Тәңір шебер төккен нұр…
21.08.2015
5147
0

Абай

 

 

 

 

 

Мағжан Жұмабаев

 Атақты ақын – сөзі алтын хакім Абайға

Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес

Қарадан хакім болған сендей жанды

Дүние қолын жайып енді күтпес.

Сөзіңе құлақ салып, баға бермей,

Қисайып, қыңырайды жұрттың иттес!

Бұртиып, теріс қарап: «Аулақ жүр!», – деп,

Болды ғой жақын туған бәрі кектес.

Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме,

«Қор болды қайран сөзім босқа!», – деме.

Артында қазақтың жас балалары

Сөзіңді көсем қылып, жүрер жөнге!

Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар,

Өлтіріп талай жанды, жүгін артар.

Көз ашып, жұртың ояу болған сайын,

Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар.

Жүрген жанның артында ізі қалар,

Етікші өлсе, балға мен бізі қалар.

Бір бай өлсе, төрт түлік малы қалар,

Жүйрік елсе, артында сөзі қалар!

Сұм дүние сылаң беріп көптен өтер,

Сау қалғанның көбісі ертең бітер.

Тоқтамас дүниенің дөңгелегі,

Жүйріктің айтқан сөзі көпке кетер.
 Нұрпейіс Байғанин

Абай

Ұстазы көркем сөздің асыл Абай,
Білімді, зейінді асқан, ақын Абай,
Зейіні артық ұшқыр жаннан асқан
Озатша астанадан затың, Абай.
Сіңірген байтақ елге еңбегіңмен
Шашылды жер жүзіне атың, Абай!

Асқар тау, биік шыңсың қол жетпеген,
Білікпен зейініне сөз жетпеген.
Бұтағың көк тіреген сен бәйтерек
Мәуеңе қараса жұрт көз жетпеген.

Зейінің артық асқан, көңілің кеңіс,
Ақылың, ақындығың бәрі тегіс.
Үлгіңнен, Абай ақын, нұсқау көріп
Ақындар күннен-күнге тапты өріс.
Үлгің деп сенің берген, ақын Абай,
Заманда рахатты жедік жеміс.
Аузыңнан шыққан сөзің гауһар-маржан,
Жырыңның бас-аяғы бірдей тегіс.

Абайдың өзі өлсе де, сөзі өлген жоқ,
Абайға ешбір ақын теңелген жоқ.
Мәңгілік бүгінгідей сенің жырың,
Ескіріп айтқан үлгің көнерген жоқ.
Халыққа үлгі берген сенен өзге
Ақында сіз сияқты шебер де жоқ.

Көңіл салып оқыңыз Абай жырын,
Аузынан шыққан жыры шекер-шырын.
Үлгілі айтқан жыры ақын Абай,
Халыққа үлгі берген бізден бұрын.
Мақпалдай қалы кілем секілденіп
Тыңдатқан астанаға жырдан түрін.
Халықтың қамы үшін жырлап өткен
Сайратып шын шежіре шешен тілін.
Ақтарып көңілінен асыл сөзді
Заманның болжап өткен ақыр түбін.
Өзінің терең ой мен ақылынан
Ер Абай болжап кеткен ойдың түбін.
Бұрынғы өткен қулар елемеді,
Советім, халқым білді жырдың бұлын!
Қасым Аманжолов

Абайға айтарым

Бұл күнге лайық алыпсың!
Ол күнге қалай сыйғансың!
Бір өзің бүкіл халықсың,
Қалдырмай бәрін жиғансың.

Жарылып кете жаздапты-ау,
Жырламай тынсаң жүрегің;
Айтпаған сөзің аз қапты-ау,
Бөлек бір туған кім едің!..

Атаның ұлы емессің,
(Кешіре жатар Кеңгірбай),
Халықтың ұлы боп өстің
«Ибраһим» демей, деді «Абай».

Абай десе, Абайсың,
Абайладың жан-жақты,
Риза еттің жарайсың
«Қалың елің – қазақты».

Сен өлгелі елу жыл, –
Деген сөзге кім нанар?
Жүз тоғызда сен биыл, –
Бір мүшелің тойланар.

Ақын ата ақсақал,
Академик құрметті!
Ұсынамыз, қабыл ал,
Жазушылық билетті.

Өзің бастап ашарсың
Пленумды, съезді;
Құнсыз өлең, нашар сын,
Көпірмелі көп сөзді.

Көрсетуге ұялсын,
Кейбір кесір керауыз;
Бағалансын, сый алсын
Ойлы, күйлі жыр нағыз.

«Заманына ақын сай
Болса…» дерсіз, білемін;
Болмай жатыр, япырмай,
Болсын! – менің тілегім.

Жатыр көп жыр жырланбай,
Шырқар кім бар шындықты?!
Керек боп тұр, шіркін-ай,
Өзіңіздей бір мықты.

Күтуліміз асыға,
Келе жатыр, тым жақын,
Сыншысын ертіп қасына,
Келеді бір мықты ақын.

Сол керемет тудырса –
Ешбір ақын тең келмес,
Біздің кейбір достарша
Сіз болмассыз бақ күндес…

Мынау біздің кеңсеміз,
Анау сіздің көшеңіз.
Таңданарсыз көрсеңіз,
Терезесі неше жүз…

Нұрлы сарай енсеңіз,
Іші толған ән мен күй –
Бұл түс емес, сенсеңіз,
Сізге лайық осы үй.

Төрлетіңіз, келіңіз
Қолмен ұста, көр, тыңда…
Осындай ма еді төріңіз
Шыңғыстағы жұртыңда?..

Сіздін кітаптарыңыз…
Тиражын бір санаңыз.
Тек бұл емес барыңыз;
Мынаңыз бар, анаңыз…

Орысша да қазақша,
Қытайшасы және бар…
(Емес-ау бұл аз ақша,
Сұрай қалса гонорар).

Үйілген жүк сона бір –
Сіз туралы, сіз жайлы…
(Өзгелерін соң оқыр,
Абай алды «Абайды».)

Ал, ақсақал, мен қойдым,
Айтсын енді басқалар;
Қиыры жоқ бұл тойдың
Қызығы енді басталар.

Жұмекен Нәжімеденов

 Абай ескерткішіне

 Бір сенімі бар еді маған да елдің,
«Ұлғайды арман»,
Мен-дағы алаң болдым.
Ымыртта ымырт құсап қоңырайып,
Өзімді іздеп шығып ем – саған келдім.

Кетті дейді жыр оңбай… құрсын бәрі,
Сыншылар жүр том жазып, ырсыл қағып…
Жүз мода өзгерді ғой, мың бір заман,
түйе жүн күпі киіп тұрсың ба әлі?

Қара шал-ай, қарашы мойын бұрып:
Жырды алдым шау тарттырып, қойылдырып.
Басқа барар жерім жоқ, саған келем
Қалғанда сөзім жүдеп, ойым құрып.

Таппаған соң өлеңмен жүрек емін,
бір-ақ сілтеп қолымды жүрер едім:
туатұғын сықылды бүгін-ертең
мраморға жазылар бір өлеңім.

Қажып келдім, қасыңа қалғиыншы,
Не қарғыс, не бата айтшы… ал құйылшы.
Сен маған туған жерім сияқтысың,
Аңсағанда келетін шалдың исін…

Қанипа Бұғыбаева

 Таң атқанша

Таң атқанша, бір қызамын, бір суып,
Түсімде ылғи кезем өзге тіршілік.
Тас мүсінді Ұлы Абайдың басынан,
Тұрды нұрлы шұғылалы Күн шығып.

Көз алдымда көрген күнім сағынып,
Осы шығар, асыл арман, ақ үміт.
Шашыраған сансыз жарық сәулесі,
Көздеріме түсті менің шағылып.

Жүргендеймін қыл көпірдің үстімен,
(Өмір деген – өмір емес, түс, білем).
Көк байрақтан көріп едім өңімде,
Күн көтерген қайсар қыран құсты мен.

Ұмытылмас… болды өзгеше, өмір бұл,
Күн көзіне қарай өсер көңіл гүл.
Түні бойы таңды күтіп сарғайған,
Сағыныштың сәулесіне шомылдым.

Жан-жүрекке жарық түспей басқадан,
Жылу күтіп, болдым неге «тасқа» алаң?
Кейде өмірден түңілгенде, түстегі
Күліп шыққан Абай күнін еске алам.

Таң атқанша сезім кештім, өртендім,
Көкірегім жайып қанат көркем күн?
Дүниеге неге ертерек туды екем,
Мен қызығам бақытына ертеңнің.

Өзі білсін… жорыса да қалай, кім,
Содан бері жүзі болды сан айдың.
«Бағамды» алмай барам «өмір-базардан»
Күліп шыққан Күнін көріп Абайдың.
Өзі білсін, жорыса да қалай, кім?..

Жəркен Бөдешұлы

Жыр көктемі

Көгеріп, жасарғандай дала, қыстақ,
Айнала балауса өмір, даналық шақ.
Алатау ұлы Абайға ұқсап отыр,
Қолына көк сиялы қалам ұстап…

Жаңғыртып барша əлемді мəңгілік жыр,
Оятты тəтті ұйқыдан таңды бұлбұл.
Бозторғай «Жаз» өлеңін аспанда оқып,
Айызын тыңдаушының қандырып жүр.

Сахара бір көгілдір нұрға толып,
Ағады арнасында су да толып.
Əйгілі «Айттым сəлем, Қаламқасты»,
Барады көкжиекке тырна созып.

Сиқырлы үн боп кіріп құлаққа – Абай,
Жатқандай жылтырайды құраққа май.
Тоты құс түстес алуан көбелектер,
Қонады гүлден-гүлге тұрақтамай.

«Қарға мен өгіз» сырын шымшық оқыр,
Жүрегін əлдекімнің шымшып оқыр.
Жұп аққу «Жазғытұры» жырын жаттап,
Бір байғыз кəрі қыздай сыңсып отыр…

«Мінеки, болыс болдым» дегендейін,
Өңешін созды құзғын өлердейін.
Көгершін «Сап-сап, көңілім, сап, көңілім» деп –
Аударды пенделердің өлеңге ойын.

Өлеңсіз – көңіл күйге жарымайды,
Өлеңсіз – өтсе өмірдің бəрі қайғы.
Қараңғы түнде ұлы тау қалғиды,
Тыңдаса «Желсіз түнде жарық айды».

Бұл-дағы Абай – көктем күші деп біл,
Көкек те əупілдейді іші кепкір.
Тойынған қар суына сəуірік-бұлт,
Аспанның ар жағынан кісінеп тұр.

Кеткендей бойдан ызғар, санадан кір,
Емеді Ана-Жерді бала-жаңбыр.
Тұяғын қайта-қайта тасқа соғып,
Тау ішін құлын-бұлақ аралап жүр…

Көкпеңбек туым түстес болды атырап,
Көк түсті қызартам деп болма ақымақ.
Қазаққа əсіре қызыл жаққан емес,
Жарасар ақ терекке – көк жапырақ.

Қонғанда ақ шешекке көк көбелек,
Көрінер көркемдігі көптен ерек.
Қолына көк бөрілі байрақ алса,
Алашың арыстан боп кетсе керек…

Ғалым Жайлыбай

 Жаңғырық

…Жартасқа бардым,
Күнде айқай салдым
Одан да шықты жаңғырық…
                                                                                                                         Абай.

Дауысым шықты жаңғырып,
Жан-жағым толған жаңғырық.
Сізден соң өмір-өлеңге
Біз қайдан келдік қаңғырып.
Адасқан күшік секілді,
Ойларым жұртта қалды ұлып.
Тұлпар тұяғы кетілді
Алашқа тілеп Арлылық.
Ей, Шыңғыстаудың баласы,
Запыран құстым
зар қылып,
Қазақтың қайран даласы –
Жаңғырықтардан мәңгіріп,
Есімнен кетті тандырып…

Беу, елімнің ерен Абайы,
Теңіздей терең Абайы.
Ататын таңның арайы,
Шұғылаға тұнған маңайы.
Санама мені пендеге,
Өзіңді көрем түсімде.
Жартасқа бардың сен неге
Жаңғырық есту үшін бе?..
Қара көңілдің жарығы ең,
Халқымды бастар мәңгілік.
– Абай! – деп айқай салып ем
– Абайла! – деді жаңғырық.

Аймалап өстік Күн, Айды,
Көкейде көктеп көп өлең.
Жаңғырық шықса жылайды –
Абыралы, Мыржық, Дегелең…
Жаңғырық естіп құрсақтан,
Ұрпақ боп тудық күнәлі.
Абайдың өзі мұң шаққан –
Меңіреу жартас тұр әлі.
Жаңғырды бүгін тау іші,
Жанымда менің жанды үміт.
РУХЫМНЫҢ өлмес дауысы –
Шыңғыстан шыққан жаңғырық…

Жүрсін Ерман

Абай ескерткішіне

I

Тас болып тұрсың.
Өтеміз күнде осы арадан.
Өзіңнен басқа таппаймыз мұңдасар адам.

II

Абай ағамыз!
«Қазағым-ау» деп Сіз бізді көп аямаңыз:
Қатыгездікке келгенде қарайып әлі
Сабақ алатын жақсыны
Сабай аламыз.

Өтірік! Жалған –
аспанның астын кернеген,
бабаларымыз, меніңше, қасқырды ембеген:
Қақпанға түссе тірсегін қиып кететін
Бөрінің серті сондықтан дәстүрге енбеген!

Қанағат та жоқ,
Рахымның ізі қалмаған,
Қайырым қылар дегенің – бұзық. Оңбаған.
Патшайым болар дейтіндей періште де жоқ,
Қу аяқ бар ма – қазақтың қызын алмаған!

Адамгершілік айрылды өз бағасынан,
Алдауға келсе інісі озды ағасынан.
Түндіктен түсіп,
Кіндіктен қылмыс жасайтын
Түңіліп жүрміз қазақтың бозбаласынан.

Мұсылман таппай — отырар тізгін басында,
Тұлпарға тоқпақ таққан соң,
Құзғынға – сырға,
Құдайдан медет болмаса, қазағың әлі
Жылап көрісер, ей аға, Сіздің ғасырға!

Ұлықбек Есдəулетов

Жидебайда

Абай ата, келмеймін күнде саған,
Саған шашпай мұңымды кімге шағам?
Көресіні түгелдей көріп болмай
Күтіп тұрған көрге де кірмес адам.

Жерден сырлас таппадым сөз ұғарға,
Көкте жүрген көзелдің көзі бар ма?
Тіршіліктен түңілген тамам бала
Өзін асып жатыр ғой өзі дарға!

Ақзу тілім ақ сор боп шұбарланып,
Қыжылымды айтпадым құмар қанып,
Гəкку əнім гөй-гөйге көп ұласты,
Сұңқылдаған аққудай сыңар қалып.

Туған жерді тозаққа айналдырып,
Амалсыздан аһ ұрам айлам құрып.
Жайылымсыз өңірім қайырымсыз
Өрісімді алыппын ойран қылып.

Жау жықпаған қазақты арақ жығып,
Қайта басты даламды қараңғылық.
«Қартта – мейір, балада – пейіл қалмай»
Əлекедей жалаңдар арам қылық.

Намыс емес көбіміз табыс қуып,
Өгей өстік өрліктен алыс туып.
Тəуіп еткен таспұтым телкек қылды,
Өзімді əкеп өзіммен шағыстырып.

Ала жіптен аттамай ас батпады,
Бүйрек пенен жүректі тас қаптады.
Жылан жылтып жүрген соң қойнымызға
Жанымыздан жылу да қашқақтады.

Ертоқымның сынған соң айылбасы
Ұмытылды ұлы əннің қайырмасы.
Сүтте қаймақ қалмайды, қызда – оймақ,
Су мен удың жоғалды айырмасы.

Жидебайда жарылса талай атом,
Жырлап жүрген біз соны – Сарай ақын.
Ұрпағыңа «Тоқтат!» деп тоқтам айтшы,
Бар еді ғой аруақты Абай атың!!.

Тыныштықбек Әбдікәкімов

 Абайға

Сіз өскен Түзде Тәңірдің иісі бұрқырап,
Киені көрген, көздері көркем жылқылар!..
Өмірдің сыры Өзіңіздей Жанға сол кезде,
Оқылған шығар бес Күндік Жалған сыртынан?

Сіз сүйген Ел-Жұрт байраққа, ерге, жараққа
Әнінен – алтын, күйінен – күміс жалатқан!..
Күнтекті Қыдыр құрдасы болған сол Қазақ,
Құдайдың өзін шақырған екен қонаққа!..

Сіз құшқан Ару аңыздан перде ұстанып,
Ұйықтатпай қойған әлемнің небір мыстанын!..
Сіз ашқан тылсым Өлеңнің әппақ Әлемі,
Пенделік жасыл қиялдан алыс!
Тысқары!..

Сіз шеккен Қайғы заманның басын даң қылып!..
Ғасырға ғасыр тасумен жатыр жаңғырық.
Сіз айтқан Өсиет…
Оны біз барша өнерге,
Хан сайлап қойдық мәңгілік!

Арман-ай, арман!..
Біздердей мына құлдағы
Құлпырса-дағы тұрмыстың қызыл сырмағы,
Өзіңіздей болып, жұпарын сөздің бората,
Аңқыған Еспен отыру қайда-а-а нұр бағып!..

Өттіңіз, әттең жаяулап мына бес күннен…
Өлеңнің күні кешкірген.
Сіз кеткен жолдың басында балбал тұр бүгін,
Аузынан аспан естілген!..

Әбубәкір Қайран

 Ғасыр өтті

Ғасыр өтті ұлылық көз жұмғалы.
Көрге бірге көмілді өз жұмбағы.
Солғындады сорлы тіл содан бері
Томаша жұрт томсарып, тозғындады.
Сөздің мəні сөгілді бой-бой болып,
Ытқып ақты қып-қызыл көздің қаны.
Ғасыр өтті ұлылық көз жұмғалы!

Ғасыр өтті ғажайып нұр көшкелі,
Дүмпіп өтті дүлейдің дүрмектері.
Білместері көбейіп біздің жұрттың,
Танауынан қара қан дірдектеді.
Кірлетпеді кім сонда аппақ арын,
Арманына кім жетіп, кім жетпеді?!
Ғасыр өтті ғажайып нұр көшкелі!

Ғасыр бұрын ұлы Абай баз кешкенде,
Өлеңінен қазақтың саз кеткенде,
Əздектерге ілесіп əн менен жыр,
Қара саннан қара өлең қан кешкенде,
Қайыспаған қайда екен қайран ерлер
Қарсы шапқан атойлап наркескенге?!
Ғасыр бұрын ұлы Абай баз кешкенде!

О, қазақ- ай! Не деген өлермен ең,
Тепсе дағы доп қылып көнермеген!
Кезермеген ерінің Кербалада,
Жүріп өтіп жүз жылды төбеңменен.
Өнерменен бір туған егіз едің,
Несиесі ешқашан төленбеген.
Сайрап тұрған санаңда бүгін таңда
Сіңбес болып барады өлең деген…

Ғасыр өтті ұлы Абай көз жұмғалы,
Ойы жоқ-ау айналып келем деген…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір