Мен де іздей бастадым…
06.04.2018
1502
1

Бүгінде ағаларының жасы сексен-тоқсанға тақалып, інілерінің жасы жиырмадан аса бастаған әзіл-сықақ­шылары­мыздың көшбасы болған, бірақ, тағдыр небары елу екі жыл ғана өмір берген Оспанхан Әубәкіровтен қалған «қисық» сөз көп. Кейде әңгімесін жазарда, кейде қалжыңдар алдында өзі қыстыға күліп алатын әдеті бар Осекең бірде орта бойлы деуге болар бір жігітті менің бөлмеме ертіп кіріп («Қазақ әдебиеті» гәзеті редакциясында Әдебиет бөлімінің меңгерушісі кезім), орнымнан тұра қарсы алған маған қолын ұсына бере «ых-ых-ых» деп басталатын қырылдаңқы күлкісінен жаңылмай:

– Секөнт минөтті, минөт са­ғат­ты, сағат күнді, күн аптаны, ап­та ай­ды, ай жылды қуалап, бәрі жиы­лып жүріп, ақырында бізді қар­тай­тады, ә? – деді.
– Шал болуды ойлайтын жастан аулақта күліп-ойнап жүріп, бұл қай қыжылың? Жоғары шығыңдар, оты­рыңдар, – дедім.
– Орындықтарыңды ой­бай­лат­пас бұрын бір мәселені шешіп тас­­тайық, – Осекең енді жымыңдап, жа­нында күлімсіреп тұрған жігітке жылы қарап қойып, сонсоң маған:
– Басқаны құдай біледі, ал мы­на кірпіштей қасқа мені тезірек, ті­рі­дей қартайтқысы келіп жүрген­дер­дің бірі сияқты, – деп, жымыңы­на күлкісін жалғады.
– Дәлелің бар ма? – дедім, қыңыр сөзіне қызыға түсіп.
– Жаңа, жолығар-жолықпаста, маған: «Аға, сәлеметсіз бе?»,– деді.
– Силағаны ғой, жақсы ғой?!
– Тоқтай тұр. Сәлемін алмастан бұрын: «Әй, бала, жасың нешеде?» дедім, ал бұл асықпай, ақырын ғана «кіһің» деп, кеңсірігі барын бай­қа­тып: «Осы жылдың соңғы тоқс­а­нын­да отыз төртпен есеп айыры­сып, ары қарай аяңдаймын», деді.
« – Олай болса, бері жүр», – деп, мі­не, саған алып келдім.
– Иә, мен де сені «аға» дейін бе?
– Он екі ай аз мерзім бе, көп мер­зім бе? – деді Осекең, жорта сал­мақтана сөйлеп. Түсіндім.
– Осеке, мәселе оны немен, қа­лай өлшеуде. Егер ескі ақшамен өл­шесек, ол дегенің… орта есеп­пен… үш жүз алпыс бес күн!
– О, міне! – Осекең көзі қыспия кү­­лімсіреп тұрған жігітті иығынан құ­шақтап бауырына тарта қырыл­даң­қы күлкісін ағытып: – Естідің ғой? Енді осында қал да, Ғаббас екеуің үш жүз алпыс бес күнді се­көнт­ке, минөтке, сағатқа, күнге, ап­таға, айға, жаңа өзің айтқан тоқ­сан­ға айналдырып, обшым талас­пай бөліп алыңдар, – деп, сонсоң маған қолын ұсынып: – Мен кет­тім, мына баланың аты-жөні – Үм­бет­бай Уайдин. «Жазушы» баспа­сы­нан жақында ғана қайнап шық­қан, буы әлі бұрқырап тұрған, «Қа­ра көзілдірік» деп атаған кіта­бын оқыған шығарсың, мықты! – деп шығып кете барды.
– Үмбеке, дұрыс болды. Кәне, қол қысысып қоялық, – деп екеуі­міз қол алыстық. – Енді жайланып отыр. Сен «осы жылдың соңғы тоқ­са­нында отыз төртпен есеп айы­рыс­саң», мен алғашқы тоқсанында есеп­тесем, яғни маған іні болдың, бұдан былай мені де «аға» деп жүр, ке­лістік пе? – дедім.
– Келісуге болады, маған аға­ның көп болғаны керек, – деп жай­дары жымиды да: – Осекеңнің әзіл-сықағымен көптен таныс бол­сам да, өзін жолықтырғаным жаңа ғана. Қалайда сәті келмеді. Мені «бала, бала» дей бергеніне қараған­да, жасы бізден біраз үлкен шығар, а? – деді.
– Бір айда бір жаялық тоз­дыр­дық-ау деп ойласақ, Осекеңнің біз­ден артық тоздырғаны он екі-ақ жая­лық.
– Солай ма? «Курстас» екенбіз ғой?!.
Оспанханның «кірпіштей қас­қасы» Үмбекеңмен бұдан қырық то­ғыз жыл бұрын осылай танысқан, та­бысқан едік. Иә, табыстық. Өмір­дің өр-ылдиында бірге жүрдік. Тағ­дыр кейіткенде де, жұбатқанда да жұ­бымыз жазылған жоқ. Үмбе­кең­нің Мәкеңі (Мәриям) мен Зәкем (За­да) екі шаңырақтың жылуын қо­са молайтты.
Прозамызға да, поэзиямызға да көп-көп үлес қосқан, лирик те, са­тирик те болған, татымды-тар­тым­ды өлең-әңгіме, пьеса, «Пәлен-пәш­туан» атты сықақ хикаят, адам­­­гершілік адал, әділ ойы тұнған ма­қала да жазған Үмбекеңнің өмір­баяны, шығармалары көзіқарақты қазаққа әбден мәлім дей аламын. Мектепте, университетте білікті ұстаз болған үлгі-өнегесі өз алдына.
Құдайы құрдасым, жолдас-до­сым болған Үмбекеңнен осыдан қы­рық күн бұрын айырылып, бір қа­натым қайырылып қала берген­нен кейін оны: «Құрметті Ғаббе, Зада! Жасаған ие жақсылығынан жаңылмағай, күлкіден айырмағай!»; «Қадірлі Ғаббе! Құдай қуат берсін, күл­кіміз таусылмасын!»; «Ғаббе! Қа­ламымыз қолдан түспей, ши­майым­ыз таусылмай жүре берейік. Әуелі Құдай, сосын Задаң жар бол­сын, әумин!»; «Қадірлі Ғаббе+Зада! Қасиетті Наурыз жыл сайын есік­теріңді қақсын, есімдеріңді тапсын. Жақ­сылықтар аман болсын, жа­ман­дықтар тәмам болсын, тыныш заман болсын! Әумин!», – дегендей қалтқысыз достық сезімімен әдіп­телген қолтаңбалары бар кітап­та­рынан іздей бастадым (Үмбекең сөй­лескенінде де, жзғанында да «Ғаббе» дейтін).
Күлкісін көркем еткен сөз­дерінің, сөйлемдерінің тұстарында қарындашымның жұқа ізі жатқан жинақтарын қайтадан шолып отырып еріксіз таңдандым: «Ойпы­рым-ау, Үмбекеңнің шығармалары­на жазылған пікірлерде автордың философтық қыры айтылмапты-ау?!.». Ол қырынан бір ғана мысал:
«Таныс үйге соға кеттім бірде мен,
Домбыра көрдім, аунап жатқан іргеде.
Түрегелтіп, шаңын сүртіп бес елі,
Күрсіндім де, шығып кеттім үндемей».
(«Домбыра қайда, домбыра?!» өлеңінен).

Үмбекеңнің сол күрсінісі кешегі де, бүгінгі де талайымыздың күр­сіні­сіміз емес пе?.. «Нағыз қазақ – дом­быраның» (ақын Шәміл Мұха­мед­жанов) қасиетін жете білмей, төрімізге ілмей, тіпті қармақбаудан ішек тағып шыңылдатып, ғасырлар бойғы қоңыр үнін құмықтырып та жүргеніміз бекер ме?!
Инабат иірімдері хақында жаз­ған мақалаларында әлемге танымал фи­лософтардың адами, қоғами өмір-тірлікке қатысты пікірлерінен үзінді аз емес. Себебі Үмбекең олар­дың еңбектерін ой көзімен оқы­ған, жүрегіне тоқыған. «Болма­саң да, ұқсап баққа» ден қойып, оқырман қауымға өзіндік пайымын ұсынып отырған. Үмбекеңнің шы­ғармашылық шеберлігін қызыға зерттейтін әдебиетші-ғалым оқыр­мандары, шәкірттері болады, «бір сы­ры мен сегіз қырын» солар түген­деп айтады.
Менің бұл мақалам – Үмбет­бай­дың шығармаларына шолу-тал­дау емес. Ондай мақсатпен бұрында бірнеше мақала жазғанмын.
Бұл мақалам – Үмбекеңді жоқ­тау-іздеуім…
Іздеу…
«Ақтөбелік атақты күйші Бақыт Басығараев қайтыс болғанда бір топ ел адамдары баспасөз бетінде көңіл айтыпты. Журналист Иманбай Жұ­баев пен Күлмереке Насырова сол көңіл айтушылардың ішінен менің аты-жөнімді көре алмай, қатты алаң­­дапты деп естідім. Іздеу!
Журналистика факультеті оқы­ту­шы-профессорларының тақта­сы­нан менің суретім түсіп қалыпты. Со­ны байқаған доцент Сағатбек Ме­деубекұлы: «Тақтада Үмбетбай аға­ның суреті жоқІ» деп, деканатқа жү­гіріп барып, сұрау салыпты деп есті­дім. Бұл да іздеу ғой!
Оқытушылық-контрактылық мер­зімім тақалған тұста профессор (де­кан) Намазалы Омашев: «Аға, ор­тамызда жүре беріңіз. Сіз бізге ке­рексіз», – деді. «Керексіз» деген сөз қан­дай жылы естіледі?!
Кафедра меңгерушісі Бауыржан Жақып бір сөзінде: «Аға, сіздің ау­диторияға кіріп бара жатқаныңыз, ау­диториядан шығып келе жатқа­ныңыз көңілімізге медет», – деген мағынада жылы сөз айтты. Керек бол­ғаным ғой. Керек болған қандай жақ­сы!
Шамалы уақыт бір жағдайлар­мен кафедрадан қол үзіп қалып едім, оқытушы Нәрбін Кенжеғұ­лова: «Аға, сізді сағындық!», – деді. Адам­дардың адамдарды іздегені, са­ғынғаны қандай ғанибет! Сол үзі­ліс тұсында оқытушы Дәмегүл Бая­лиева: «Аға, сізді шәкірттеріңіз із­деп жатыр», – деді. Бұл да – жылы сөз» (Үмбекеңнің «Сырымды ай­тайын­шы» кітабынан).
Шағын денесі шалқар ізгілік-ина­баттан, аппақ сыр-сезімнен, қа­­ра­пайым да кішіпейілділік пайым-парасаттан жаралған Үм­бет­бай Уәйдаұлын алыс-жақында із­деп жүрген үлкен-кіші аз емесі анық.
Өмір өткелдерімде аса қара­пайым екі Азаматты кездестірдім. Бірі – қаламдас ағамыз Әнуар Әлім­жанов десем, екіншісі – қа­лам­дас сырласым Үмбекең. Әнуар бұ­рынғы Талдықорған облысының Сарқанд ауданындағы Қарлығаш ауылынан Мәскеудің төріне дейін шықса да, небір биік тақта отырса да, ортамызда әрқашан өзіміздей көп­­тің бірі сияқты емін-еркін шүйір­­келесіп, әзілдесіп жүретін. За­ман­дастарымыздың бірсыпыра­сын меңдеп алған «Мен!» деген сыр­қатқа ұшырамады. Ақтөбе об­лы­сының Ырғыз ауданындағы Темір­бастау ауылынан түлеп ұшқан Үмбекең де тал бесігіндегі пәктігін сақ­таған қалпында жер бесігіне жан­тайды.
Аралас-құралас болған, аумалы-төкпелі, қат-қабат оң-теріс құбы­лысты жағдаяттарда бірге жүрген жылдарымызда оның бірде-біреуге дауыс көтергенін, бірде-біреудің «сыртынан тон пішкенін» көрген емес­пін. Жиын-жиналыстарда бұрқ-сарқ сөйлеп, әлдекімдерді нахақ іліп кеткен қаламдас інілерін соңында оңашалап алып, жұмсақ, жылы сөйлеп-ақ «жынын басқаны­на» куәмін. Ағалығы адал еді.
Үмбекең отбасында да, әрқилы ор­тада да кейіске кедей, сабырға бай, шарапатқа дайын, кесапатқа жоқ болды. Азды-көпті бірге жү­ріп-тұрған жұртты, өзі жазып кет­кендей, есен-сауында-ақ сағынт­қа­ны, іздеткені, соған көңілі жыл – он екі ай көктем болғаны, шүкіршілік еткені маған да мәлім.
Ол соңғы бір жыл төрт ай бойы ауру­мен жағаласып, алысып бақты. Кімді болсын шаршатып-шалдық­тыратын ауыр, шарасыз күндерінде кездескен, телефонмен хабарласқан сәттерімізде әзіл-қалжың айтып, ал­дарқатып жүрдім. Үмбекең тағ­дыр­дың салмақ салғанына шағын­­бады. Әңгімеміздің соңында: «Ғаб­бе! Біздің жасқа келген де, кел­меген де, өмірдің сый-сияпатын көр­ген де, көрмеген де бар ғой. Со­ны анда-санда ой безбеніме салып, шү­кіршілік етемін. Құдай бізге ба­ла, немере, шөбере берді – ризамыз, шү­кірі», – дейтін. «Шүкір» деген шы­рай­лы сөзді жиі айтып жүрді…
Қаламдас құрдас-жолдастар бас қо­са қалып, әзіл-сықақ, мысқыл-ос­пақ сөз базарын қыздырып, бір-бі­рімізді қағытатын әдетімізбен бір­де нысанамыз Үмбекең болды. Ке­зегім келгенде: – Маң-маң, маң бас­қан, екі аяғын тең басқан, бә­тің­ке­сінің басын қыста – қар, жазда – шаң басқан Үмбекең, – дегеніме өз­гелерден бұрын өзі мәз болған-ды. Ал кейін, жасым алпысқа тол­ған­да:
«Ұзындардың ұзыны,
аңқаулардың қысқасы,
Қалдарбектен кейінгі
Одақтағы бір басшы.
Отырғаны – бір адам,
түрекелсе – екі адам,
Кім білмейді Ғаббасты –
күлдіргі сөз ұстасын», –
деп «есеп айырысты» («Ғаббас Қа­бы­шев: 30+30=60» деген өлеңінен).
«Әй, баласына» әрқашан ерек­ше еміреніп жүретін «ағасы» Ос­пан­хан «Үмбетбайдың портреті бы­лайша» деп тебіренген өлеңінде:
«…Айтып-айтай не керек,
Үмбетбай деген бұл кісі –
Қазақ деген халықтың
Құдай берген ырысы», –
деп ағынан жарылса, ақын інісі Жа­расқан Әбдірәшев «Әзілің жарасса» деп аталған жинағында:
«…Болмаса да сынға олақ,
Тұрмайды «менмұндалап».
Анда-санда қояды
Сәбиге ұқсап «іңгәләп», – деген-ді.
Осы екі әзілде-ақ Үмбекеңнің өшпес бейнесі тұр емес пе?!
Екінші өміріңнің ұзақ жолына аттанған Үмбетбай-ау, Үмбекем! Жылы жүзіңді көре алмай, жұмсақ үніңді ести алмай, дел-сал болып жүрмін мен…

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.

ПІКІРЛЕР1
абжан 07.04.2018 | 19:26

Ғабекең не жазса да, кім туралы жазса да жүрегімен жазады. Иланасың. Сатирик деуге қимайсың. Сатириктің көбісі көлеңкелі жаққа көбірек көз салып, мінеп-шенеп жүргенді жақсы көреді ғой. Ғабекеңді де, Үмбекеңді де таныс болмасам да, сырттай жақсы білемін. Жазғандарын (әсіресе Үмбетбайдың жылы, жұмсақ юморын, ана бір жылы суреттерін салып, рекламадағы «көтен» туралы жазғандарын оқып, өліп қала жаздағам) көзге түссе, оқып жүрем.
Ғаббас ағаның «жоғарыға» жазған хаттарынан да хабарым бар, кезінде «жауап» дайындауға да қатысқам. Оны бір кездескенде, өзіне жеке айтам.
Аман болайық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір