Жол-жөнекей

0
81 қаралды

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ


Келер жылы бес ата жұртының же­ке аудан болып шаңырақ көтер­ге­ніне – 90 жыл.
ХІХ ғасырда қа­зақ елінің, қазақ баласының жо­ғын жоқтап, отарлау саясатын ба­рын­ша әшкерелеген Шортанбай жы­раудың дүние есігін ашқанына – 200 жыл. Шортанбайды бұл ел әу­лие санаған. «Зар заман» атанған әде­биеттің бас­тауын­дағы ақын осы – Шортекең. Ауданның сексен жылдығына орай күш салып жүріп «Шырағдан» ат­ты кітап шығарттым. Кейін Шет ауданының энциклопедиясын шы­ғарттық. «Ал 90 жылдыққа не сый жасай аламыз?» деген мәселе көл­денең тұрды. Көрші Қарқаралы бұл күнге ерте қамданған екен. Со­ны біз де бұрынырақ ескеріп, кет­кен әкімге осыдан екі жыл бұрын ес­керткенбіз. Үндемеген қалпы оты­рып, ақыры тағы бір жылы орын­ға кетіп тынды.

Биылғы қыста сыр берген жү­­ректі емдетіп, тағы бір жоспарлы жазуымды бітіріп, наурыз айының соңында жаңа әкім М.Жан­дәу­ле­тов­ке барғанмын. Келер жылы ау­данға – 90, ұлы жырауға – 200 жыл бо­ларын менен естіп, қайран қал­ды… Бұрынғы таптаурынды қай­те­міз, 90 жылдыққа өзге қырынан кел­сек деген ой еді. ХІХ ғасырдағы орыс­тың архивін қотара салу аса қиын емес және бірер адамның аты-жөні болмаса оның берері де ша­малы. Жойылып кетуге шақ қал­ған, мына даланы күңірентіп тұрған күм­бездер. Күмбездер қазақтың ғана қолынан келген сәулет өне­рінің айрықша нұсқасы. Басқа ха­лықта мұндай өнер жоқ. Ендеше сол өнерді ең болмаса кітапта сақ­тап, болашақ ұрпаққа жеткізсек, олар басқа жұрттың алдында мақ­тана алмас па еді. Ал ана тастағы жазу­лар, сырын ішіне бүккен су­рет­­тер, балбал тастардың не айтары ба­рын, олардың қай жерде барын да осы жұрт біле ме?
Сөйтіп, осы бағыттағы ісімізді жү­зеге асыру үшін жолға шыққан­быз. Осы ширек ғасырда ұтылға­ны­мыз да жетерлік екен. Ауылының жа­нында тұрған тарихи мұрадан ха­барсыз ақсақалдар да, енді болған әкім­дерді де көргенде көңіл суыды. Ке­шегі үлкендер айтып жүрген әң­гі­мені бүгінгінің сақалды-сақалсы­зы неге білмейді?
Сапарды Ақшоқы өңірінен бас­тадық. Әкімі Раушан қашан келе­ті­німізді нақ па нақ сұрап біліп отыр­ған. Ақшоқының Раушаны күтіп отыр екен. Міне, осындай әкімге ра­зысың. Жеті баланың анасы үй мен түзді, үкіметтің шаруасын тап-тұй­нақтай етіп отыр.
Баратын жеріміз – Алайғырдан сәл әрі. Кеніштің жұмысы қызып ке­леді. Кеніштің тұрған жері Шет­тікі. Салынған жол әрі қарай теріс кет­кен. Алайғыр мен Ақбауырдың ара­сы 18 шақырым. «Сол жол түссе ғой бізге де жақсы. Қыстай Нұра­тал­дыға қарай шыға алмай жатқа­нымыз. Кеніш өзі үшін тазалап тұрар еді-ау. Осыны ойламаған біз­­дің аудан басшысына не айта­сың?» деп өкінеді мен сөйлескен жұрт.
«Кестелі тасқа» таяп тоқтадық. Рау­шанға ере шыққан жолбасшы Ду­лат деген жігіт. Айтулы аңшы, бұл маңайда білмейтін жері жоқ деп таныстырған.
– Кәмеке, сіз іздеген тасты ал­ып кеткен, – деп қалды Дулат.
– Қойсаң қайтеді, – деп биікке өр­лей бердім. Сәл ентігіп тоқтаған­мын. Ауқымы қазанның үлкен­ді­гін­дей қара тас жатыр. Аспаннан күйіп түс­кен метеорит тас. Қара тастың бе­ті суретке толы. Үлкенді-кішілі қа­ра тастар шашылып жатыр. Бә­рі­нің үсті сан алуан су­рет­п­ен жа­мыл­ған. Менімен ере шыққан дәрімді өл­шеп берер дәрігерім, әрі көмек­шім Досмұхам­мед немерем бірінен соң біріне жүгіріп, дамыл таппай жүр. Жұртты кісі бойы қара тасқа ер­т­іп келген­мін. Бір түйір тас алып сәл соқсаң биік қара тас қоңырауша сың­ғырлайды.
Түстіктен соң «Қотыр Қы­зыл­тау­дың» ішіне енгенбіз. Айнала көк сең­гір, жып-жылтыр тастардың тұ­тас әлемі. Дулат бір шатқалдың іші­нен еңкеймей-ақ кіретін әжеп­теуір үңгірді көрсеткен. Әрине, бұл ме­нің «Көк сеңгірдің тасында» де­ген хикаятыма енген қашқынның жа­тағы емес, оны әлі ешкім көрген де емес. Аңшы жігітке сол жатақпен Қамқордағы елге аңыз болған тағы бір үңгірді байқап қоюын тапсырып жатырмын. Мына тауларда біз біл­мейтін талай сыр бар. Кеншоқылық Амантай ақсақал үстінен түскен қой­ма ше? Кезінде тоқсанға бет ал­­­ған Амантай ақсақал енді сол қой­­маны көрсетуге шамасы кел­мей­тініне өкінген еді.
Әулие тастың етегіне жетіп тоқ­та­ғанбыз. Фотограф жігітіміз Берік күн батысқа еңкейіп қалғанына қара­май екі-үш сурет түсіріп алған. Әу­лие тас туралы аңыз да әртүрлі. Ең сүбелісі аштық жайлаған жыл­да­ры осы тасты пана тұтып, бір жа­ра­тушыға сыйынған бір топ ел­дің қыр­ғыннан аман қалуы. Адасып келген, әлде ұлы жаратушы­ның би­­лігімен келген, біраз малдың сү­тін ішіп, қорек етіп, бала-шаға­сын сақтап қалуын осы тастың құпиясы санаса керек осы ел.
Байбалада бізді Талдының әкімі Бо­ранбай күтіп алмақ еді, Бекішұлы Бейімбеттің үйінде кезіктік. Бірер ке­се қымыз ішуге аялдағанбыз.
– Шортанбай бұлағына бар­дыңыз ба? – деген Боранбай
– Кесе қолымнан түсіп кете жаз­­дады. «Шортанбай бұлағы…» Бұл туралы Талды мектебіндегі қарт ұс­таз Қамен Ибрайұлы айтып еді-ау. Жырдай қылып жеткізген. Әт­тең, көрсетуге уақыты жетпей дү­ние­ден озды. Енді, міне Боранбай әкім айтып отыр.
– Ол бұлақты бәріміз де білеміз, – деп жамырай қостады Раушан мен Дулат. – Сіз, оны көрсет деген жоқ­сыз ғой, деп мәселені өзіме ау­дар­ды тағы да.
– Қотырдың сайына қайта еніп, тас­тың астынан сарқырап ағып жат­қан бұлақтың басына келіп тоқ­тағанбыз. Су алып іштік. Мұндай та­за да дәмді суды көптен бері кез­дес­тірмегем. Боранбай әкім Қар­қа­ралыға жол түскенде Шортанбай жы­раудың осы бұлаққа үнемі аял­дап кететінін, бұл маңның ақса­қал­дары, сөзге тәнті үлкен-кіші жи­на­лып жырауды екі-үш күнге жо­­­лы­нан бө­геп, мына заманның сипаты туралы жырларын тыңдап, кеңес құра­ты­нын айтып жатыр. Иә, Қамен Иб­райұлы да әңгімені тап осылай жет­кізген еді. Қамкең жоқ, ендігі жұрт не білер деп жүр едім. Совет үкі­меті ұлы жыраудың есімін айт­қызбай-ақ басқан, халық көн­бе­ген екен, ұлының есімі ел жадын­да жат­талла бергенінің тағы бір куәсі бол­дық.
Боранбай әкім Талды пира­ми­дасына алып келген. Әрине, Мы­сыр­дың емес, дала пирамидасы. Жыл­тыр тастың үстінен сол заман­ның білікті не батыр, не ел билеу­ші­нің мәйітін қойып, бүгінгі жұрт кө­тере алмайтын қалақ тастардан әл­денеше шеңбер жасап, араларын топырақпен толтырып, үстін сол заманның ұстанымына қарай жап­қан аса ірі қазақша айтқанда көр обаның бірі. Ерте заманның өмір сүру тәсілін осылай зерттемеске амал не? Онан әрі Боранбай әкім Нар­шөккеннің бергі жағындағы Данияр молланның күмбезіне апар­ған. Тоқсаныншы жылдардың аяқ жағында көргенімде мазар аман еді. Мазардың іргесінен бастап өріл­ген өрнектерге қарап таң қал­ған­мын. Бү­гінгі күнде бір жақ беті тегіс жа­пы­рыла құлаған екен. Әзірше аман тұрған екінші жағын суретке түсіріп ал­дық. Ұрпақ мақ­тана аларлық мұн­дай сәулет өнерінің үлгісін ең болмаса сурет ретінде сабақтасақ, оны ертең қал­пына келтіру жұмысы да бола­тынына көңіл сенеді.
Талды өзенінің талы өртеніп жа­тыр. Сеңкібай мазарына тәу ете кел­гендерден кеткен өрт. Келген­дер­дің өздері түгілі ізі де жоқ. Зы­тып берген. Шырылдап жүрген Тал­­дының әкімі. Жан-жаққа теле­фон шалып, шыр-пыр болып жа­тыр. Біз өз ісімізді түгендеп, әрі қа­рай жылжыдық. Десек те көңіл ма­засыз. Біреулер ішіп жүріп өрт жі­беріп, біреулер зиярат етуін да­рақылықпен жалғастырып ен да­лаға қиянат жасауда… Аң ату үшін (Тағылыда бұланды ату үшін өрт жіберген) сорақы іске баратын да өзіміз. Біз қашан «жерді шұқып ма­залағанның өзі күнә» деп есептеген ата-баба жолына түсер екенбіз.
Ертемен Талды ауылының ор­та­сында тұрған Мейірман мыр­за­ның мазарына соғып, (жерлесіміз Көшкін Амандықұлының бабасы) Нұраталдыға келгенбіз. Бұғылыға ба­рар жолды бөгеген өзендерден өту үшін Көккөзұлы Мартбек деген аза­мат – жолбасшы, бағыт – Құс­мұрын. Осыдан тура жиырма жеті жыл бұрын Құсмұрынның етегінде ежелгі заманнан қалған пирамида кейіптес тас мазарды көрген едім. Мавзолейді археологтар ашып зерт­тепті. Мартбек сол археолог­тар­мен бірге болған екен. Жолдан айнымай тура бастап әкелген Бе­газы-Дән­ді­бай мәдениетіне жата­тын ерекше құнды мұраны мал таптап, бұза бер­месін деп кейін те­мір шарбақпен қор­шаған екен. Ауыр плита тас­тар­мен қоршалған мазардың күнбатыс жақ бұры­шын­да биіктігі кісі бойы қол созымнан артық қос плита тұр. Мүмкін зама­нында мына ежелгі мұра­ның айна­ла­сын тегіс осылай қор­шаған да болар. Мыңдаған жыл­дардан кейін бізге жеткені осы болар. Ар­хео­лог­тар жазған, биіктігі 4 метрден артық диаметрі 30 метрге жуық пирами­дадан бізге жеткені осы. Айнала кі­шігірім тас мазарлар­ға толы. Осы­ның бірінің сақшысын­дай Құсмұ­рын­ның биігін, өрлігін та­нытып және тұр.
Сонау етекте 1910-12 жылдары осы жерді мекен еткен, орыстың би­­лігіне көнбей кеткен батыр да сері Иманжүсіп паналаған ауыл, ол тұрған үйдің іргесі жатыр.
Тағылы мен Бұғылы сайран салған,
Ұйпалақтап баурынан түлкіні алған.
Мейірім қанып тауына шығар едім,
Көзіме көрінерме ең дүние жалған, – деп осы маңда ән салған ғой сері Име­кең. Иманжүсіпке әркімнің-ақ бар таласы. Кереку мен Жаңа-Арқа жа­ғы біздің елде туған деседі. Біз ол­ай демесек те, Шеттің осы бір то­пырағына ізін тастап, біраз жыл ме­кен еткенін дәл айта аламыз. Осы­ны біз бүгін жазып кетпесек ке­лер ұрпақ несімен мақтана алады.
Қайтадан кері жүрмес үшін бо­лыс болған Сығай-Шаңқай ма­за­ры­на кейін оралмақ болдық. Шаң­қай болыс – қазақтың апшысын қуы­рып, жерін тартып алып жатқан за­манда өзінің бала-шағасын ертіп, Қоян­шытағайдан жүздеген жігіт жи­нап, орыспен шайқасудан тайын­­­баған адам атақты тұлға. Бо­лыстығына мәз біреу емес, қазақ­тың жері үшін дұшпанмен арпа­лыс­қан осы елдің төресі. Әттең, осыны бі­лер кәзір тағы ешкім жоқ. Орыс­тың теріс оқуы мұны айттырмады, ел­дің жадынан шығарды. Мәселе­нің шетін архив қана сақтап қалып­ты.
Жәңгір төре ауылы (Красная поляна) жағының әкімі Нұрсұлтан Пикеттен қарсы алған. Бұл – кешегі «Карлаг» деп тарихқа енген, әр ауы­лында зұлымдықтың сорғалаған ізі бар өңір. Ауыл әкімі Пикеттегі түр­ме-карцерді көруге алып келді. Ке­­зін­­де қойма болған түрме бүгінде жар­тылай құлап жатыр. Бір бөл­месінде адамды байлап қойып қи­найтын темір решетке қалыпты. Әлі де мына қабырғалардан өлер­мен ша­ғына жеткен пенденің ащы зары шы­ғып тұрғандай. Бірақ, осы түр­ме-карцерлерді құлатып тастау – қателік. Анау Германияда адам­дар­ды тірідей өртеген Освенциум, Май­денектерді бұзбай әдейі сақтап отыр. Осындай зұлымдықтан ұрпақ түршіксін, қайталауына жол бер­месін деген мақсат.
19 ғасырда осы жерде 17 мың жыл­қы біткен Жәңгір төренің ауы­лы болған. Биікке шығып мешіттің орнын көрсеттім. Төменде Жәңгір төре салдырған мектеп-медресенің, ба­лаларға арналған жатақхананың оры­ны жатыр. «Төре, қазақтың ба­ласы басқа ұлттан кем болмасын» деп өз қаражатына салдырып, жағ­дайсыз елдің баласын өзі киіндіріп, ауқатын беріп, оқытушы жалдап оқыт­­қан екен. Сол оқушының бірі Сма­­ғұл молла 1989 жылы маған ере келіп, бәрін де көрсеткен еді. «Иә, осы айтып көрсеткеніңіздің осы жұрт бірін білмейді» дейді Нұрсұл­тан әкім.
Қарамұрыннан әрі жатқан Жәң­гір төренің зиратына да жеттік. Осыншама байлығы болған, Петер­бордағы көрмеге қазақтың сән-салтанатын көрсетіп, неше алуан құн­ды заттар апарып, халқының өне­ріне жатты таң қалдырған Жәң­гір төренің бейіті қарапайым төрт құлақты кісі бойындай ғана там екен. Иә, ол кісі зәулім мазар салуға рұқ­­сат бермеген. «Бұл дүниенің бай­­лығы осы дүниеде қалады» деп, Ал­ладан о дүниеде иман беруін ғана сұрапты…
Ал Дәрия өңірінің әкімі Бек­а­рыс ауыл сыртынан қарсы алды. Біз­ге сол ауылдың Абай, Шәли де­ген ақсақалдары қоса ерген. Бұл маң да «Карлагтың» қорлығында бол­ған жер. Ел ауып есін қайта жи­ғанша талай деректер ұмыт болған. Құлап жатқан «бай бейіті» дегеннің кімдікі екенін жан баласы білмейді. Дәрия атанып кеткен жердің шын атауы Дәрі өңірі. Дәрі Сазанбай ба­­тыр­дың келіні. Бір өңірге есімі бе­рілген сол ананың мазары да «Кар­лаг» заманында тапталып кет­кен. Анау Дәрия қақпасының бергі ау­зындағы қырғыз руының зират­тары да күл-талқан болған. Шәлі ақ­сақал «Кәмеке, осы Бұғылыдағы қыр­ғыз бауырларыңызбыз ғой, біз тура­лы жазбай жүрсіз…» деп қалды. Уәде бере алмадым, бірақ осы ол­қылықты ойыма ұстап қалдым. Дә­­рі қақпасының ортасында жа­зық­сыз жазаға ұшырағандардың ауыр еңбегімен салынған алып пло­тинаға келдік. Кеш батып бара­ды. Көлдің беті толған құс. Тап осы жер­ден Үңірек ауылы бес-алты ша­қы­рым деседі.
Бір күн дем алып, Шет ауылдық окру­гіне қарай жолға шықтық. Бұл жолғы фотографымыз Дидар есімді жігіт. Мүлт іс болмайды деп, бәрін сайлап шыққанына бізді сендірген. Өңір әкімі Темірхан ширақ жігіт. Жи­­дебай батыр мазарына бұрылыс­та күтіп алған. Жидебай батырдың бір кезде «Білім және еңбек» журна­лы­на шыққан кішірек сүпысының суреті менде сақталған. Ұрпақтары кейін қазақтың күмбез бейіттерінің, қазақ сәулет өнерінің үлгісімен қайта жаңғыртқан мазары айбынды батырдың дулығасындай сұсты. Мазардың жанында келген-кеткен тәу етіп, демалатын тілеуханасы да бар. Кезінде мәрмәрдан жасаған орын­дықтары да болушы еді, бір абыройсыздың қолында кеткен сияқ­ты. Онан әрі өзен бойында Май­шора атанған қыздың бейіті. Өт­кен жазда реставрация жасалған. Бұл өзі отау бейіт. Сыртқы қабыр­ға­дан басқа ішінде отау бар. Сол отауда баланың бесігі тұрушы еді, осы жерден Қайрақты кенішіне құ­быр тартқан орыстар мен өзіміз­дің ішкіштер сындырып кеткен. Ірге­сі­не қойылған көктасқа осы жол­дар­дың иесінің бір шумақ өлеңі жа­зылыпты.
Ендігі бағыт – Сайлаутас. Сай­лау­тасқа тіке өтеміз деп жарық­шақ­қа түсіп, біраз уақытты ұттырап ал­­дық. Ақыры оған апарар жолды Ақсу ауылының іргесінен тапқан­быз. Сайлаутас сонау патша зама­нын­да Бес атаның болыстарының сайлауы өтетін жер. Кешегі үлкен­дердің бірі «тұмсығын жерге қада­ған алып мамонт сияқты тесік таста сайлау өткен, тастың осы тесігінің тұ­сына есігін қаратып ояз үйін тік­кен, есігін екі солдат күзеткен» де­се, енді бірі «сайлаутас өзеннің бойын­дағы тас еді» дескен. Атақты Тү­сетай ақын:
– СарыАрқа сағындым
ғой жайлауыңды,
Өтетін Сайлаутаста сайлауыңды.
Жаныған тас шарыққа
өтпес пышақ,
Қойсаңшы зығырданым қайнауыңды, – деп Қазақ елінің билігіне Голоще­кин келіп, қазақтың ғасырлар бойы қа­лыптасқан малын түстіктен те­рістікке қарай көше жүріп бағатын жо­лына тыйым салған, малды құр­тып, өзін қоса қыруды жоспарлаған саясатын әшкерлеген.
Қармыс ауылында аздап аялдап, Аманкелдінің үйінен қымыз ішіп, ауыл ортасындағы Ағыбай батыр­дың анасы Қойсана жатқан жерге тоқ­тадық. Қойсана анаға кезінде ма­зар тұрғызған. Отызыншы жыл­дары әумесерлер (кәзіргінің іш­кіш­тері солардың жалғасы) мазарды бұ­зып, кірпішін қора салуға алған. Сол үрдіс совет заманында жалға­сып, есуастау трактористер дөңес­теу үйіндінің үстіне тракторын қо­йып, оталдыратын орынға ай­нал­­дыр­ған. Айтып, жазып жібер­дік. Соның нә­тижесінде Шет сов­хо­зына директор бол­ған Төлепбер­ген мазардың ор­нын темір шар­бақ­пен қоршаған еді. Бүгінде сол шарбақтың бір шеті дал-дал, бейіт тағы да мал тұяғының ас­тында қалыпты. Япыр-ай де­сей­ші, осы ауылда бір жанашырдың бол­­мағаны ма? «Өлі разы болмай, ті­рі байы­май­ды» дейтін ел емес пе едік?..
Аласалау жотаның үстіндегі Ес­бай пірадардың мазарына тоқтадық. Ес­бай орысқа қарсы қол көтерген Сар­жанмен де, Кенесарымен де бай­ланыста болған тұлға. Осы жо­та­ның күнбатысы жағында Саржан қонған деген жер де бар. Саржан тө­ре осы жерді екі жылдай мекендеп Ақ­мола мен Қарқаралыға шабуыл­дап тұрғанын Сырымбеттің Қасы­мы, Дәлмағанбеттің Тұңғышбегі жырдай қылып айтушы еді. Есбай ма­зары сирек кездесетін сәулет өне­рі, қамшыдай өрілген өрнек ір­гесінен төбесіне дейін жалғасады, әлі аман. Бірақ, батыс жағын су ша­йып барады…
Иір-шиыр дала жолымен Ор­ман батырдың мазарына да жеттік. Мазардың жел жақ беті құлаған. Ду­латбек ақсақалдың «осы мазар са­лынғалы 104 жыл болды» деп отыр­ғанын 1956 жылы естігенмін. Сон­да бұл 1852 жылға келеді. Ор­ман батыр Кенесары ханның соңғы ұрыс­тарына дейін бірге болған адам. Бұл жаққа оралмай Шу бо­йын­­да дүниеден озып, қарындасы елге әкеліп жерлеген. Дұға оқып оты­рып баланың алақанындай тас­қа көзім түсті. Қоңыр тастың бетін­де әлдене жазу әппақ болып жыл­ты­райды. Арабша жазу. Менен гөрі арабшаға аса жетік адам болмаса бірер әрпінен басқасын ажырата алмадым.
Талай тамаша үңгірлер бар шы­ғар, Бұғылыдағы мына үңгір тіпті ерек­ше. Үңгірге баратын сай «Се­рік­тің сайы» деп аталады. Бұл атақ­ты Бөденің Серігі. («Құба белдерді» оқыңыз) Соғыс жылдары осы үңгір 17 қашқынға пана болған. Іші кигіз үй­ден биік. Есігінен жорғалап қана кіре­сің. Іші тез жылиды, түбінен тол­майды. Табиғаттың ерекше сыйы.
Ендігі мақсат, үңіректің асуы­ның маңындағы бір топ балбал тас­тарға жету еді, әңгімемен Күн­бө­пенің бұлағынан өтіп кетіппіз. Қайта айналып соғуға тура келді. Балбалдардың маңын археологтар қазып жатыр екен. Егделеп қалған археологтың жүзі таныстау көрінеді. «Кәмеке!» дегенге бұрылғам. «Мен Жолдасбекпін ғой». Құшақтасып жа­тырмыз. Сонау тоқсаныншы жыл­­­дан бері көріспеппіз. Тосыр­қап-ақ қалыппын. Іштей ұялып та тұр­мын. «Мына жер керемет құрбан­дық орны болған. Көптен ойымда жүруші еді, биыл ғана ашуға қолым жетті. Ашық аспан музейі болады» дейді Жолдасбек. Жолдасбекпен бірге Темірханның үйінде дәмдес болдық. «Сарыарқа. Тас мүсіндер» атты кітабын сыйға тартты. Мен де қарап қалған жоқ­пын. Дастархандас болған Жарық­тың әкімі Бауыржан әңгіме айтып отырған. Оның сөз саптауы, ұстам­дылығы әңгіме өрі­сі­нің өркендеуіне жақсы шырай берді.
Біз жүріп өткен Бұрма, Ақой өңір­­лері кешегі «Қарлагтың» бөлім­шелері. Қопарылып, жым-жылас етіл­ген. Батық ауылында Батық ма­­­зарының белуардан келер іргесі ғана қалыпты.
Кеш түсіп-ақ кеткен. Қонып жатуға уақыт аз. Тамыздың осы бір жай­машуақ күндерінде 25 округті аралап шығу қажет. Ол деген әр ауылға соғып кету емес, сол өңірдегі та­рихи мұраларды табу, зерделеу. Қазақша айтқанда шай ішуге уақыт жоқ.
Түнделетіп тартып келеміз. Ер­кіндік ауылына жетпей машин­а­ларымыздың бір жері күбірлеп шы­ға келген. Осы ауылдағы інім Тілеу­ханның үйіне жете құладық. Ас ішіп, шайқалып отыруға уақыт жоқ. Тездеттіріп шай ішіп, дем алуға жат­тық. Ертемен Қайролла бауы­рым­ның баласы Мейіржан маши­на­ның «күтірілген» жерін тастай қы­л­ып жөндеп берді.
Нілдіде (Өспен) бізді Файзолла қарсы алған. Әкімі Жарас түнде өрт­те болып, таң ата Қарағандыға атта­нып кеткен екен. Нілді ежелгі за­манның өзінде осы маңда мекен­деген жұрттың мыс өндірген жері. Бір кезде мына Әулиетастың асты­нан бұлақ ағып жатқан кен орны­ның байлығын білген Н.Ушаков Боздақұлы Қарабақсы деген кісіден осы әулие тасты 86 күміс теңгеге сатып алған. Бұл жерді ағылшындар үлкен кенішке айналдырған. Жұ­мысшылардың жағдайын көтеруді та­лап еткен ереуіл алаңында ес­керт­кіш тұр. Сәкеннің музейі де жап-жақсы жабдықталған.
Айғыржал ауылының жанында ХІХ ғасырдан қалған Жолданның мазары тұр. Осындай мазардың сақ­талуы тарих таптырмас мұра. Бұл мазарда Жолданның есімінен бас­қа қаншама сыр жатыр.
Ауылдың шетінде 1943 жылы қа­зақ ақындарының тұңғыш ай­ты­сында бірінші орын алған Маясар ақын­ның кішірек мазары. Неме­релері Әділ мен Боранбай мазар­дың күмбезін қайта жаңғыртуды ойлас­ты­рып жатыр екен. Сарысуда ағыл­шындардан қалған кен-байыту зауытының аман қалған белгісі қаңқиып тұр. Зауыт орналасқан кі­ші­рек төбенің сыртында Кәрсөн бо­лыс­тығының болысы Құркерей­дің сол заман үлгісімен салынған мазары.
Тағылы тауының ішіне кірген­біз. Мұнда назарымызды ерекше бөлген Сұңқартас. Сұңқартастың кө­рінуінің өзі әсем. Осы тастың басына шығып отырып Маясар ақын 1932 жылы аштан қырылған елін жоқтап «Көңіл қаяу» деген ән шығарған. Осы әнді бізге Маякең­нің жиені Жамау ақсақал жеткізген еді. Сұңқар тастан әрі Аманбек қажының мазары. Қазақтарды мәжбүрлеп шоқындыра бастаған тұста қажылыққа барып, елдің мұ­сылман дінінен айнымасына еңбек еткен тұлға. Мазарда күтім жоқ. Жартылай құлап жатқаны көңілге қаяу түсірді.
Бір күн үзіліс жасап, Тағылы өңі­ріне жол тарттық. Ертеңгі сегіз жарымда Әбен бұлағының басында әкімі Ришад пен Балтабай, шопыры Мұратжан қарсы алған. Бұлақ биыл осы заманға лайықталып, айналасы таспен өрнектей қаланып, ағысы түзетіліп, жөнделген. Осы жұмыс­тардың авторы да, жөндеушісі Ті­леуқабыл Есенбекұлы. Осыдан тіке тартып аудан қонған деген жерге барғанбыз. Осы жерде 1929 жылы ауданның бір жылдық тойы өтті. Бәйге, айтыс, әншілердің өнері сы­налған. Соны айтушы мен болсам да, кішірек төбенің басында тұрған ескерткішті орнатқан Өмірзақ пен Бал­табай. Е, құдірет, сол кездегі әкімі «ескерткішті неге орнатасың?» деп Балтабайға (Балтабай әкім еді) сөгіс беріпті. Шетшоқының ма­ң­ын­­да әлдебір тракторист құлатып кет­кен көктасты тұрғызып кеттік.
Әрі қарай Құдайберген, Ақма­ған­бет, Жаманбала, Қара би, Нұр­бай, Дулат мазарларына ат басын тіре­дік. Ақмағанбетке көненің үл­гі­сі бар. Қара би мазары рестав­ра­ция­дан өткен. Нұрбай – атақты би. Ду­лат – тәуелсіздік үшін күрескен тұлға, Ағыбай батырдың інісі.
Олжа – Дәуленге келдік. ХІХ ға­сыр­дың мұрасы. Олжа атақты Көп­бай болысқа:
– Сәлем айт Көбекең бір ат берсін,
Жал-құйрығы сүзілген құр ат берсін.
Әппақтығы Бұхардың
бөзіндей болсын,
Семіздігі Көппайдың өзіндей болсын – деп басталатын, аңызға айналған өлеңге қатысы бар адам. Жонның үстінде Ақтың мазары.
Қайрақты өзенінің бастауына жақын аласа жайлау Балқаш деп аталады. 1928 жылы құрылған аудан азаматтарының осы жайлауды ай­нала жиырма-отыз үй тігіп, алғаш бас қосқан жиыны өткен жер. Жай­лаудың ортасындағы аласалау қы­зыл тасты мінбе еткен деседі. Аудан мұнан кейін Кербетеге деген жерге, онан әрі Толағайға барып қонған.
Күн кешкіріп барады. Тағылы­ның Айқай кезеңінен асып, атақты Сәрінжіп ақынның басына тоқ­та­ғанбыз. Ақын ұрпақтары бабалары­ның жатқан жеріне Баянның көк­та­сынан жаңа мазар тұрғызған екен. Осы тамыздан 19-ы күні ар­найы ас та берілмек, төрт жерге ша­­қырулы­мыз. Қалай болар екен? Ең алғаш шақырған Қазыбек би асы. Тағылы­ны айналып өтіп, Кәдір ба­тыр мазарына да жеттік. Кәдір Қояншы­тағай болыстығы­ның ал­ғашқы бо­лысы, әрі осы билікте ұзақ отырған, елдің бірлігін көксеген адам.
Ақадырға жетіп, інім Сеймен­бай­дың үйіне тоқтап, дем алдым. Ер­тесі жалғыз «Ниваға» тиеліп, та­ғы да жолға шықтық. «Қазақ жет­пей адасады, орыс асып адасады» де­ген, бір бел жетпей адасып жүріп­піз. «Школ» деген қыстақ иесі Дауыл­байдың көктасын да, үңгірін де көрсетті. Онан арғы жол 1931 жы­­лы атылған 27 адамның жатқан жері Қосдоңғал – Күйгенсай еді.
Араға күн салып, Ортау, Қы­зыл­тау, Көктіңкөлі өңірлеріне аттан­дық. Ақадыр – Ортау арасындағы жол­ды түзеген екен. Босағаға бұры­лып, Тойымбек серінің мазарына тоқ­тадық. Атақты серінің басында көк­тас жоқ еді, қойған екен, бірақ, ту­ған, қайтыс болған жылдары жа­зылмапты. Ал менде «Тойымбек се­рі 1919 жылы 95 жасында қайтыс бол­ды» деген мәлімет бар.
Ортау әкімі болмай шықты. Ау­ру десті. Қарсы алғандар Қош­қар­бай, Қабзем, Өмірәлі, Демеу, Жан­дар­бек. Сәкеннің ата-мекен жұр­­ты­нан бас­тадық. Сәкен иығына шығып, дем алып, кітап оқитын сұңқар тасы мәң­гілік кейпінде. Ата-жұрттағы Сә­кен туып-өскен үй-жайдың ірге­сін көтеріп, фундамент құйып қой­ған. Бүгінгі мәдени ша­ралар өтетін же­рі де тап-түйнақтай.
Ортаудың биігін түстік жағынан орап, Кенесары асуына беттеп ке­ле­міз. Сонау 1980 жылдары «Жигу­ли­мен» осы асудан өткенім бар. Ке­несары асуы тар, бірақ әдемі шат­қал. Ескі Ортаудағы түрме жар­ты­лай бұзылған. Түрменің тап ал­дын­да ажалдының аллеясы. Оққа байланар азаматтың соңғы жарық дүниемен қоштасып өтер жолы.
Күн кешкіре Қызылтауға жетіп, одан ары Алтыбай батыр, Үйсінбай мазарларына бармақпыз. Әбсамат жол біле қоймайды, сондықтан осы маңның әр қуысын білетін Мұрат Қожанбердинді жолбасшы қылдық жүріс мақсатымды естіп, жолға шық­тық.
Үйсінбай мазары Ұлы далаға сал­ған қоңыраудай сыңғырлап тұр­ған ғажайып сәулет өнері. Бұқар мен Самарқандағы мешіт минарет­те­ріндегі сиқырлы өрнектерге жа­на­рың тоқтамай жүгіріп кетуші еді, міне сондай өрнекті іргесінен бас­тап, ұшар басына дейін жалғас­тыр­ған мазарға таң қалмасқа болмайды. Әрі осындай сәулет өнерін қал­дыр­ған өнер иесіне ризасың.
Алтыбай батырдың күмбезінде, мен көрген 1985 жылы, шоқпары қа­даулы тұрған. Шоқпардың ұшын­дағы күміс жамбыны белсенділер атып түсірген. Атылған оқтардың ізі шоқпардан айқын көрінетін. Бүгінде батырдың шоқпары жерде жатыр, жартылай шіри бастапты. Мұраны сақтауға әлі қолымыз жет­пей жүрген бір халықпыз.
Әр күн тарих қойнауына еніп ба­ра жатқан сәт. Әркімнің өмірі де жол-жөнекей айналаға көз салған жолаушының жүрісіндей ғана құ­былыс. Біз де тарих сақтаған мұра­лар­ға жол-жөнекей ойлана отырып көз салдық. Сары-Арқаның бір пұш­пағына жасаған экспеди­ция­ның жалғасы ұшы-қиыры жоқ та­рихи жәдігерлерге ұласты. Алайда… то­лық аяқтаған сапардың жолжаз­ба­сын жолортадан ірке тұрайын. Та­ғ­ы да бір сәті келер…

Қарағанды облысы.

Пікір қосу