстінде де бірден-бір тәлім алар ұстазы – осы Қазанғап.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей бас кейіпкер Едіге Қазанғаптан қабылдаған жақсы үрдісті дамытып, жауапкер­шілік­пен жалғастырды, белгілі белеске көтереді. Едіге адам­шы­лық ірі болмысы, мінез тұрғы­сы­нан қарағанда да өзгеше тұ­р­пат­тағы кейіпкер. Мұғалім Әбу­­тәліптің басына үйірілген бұлт­­тан сескенбей, қысылшаң күнде қиындықты бірге көтеріп, қуанышына бірге қуанып, қайғы­сына бірге ортақтасады. Ол жа­зық­сыз жапа шеккен сәтте, ар­тында қалған отбасын қиянат­шыл жандардан арашалап, бала-шағасына қамқор болып, барынша қол ұшын береді, жәрдемдеседі. Біраз уақыт өтіп, саяси жүйенің ызғары қайтып, бір кезде жазық­сыз жазаланғандарды арашалауға мүмкіндік туған шақта сонау бір кезеңдегі тоталитарлық саясаттың құрбаны болған Әбутәліп Құт­тыбаевтың аруағын арашалап, адалдығына көз жеткізуге, бала-шағасына, адал жарына сүйікті адамының азаматтық есімін қайы­рып беруге белсене кіріседі. «Бә­рінен аулақ, өзіме зияны тимесін» деп қашқалақтаған кейбір ұж­дансыздар сияқты емес, Едіге сол бір қиын күндердің өзін­де еш­нәрседен жасқанбай «халық жауы» Әбутәліптің адалдығына, таза­лы­ғына нық сеніммен қалқан болып, ақ­тал­уына бар күшін салады. Осы бір іс-әрекеттің өзінен-ақ адалдық үшін жалаң аяқ шоқ басып, жа­ла­ңаш мұз төсенуге дайын кейіп­керін автор небір ширыққан тар­тыстар үстінде көрсетеді. Оны сол дәуірге тән идеология аясында, халықтың дәстүрлі мүдделері мен мақсаты тұрғысынан бейнелейді. Халықтың көкейіндегі арманын, салт-санасындағы ежелден қалып­тас­қан ізгілік мұратын дәріптеуден тартынбайды, «әсіре қызыл» иде­оло­гия ықпалына түсіп қаш­қа­лақ­тамайды. Едіге сүйенері жоқ соқа басты Қазанғап қартты «Ана-Бейіт» зиратына апарып жерлеуге қаншама күш салғанын қараңыз… Бұл Едігенің отыз жыл бойы жұ­бын жазбай бірге келе жатқан до­сының әруағына деген шын адамгершілік ілтипаты екені сөз­сіз. Едігенің Қазанғапқа деген достық көңілі риясыз адал. Өйткені, Қазанғап – Едіге үшін «асыл адам» символы.
Өлім үстінде ұлттық жосық-жоралғының орындалуы бары­сын­да көрініс табатын іс-әрекет­тер, қазақтың жерлеу рәсіміндегі өрелі кісілік қасиеттер романда Едігенің көзқарасы, өзіндік пайым­­дары арқылы берілген. Бұл орайда дүние салған жан тірі кезін­де кімге қандай жақсылық, кімге қандай залалдық жасады деген мәселе төңірегінде ой еле­гі­нен өткізу «сүйек иесінің» қасиетті борышы болып саналған.
Едіге адам өліміне адамгер­шілік категориялардың тоғысуы тұрғысынан баға береді, өмірмен жанды қатынастағы құбылыс ретінде қабылдайды. Ол адам қазасына, өзгенің де басына түскен трагедиялық жағдайына тебірене біледі. Бұл жағынан келгенде Сәбитжанды Едігемен мүлде салыстыруға келмейді. Сәбитжан – тіпті туған әкесінің өліміне қайғыра алмайтын безбүйрек. Әкесінің өлген хаба­рын естіп келіп, оны мәңгілік сапарға аттандыруға тиіс Сәбит­жанның болмысын көрсететін мына бір көрініске назар аударып көрейік: «…Еркектер жағы шелек­пен су тасып, қара май сіңген ескі шпалдарды жарып отын дайында­ды. Бұл шөл далада отын да судай қат еді. Жұмысбасты адамдарды алаңдатып, қай-қайдағыны бөсіп, Сәбитжан аяққа оралғы болды. Облыста кім қандай қызметте, кім орнынан алынды, оның орнына кім барды деген сияқты қысыр әңгіме. Ал атасының қазасына өз әйелінің келмей қалғаны қаперіне кіріп шығар емес. Қызық-ау, құдая тоба! Әйелінің келмеген себебі: шетелдік меймандар қатысатын әлдебір конференцияда болуы керек екен. Сәбитжанның әйелі болмаса, конференция қараң қалатындай. Ал марқұм Қазанғап­тың немерелері неге келмеді, деп ешкім қазбалап та жатқан жоқ. Сәбитжанның балалары болашақ­та институтқа түсу үшін тәуір ат­тес­тат алмақ болып, оқу үлгерімі жолында күресіп жатса керек. Бұл жұрт не болып барады. Бұлар үшін өлімнен басқасының бәрі қадірлі. Бұлар өлімді сыйламаса, тіршілік­тің қадірін қайдан білсін. Бұлар қалай, не үшін өмір сүріп жүр өзі? Өмірдің мәні не сонда бұлар үш­ін?». Едіге аузынан шыққан бұл сөздерде қаншалықты терең сыр жатқаны ақиқат.
Өз қоғамының өзегінен өніп шығып, өзге ортаның өзегін өрте­ген Ш.Айтматов кейіпкерлері нанымы мен сенімі, әдеті мен ғұр­пы, тілі мен ділі жәйлі өзіне бей­таныс ортаға «түсініктеме» беріп жатпай-ақ судай сіңіп, тастай ба­тып кетіп жатса, ол сөз өнерінің тек­тілік тұрпаты мен дарынның даралығымен ғана түсіндірілуі мүмкін.
« – Мен түнде ылғи қараймын, ай маған қарайды. Бірақ бір-бірімізді естімейміз… Айда біреу отыр…». Бұл адам әлемін екі жікке бөлудің, мүмкін, көшбасында пайда болған алғашқы әдеби ұғым – бейне ретінде қабылдануға тиісті Мәңгүрт тектесіміздің адам­затқа қайтарған қасіретті жауабы.
Ғарасат майдандарынан май­даланбай шыққан миы сау, мінезі түзу, үғымы ортақ ұлағаттармен ұштасқан кешегі ортаның бүгінгі бір бөлшегінің пайымы. Шыңғыс Төреқұлұлының Ақмаяға мініп алысқа аттанған Найман – Ана мен Мәңгүрт перзент образдары арқылы адами санаға енгізген жаңа түсінігінен бастау алатын, тұстас ғасыр тұрпатындағы жаңа айшықтарды түстеп-түгендеп жатудың қажеттілігі замананың ой-өресіне сын жағдай деп есептеуіміз керек.
«Шығыстан батысқа қарай, батыстан шығықа қарай ағылып жататын пойыздар» жөңкілісі жетіқат көктің жырағынан талып жеткен «Орман Төс» өркениетінің үрейлі үні, Найман – Ана жатқан ежелгі зиратқа аяғы жетпей жаны жүдеп, жүрегі жылаған есіл Едіге, Найман – Ананың ақ жаулығынан аза құсына айналған ақ қанат әлем – ұлы суреткердің Ұстаздық бейнесінен тараған үміт пен үрей ұшқындарындай әсер қалдырады.
Ой желісін орманды нуға же­телеп, болмыс заңдылығын сана-хатпен шегелеген шебер Иеге шерін төгіп жалбарынған Едіге – Тағдырдың Сарыөзектің сағымды даласына ғана емес, бүкіл Аспан астын саялаған адами санаға бағышталған алапат арман-тілегін Айтматов қаламы жан тебірентер биікке көтере келе, сабыр мен салқам-саябырға емес, өнебойың­ды қарып түсер қатерлі диалогқа ұластырады. Мүмкін бұл ғасыр қасіреті шығар!
Марқұмның мүрдесін жер қойнына жаңа тапсырып, жан дүниесі жаңа ғана жадырай бас­таған Едіге, Қазанғаптың аузына тістеп, арқасына салып баққан, арқа еті арша, борбай еті борша болып жүріп оқытып, ел қатарына қосқан жалғыз мұрагері Сәбит­жанға қайрылады.
« – Сәбитжан қарағым, енді қолымыз босады. Енді бір әңгіме бар. Ата-баба зираты Ана-Бейітті қайтеміз? – деп сұрады.
– Қайткені несі? Бас қатыра­тын түгі де жоқ, – деді Сәбитжан. – Жобаның аты жоба. Сол жоба бойынша зират жойылады. Мұ­ның несі сөз.
– Менің айтпағым ол емес. Өйте берсең кез келген іске қолды бір сілтеп қоя салуға болады. Сен ғой осы жерде тудың, осы жерде өстің. Әкең сені оқытты. Енді әкеңді алыс жолға аттандырдық. Жапанда жалғыз өзі қалды. Әйтеуір өз туған жерінде жатыр, көңілге сол ғана медеу. Сен ғой сауатың бар, құдайға шүкір, қызметің облыста, кез келген
ад­ам­мен сөйлесе аласың. Оқы­маған кітабың жоқ…
Е, онда тұрған не бар? – деп Сә­битжан орта жолдан килігіп кетті».
Өнебойыңды өртке орап, жан-жүрегіңді шаншып өтер екі сөй­лем: «оқымаған кітабың жоқ», «е, онда тұрған не бар?». Шағын ма­қала үшін ұзақтау болып көрінер осы үзіндінің қатпарында жатқан алапат астарларды пайымдау үшін әрбір оқырманның өзі өмір сүріп отырған уақыт пен қоғамы туралы ойлануы керек. Шешуі күрделі қиын түйіннің шиеленіскен ши­майында – адамзат жүріп өткен ұзақ жолдың ұлағатты тұстарын ұлықтаған Құдайдың пендесі Едіге мен бір аяғы Сарыөзектің дал­а­сында, бір аяғы «Орман Төстің» қиырында тұрған Сәбитжан­дардың арасындағы тұңғиықтың аранынан адамзат өркениетін ара­шалап алудың амал-айласы мен тәсілін іздеудің ізі жатыр.

Құныпия АЛПЫСБАЕВ,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ Қазақ әдебиеті
кафедрасының профессоры,
филология ғылымының докторы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір