«…Жұтылмау үшін ұлы қорғанды жүректерге соғу керек»
13.04.2018
1953
1

Омарәлі ӘДІЛБЕК,
«Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы


– Шыңжаңдағы саяси жағ­дай­дың күрделенуі және ол туралы анық ақ­параттың аз болуы ел ішінде түрлі әңгімелерді үдетіп жіберген сыңайлы. Сіз бас­қарып отырған бірлестік бұл мә­селенің оңтайлы шешілуі жолында бір­қатар шаруа атқарып жүр екен. Қа­зіргі жағдай қалай, ондағы аза­мат­тар пас­порттарын қайтарып алды ма?
– Ең алғаш 2017 жылдың қаңтар айын­да біз бір топ қандасымыздың Қы­тайға қайтып жатқанын естідік. Қор­ғас бекетінде адам шамадан тыс кө­бейіп, бірінші күні арғы бетке өте ал­маған ағайын екінші күнді күтіп қи­налып қалыпты. Бұған түрткі бол­ған Қытайдағы тиісті мекеме­лер­дің белгілі бір уақытта зейнетке шық­қан қызметкерлердің әрі ком­партия мүшелерінің өз мекемесіне ба­рып қайтадан тіркеуден өтуі ке­рек деген нұсқау екен.
Шыңжаң автономиясы аума­ғын­да қолға алынған бұл тексеру Іле қазақ облысына келгенде біраз өз­­геріп, жергілікті орган басшы­ла­ры асыра сілтеп жіберген. Тіпті, кей жерлерде «Қазақстан азамат­тығын алсаң, Қытайдан не үшін зейнетақы ала­сың?» деп біраз азаматтың пас­портын жиып алған. Бұл жа­­ғ­дай­лардың жәй-жапсарын анық білу үшін Қытай мемлекеттік орын­да­рының өкілдерімен үш-төрт рет кездестік. Астанадағы Бас елші бізді өзі қабылдады. Оның алдында Қы­тай­да «Бір белдеу, бір жол» атты Ха­­­лықаралық ынты­мақтастық фо­румы өтіп, оған біз­дің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан еді. Осы жиыннан соң Қазақстандағы Қы­тайдың Бас елшісі бірқатар аза­маттардың басын қосып, баспасөз мәс­лихаты секілді түсіндіру бас­қосуын өткізді. Алматыдан бір-екі жігіт бардық. Осы жиында да мен осы мәселені Бас елшіге жеткіздім. «Қытай мен Қазақстан мемлекеті­нің 20 жылдық достық қарым-қа­ты­насының арқасында екі елдің эко­номикасы едәуір ілгеріледі. Қы­тайда біздің көптеген қан­дас­тарымыз тұрады. Екі ел арасын­дағы қа­рым-қатынасты нығайту жо­лында жоғарыдағы билік өкіл­дері көп игі іс атқарғанымен, оны үлкен қалалардан шалғайда жат­қан ауыл әкімдіктері дұрыс орындамай жа­тады», – деп айта келе Шыңжаң өл­кесіндегі паспорт жинап алу нау­қанының салдары­нан Қазақстанға қай­та алмай жат­қан адамдардың санын көрсеттік. Бас елші Қытай елінде зейнетке шыққан адамдар Қы­тай елінің дамуына еңбегі мен маң­дай терін сіңірген адамдар. Олар сол еңбегі үшін берілетін зей­нетақысын әлемнің қай түпкірінде жүрсе де ала алады. Мұны жергілікті орган қызметкерлерінің ұстап қалуға, бермей қоюға хақысы жоқ. Ық­-
т­иархат алғандардың ықтияр­ха­тын жоққа шығаруға да олардың құзіреті жүрмейтінін айтты.
Арада біраз уақыт өткенде осы мә­селеге байланысты Қазақстанға Қытайдан қызмет тобы келетіні бел­гілі болды. Ол алдымен Аста­на­ға, сосын Алматыға келіп бізбен кез­д­есті. Біз өз пікірімізді ашық ай­тып, нақты қиындыққа тап бол­ған 15 адамның тізімін бердік. Қы­тай­дың Солтүстік Шың­жаңын­дағы төрт аймақтан Қазақстанға келген 200 мыңға таяу адам бар. Оның бі­реуі­нің зейнетақысын тоқтатқан, бі­реуінің паспортын алып алған, беруі­нің әке-шешесі қонаққа ба­рып келе алмаған, енді бірінің бала­сы барып қайтпаған. Солардың бар­лығын жидық, «Жебеу» қоры­ның бес мүшесін қосқанда 15 адам­ды Қытайдың Бас консулы қабыл­да­ды. Сол кезде көптеген адамдар бұл кездесуге барғысы келді. Бірақ ол ресми кездесу болғасын алдын ала тізім белгіленіп, көп адам кіре алмады. Делегацияның құрамында Қы­тай Сыртқы Істер мекемесінің хат­шысы, Қытай мәдениет депар­таментінің, еңбек департаментінің басшылары бар жеті адам бар. Үш сағаттай қызу талқыда біз барлық мә­селені нақты фактілермен анық­тап айттық. Ол делегация өз елде­рі­не барып бұл мәселе жө­нінде жұ­мыс тобын жасақтап, мәселені анық­тайтынын айтты. Арада екі-үш күн өткенде Іле қазақ облысында жиып алынған пас­порттар тара­ты­лып берілді деген хабар алдық. Тоқ­таған зейнет­ақыларын берген. Бірақ зейнетке шықса да партияға мүше болып отырған мемлекеттік кадр­лар бар. Олардың көбі партия­ның мүшесі, қазір бізде партиялық тәртіп күшейіп тұр, сол себепті пар­­­тияның қай мүшесі қай жерде жүр­генін білуіміз керек, сондық­тан олар екі айда бір рет өздері­нің қайда тұр­ғандарын хабарлап отыруы ке­рек деді. Ыхтиярхатты да қайтарып бер­ген. Бірақ Қытай паспорттарын әр адамның тұрғылықты жеріндегі мекемеге сілтеп, тұрғылықты жер­де­гі мекеме басшысы Қазақстанға ба­рып келуге рұқсат берсе барып ке­ліп тұрады деді. Ал ондағы бас­шы­лар әртүрлі ғой… Кейбір меке­ме­лер рұқсатын берді, кейбірі бер­меді. Осы аралықта бізге арызданып кел­ген біраз кісілердің туыстары­ның елге оралуына ықпал еттік.
Қытайдағы бұл мәселені ондағы Тибет, Ұйғыр мәселе­сімен қатар қойып халықаралық дауға айнал­дыр­ғысы келетін мүдделі топтар бар. Ал біз өз алдына дербес елміз. 27 жыл бойы қалыптасқан Сырт­қы сая­си жүйеміз бар. Қытайдағы қа­­зақ­тар өте көп емес – 2 млн, қа­­зақ­тар шоғырланған жерде Қы­тайдың үлкен саясатына қайшы ке­летін оқиғалар орын алып жат­қан жоқ. Сол себепті ондағы ха­лық­ты осы дау­дан арашалап ал­сақ. Ол Қытай­дың ішкі шаруасы, де­генмен оны дипломатиялық жол­мен шеш­сек. Өйткені, Қытай­дың бізде көптеген мүддесі бар. Мұнай-газ саласында Қытайдың үлесі 20 пайызға жетті, өз­ге де са­ла­ларда біршама үлесі бар. Қа­зір бізге шетелден келген аза­мат­тарға еңбек лицензиясын беру тала­бы күшейді. Ал Қытайдағы 2 млн қан­­дасымыз үлкен еңбек күші. Олар­­ды Қытай компания­лары­мен бір­ге еңбек күші ретінде алып келу­­ге мүмкіндік жасалса жақсы бо­лар еді.
­– Осы ұсынысыңызды тарқа­тып ай­тасыз ба? Сіздіңше, оның қан­дай жолы болуы мүмкін?
– Ол біздің Сыртқы Істер ми­нистрлігіндегі азаматтардың кә­сі­би біліктілігіне байланысты. Қа­зір ми­г­рация жөніндегі заң бір­шама кемелденді. Бұрынғы заң бойынша әрбір Қытай азаматы бір жылдық немесе көп­жылдық ви­за алып сауда жасап жүре бе­ре­тін. Ал жаңа заң бо­йын­ша ондай адам­дарға еңбек ли­цензиясы бе­рілмейтін болды. Еңбек лицен­зия­сын алу үшін Қазақстанға ин­вес­тиция салуың керек. Сосын 40 адамға бір ли­цен­зия беріледі. Мәселен, үш лицензия алсаңыз 120 адамға жұмыс беруіңіз керек. Бұл 120 адам ойдан құралған адам емес, оған 10 мың теңге айлық бер­сеңіз де, олардың әлеуметтік, зей­­нетақы, медициналық са­лық­­та­рын төлеп отыруыңыз тиіс. Мұ­ны Қы­тай азаматтары жақсы се­зініп отыр. Бұрын қытайлық ком­пания­лар аспазынан жүр­гізу­шісіне дейін сол елден алып келе­тін. Қазір олай ету оларға тиім­сіз. Ал осы тұста біз­дің дипломаттар бі­ліктілік танытып, Қытайдағы қа­зақтардан лицензия талап ет­пей­тіндей келісімге келсе бі­раз мә­селе шешілер еді деген ой­да­мын. Бұдан біраз уақыт бұрын ашы­л­ған Ақтоғай кенін Қытайлар екі жылда салып бітті. Сонда жұ­мыс іс­теген азамат­тардың бар­лы­ғы дер­лік біздің қандастарымыз. Бұл Қы­тайға да, бізге де пайдалы.
– Қазір Саяси үйренуге алын­ған Қазақстан азаматының нақты са­нын анық білесіздер ме, қанша адам?
– Бейресми дерек бойынша се­­гіз-тоғыз адам. Нақты ақпарат­қа сүйенсек үш-төрт факті тір­кел­ген екен. Біз өткен жолы елші­лік­ке хат жазғанбыз. Сонда бізге оның се­бептерін айтты, түсіндіру жұ­­мыс­тары жүріп жатыр деді. Бі­реуі елі­міздің елшілігінің араласуы­мен 8 айдан кейін қайтып келді, бұл жа­ғдайлар Алтай, Тарбағатай ай­мақ­тарында кездесіп отыр, басқа жер­лер әзір­ше тыныш. «Саяси үй­рену» нау­қа­­нының мақсаты ту­ралы Бас кон­сулдың орын­­ба­са­рынан, Пекин­дегі орта дәрежелі ше­неуніктен сұрадым, бұл нау­қан­ды жүзеге асы­ратын тиісті орын­дардың бар екенін және оған кез келген басшы араласа алмай­тынын айтты. Бірақ шеткері ай­мақтарда асы­ра сілтеу болғанын жа­сырмады. Мұ­ның ар жағы қа­лай болатынын бол­жау қиын.
Бұрын қазақтар көп қоныс­тан­ған Солтүстік Шыңжаң өлке­сін­де Саяси үйрену деген болма­ған. 2017 жылдың маусым, шілде айларынан бас­тап Саяси үйрену де­ген шық­ты. Оған біздің қандастары­мыз­­дың арасынан уатсап жүйесін қол­дан­ғандар кіріп кетіп жатыр. Осы­ның өзі Қытайдағы қазақ мә­селесін халықаралық дауға ай­нал­дырғаннан шығар. Біз өз елімізде оты­рып, жөнсіз айғайлап-аттан­дай береміз. Бізде кісілік құқық, демократия деген жақ­сы ұғым, тәтті ұғым бар. Бірақ, Қы­тай­дың обьективті, субъективті жағ­дай­­ларын ескеруіміз керек. Бұл айт­­қаныма кейбір адам­дар мені Қы­тайдан қорықты деп ойлауы мүм­кін. Бірақ, бұл қорық­қандық емес. Дербес ел ретінде біз өз мүд­демізді мәдени түр­де, екі елдің заң­дарын негізге ала оты­рып қор­ғай білуіміз керек.
Қазір Қытай елі біздің мемле­кет­пен тығыз қарым-қатынас жа­сауға мүд­делі. «Бір белдеу, бір жол» идеясын Н.Назарбаев уни­вер­ситетіне кел­ген­де ҚХР Бас­шы­сы Си Цзиньпин ор­таға сал­ған. Одан бө­лек, «Батыс Еу­ро­па – Ба­тыс Қытай» тас жолы са­лы­­нып жатыр. Ол жол толық іске қо­сылса бүкіл Қытайдың тауары Еу­ропаға 20 күнде жетеді. Оның 1500-2000 шақырымы біздің Қазақстанды басып өтеді. Бұл Қазақ­станға өте үл­кен пай­да, біз мұны дұрыс пай­далана білуі­міз керек. Шың­жаң­дағы ерекше жағ­дайға әрі елі­міз­дің миграция заңы­ның күшейуіне байланысты Қы­тай азаматты­ғымен жүрген көп­теген орта-ша­ғын бизнес өкіл­дері нарықтан ығысуда. Барахолка, Алтын Орда базарларынан бұны байқауға бо­лады. Бұл еліміздің орта-шағын биз­нес өкіл­дері, әсіресе жастар үшін нарық­тан өз үлесін алудың тап­тырмас орайы. Мен айтар едім, жастарымыз ар­зан атақ, ай­ғай қумай, күні-түні әлеу­меттік же­ліге жегілмей, өз жағ­дайын, от­басының жағдайын дұрыс­тап алса құба-құп болар еді.
– Шыңжаңдағы жағдайдың киын­ды­ғы Қазақстанға көшіп кел­гісі келген ағайындарға қалай әсер етті?
– 8 наурыз күні, Ал­ма­тыда Бас консулдың орын­ба­сары бастаған үш кісімен «Же­беудің» кеңес мү­шелері кең кө­лем­де пікір алмастық. 20 наурыз күні төрт адам Аста­нада ҚХР Бас елшісінің қабыл­дауын­­да болып Шыңжаңдағы жағ­дай­лар жөнінде қан­дас­та­ры­мыз­дың арыз-арманын жеткіздік. Екі реткі кез­­десуі­м­із де ашық, бүкпесіз жағ­дай­да өтті. Бас елші сәуір айының ор­тасында осы біз көтерген мә­се­лелер жө­нінде Шыңжаңға елшілік, кон­сул­дық атынан ар­наулы қызметтік топ жіберетінін айтты әрі екі ел қа­рым-қатына­сы­ның жоғары дең­гейде дамып жат­қанын, әрқан­дай мәселені бөгде күштерді аралас­тырмай дип­ло­матиялық жолмен шешу мүмкіндігі бар екенін айтты. Ес­ті­сек бұл ар­найы қыз­мет тобы Үрімжіге ба­рып­ты. Елі­міз де­мок­­ратиялық құқық­тық зайыр­лы мем­лекет. Азамат­тарымыз бас­пасөз еркіндігін еркін сезінеді. Де­се де ұлт­тық, әлеу­меттік, қоғам­дық қай­шылықтарды қоздырғысы келе­тін, расталмаған ақпарат­тар­мен ха­лық­ты адас­тыр­ғысы келе­тін, албырт жас­тардың отаншыл­дығы мен ұлт­шыл­дығын басқа мақсатта пайда­ла­нып қалғысы келетін көмескі күш­тер жан­таласуда. Олардың бас­ты мақсаты қазақ көшін тоқтату. Ол мақсат­тарын белгілі бір дәре­жеде іске асырып үл­гер­ді. Қазір мем­лекеттік арналар бұл мәселеде сабырлық сақтап отырса да, көп­теген сайттар мен әлеуметтік желі ар­қылы Қы­тай халқына қарсы шу көт­ерілді. Одан Қытай саясатына емес, жеке халыққа деген өшпен­ді­лік­ті үде­тетін пиғыл байқалып қал­ды. Бірақ, барлық мемлекеттің өз қа­­телі­гі, кемшілігі, сыңаржақ­ты­лы­ғы бола­ды. Ал біздегі кей сайттар мен әлеу­мет­тік желідегі кейбір аза­маттар оны ес­кермей, жөнсіз шу­ла­тып жатыр. Оны Қытай тарапы біл­мей отырған жоқ, біліп отыруы да мүмкін. Олар­дың ішінде де ұлт­шыл­дары бар ғой, олар сол мемле­кет­те өсіп-өніп, та­рихи отанына келіп Қытай елі туралы жағымсыз сөз айтқандарға өздерінше тос­қауыл қойғылары келуі мүмкін. Сөй­тіп, оларды тарихи отынына жі­­бер­меу керек деген ой тастауы да ық­тимал. Анығын айтсақ, соңғы 20 жыл Қытай қазақтары үшін өте ба­қыт­ты жыл болды. Қазақтың есесі қайт­қан, еңсесі тіктелген кезең бол­­­ды, Алтай мен Атыраудың ара­сын­да ер­кін қалықтадық. Үрім­жіге, Пекинге той­ға бардық. Қазақ­стан шеттен кел­ген оралман­дарға көп­теген жеңіл­дік­тер берді. Қаншама азамат жұмыс тап­ты, жағдайларын жасады, бала­лары есейіп шетелде білім алуда. Осы мамыражай тірші­лікті көре ал­майтын күштер бар ғой. Шыңжаң аймағы Қы­тайдың көпұлтты, көпдінді, түрлі мә­дениет тоғысқан күрделі аймағы. Ол жерде әр ұлт­тың ішкі қайшылығы, әр топ­тың арасындағы мүдделер бар, ол бұрыннан қордаланып қалған. Ол ұлттар мен топтардың өкілде­рі­нің бі­разы құқық қорғау саласында отыр. Жоғарыдағы сәл қатайған сая­­сатты мұн­да отырып «шаш ал де­се бас алып» өршіткендер жоқ емес.
– Халықтың осынша сарсаңға түсуі өз құқықтары мен міндеттеріне салғырт қарауынан болған шығар, Сіз қалай ой­лайсыз?
– Бұл сөзіңіздің жаны бар. Дей­тұр­­ғанмен, Қытайды құқық­тық ел деп айта алмаймыз. Қытай Рес­пуб­ликасы құрыл­ғаннан кейін мәдени төң­керіс, оншылдыққа қарсы төң­керіс деген науқандар көп болды. Ал кейін Дэн Сяо­пин билік басына келгеннен кейін Қытай экономи­ка­ға көңіл бө­ліп, біраз дамыды. Бұ­дан бір-екі жыл бұрын Қытайда өт­кен жиында Қытай эмигранттар қоғамының төрағасы­ның аузынан «1980 жыл­дары Қытай мен Батыс­тың ар­сында текетірес идео­логия сала­сында немесе социа­лизм мен капи­тализмнің арасындағы қайшы­лық болса, ал енді қазір Қытай мен Батыс арасындағы парық кісілік құ­­қық пен демо­кратияға деген та­ным­­ға негіз­делген», – деген пікірді ес­­тідім. Демек, бұрынғыға қараған­да бір табан алға жылжу бар. Деген­мен құқық мәселесі, әсіресе Шың­жа­ң­­да толық реттелген жоқ, адам­­­­­дардың бұл тұрғыдағы танымы өте төмен. Өйткені, 1980 жылдары «На­ғыз социализм қайда? Ол Шың­жаңда. Нағыз Ислам қайда? Шың­жаңда» деген сөз шықты. 1980 жыл­­­дарда Қытайдың өзінде де­мок­ратиялық реформа аз да болса жү­зеге асқанымен Шыңжаң бас­шы­лары ондағы халықтың көпұлтты екенін сылтау етіп ол реформаны то­лық жүзеге асырған жоқ. Оңтүстік Қытайда, Шан­хай­да, Пекинде бол­ған реформа Шыңжаңда жүрген жоқ. Соның зардабы қазір көрініп отыр. Қы­тай­да сеператистік ұйым­дардың қаупі ұлғайды. Оның да су­бъек­тивті, объективті себептері бар. Ал соңғы жылдары Шыңжаңға кел­ген басшы азаматтар мұны ше­шуде қатаң позиция ұстана бастады. Олар­ға біршама құқықтық басым­дық берілген. Ал оған төмендегі заң қыз­меткерлерінің саяси сауат­сыз­ды­ғы, заңдық танымының төмендігі қосылды. Ал ондағы қарапайым қа­зақтар да өз құқығын қорғай біл­мейді. Өйткені, олардың да заң жө­нінен танымы төмен. Қарапайым мы­сал айтайын, 25 жылдың ішінде елге келіп тұрақтап қалудың мүм­кіндігі көп болды. Ал олардың көбі ық­тиярхатпен екі ел арасын жол қылды. Оның үстіне Қазақстан аза­маттығын алса, Қытайдағы зей­не­тақы тоқтап қалады деген үрей бол­­ды. Арғы бетке өткен сайын ви­­за ашып әуреге түспес үшін ық­тияр­х­­атпен жүрген ағайынның ба­сына бұл жағдай таяқ болып тигені рас. «Әр істің қайыры бар» демекші біз бұдан да өтуіміз керек шығар…
– Бұрын Қытайдағы орталық Ұлт­тар университеті мен Іле педо­го­гикалық университетінде ғана қазақ тілі кафедрасы болса, былтыр Бей­жіңдегі Шет тілдері универси­те­тінде, биыл Шанхайдағы шет тілдері уни­верситетінде, Ши Ан қала­сындағы бір университетте қазақ тілі ка­фед­ралары ашылған екен. Қытайдың ст­ратегиялық әріптес ретінде біздің елді қатты зерттей басағаны бай­қа­лады. Қазақ­стан тарапынан Қытай елін зерттеу ісі қай деңгейде жүріп жа­тыр?
– Қазір Тайванды қоспағанда, Қы­тайда отыз өлке бар десек, со­ның көбінде Орта Азияны зерттеу инс­титуттары бар. Олардың негізгі жұ­­­мысы – Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттерін зерттеу. Мен оқы­ған Пекиндегі Ұлттар уни­вер­ситетінде қазақ тілі кафедрасы бол­ды, қазір ол – факультет. Одан кейін Шыңжаң университетінде, Іле қазақ облысының орталығы Іле педагогикалық универ­сите­тінде қа­зақ тілі кафедрасы ашыл­ды. Енді қа­зір Пекиндегі Шет тілдер уни­верситетінде, Ши Ан қаласындағы оқу орнында қазақ тілі кафедрасы ашылды. Ши Ан Қытайдың Батыс Солтүстігіндегі ең ірі қала, кезінде Қытайдың орта­лығы болған. Өткен жылы Шанхайдағы қазақ тілі ка­фед­расын бітірген қыздарды көр­дім. Бұрын қазақ тілі кафедраларына талапкерлер орташа балмен түсетін, қазір жоғары бал алған балалар тү­сіп жатыр. Енді 10-20 жылдың бе­де­рінде қазақша сайрап тұрған қы­тай жастары өсіп шығады. Олар­дың көпшілігі дип­ломатиялық жол­­ға түссе, кейбірі үлкен-үлкен кә­­сіп­орындарда жұмыс істейтін бо­­л­ады.
Бұл тұрғыда біз әлі де кенжелеп тұр­мыз. Қазір Қытайдан келген қа­зақ азаматтары азырақ қытайша біл­генімізге мәз болып жүрміз. Бі­раз жыл ішінде қазақ тілін оқып жат­қан қытай жастары өсіп шық­қан­да шындығында біз нансыз қа­ла­мыз. Қытайда «Соғыста өзіңді де, жауын­ды да толық түсінсең жеңіл­мей­­сің» деген қанатты сөз бар. Күл­­лі Қытай зиялылары осыны ұста­­нады.
Сол себепті көршімізді терең та­­нып, онымен қарым-қатынаста мей­лінше нәзік, әрі өте сақ бол­ға­ны­мыз абзал.
Ше­­карамыз ашық, оны жауып қоя ал­маймыз. Ал бұл тұста Қытайға жұ­тылмау үшін ұлы қорғанды адам­дардың жүрегіне салуымыз керек. Бұл кезінде Қытайдың атақты би­леушісінің аузынан шыққан қа­нат­ты сөз. Ал ұлы қор­ғанды халықтың жүре­гіне салу үшін елдің әлеуметтік жағ­дайын көтеруге, білімін терең­детуге жол ашуымыз қажет. Сонда халықтың жүрегінде өз еліне деген адалдық ұялайды. Ал мемлекетті қорғауда оған адал болудан артық күш жоқ. Ал адал болу үшін ұрпақ бі­лімді болуы тиіс.
– Қытайдағы қазіргі қазақ оқыр­маны қазақ жазушыларының қай шы­ғармаларымен жақсы таныс? Он­дағы жастар қазақ баспасөзін Сіз сту­дент кездегідей ұдайы оқи ма?
– Соңғы ширек ғасыр керемет жақ­сы уақыт болды. Кезінде Қа­зақ­станда өткен қысқы олим­пиаданы Қытайдың төртінші арнасы тікелей эфирден таратты. Соны көрген қа­зақ жастары бір-біріне: «Қандай ке­ремет еліміз бар, жеріміз бар. Біз мұнда не істеп жүрміз? Өз елімізге ке­тейік», – деген ұран көтерген. Одан бөлек Қазақстандағы бүкіл ин­тернет сайттарын ондағы азамат­тар күнделікті тұтынатын. Қытайда­ғы мен барған үйлердің барлығында Қазақстанның туы тұратын. Соңғы 20 жыл ішінде Қытай қаза­ғына Қа­зақстанның ықпалы өте жоғары бол­­ды. Қарапайым мысал­мен-ақ көп дерек келтіруге бола­ды. Бізде 2000 жылдардан бастап экономика өте қарқынды дамыды. Қарапайым қа­зақ өзінің үйіне жиһаз алса да Қы­тайға баратын. Ал Қазақстаннан Шың­жаң айма­ғына барып сауда жа­саған үлкен компаниялар қан­шама?.. Осының арқасында ше­ка­­ра­ның түбіндегі шағын қалаларда, Үрімші, Құлжа қала­ларында екі арада брокерлік жұмыспен айналы­са­тын қазақ жастарының тобы қа­лып­тасты. Қазақстан экономи­к­а­сының дамуы Қытайдағы қа­зақ­тардың да жағ­дайын дүр көтергенін мойын­дауы­мыз керек. Бұл – экономика­лық ықпал. Ал мәдени ықпал да кө­рер көзге айқын көрініп тұр. Қы­тайдағы 6-7 баспа осында шық­қан кітаптардың біразын қайта ба­сып отырды. Қазақстанда баспасөз бетіне шыққан ең жақсы мақа­лалар Қытайда шағын кітап болып басы­лып жатты. Бұл Қа­зақстан­дағы рухани жағдайдың Қы­тай қазақ­тарына қаншалықты әсер еткенін ап-анық көрсетіп тұр. Өкінішке қарай, былтырдан бастап мұның барлығы тоқтады. Интернет желілері жабық. Бұған Қытай елі­нінің ішкі саясатының қатаюы, жер­гілікті билік орында­рының асы­ра сілтеуі және мұндағы ағайынның мә­селенің байыбына бармай көп шу шығаруы себеп болып отыр. Біз бұдан еш ұтқан жоқпыз, ұтылдық. Ал қазір паспорттардың барлығын жиып алды. Кей азаматтар саяси үйре­нуге кіріп жатыр. Одан қашан шығары белгісіз. Азаматтық құқық тұрғысынан бұл іске біздің Елбасы ара­ласса ғана шешіледі деп ойлай­мын. Өйткені, біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының дип­ло­матиялық шебер­лігі өте мықты. Ол Қытай­дың бұрынғы басшысымен де жақсы тіл табысқан, қазіргі бас­шысын да жақсы біледі. Екі ел бас­шылары араласып, өзара келі­сімге кел­се, меніңше бұл қысым азаяды. Кө­ші-қон мәселесінің реттелуіне көп кедергі келтірген «соттылық» ту­ралы анықтама алу мәселесі араға үш жыл салып Елбасының пәрме­німен шешіл­гені белгілі. Кез келген мәселенің шешімі болатыны секіл­ді, бұл мәселенің де түбі шешімі бо­лады деп сенем. Бір жағынан ха­­лық тым еренсіз болмау керек еке­­нін түсінді. Осы мезет шиеле­ні­сіп тұрған дүние шешілсе көші-қон­ның тағы бір алтын дәуірі туады деп ойлаймын.
– Қытайдың сыртқа есік ашу сая­сатының Қазақстанға пайдасы қан­дай, зияны неде?
– Қытай қаупі бізде 1990 жыл­дар­дан бері қозғалып келеді. Әсіре­се сыртқы күштер оны ұдайы есі­мізге салып тұрады. Жалпы, жау сырт­тан келмейді, іштен шығады. Ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздік, та­быстың дұрыс бөлінбеуі, клан­дық тар­тыстар түрлі қақтығыстар ту­ғызады. Бұл белгілі жағдай. Жер-жаһандағы қай мемлекеттің саяси жағдайы тұрақсыз болса, оның астарында сыртқы фактор емес, ішкі фактордың ықпалы болғанын білу қиын емес. Қазір біздің елдің миграция заңы кемелденді. Дәл осы ке­зеңде Алматы қаласы мен Алматы об­лысында мықтап қолға алына бас­тады. Тек Қазақстан ғана емес, бү­кіл әлем Қытайдың демогра­фия­лық экспансиясынан сақ­танады. Қытай халқының 62 млн-ы шетелде тұрады екен. Қытай халқы бұрын «Мұхит бар жерде қытай бар» десе, қазір «Күн түскен жердің барлығында қытай бар» деп айтады.
Болашақта Қытайдың еңбек кү­ші сыртқа шығуын азайтады. Өйт­кені бір бала саясатының қар­қыны күшті болғандықтан дәл қазір оларда еңбек күші бұрын­ғы­дай көп емес. Бір баланың нағашы ата-әже­сі, өз ата-әжесі, ата-анасы үш от­ба­сы бір бала бағып отыр. Қазір Қы­тайда еңбек заңы шықты: 200-300 долларға әр адам жұмыс істемейді. Соңғы жылдары Қытай зауыттары Вьетнамға, Индоне­зияға көшіп жа­тыр. Әлеуметтік жағдайы өте төмен аза­маттар бол­маса шетелге жұмыс­қа барғысы келетін адам аз. Біздің елге олар ауылшаруашылық сала­сы­на келуге мүдделі. Бірақ олармен ауыл­шаруашылық саласында бірі­гіп жұмыс істеу саясатын жіті ой­ла­нып жүзеге асырған жөн.
Қытай біздің елге әдейі, ашық­тан-ашық қауіп төндіреді деп ойлау дұрыс емес. Ол елдің де өзінің ішкі қай­шылығы жетеді. Оңтүстік пен Сол­түстік, бай мен кедей, Тибет мә­селесі, ұйғыр мәселесі секілді күр­меуі шешілуі тиіс дүниелері бар.
«Бос жатқан жер жау шақыра­ды» деген сөз бар ғой. Біздің жеріміз кең, байлығымыз көп, адамдары­мыз­дың білімі ортадан жоғары. Біз­дің ең осал жеріміз – халық са­ны­ның аздығы. Ол үшін шетелдегі қан­дастарымызды алып келіп, де­мографиялық жағдайы­мызды түзе­ге­німіз абзал. 1962 жылы Қазақ­стан­ға Қытайдан жүз мыңдай қазақ кел­ді, олардың әр отбасында бала са­ны оннан кем болған жоқ. Соңғы 20 жылда да шетелден көптеген қан­дастары­мыз келді. Көші-қон сая­саты кешенді түрде одан әрі жүйе­лі жалғасса деген үміт бар.
Дәл қазір көші-қонның ілгері жыл­жуы үшін Қазақстан тара­пы­нан ке­дергі жоқ. Қиындық Қытай тара­пы­нан туындап тұр. Ол жақ­тағы аза­маттарға паспорттары беріліп, елге қайтар мүмкіндік туса көп адам лап етіп елге ағылғалы тұр.
– Тәуелсіздік алған алғашқы жыл­­дары Қытайдан келген қазақтар орыс тілін білмегендіктен көп қиын­дық­қа тап болатын. Қазір сол қиын­дық сейілді ме?
– Тұрмыстық жақтан сейілді. Мен Қазақстанға 1994 жылы кел­дім, ол кезде банкке, поштаға кір­сеңіз сары шашты қыздар көп оты­ратын. Оларға орыс тілін біл­мей­мін деп айтсаң «Есің дұрыс па?..» дегендей аңтарылып қарай­тын. Қазір базар, пошта, банк, ха­лық­қа қызмет көрсету орындары қа­зақ тілінде сөйлей бастады. Бірақ мем­лекеттік іс қағаздары әлі де орыс тілінде жүргізіледі. Ондағы орыс тілінің ықпалы сейіле қойған жоқ, оған мен түсіністікпен қарай­мын. Оның да өз уақыты келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІРЛЕР1
Гүлмекен 04.05.2018 | 14:24

Тақырыбының өзі адамға ой салады екен! Назым! Журналистика саласында пайда болған жағымды өзгерістерді, өзің секілді өрелі өрендер жасайды деп сенеміз!!! Жазарың таусылмасын сіңлім!!!

Добавить комментарий для Гүлмекен

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір