Тарихын тасқа жазған…
13.04.2018
2271
0
Қазақ даласының әр тасын аударып қарасаң – байырғының әнін айта жөнеледі. Тауы, суы, кең даласы да бұрынғының әңгімесін бүгінге жалғап тұрғандай. Көне мен жаңаның алтын көмбесі – ежелгі Тараз маңындағы, шаһардың өзіндегі тарихи-мәдени ескерткіштердің әрқайсысының да айтар сыры, жыры, мұңы бөлек. Әрқайсысы әр дәуірдің, әр кезеңнің, әр заманның куәгері…
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және Елбасының биылғы Жолдауын іске асыру аясында туризмді дамыту мәселелері бойынша келелі кеңес Тараз өңіріндегі Ақыртас тарихи кешенінде өтті. Жиын барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­медиұлы, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахме­тов, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ «Жүктасымалы» АҚ президенті Оралхан Құлақов үшжақты Меморандумға қол қойды. Меморан­дум «Ежелгі Тараз» қалашығы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сонымен қатар ғылыми жобаларды және архелологиялық зерттеу, консервация, реставрация жұмыстарын қарқынды жүргізу саласындағы бірқатар бағыттар бойынша ынты­мақ­тастықты жалғастыруды көздейді…
Ең әуелі Ақыртас жайлы… Бұл та­рихи кешен – күрделі құпияға то­лы алып нысан. Ақыртас сарайы ау­мағы 2,5 гектар жерді алып жа­тыр. «Оның 70-ке жуық бөлмесі бол­­ған», – дейді зерттеушілер. Жал­қын қы­­зыл тастары анандайдан мен­мұн­далайтын көне мекеннің ішіне бүк­кен сырына қаныға түсіп, құ­мартқан жандар арғы-бергі за­манда аз болмапты. Ақыртас кешені ту­ралы XIII ғасырдың басында осы өңір­ге келген қытай саяхатшысы Чан-Чунь мынандай мәлімет қал­дырған екен: «Жол бойында тастан тұрғызған қа­лаға тап болдық. Қы­зыл түсті тас­тан қаланыпты. Ежелгі әскери қо­ныс мекенінің белгілері бай­қа­ла­ды…». Чан-Чуньның ал­ғашқы жаз­­­басынан кейін бұл алып құ­рылыс туралы ешқандай дерек айтылмайды. Сол уақыттың өзінде-ақ бұл ғажайып құрылыс тоқ­тап қалыпты. Неліктен? Ол жағы біз үшін әлі де құпия. Ресей империясы Қа­зақстанның оң­түс­тігін жаулап ал­ғаннан кейінгі уақытта орыс су­рет­шісі М.С.Знаменский көне ке­шен­нің орнына келіп, Ақыртас қа­быр­ға­ларының сызбасын жасап, су­ретін салады. Зерттеуші П.И.Лерх: «Ақыр­тас – салынып біт­пеген будда ғи­бадатханасы», – десе, академик В.В.Бартольд: «Несториан ғиба­дат­ха­насы», – деген болжам айтады. Ал ар­хеолог Т.К.Басеновтың жа­зуына қа­рағанда «Ақыртас – салынып біт­пей қалған ірі бек са­райының ір­гесі» екен. Қазақстан Тәуелсіздік ал­ғаннан кейін акаде­мик К.М.Бай­па­қов бастаған ғылы­ми топ кең кө­­лемді археологиялық жұмыс­тар­ды француз ғалым­дарымен бірлесіп жүр­гізе бастайды. Соның нәти­же­сінде түбегейлі жүргізілген ғылыми-зерт­теулер «Ақыртас – бабалар мұра қы­лып қалдырып кеткен ежелгі са­рай-кешен» екенін дәлелдеп берді.
Ғалымдардың пікірінше, «Ақыр­­­тастың астында өте үлкен қуыс бар». Ол жерде табиғи газдар­дың мол қо­ры жатыр. Жердің астындағы осы­нау геотектоникалық процестер адам­ның бойындағы қарым-қабі­ле­тін ашуға көмектеседі екен. Сол се­бепті, бұл маңға келу­шілер Ақыр­тасты тек тарихи кешен деп қана емес, киелі орын деп те санайды. Ол сө­зімізге дәлел – ке­шен аумағында шү­берек байлан­ған бірнеше бұ­та­ларды кезіктірдік. Одан бөлек, тақ секілді тастың үстінде отырып ті­леген тілегің қате кетпейді деген се­­нім бар екен. Ау­руына медет ті­леп, жүрек түкпі­рін­дегі арыз-ар­манын арқалап келетін­дер қарасы көп­теу көрінді… Жалпы, бұл жердің ерек­ше киелі мекен еке­ніне сенетін жан­дардың айтуын­ша, Ақыртас адам ағзасындағы «ұйықтап жат­қан» жасушаларды оятатын табиғи ге­нератор іспеттес. Әрине, анығын Ал­ла білер. Жалпы, ЮНЕСКО ті­зіміне енген бұл архео­логиялық ескерткіштің құпиялары бүгінгі күн­ге дейін толық анық­талмаған.
Мамандар Ақыртастың балбал тас­тары Түріксіб теміржолын салу ке­зінде құрылыс материалдары ре­тінде пайдаланылғанын айтады. Сол уақытта кешенді бұзып, дайын тас­тарды теміржол астына төсеп, бе­кеттердің іргетасын қалаған кө­рі­неді. Осы жоғалған дүниелерді қа­лыпқа келтіру мақсатында үш­жақты меморандум негізінде үлкен жұмыстар қолға алынбақ… Үш­жақ­ты басқосу нәтижесінде осы мә­се­лелер кеңінен талқыланды. БАҚ өкіл­дері, Қазақстандағы ірі тарихи-ар­хеологиялық музей басшылары, ту­ризм саласы өкілдері қатысқан бұл жиын қорытындысында Қа­зақ­стандағы туризмнің бары мен жо­ғын елеп-екшеуіне мысқалдай бол­са да үлес қосылса игі деген көңіл­ді байқадық.
«Елбасы «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» бағдарламалық ма­қаласында: «Біз халықтың са­на­сына жалпыұлттық қасиетті орын­дар ұғымын сіңіруіміз керек. Қа­зақ­станның қасиетті жерлерінің мә­­д­ени-географиялық белдеуі – біз­­ді кез келген рухани жұтаңдықтан сақ­тап қалатын символдық қа­л­қанымыз, ұлттық мақтанышымыз­дың қайнар бұлағы және бірегейлік не­гіздерінің басты элементтерінің бірі», – деген болатын. Осыған орай, Мә­дениет және спорт ми­нистрлігі 2017 жылдан «Қазақ­стан­ның киелі жер­лерінің географиясы» жобасы ая­сында ауқымды шара­ларды жү­зе­ге асырып келеді. Жам­был облысы өңірінің тарихи-мә­дени мұраларын қорғау, туризмін дамыту мақсатын­да өңірдегі нысандарды тиімді пай­далануымыз керек. Әсіресе, осы облыстағы ЮНЕСКО-ның тізіміне енген Ақыртас, Ақтөбе-Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе ескерткіш­те­ріне де үлкен маңыз берген жөн. Тек осы өңірдегі емес, Қазақстан, қа­ла берді, Орталық Азия елдерінде кез­деспейтін, бірегей кешен болып та­былатын Ақыртас ескерткішінің ту­ристер үшін өзіндік тартымды­лы­ғы бар. Өткен жылы «Ежелгі Тараз ес­керткіштері» музей-қорығына қа­расты «Көне Тараз» археоло­гия­лық паркіне, Айша бибі, Қарахан кесенелеріне және «Ақыртас» ке­ше­ніне келушілердің саны 215 мың­ды құраған. Соның ішінде Ақыр­тасқа келу­шілердің саны 25-30 мыңнан аспаған. Сондықтан отан­дық және шетелдік туристерді осы нысанға көп­теп тарту – Мәдениет және спорт министрлігінің, Жамбыл об­лысы әкімдігінің, Туристік қауым­дас­тық­тың және өзге де мүдделі та­раптардың ортақ мақсаты. Осы рет­те, бүгін Мә­дениет және спорт ми­нистрлігі мен Жамбыл облысы әкім­дігі екіжақты меморандумға қол қойып отыр», – дейді ҚР Мә­де­ниет және спорт ми­нистрі А.Мұхамедиұлы.
Жамбыл облысы әкімі Асқар Мыр­захметов өңірде 3400-ден аса та­рихи-мәдени ескерткіш барын ай­тып, алдағы уақытта Ақыртас к­е­ш­енінде қазақы этноауылдар ту­ристер үшін қызмет ететінін, онда ұлт­тық құндылығымызды дәріп­тей­тін дүниелердің болатынын атап өтті:
– Халықаралық нарықта туризм индустриясы өте көп қаражат тар­та­тын сегменттердің бірі. Бізде ту­рис­тер қызығатын нысандар жет­кілікті. «Ұлы Жібек жолы» бо­­йын­дағы Жам­был облысы бөлі­гінің мәдени-тарихи ресурстары мен туристік әлуетінің негізі деп есептеймін. Бү­­гінгі кездесуіміздің түпкі мақсаты – Ақыртас кешенінің қазіргі жағ­дайына зерделеу жұмыс­тарын жа­сап, қалпына келтіру мәсе­­ле­ле­рі­нің шешімін тауып, қазақстандық жә­не шетелдік турис­терді қызық­ты­ра алатын қасиетті орынға ай­нал­дыру. Кеңесіміздің осы Ақыртас сарай кешені орна­ласқан жерде өтуі­нің мәні мен мақсаты осында. Ақыр­тас кешені күрделі құпияға то­лы нысан ретінде Мысыр кере­меттері, Афины акро­польдары, Рим Коллизейі, Перу­дағы Майя пира­ми­далары және анти­калық аңыздар­мен деңгейлес жат­қан алып құры­лыс деңгейінде бағалануда, – дейді Ас­қар Исабек­ұлы.
Ақыртас сарай кешені маңында са­лынған заманауи ғимаратта өткен бас­пасөз мәслихатына «Ана тілі» га­зе­тінің Бас редакторы Самат Иб­раим, «Мә­дени мұра» журналының редак­торы Қуаныш Жиенбай, «Қазақ үні» газетінің Бас редакторы Қазыбек Иса, «Айқын» газеті Бас редакторының бі­рін­ші орынбасары Серікбол Хасан, «Қа­зақстан Зама­ны» газеті Бас ре­дак­торының бірін­ші орынбасары Бауыр­жан Карипов, «Адырна» Ұлттық эт­ног­рафиялық порталының жетекшісі Арман Әубәкір, «Қазақ» газетінің қы­з­меткері Қали Қамбаров, т.б. жур­налистер қатысты.
Жиында ЮНЕСКО-ның Бү­кілә­­лем­дік мұралар тізіміне және Қазақ­станның жалпыұлттық маңы­зы бар кие­лі жерлерінің тізіміне енген «Ақыр­тас» кешенін және осы өңірдегі өз­ге де тарихи-мәдени мұра нысан­дарын туристік орта­лыққа айналдыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Шара бары­сында Қуаныш Жиенбай­дың: «Та­рихи жерлердің көшірме кә­де­сыйларын жасау жұмыстары қолға алынса, туристерді тарту мәселесі де бір­шама алға жылжитын еді», – деген пі­­кі­ріне Облыс басшысы Асқар Мыр­­зах­метов бұл орынды ұсыныс­ты қолға алар кәсіпкерлерге жан-жақты қол­дау көрсетуге дайын еке­нін мәлімдеді. «Ана тілі» газе­тінің Бас редакторы Самат Ибраим алдағы уақытта бұл жұмыстар басқа облыстарда қалай жүргізілмек екенін және ішкі туризмді дамытуда ми­нистр­ліктер, жергілікті әкімдік­тер қан­дай жос­парлар жасап отыр­ғанын сұ­рады. Арыстанбек Мұха­меди­ұлы өзге өңір­лердегі тарихи кешендерді да­мыту назардан тыс қалмайтынын, республикалық дә­режеде шаралар өткізілетінін айтты. Астананың 20 жыл­дығы аясында Бозоқ қалашы­ғын­­да да үлкен рес­публикалық ор­­та­лық ашу қажет­тілігін жеткіз­ді. «Ішкі туризм­ді дамытуға байланыс­ты Білім жә­не ғылым министрлі­гімен бірігіп жаз кезінде оқушы­лар­ды, студент­тер­ді әртүрлі бағ­дар­лама бойынша та­ри­хи орындарды таныстыруды қолға алдық. Жаз айларында жер­гілікті уни­­верси­тет­тердің сту­денттерін тарихи ке­шен­­дер­ге алып келіп, ұлттық жәді­герле­ріміз­бен та­ныстыру жұмыс­­тарын жүр­гізетін бо­ламыз. Бірнеше студент­тік топ­тар­ды археологиялық жұмыс то­бына бағыттау шаралары да жүзеге асырылады», – дейді А.Мұхамеди­ұлы. Ішкі туризм мәселелеріне қатысты қойылған сауалға Облыс әкімі А.Мыр­­захметов былайша жауап бер­ді: «Қазіргі уақытта ішкі ту­ризмді да­­мытуға қатысты об­лыстың жос­па­рын түзеп жатырмыз. Бі­рін­шіден, осы­ған қатысты ар­на­йы Бас­қарма жа­қында ғана құрыл­ды. Бүгінгі таңда интерактивті сабақтар арқылы оқу­шы­лардың тарихи орындармен та­нысуына мүм­кіндік жасаймыз», – деді. Ай­мақ басшысы ішкі ту­ризмді дамыту үшін тиісті инф­ра­құрылым керек­тігін тілге тиек етті. Қа­зіргі кезде ең бі­рінші кезекте көңіл бө­летін ны­сандар анықталып жат­қа­нын баса айтты. «Қазақ үні» газетінің Бас ре­дакторы Қазыбек Иса Үржар өңі­рінен табылған Сақ ханшайы­мы­ның қазіргі жағдайы және Сарай­шық та­рихи кешенінің бүгінгі ты­ныс-тір­шілігі жайында сауал қой­ды. Ми­нистр Сақ хан­шайымына рес­таврация жасалып, Сарайшық кешеніне қазба жұмыс­тары жүр­гізіліп жатқанын, са­пар орталығын құру жоспарда бар еке­нін жеткізді. Осы орайда, Отырар мен Тамғалыда да сапар орталық­тары құ­рылмақ. Арман Әбубәкір: «Туризмді да­мы­ту үшін иммидждік видеоро­лик­тер мен халықаралық ауқымдағы жо­ба­лар жасау мәселесі қалай?», – де­­ген сұрағын ортаға тастады. Мә­дениет және Спорт министрі А.Мұ­хамедиұлы Елбасының «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы ая­сында «Қасиетті Қазақстан» ор­талығы ашылып, оны басқаратын Берік Әбдіғалиұлының баста­ма­сымен еліміздегі киелі жерлер ту­ралы кітап­тар 3D электронды фор­матта жа­рық көріп, мұндай жұ­мыстар алдағы уақытта жал­ға­сатынын айтты. 2017 жылы Халықаралық ЭКСПО көрмесі аясында этноауыл ашы­лып, сол ауылдағы ипподромда бі­­рінші рет Дүниежүзі­лік чем­пио­нат өткенін мысалға алды. Ал, Жам­­был облысы әкімі Асқар Мыр­­захметов мамыр айында «Қы­­мызмұрындық» фестивалі өт­келі жатқанын тілге тиек етіп, ту­ризмді дамыту мақсатында мұн­дай ау­қымды жобаларды өңір бойынша алғаш бастап отырға­нын жеткізді.
Шара барысында журналистер сұра­ғына жауап бере отырып сөз ал­ған Арыстанбек Мұхамедиұлы көне ескерткіштерді рестав­ра­ция­лау, туризмді насихаттау туралы да кеңінен тоқталып өтті: «Әрине, қа­зір археологиялық жұмыстарға рес­таврация керек. Деректі фи­льм­дер шығаруымыз керек. Со­нымен бірге үш тілде бүкіл Дү­ние­жүзіне кеңі­нен тарайтын кітаптар немесе мағлұматтар жасауды қол­ға алу қажет. Ақыртасты дамытсақ, ту­ристер келіп жатса, сол турис­тен түскен пай­да осы Ақыртасты әрі қарай да­мытуға жұмсалады. Бір жыл бұрын жұмбағы көп ны­санды «Қазақ­станның Киелі жер­лері картасына» енгіздік, енді көне қа­ланы жан-жақты зерттеу мә­се­лесін көтеріп отырмыз. Бұл ретте, бізге көмек қо­лын созып, ғылыми-зерт­теу жұ­мыстарын жүргізіп жат­­қан археолог ғалым К.Бай­па­қовқа айтар ал­ғысымыз шексіз», – дейді.
Министрдің сөзінше, орта ға­сырлық «Ақыртас» сарай кеше­ні толық зерттеліп, туристік тар­тым­дылығы артпақ. Ол үшін елі­мізге белгілі академик, ар­хео­логтармен қатар, шетелдік ғалымдар да тар­тылатын болады…
Иә, қазақ даласының әр тасын аударып қарасаң – байырғының әнін айтады. Ежелгі Тараз маңындағы, шаһардың өзіндегі тарихи-мәдени ескерткіштердің әрқайсысының да айтар сыры, жыры, мұңы бөлек. Тек оны тыңдар құлақ, құрметтер ұрпақ болса деңіз…
Қарагөз СІМӘДІЛ.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір