Үмбетбай Уайдин: «Менің мансабым – қаламсабым»
06.04.2018
2161
1

Сатира саңлағы Үмбетбай Уайдинсіз қырық күн өтіпті. Қазақ сатирасына қапысыз қызмет еткен қаламгердің көзі тірісінде жарық көрген жазбаларынан үзінділерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.


«Әдеп әлемі» кітабынан:
1. Біздің пәтеріміз бен лифтінің арасы жақын – есікпе-есік. Пәтер­ден шығып, лифтіге қарай аяқ баса бергенімде, сурет жапсырылған қағазға көзім түсті. Жерден көтер­дім. Бұл 1973-жылы туған Ра­хым­жан есімді бейтаныс қазақ жігі­тінің жеке куәлігі болды. Қап!
Суретке олай қарадым, былай қарадым – танымадым. Үйдегілер де бастарын шайқады. Көршілерден сұрастырып, одан нәтиже шықпаса жоғалған заттарды тапсыратын жерге (стол находок) апарып тас­тайын деген ойда болдым. Бірақ куәлік иесі оңай табылды. Біздің пәтермен қабырғалас пәтерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жат­қан-ды. Куәлік иесі сол жөндеу­шілер­дің бірі болып шықты. Қалай қуанды!
2. Екі қолымда азық-түлік салын­ған екі тор-дорба. Ырсылдап-пыр­сылдап келе жатырмын. Кенет, тұсымнан әйел даусы естілді.
– Вам далеко?
– Жоқ, жақын, анау тұрғын үй.
– Келіңіз, отырыңыз, жеткізіп салайын.
– Ойбай, рахмет, жақын жер ғой.
Ол машинасынан секіріп түсті.
– Жоқ, аға, келіңіз, отырыңыз.
– Мақұл, жарайды.
Жеткізіп салды.
– Сау болыңыз, ағай.
– Көсегең көгерсін, қарағым!
Аты-жөнін сұрағым кеп, аузым­ды ашам дегенше, ол ұзап кетті. Қап!
3. Жас шамасы мектеп жасын­дағы бала көшеде тұсымнан өтіп бара жатып, бетіме қарады да:
– Ассалаумағалейкум. Қарттар күнімен, ағай. Сізді құттықтаймын, – деп, қолыма бір үлкен апорт алма ұстатты.
– Ой, рахмет! Не, атаң есіңе тү­сіп кетті ме? Алмаңды, мә, өзің жей ғой?
Бала ыржыңдап жүгіре жөнелді. Айналайын!
4. Микрофон қолдан-қолға кө­шіп, дастархан басындағылар осы­дан бір сағат-жарым сағат шама­сын­да қара жердің қойнына тап­сыр­ған азаматтың қадір-қа­сиетін және бала-шағасына жұбату сөз айтып жатыр. Біз отырған стол­да бізге қарама-қарсы европалық­тар­ға ұқсайтын екі жұп әйел-еркек отырды. Микрофонсыз да жұбату сөз айтып жатқандар бар. Мыналар тым-тырыс. Ахатқа қарап:
– Аха, осы мына өзге түсті ағ­айын­­дарды танимысың? Құдалар-ау деймін, микрофонды бейімдесек қалай болады, – дедім.
– Соның қажеті жоқ-ау, – деді Ахат, – өздері қол созып жатпаса қайтеміз.
Соңғы сөз. Микрофон марқұм­ның жұбайының қолында. Марқұм­ның жұбайы булығып, жылап сөй­ле­ді. Біздің қасымыздағы өзге түсті ағайындар қоса жылады… Менің құлағыма әлдекім: «Ең түсінікті тіл – көз жасы. Ол – бүкіл адамзаттың тілі», – деп сыбырлағандай болды. Шынында да…

«Оңашадағы ойлар» кітабынан:
1. «Біреуді құртқың келсе, мақ­тай бер, мақтай бер. Мақтай бере­тін­дерден, Алла, Құдай, мені де, оны да, оларды да сақтай гөр, сақ­тай гөр! Әумин!
2. Маған мансаптың не қажеті бар. Менің мансабым – қаламса­бым.
3. Сексенінші жылдары жастар басылымдарының бірінен Мейір­ханның (Ақдәулетов) «Сабақ әже» деп аталатын шағын шығармасына көзім түскені бар. Онда Сабақ әже үйінің тұсынан олай-былай өткен немесе мектепке бара жатқан, мектептен келе жатқан балаларды шақырып алып, ауыздарына сөк құйып, қолдарына құрт, кәмпит, пешеней ұстатады. Шығарманың сол кейіпкері менің анам болатын.
Анамның құжаттағы ат-есімі – Сырға. Бірақ, неге екенін білмей­мін, ел ішінде Сабақ, Ақсабақ ата­нып кетті. Қазір ойлап қарасам, сон­да бір гәп бар-ау…
4.Көшеде жиек жолмен мектеп жасындағы қыз баласын жетектеп, бір әйел адам кетіп бара жатады. Шұқанақтағы суды бірі айналып, бірі үстінен басып, ерсілі-қарсылы жүйткіген машиналар.
Келесі бір машина құқанақтың үстімен зу етіп өте шыққанда, ша­шы­раған лай су әлгі әйел мен қыз­дың үсті-басын алып кетеді. Әрегі­ректе тұрған ГАИ инспекторы машинаны тоқтатып, айдаушыға:
– Сіз не істедіңіз? – деп, қас­та­рына жақындап қалған әйел мен қызды көрсетеді. Машинаның иесі (шетелдік) кешірім сұрап, «зардап шеккендердің» қолына біраз доллар ұстатып кетеді.
Мәселе долларда ма? Таққа отыр­сақ та, машинаның рөліне отырсақ та құдайымызды ұмытып кететін «жел-құз» ауруынан енді қашан айығар екенбіз?
5. Ақыл істен шықса, жұдырық жұмыс істейді.
6. – Қатты-ы қарным ашып отыр.
– Қатты-ы қарның ашса, тойы-ы-п тамақ іш. Сонда қарның аш­қаны қояды.
7. – Мына портретті шеге қа­ғып, қабырғаға ілейін десем, құлап қалам ба деп қорқамын.
– Онда ілме. Сонда құламай­сың.

«Быды-быды» кітабынан
«Өтірік айтпа, өлтірем!
Жақиымның бір жақсы жері –ба­ласы Бақыманның санасына ыл­ғи да жақсылық егеді. «Өлтіріп жат­са да өтірік айтпа. Өтірікші бала өс­кенде сухит болады, сұйық бола­ды. Сұйық болғасын өмірі оңбай­сың, от басасың. От басқасын та­ба­ның күйіп қалады», – деп тү­­ңіл­ді­реді.
– …Мен өтірік айтпаймын.
– Өтірік айтпа! – деп Жақиым бұл жолы да сөзін леп белгісімен бе­кітті.
Сол күні Жақиым түнімен те­ле­визордан хоккей көріп, төсекке дағдылы мезгілінен ауып барып аунады. Ертеңгісін оны баласы оятты.
– Папа, бүгін демалыс па?
Папасынан жауап болмады. Жалма-жан бетін бір уыс сумен сыпырып жіберіп, тайғақтап жүріп киініп. Бақыманға бір ауыз бұйрық берді.
– Киін!
– Папа, кешіктік қой, мұғалімге не деймін?
– Не дейсің. «Құлағым ауырып, папаммен поликлиникаға бардым», – дейсің де.
– Ұрыспайсың ба?
– Не деп ұрсамын?
– «Өтірік айттың» деп.
– Онда: «Автобус тоқтап қал­ды», – де.
– Ұрмайсың ба?
– Не деп ұрамын?
– «Өтірік айттың» деп.
– Неге ұрамын, автобус тоқтап қалатыны өтірік пе? Өтірік айтпа, өлтірем!
– Папа, мен онан да мұғалима ап­ай­ға: «Түнгі сағат бірлерде па­пам­мен аэропортқа барып, мамам­ды күтіп алдық», – десем неғылады?
– О, қағынғыр, қағынғырдың айтып отырғанын қарашы. Өтірік айтып не, ішің толып бара ма? Онан да: «Түнде хоккей көріп, ұйықтап қалыппын», – деп шыныңды айтсаң неғылады?
– А, мен хоккей көрдім бе?
– Хоккей көрмесең: «Үйге кісі келіп қалып, солармен болдым», – десең бірдеме көріне ме? Қаршадай болып алып қарашы, шылп етпей өтірікті соғуын. Өтірік айтпа, өлтірем!…
«Із» кітабынан:
1. – Меке, сен осы қалай ойлай­сың, арақ күшті ме, жоқ болмаса, рак күшті ме? – деп сұрады Тортай Мертайдан.
– Меніңше, арақ күшті, – деді Мертай.
– Меніңше де солай, – деп толықтырды Тортай.
– Арақ ішетіндердің көбі рак­пен ауырмайтын көрінеді.
– Сен қандай дәлелге сүйеніп айтып отырсың?
– Арақ адамды ракқа жеткізбей алып кететін көрінеді. Соған сүйеніп айттым.
2. – Ата, келінді болыпсыз, құтты болсын!
– Әумин!
– Қайда өзі, көрейікші?
– Кішкене кідіре тұрыңдар, темекісін тартып болсын…
3. Көпен Әмір-Бек: үйіңіз Ал­ма­тының төрінде, аржағы – Ала­тау. Самал жел, сиқыр көрініс­тен ты­ныс аласыз ба?
Ү.У.: – Гүлге, гүлзарға қарап, жа­ңа салынып, тұтынуға берілген үйлерге, ерсілі-қарсылы машиналар зулаған әдемі көшелерге, адам­дар­дың қуанған көздеріне қарап ден­саулығымды түзеймін. Құдай сәтін салған шығар, біз тұратын үйдің тер­е­зе-балконы жағынан айнала-төңірек (панорама) тамаша көрінеді. Денеме сол көріністен денсаулық сорамын. Сол арқылы бақытымды бағалаймын.
К.Ә.: – бала кезіңізде қалжың­бас болдыңыз ба?
Ү.У.: – Қазақ «Жасыңда қал­жың­бас болсаң, үлкейгенде мыл­жың­бас боларсың» дейді. Ал жас кезіңде жаңғалақ болған жарық­тықтан үлкейгенде қандай адам шығады? Бұл сұрақтың жауабы бізден болсын.
Әскерде танкінің оқуын оқы­татын батальонға тап болдым. Онда рота-ротаға бөлді. Ротаға апарардың алдында моншаға түсірді. Моншаға түспес бұрын кім қандай размерлі етік киетінін айқайлап сөйлейтін бір орыс сұрап жазып алды. Ол кез­де маған сарының бәрі орыс. Кейін білдім, әлгі Коршак деген стар­­шина екен, ұлты еврей. Құлақ­шын­ның размерін қасымда тұрған ша­ғындау жігіттің айтқанын қай­талап айта салдым. Бұным жобаға соқты. Етік­тің размеріне келгенде, састым. Коршак ойлан деп кетіп қалды. Қа­сым­дағы шағыннан: «Сен не­шінші размерлі етік киемін де­дің?», – деп сұрап едім, ол «34» дегендей болды. Коршак қайтып айналып соққанында «34-размер» дедім. «Не, қуыршақ болдың ба, сонда?» – деп ақырып, старшина кетіп қалды. Айналамда мырс-мырс күлкі. Балқаш жағынан Мырзалиев деген қазақ, Еңбекшіқазақ ауданы­ның Пахрудинов деген ұйғыры бар еді, соларды іздедім. Тақан (Мыр­зал­иев) шек-сілесі қатып күліп ал­ып: «Өзіңді жын қаққан ба, отыз төртінші размер киіп не, шынында да, қуыршақ болғаның ба? Сен дегенің… сен дегенің, мен айтайын тошнасын, 57-размер киесің», – деп бетін ары бұрды. Мен айдап салып отырып, старшинадан шық­тым. Орысшамның бет-аузы жап-жаман кез, бірін түсінсем, бірін түсінбеймін, старшина айқайлап-айқайлап алып, артынан жұмсарып, мені әңгімеге тартты. Размерімді өзі жобалап жазып алды. Онысы шұлғаумен тарлау болып, басқасы­мен ауыстырды. Кейін мені жақсы көріп кетті.
К.Ә.: – «Бір жылыңды ойласаң – күріш ек, он жылыңды ойласаң – ағаш ек, жүз жылыңды ойласаң – адам тәрбиеле» дейді Шығыс даналығы. Тәрбиелеп өсірген шәкірт­теріңізге тоқталсаңыз…
Ү.У.: – Педагогикада көп жыл­дан бері келе жатырмын. Бір кездегі шәкірттеріміз: «Сіз бізге сабақ бергенсіз», – десе, құлаққа тосын­дау. «Ағай, біз сіздің шәкіртіңіз боламыз», – десе, жүрекке жылылау. Бұлай деуіміздің мәнісі: ұстаз – үлкен сөз. Бұл үлкен сөзге оқытушы, мұғалім атаулының барлығы лайық па? Менің ұғым-түсінігімде нағыз ұстаз шәкірттердің жүрегіне жол таба білген, шәкірт мойындаған, табынған идеал тұлға.
… Ұзаймын әлде де әрі жолдас-еке,
Қарсылық сіз тараптан болмаса егер.
Шәкіртке білім беру әйдік парыз,
Ал көзге шырақ жағу – зор мәселе!
Иә, ал әр шәкірттің көзіне шы­р­ақ жағу кез-келгеннің пешене­сіне жазылған бақыт па? Ондайлар ілуде біреу. Ондай үлкен абыройға өзім жеттім деп айта алмаймын. «Біз сіздің шәкіртіңізбіз», – деп күлім­сіреп сәлем беретіндер баршылық.
Шәкірттерден хат-хабар алып тұрамын. Мен ол хаттарды бөтен көздерден құпия ұстаймын. Ол хаттар – менің мерейім.

ПІКІРЛЕР1
Жанар 11.04.2018 | 21:33

Ұлағатты ұстаз, адам атын сақтап өткен ақсақал еді. Иманды болсын!!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір