Шертпе күйдің шешені…
06.04.2018
2989
0
«…Төлеген Момбеков – гений ғой».
Нұрғиса ТІЛЕНДИЕВ.
Қазір жоқтаушысы жоқ нендей жүйрік дүниеде болмаған сы­қыл­ды, әйтпесе ХХ ғасырдың екінші жар­тысын жарқыратып өткен ғажайып күйші Төлеген Момбеков еді.
Амал қанша, күйші қайтыс бол­ға­лы оны жай домбырашы қата­ры­на түсірдік. Оның шығар­ма­шы­лығын зерттеген еңбек жоқ, жетпіске жуық күйінен «Салтанат» пен «Анамасы» ға­­на оқта-текте ойналады, ұлы күй­шілердің ішінде аты аталмайды, мем­лекеттік дәре­жеде іс-шаралар (биыл күйшінің туғанына 100 жыл толады) өтпейді. Обал-ақ…
Шығармашылық адамның тегі мен тағдырында болса, күйшінің тегі сұрапыл: (…Есен би, Есен би­ден Қо­жам­жар шешен, Қожамжар­дан үш дүлдүл: Назарына ата жолы бұйырып – би, Қайдауы – суырып салма ақын, Бапышы – танымал күйші. Міне, осы Назар биден Мом­бек, Момбектен Созақ өңірі­не аты мәшһүр Жәнібек ақын мен Төлеген күйші. Не деген өнер қон­ған әулет!), тағдыры «Мың бір түндей» шытырман:
«…Назар бидің көші, толғақ қысқан Момбектің жары Әсер; күйші атасы Бапыштың қыстауына жетіп, түйелер шөгеріле бергенде естілген нәрестенің іңгәлаған дау­сы, Бапыш атасының «Күйші бол!» деп аузына түкіруі; баланы Баршабегіме серік болсын деп сұрап алып, Төлегеннің сәбилік, балалық шағы атасының қолында – Үшкөкшенің құмы мен Қаратау арасында өтуі; отыратын кезінде домбыра құлағын тістетіп қойып атасы күй тартса, Төлегеннің жылағанын сап қоятыны; атасы көп­теген халық күйлерін, өзінің «Қар­қа­рау», «Ыңғайтөк», «Қара­жор­ға» күй­лерін үйретуі; Төле­ген­нің қолын жы­лан шағып алуы, Созақ көтері­лісіне қатысқан әкесі Момбектің атыл­уы, бас иесіз қалған бұларды Созақтағы ағасы Жә­ні­бектің қолына көшіріп апаруы; бұл кез қайтыс болған Бапыш атасының қолдан шапқан домбырасын кішкентай Төлеген­нің тастамайтыны; бірде, мектеп терезесінен домбыра үнін, бейта­ныс күйді естіп, тез үйге оралып са­лып алуы; ағасы Сүгірді үйіне ша­қырып таныстырғанда, Төлеген Бапыш атасының күйлерін, сонан кейін әнеукүнгі терезеден естіген күйін («Телқоңыр») Сүгірдің өзіне тартып беруі; көңілі толқыған Сүгір «Шалқыма», «Жолаушының жолды қоңыры», «Тоғыз тарау» күйлерін үйретіп, ақыл-кеңесін айтып, бата­сын беруі; ұзамай «әкелерінің көте­ріліске қатысқаны үшін» бұлар да ұсталатын болып, Төлеген ағасы Жә­нібек екеуі бір атқа мінгесіп, түнделетіп тау асып күнгейге қашуы; қаршадай Төле­ген­нің азырақ бой тасалап Хан­тағы кенінде жұмыс істеп, артын­ша жасырын Түркістанда Ресей кеніне (Солтүстік Кавказ) жазыл­ған топқа қосылуы; одан әрмен соғыстан бір-ақ шығуы…
Майдангер Төлеген күйшінің соғыста көрген қияпаты ұзақ сөз. Кейін алдыңғы шепте шекесінен ау­ыр жараланып, 1943 жылы елге қайтады. Азапты өмірден, ұлдарын он жылдан аса көрмей құсадан ауру меңдеген анасы, Төлегеннің қолында қайтыс болады. Міне, «Анашым» ат­ты тұңғыш күйі сол орны толмас қасіреттен туады».
(Бұл дерек, 2001 жылы, «Шерт­пе күйдің шебері» атты, академик­тер Рахманқұл Бердібаев, Керім­бек Сыз­дықов басшылығымен, ауылдас тілші Рахманберді Жап­пар­құлұлы, күйші­нің көзі тірі­сін­де, өз аузынан жазып алынған сұхбат пен естеліктер, ма­қала­лар, өлеңдер жинағынан қысқар­ты­лып алынды. Тегі жайындағы сөзге, қазақтың әрбір ру-елін ерек­ше­лей­тін мінез-құлқы болса, Төлеген күйші қарт Қаратаудың күнгей-теріс­кейін, төрт қақпа Түркістан, Сыр бойын жайлайтын қоңырат елінде бағзыдан «Өнер басқаға түстеніп, саңғылға қонып өткен» деген сөз барын, даңқты Саңғыл би ұрпағының табиғатынан момын, өнерге бейім ел екенін ескертсек артық болмас).
Сонымен Төлегеннің ұшқын тисе жанбаққа даяр жүрегіне домбыраның сиқыр үнін құйған атасы Бапыш күй­ші болды, есейе келе Ықылас, Тәт­тім­бет, Сүгір мұ­ра­сымен танысуы кеуде сарайын кеңейтті. Әр заман қандайбір жүйрік тақырда пайда болмаған, бұрынғы жүйріктерден нәр алып, буыны қатая өнер әлемінде сам­ғай, сезімтал жүрегін сөйлеткен. Төлеген күйшінің осылайша бал­ғын шағында «тамырына егілген» дом­быра үні, былайғы татқан шер, көр­ген мехнат арман мен сағы­ныш­қа суғарылып, бейбітке іліге бұрқ етті. («Қоштасу», «Мешін», «Сарыарқа сапары», «Толқын», «Қос­басар»,«Ел жа­ңа», «Өрлеу», «Қат-қабат», «Бозін­геннің бүл­кі­лі», «Мыңжылқы», «Қаратау шерт­песі», «Қанағат», «Сал­танат», т.б).
Өкінішке қарай өмірі, шығар­ма­шылығы білікті орта үшін таса­да сыр­ғыған Арқа, Шу қазағы, ұстазы ұлы Сүгір күйлерінен са­йын Бетпақ­да­ланың маңғаз, ой­на­қы, назды романтикасы шалқыса, Қаратаудың төл перзенті Төлеген күйшінің әуезі басқа, тартысы өзгеше. Салған беттен беймағлұм ғаламшар, ендіктерге әкетіп, сол маңайды үңгіп, ботасын іздеген аруанадай күңіреніп, бе­беулеп, діңкелетіп тұрып алады. Таныс үн әр күйде-ақ «қара шалды­рып», әр саға басқаша сөйлеп аб­ды­ра­тады. Белгілі домбырашы, күй зерт­­теу­­ші­лері У.Бекенов, Б.Ысқа­қов­тың пікірінше Төлеген күйлері бір тұл­ға­ның кеудесінен жарып шыққа­ны ішкі ағыс, иірімдерінен оқылады.
Сүгірді көрген, Төлеген күй­ші­ні ұзақ тыңдап, сырласқан саңлақ жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Күй­ші» шығармасы, күйшіге сөз жауҺа­рынан құйылған ескерткіш! Екі мұң­ды жүректің шыңыраула­ры­ның түсіністігіне, қыл пернеден сөйлеген дыбыстардың аңсарын қиядан ша­лып, сөз пернемен тап басып, там­сан­та әңгімелеуіне қай­ран қалып, «айта түссе екен» деп, ғұмыр мәні, тір­шілік тіні көмбе­сіне таяп қалғанға ұқсап отырасың.Ұлы жанының терең қатпарына, ұлы ғана бойлай алмақ. Пендешіл сөз айтпаған, адамдардың ішінде жұпыны ғұмыр кеше жүріп, жаны уыстан шыққан шардай көк жүзін­де қалқып, өнер құдіретімен ғана өмір сүріп өткен екі дүлдүлдің бір-бірін танып білуінен туған «Күй­ші» – тілмен шертілген шертпе күй!
(Әлігі «Қосбасар», «Қаратау шертпесі», «Бозінгеннің бүлкілі» жайлы дауға рушылдықтан гөрі мемлекетшілдік белең ала бастаған шақ адамгершіл кәсіби мамандар санасында ғылыми көзқарас қа­лып­­тасқаны байқалады. Өйткені бұл күйлердің ізі Сүгірден ғана ем­ес, ол сусындаған Арқаның күй­шіле­рі Ықы­лас, Тәттімбеттен тамыр тарта­ды; бәлкім одан әрі­ден. Өмір – Алла тағаланың құзырындағы тылсым дүние. О баста пайда болған титтей тәтті әуез­ге жылдар жылжи, сақа­раның нота білмегенімен аса сезімтал күйшісінің басқа тұлғаның талғам-талайы қосылып, дүниетанымы ар­қылы айшықталып, қанатын қомдап, кімнің де болса тереңін бөтен қыры­нан қозғайтын шығар­маға айналуы бек нанымды құбылыс. Ондай «табан қыздыруға керек» өзгенің сөзін пай­да­лану біз­дің жыраулар толғауында да кездесетіні мәлім. Сол себепті манағы күйлерді Сүгір күйші өзінше, Төлеген күйші өзінше сомдайды. Дом­бырашы күйді қалай үйретсе солай тартады; ал күйшінің жаны өзгеше. Сол сәттегі көңіл күйіне, тол­ғамына баланысты, иә әуез мез­геуіне орай басқаша өрнектеп кетеді. Ай­тыл­­ған күйлердің бүгінгі таңдағы тар­тылуы – қолына домбыра ұстаса «қиялданып кететін» Төлеген күй­ші­нің жан әлемі байытқан шығармалар. Және кім «бұл Сүгір­дің күйі», кім «Тө­легеннің күйі» деп таласса, дау­ласып жеңе ал­майды.
Осыған ұқсас пікірді күйшінің замандастары, білімдар даңғыл­да­ры­мыз көрнекті жазушы Тәкен Әлім­құлов, Сүгірмен рулас әйгілі сыншы Төлеген Тоқбергенов, ком­позиторлар Кенжебек Күміс­бе­­ков, Еркеғали Рахма­диев, жазу­шы, сыншы Асқар Сүлейменов, академиктер Рахманқұл Бердібаев, Керімбек Сыздықов т.б. егжей-тегжейлі зерттеп, баспасөзде талай мақала жазып, «Төлеген күй­ші­нің «Қосбасары» Тәттімбет, Ықы­лас, Сүгір күйлерінен өзгеше екенін, шырын иірімдер, «сауып-сауып тартатын» бунақтар тек Төкеңнің өз күй­леріне ғана тән екенін айтып кеткен).
…Төлеген жоғарыда аты атал­ған жинақта ұстазы Сүгірмен соң­ғы кездесуін еске алады. Жиырма шақты жылға созылған үзілістен кейін, елуінші жылдардың іші Сүгірдің үйін Шу жақтан көшіріп әкелген кез Тоқабай деген кісінің үйіне жолығып, өзінің күйлерін, ұстазының күйлерін тартып бер­генде, қартайыңқырап қалған Сүгір қатты риза болып, қош­та­сарда Төлегеннің қолын жібермей отырып: «Шырағым, қолың епті, күй­ге деген көңілің жүйрік екен. Бая­ғыда кішкентай бала едің. Енді, міне, азамат болыпсың. Ме­нің де соңғы уақытта мазам бол­­май жүр, кездесеміз бе, кез­дес­пей­міз бе, саған аманат…», – дейді. Төлеген күйші өмірбойына «Сү­кең» деп қадір тұтқан ұстазының аманатын орындады: «Шалқыма», «Телқоңыр», «Тоғызтарау», «Жолау­шының жолды қоңыры» тәрізді күй­ле­рін де таңқаларлық бояумен, на­қышпен – Төлегенше толғауымен, Төлеген тартысымен үлкен сахнадан бізге жеткізді. Сол үшін Төлеген күй­шіге қазақ елі, қазақ мәдениеті тән­ті. Ол – Сү­гірді Сүгір еткен, бүгінгі ұлы Сүгір тұрған биік.
Шырғалаң тағдырлы, өте-мөте қара­пайым, ақын, жыршы (касе­та­дан Төкеңнің айтуында «Үміттің зары» жыры табылып отыр), сыр тартқанға әңгімешіл, домбыраның әруақтарын сөйлетіп, өзегінде бар мың дыбысын тірілткен, шертпе күйдің тартысына тартыс, шертісіне шертіс қосқан дәулескер Тө­леген күйші, өнердің Эве­рест­тей шыңына шығып қайтқан некен-саяқ жүйріктердің бірі болды; өнерінің киелілігін ұғып, бата алып, бөтен шаруаға айнал­май, қолынан домбырасы түспей өткен оқымай-тоқыған баяғының Сал-сері, жыршы-күйшілерінің – Ұлы даланың Ұлы өнерпаз­дарының соңы болды. Оған талай-талай кеш күйлерін тартқызып, құлақ құрышын қандырған жам­поз­дарымыз Нұрғиса Тілендиев, Мыр­затай Жолдасбеков жоғары бағасын беріп, адами келбетіне басын иді.
Күйшіні алғаш 1955-1956 жыл­дары, бала кезімде Сарыағаш ауда­нына қарасты Жылға деген елді ме­кен­де қайын жұрты арғын­дар­дың тойы­на барғанда көргенім, екі күн, екі түн күй тартқызғаны, қо­лы босаса іргедегі домбырасын ұстай бергенім, үлкендердің ұрыс­қаны есімде. Ал жетпіс алтыншы жылдың жазы, Қозмолдақ-Сыз­ғанда, оңашада, қарақоңыр үйінде ұзақты күн елбірей тыңдап, соның әсерімен ертеңіне ай­тулы «Қалмақ асу» арқылы Қара­тау­дың шырқау жонына жаяулап шы­ғып, Арқадан үзіліп жеткен са­мал­ға кеуде тосып, шыңырау, буал­дыр кеңістіктен кешегі Төлеген күй­лері құлағымда жаңғырып, та­лайдан шешімі ұстатпаған әңгіме «Мыңжылқы­ның үстіндегі түнді» жа­зып едім. Ауылдан әріде, түзде, құдық ба­сында малымен отырған күй­шінің туған ағасы, өлеңдері ау­дан­дық газетте жиі басылатын ақын Жә­нібек Момбеков ақсақалды (19ОО ж.т.) іздеп барып, оның інісі жай­лы шерткен сыры әлі жадымда. «Төлеген соғыстан келіп, үш-төрт күй шығар­ған соң ғой деймін, шырт ұйқыда жат­­қанымда оятады. «Тыныштық па?», – дегенде күмілжігесін, түрегеп отыр­дым. «Тә­те, жаңа бір дыбыстан шошып оянсам, қабырғаға ілулі домбырам қарадай ойнап тұр. На­нымды домбырадан жеймін-ау», – дейді. Аш-жалаңаш уақ. Мен ары-бері ойланып: «Мейлің шырағым, атаң­ның әруағы қоймайтын шы­ғар», – деп батамды бердім…Сүгір: «Жолаушының жолды қоңырын» қырдың астынан өтіп бара жатқан көштегі қыздарға арнап шығар­дым», – деген. «Ыңғай төкпе» – Бапыштыкі. Атамыз жиырма се­гі­зінші жылы қайтыс болған. Әке­міз Момбек те домбыра тарт­қан» (Марқұм Жәнібек қарияның бұл сөзі Аллаға аян).
…Мақаламызды жазушы Тә­кен аға Әлімқұловтың сөзімен аяқтайық: «…Революциядан ке­йін­гі дәуірді алсақ, маған Сүгірдің, Динаның, Төлеген Момбековтың күйлері ұнай­ды. …Төлеген Мо­м­бековтың барлық күйлері Қаратау, ішінара Сарыар­қадан туындайды. Қазақтың ертегі аңызындағы Қап тауы, яғни Кавказ сегіз миллиард жыл жасаған. Қаратау одан да ежелгі. Сол ежелгі тауды Тө­кең тілі­мен, көзімен жаңғыртады. Құд­ды жартастан домбыра күм­бірлеп тұрғандай. Талай ұрпақ ауысар, талай заман өтпек. Бірақ Қаратау қала бермек. Төкеңнің күйлері сол таудай ұзақ жасамақ» («Тарлан күйші»).

Есқара ТОҚТАСЫНҰЛЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір