Сұлтанмахмұт Жүсіпбектің ағасы…

0
235 қаралды
Осыдан төрт жыл бұрын жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың 125 жылдығы аталып өткені оқырман қауымның есінде шығар. Біздер сол 2014 жылы Аймауытовқа қатысты шаруаны ерте бастан қолға алып, ҚР Парламент сенатының депутаты болған жазушы, драматург Жабал Ерғалиевке хат жолдап, ол кісі ҚР Сыртқы істер министрлігіне шығып, осының арқасында бір топ адам Мәскеудегі Жүсіпбек жерленген Ваганьков зиратына барып, дұға бағыштап, жазушының атамекені – Қызылтау жерінің бір уыс топырағын апарып, салып қайтқанбыз. Бұдан соң Павлодар қаласындағы өзінің атындағы драма театрының жанында жазушының ескерткіші бой көтерді. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ғылыми конференция өтіп, дәстүр бойынша ас берілді. Қарап тұрсаң, бәрі жап-жақсы секілді…
Десе де… Павлодар универ­си­те­тінде өткен аталмыш кон­фе­рен­ция­да бізге де сөз тиіп қалған еді. Сол жерде мен шама келсе, жазу­шы­ның туған жылы мен өскен орта­сы­на қатысты мәселелерді нақтылау керектігін айтқам. Бірақ жиналысқа модератор болып тұрған бір ағамыз сол жерде аузымыздан қағып, көп сөй­лете қоймады. Осы себептен амал­сыз тілімізді тістеп, мінбеден түсу­ге мәжбүр болдық. Сөйтіп, жа­бу­лы қазан жабуымен қала берген.
Түсінікті болу үшін айта ке­тейік, біздер 2014 жылы Аймауытов­қа қатысты сол шаралар өтпей тұ­рып, «Қазақ әдебиеті» (2014, 7 ақ­­пан), «Жас Алаш» газеттерінде «Алаш­тың Аймауытовын іздейтін кім бар?» деген тақырыппен мақала жариялап, онда жазушының туған жылын анықтау керек екендігін айтып және оның шыққан ортасына қатысты бұрын жарияланбаған мұра­ғаттық құжаттар ұсынған едік. Бірақ солай екен-ау деп елең ете қойған адам болмады. «Ханның сөзін құл да айтады, құл сөзінің құ­ны жоқ» дегендей, бұндай сөз «дуа­сы бар» ауыздан шықпағасын ба, біздің айтқанымыз айтылған күйі ұмыт болып қала берді.
Сол кезде (қазір білмеймін) С.То­райғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Ж.Ай­мауытов орталығы жұмыс істей­тін. Осы орталықтың дирек­торы болып жүрген бір мосқалдау әйел адаммен (аты-жөнін ұмыттым) Аймауытовтың туған жылы мен өскен ортасы, ғұмырбаянына қа­тысты пікір алыспақшы болып едім, ол кісіні мен секілді «ғылымға қа­тысы жоқ» адамның деректері қызықтырмады ма, әңгімеміз жа­раса қоймады. Сол күні ғылыми конференцияда сөйлеген бұл кі­сілер жазушыға қатысты бұрыннан айтылып жүрген елге белгілі мәлі­мет­терді қайтадан қайталап, «Ай­мауытов – француз, неміс, ағыл­шын, тағы да басқа тілдерде (әй­теуір, арасында қытай тілі жоқ екен) таза сөйлеген» дегеннен басқа елең еткізер «жаңалық» айта қоймады. Таңқаларлығы, ол кезде қазақ зия­лылары шетел тілі түгілі, орысшаны жаңа ғана үйреніп жатқанда, Жүсе­кең қалайша бірнеше тілде «таза сөйлеген» деп таңқалдық. Бірақ мақ­тағанның жөні осы екен деп, көңілге қона қоймайтын бұл секілді мәлімет ұсыну ешкімге абырой әпер­мейтінін ойлап жатқан ол кісі­лер жоқ… Егер Аймауытов Мопас­сан­ды, басқаларды қазақшаға ау­дар­са, ол француз, неміс тілдерін таза білгендіктен емес, орыс тілі ар­қылы аударғаны әркімге белгілі…
Жарайды, ол өз алдына. Ең қы­зығы, биыл, Жүсіпбек Аймауы­тов­тың 125 жылдығынан кейін төрт жыл өткен соң, Сұлтанмахмұт То­рай­ғыровтың 125 жылдығын той­ла­мақ болып жатырмыз. Сұлтанмах­мұт­тың жасы Жүсіпбектен үлкен екені қалам ұстап жүрген әр қазаққа белгілі. Оны Мәшһүр Жүсіпке жаз­ған бір хатында «Сұлтанмахмұт­тан екі жас кішімін» деп Жүсіпбектің өзі де айтады. Және Сұлтанмахмұт пен Жүсіпбек аталас адамдар. Жүсіпбек Сүйіндік-Құлболдының Кү­лігінен, Сұлтанмахмұт Құлбол­ды­ның Айдаболынан тарайды.
Сұлтанмахмұт өзінің «Әлихан­ның Семейге келуі» атты мақа­ла­сында Алаш көсемін қарсы алу­шы­лардың ішінде Жүсіпбек те болып, оқушылар атынан өлең оқығанын айтады. Мақала 1917 жылы жазыл­ған деп көрсетілген. Жүсіпбек ол кез­де Семейдегі мұғалімдер се­ми­нариясының оқушысы. Егер Ай­мауы­товтың қазіргі өмірбаянын­да көрсетіліп жүргендей оны 1889 жы­лы туған деп алсақ, онда 1917 жы­лы Жүсіпбектің жасы 28-де бо­лады екен. Бұндай жастағы адам­ның оқушылар атынан өлең оқы­ғаны да көңілге қоныңқырамайды. Осы­ған қарап, Жүсіпбектің 1889 жы­лы емес, одан берегіректе туға­нын жобалау қиын емес.
Жазушының туған жылы жайлы та­ғы бір деректі біздерге Бая­науыл­дың Шоман деген ауылында тұра­тын, ескі әңгімелерден хабары бар Тұр­сынбике Тұқбайқызы деген кейуана айтты: «Үлкен ағам Қожан Тұқ­байұлы 1896 жылы туған, сол кісі Жүсіпбек менен бір жас қана үлкен деп отыратын», – дейді. Бұл адам­дар Жүсіпбекпен ауылдас, ру­лас, бірге өскен кісілер. Сондықтан апайдың айтқанына назар аударар­лық дерек деп қарауға болады. Сон­дай-ақ, «Егемен Қазақстан» га­зе­ті­нің 2011 жылғы 28 желтоқ­са­нындағы санында жарияланған «Құпиялы құлпытас» атты мақалада оның авторы Серікқали Бәйменше Мәскеу жақтан қолына түскен тағы бір құжаттарға сүйене отырып, Жү­сіпбектің 1895 жылы туғанын ай­тады. Осыларды және басқа да де­рек­терді негізге алсақ, Жүсекең 1895 жылы туған дегенге көбірек сая­­тын секілді.
Бір өкініштісі, тоқсаныншы жыл­дары Жүсіпбек ақталған кезде, еш­кім де Баянауыл-Қызылтау же­ріне барып, сол кезде көзі тірі үл­кендерден сұрастырып, жазушы жай­лы дерек жинамаған секілді. Олай дейтініміз, осы уақытқа дейін Жүсекеңнің өзінің жазған өмірбая­нын пайдаланып келеміз. Онда ол өзін кедей ортадан шыққан адам­мын деп көрсетеді. Ал, шындығында тіпті олай емес. Оның атасы Дән­де­бай да, әкесі Аймауыт та дәулетті адамдар болған. 1897 Ф.Щербина экс­педициясының жазбасында Ай­мауыт Дәндебайұлында 276 жылқы, 167 ірі қара, 43 түйе, 749 қойы, 52 еш­кісі бар екені жазылған. Аймауыт сондай-ақ, 1889 жылдың 26 тамы­зы­нан бастап өзінің аталас туысы Тай­шық Ноғаевпен (жазушы Қадыр Тайшықовтың атасы) Баянауыл сыртқы округіне қарасты Атағозы бо­лысын басқарған (Семипа­ла­тинс­кие областные ведомости, 1847). Осылай бола тұрса да, Жүсе­кең өзін кедей ортадан шыққан адаммын деп көрсетеді. Оның себе­бін өздеріңіз білесіздер, ол кезде бай баласымын деп айту өзіңе көр қазғанмен бірдей болатын.
Жүсіпбектің туған жылының нақ­тыланбай тұрған тағы бір себебі, жазу­шыға қатысты құжаттарда 1888, 1889, 1890, 1892, 1895 жылдар бо­лып бірнеше түрлі даталар көрсе­тіледі. Бұлардың барлығы қағаз бетіне түскен, бірақ түбегейлі зерт­тел­меген даталар. Дәл осы жылы туған екен деп айту қиын. Ал 1889 жылы туды деген дата Жүсіпбек алғаш ақталған кездегі мақалаларда жарияланып, ақыры сол күйінде тарихи айналымға кіріп кеткен.
Хош, сонымен, әңгіменің негі­зі­не келсек, биылғы жылы тойла­на­тын Сұлтанмахмұттың жасы Жүсіп­бектен үлкен дедік. Бұл жө­нінде ешқандай дау болуы мүмкін емес. Бірақ Жүсіпбек толып кеткен 125 жасқа ол төрт жылдан соң ғана жетіп отыр. Бұны қалай деп түсін­діруге болады? Кейбіреулерге бұл ұсақ-түйек нәрсе болып көрін­генмен, Ертіс-Баянауыл өңіріндегі зиялы қауым мен ғылыми орта үшін өте ұят шаруа. Дегенмен, әзірше оны ескеріп жатқан пенде баласы жоқ. Сырттан біреу келіп: «Әй, сен­дер ай бағып отырсыңдар ма, Кере­куде табаны күректей үш универси­тет, жүздеген ғалымдар бар, неге түзетпейсіңдер?!», – десе, не дейміз?
Әрине, біздің бұл мақаламызды Павлодардағы жоғары оқу орын­дарынан немесе жергілікті зиялы қауым өкілдерінен біреулер оқып, ой түйе қояр деп ойламаймыз. Біз­дікі сол баяғы «сөйлеп қалған ауыз» деп, айтып жатырмыз. Айта береміз де. Биыл Алла жазса, мәңгілікке арман арқалап кеткен Сұлтанмахмұт ақынды да тойлаймыз деп отырмыз. Сәтін салған күні аста-төк дастар­хан жайылар, біреулер шапан киіп, біреулер ат мінер. Біреулер мінбеге шығып, «бәйге атындай аңқылдап», көсіліп тұрып сөйлер. Ол да дұрыс шығар. Ал, сол тойдың үстінде кел­ген меймандардың бірі: «Сұлтан­мах­мұттың жасы Жүсіпбектен үл­кен еді ғой, бұл қалай болғаны?», – деп сауал тастаса, не дейміз? Мен қазір осы­ны ойлап жүрмін.

Сайлау БАЙБОСЫН,
ҚР Еңбек сіңірген
мәдениет қызметкері.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.