Бабалар рухына тағзым

0
228 қаралды
Биыл қазақ халқының тарихындағы елеулі оқиға – Орбұлақ шайқасы жеңісінің 375 жылдық мерейтойы! Бұл айтулы мерекені мемлекеттік деңгейде атап өту үшін билік пен қоғам назарына салуда өткен жылы белгілі азаматтардың жеке бастамашылдығымен шаралар атқарылды. Бір топ зиялы қауым өкілдері ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың атына аталған тарихи оқиғаның ел өміріндегі маңызына тоқталып, мерекені атап өтіп қоймай, нақты бірқатар шаралардың іске асуы қажеттігін жазып хат жазған болатын.
Мемлекеттік хатшыға жолдан­ған бұл хаттың нәтижесінде ҚР Үкіметінің 1999 жылғы 28 қыр­күйек­­тегі «Мерейтойлар» және атаулы күндерді мерекелеу тура­лы» №1465 қаулысына сәйкес ҚР Мәдениет және спорт министрлі­гінің бұйрығымен бекітілген «2016 – 2018 жылдары өткізілетін мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне» енген Орбұлақ шайқа­сын­­дағы Ұлы жеңіске 375 жыл толуын атап өту ресми түрде бе­кіті­ліп, түрлі шаралар қолға алына бастады.
2017 жылдың басында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ұлт тарихының жанашыры Бекет Тұрғараев жолдасы Ұлды Хамитқызы екеуі Өзбекстанның ежелгі қаласы Самарқанға саяхаттады. Арнайы сапардағы ой – Самарқанның көнекті жерлерімен қатар, атақты Регистанды, ондағы батыр бабамыз Жалаңтөс Бахадүр салдырған «Ширдор» медресесімен танысу болатын. Және Өзбекстанның Навой облысы, Нұрата қаласындағы Сейітқұл әулие – Әйтеке би мемориалдық кешеніне де тәу етті. Бұл кешенді толығымен салып бітірген ұлтжанды, ұлағатты азамат Шахарбек Оспанұлы Усманов ағамыз болатын. Ал осы Сейітқұл әулие Жалаңтөс Бахадүрдің әкесі болса, Әйтеке би Жалаңтөс Бахадүрдің ағасы Ақша бидің немересі. Бекет Тұрғараұлы бұл ұлтымыздың ұлықтауға тиіс ұлы тұлғаларын дәріптеуде тек мемлекет қана емес, ұлтжанды азаматтар да өз үлесін қосуы тиіс деген ұстанымда.
Ал, 2017 жылдың жаз айында белгілі қоғам қайраткері, заң ғы­лым­дарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев бір топ Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданының азаматтарын бастап, Алматы облысы, Панфилов ауда­нына сапарлады. Ондағы мақсат – Қазақ халқының тарихында елеулі орын алған Орбұлақ шай­қасы өткен орынды көріп, танысу болатын. Әттеген-айы, қаншама уақыттан бері ақ бас тарихымыз­дың асқақ та, азалы беттерінен сыр шертетін, батыр бабаларымыз­дың қаны төгіліп, сүйегі жатқан қасиетті жер қараусыз қалып, мал жайылымына айналғаны жүректі ауыртты.
Артынша ұлтжанды азамат, мемлекетшіл қайраткер Бекет Тұрғараев Орбұлақ шайқасы жеңі­сінің 375 жылдық мерей тойының қарсаңында Алматы облысы, Пан­филов ауданы, Қосқолаң тауының етегінде сарыбелде жатқан ұлы жеңістің бас қолбасшысы болған Салқам Жәңгір хан мен оның 56 батыр сарбаздары жатқан жерді қоршатып, ханға лайықты ескерт­кіш белгі қойды.
Ескерткішке: «Салқам Жәңгір хан бейіті. 17-ші ғасыр. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылы­ғына қарсы отан қорғау соғысында әскербасы Салқам Жәңгірдің қолбасшылығымен болған 1643 жылғы Орбұлақ бойындағы ұлы жеңіске 375 жыл толу қарсаңында 1653 жылғы шайқаста мерт болған қахарман Жәңгір хан мен оның батыр сарбаздары жерленген қорымға қойылған ескерткіш. 2017 жыл», – деп жазылған.
Бұл игілікті істің бастамасы ғана болатын. Жақсы бастама жалғасын тапты. Ол басқаратын халықаралық «Жеті жарғы» және «Қожаберген жырау» қайырым­дылық қоры бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Шарапхана селосында «Бабалар рухына тағзым» кешенін ашып, Ұлы Отан соғысынан қайт­пай қалған 384 боздақтың атын алтын әріппен, қара мрамор­ға жаздырып және соғыстан келіп адал еңбекке араласып, дүниеден өткен 190 ардагердің де атын жаздырып, олардың Ұлы бабасы «Түгейболат» бабаға арналған 21 шаршы метрлік алып ескерткіш монумент пен тағзым сағанасын тұрғызып, Қазақстанның халық жазушысы, еңбек ері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайдың қатысуымен зиялы қауым өкілдері кесенені ашқан болатын.
Одан кейін де, бұл «Бабалар рухына тағзым кешені» маңынан бөлінген 2 гектар жерге жастар саябағын ашып, оған 1000 түп әр­түрлі ағаштар отырғызып, жарық орнатып, тротуар салып, гранит тасқа ұлы Абайдың қара сездерінен жастарға тәрбиелік ұғым беретін қасиетті қара сөздер жаздырды, орындықтар қойғызып, гүлзар баққа айналдырды.
Міне, осы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданының Шымкент — Ташкент халықаралық күре жолының бойындғы қастерлі орынның оң жақ қапталындағы биік төбе басына ұлы жеңістің қаһармандары Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс Баһадүрге арнап, екеуінің ат үстіндегі айбынды ескерткіштері орнатылды. Ескерт­кіш ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы комиссия­сы­ның шешіміне сәйкес, құзырлы органның бұйрығымен бекітілді.
Қос батырдың алып бейнесі мен сұсты жанары ұлы дала төсін­дегі бүгінгі ұрпағына айбын беріп, қазақ жеріне көз алартқан әлде­небір сұғанақтарға сес көрсетіп тұрғандай!
Еңселі ескерткіштің артқы жа­ғында «Елім-айлап» үдере көшкен жұрттан бастап, отан қорғау соғысынан сыр шертетін қазақ тари­хының қилы кезеңдері бей­нелен­ген үлкен кешен бой көтер­ген. Орбұлақ шайқасының басты батырларымен әр кездегі айтулы оқиғалар өзара үйлесім тауып, тұтас бір ұлттық тарихи кешен түзілген. Таза мыстан құйылған бұл алып ескерткіш кешеннің де идеясын ойластырып, тұғырына қондырған Бекет Тұрғараев.
Қандай тарихи оқиға болсын, уақыт өткен сайын ғылыми тұрғы­дан негіздеу қажеттігі туындайды. Үстімздегі жылдың 18 сәуірінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік универси­тетінде өтетін «Ұлт тарихындағы Орбұлақ шайқасы: Ұлы Жеңістің ақиқаты және маңызы» атты халықаралық ғылыми – теориялық конференция қазақ халқының тарихындағы елеулі оқиға – Орбұлақ шайқасы жеңісінің 375 жылдық мерейтойы қарсаңында атқарылған осынау игі шаралар­дың түйіні іспеттес. Яғни, аталған айтулы оқиғаның қазақ тарихын­дағы алар орнын таразылап, алда әлі атқарылар ғылыми жобаларды сараламақ.
Шара соңында Оңтүстік Қа­зақ­с­тан облысы, Қазығұрт ауданының Шымкент – Ташкент халықаралық күре жолының бойындағы биік төбе басына Орбұ­лақ шайқасы жеңісінің – 375 жылдығына арнайы тұрғызылған «Батыр бабалар» мемориалдық кешені және Ұлы жеңістің қаһармандары – Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс Баһадүрлердің ат үстіндегі айбынды ескерткішінің ашылу салтанаты болады!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Рухани жаңғыру» бағдар­лама­сынан туындайтын бұл ай­тулы шаралар елдің рухын көтерері анық!Болатбек
ТӨЛЕПБЕРГЕН.

Пікір қосу