Қадірі бөлек Хангелдин
06.04.2018
2438
0

Бүгіндері тірі болса, сексеннің сеңгіріне шыққан мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Садықбек Хангелдин сонау институт қабырғасында-ақ өзінің болашағын айқын байқатқан болатын. Өнер кештерінде Сәкең биле десең, биледі, ән айт десең шырқады, өлең оқы десең, өзіндік қана үнмен жұртты елітті. Студенттердің ғылыми қоғамына жетекшілік етті. Ұзындығы үш метрлік тіл әдебиет факультетінің «Филолог» атты қабырға газетінің редакторы, институттың көп тиражды «Педагог» газетінің жауапты хатшысы, әрі шығарушысы, әдебиет үйірмесінің жетекшісі, көркемсөз, драма үйірмелерінің иықты мүшесі болды.

Садықбек Хангелдин қасиетті қаламды да қолына ерте ұстады. 1962 жылы Қазақ­стан Жазушылар одағының Қызылор­да­да­ғы Асқар Тоқмағамбетов басқаратын об­­-
лы­с­аралық бөлімшесінде жас ақынның тұ­сауы кесіліп, тұңғыш өлеңдер жинағы бас­паға ұсынылды. Ол өлеңнің шексіз де шет­сіз әле­міне былайша аяқ басқан бола­тын:
Түскен жоқ бұл өнерім талқыға әлі,
Көрген жоқ еңбегімді халқым әлі.
Әйтсе де от жалынды қызба көңіл,
Дамылсыз өр қияға шарқ ұрады.
Осы бір азат жолдар өзі келешегінен көп үмітті ететін жастың аяқ алысын та­ны­тып еді. Алайда Садықбек Хангелдиннің жан-жақтылығы, қазақ айта беретіндей, бір сырлы, сан қырлы болуы оның 30 жылдан астам жастық жалынды кезеңі қоғамдық, мем­лекеттік жұмыстарға кетті. Қызылорда қа­лалық комсомол комитетінің бірінші хат­шысы, обком комсомолдың хатшысы, 1971 жылы Алматыдағы партия мектебін бі­тір­геннен кейін Қазақстан комсомолы Орта­лық комитетінің насихат және мә­де­ни-бұқаралық жұмыстар бөлімінің мең­герушісі болған Садықбек Хангелдин 1974-1991 жылдары Қазақстан Компар­тия­сы Орталық комитетінде, Қазақ ССР Ха­лық­тық бақылау және Қазақстан Мем­ле­кеттік телерадио комитеттерінде басшы қыз­меттер атқарды. Өзінің азаматтық, қай­раткерлік қасиеттерін абыроймен ат­қарды, шын мәнісіндегі, кісілік келбеті то­лымды болды. Ол қай лауазымда болса да өзіне тән іскерлікпен, жауапкершілік се­­­зіммен, қажыр-қайратпен атқарды.
Садықбек Хангелдин Қазақстан ком­сомолы Орталық комитетінің бөлім мең­геру­шісі қызметінде жарқырай көрінді, бел­сене қызмет етті. Бұл Одақта шоқтығы биік болған еліміздің жастар ұйымын тұ­ғыр­лы тұлға, керемет қайраткер, жастардың ақыл­шы ұстазы Өзекең – Өзбекәлі Жә­ні­беков басқарған кезең болатын. Шұбартау, Ерейментау, Бескөл аудандық, Теміртау, Кентау, Рудный қалалық жастар ұйым­да­ры­ның жаңа жұмыс әдістері мен ізденістері, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев, Кәмшат Дөнентаева, Жансұлтан Демеев, Вла­димир Дитюк, Наталья Геллер сияқты Ең­бек Ерлерінің жарқын үлгілері бүкіл рес­публика жастары арасында қызу қолдау тауып, кең өріс алса, соны насихаттау, жаңа дәс­түр мен салт үлгілерін тарату осы Ор­та­лық комитеттің бөлімінен бастау алып жа­та­тын.
Осы қызметте Садықбек Хангелдин та­лай шығармашыл жастармен араласты, та­лайға жақын болды, талайға өмірге жол­дама берді, талайдың көңілін риза етті. Әде­биетіміз бен өнеріміздің талантты өкіл­дері – Фариза Оңғарсынова, Қалдарбек Най­манбаев, Бексұлтан Нұржекеев, Жа­расқан Әбдірашев, Иранбек Оразбаев, Се­рік Тұрғынбеков сынды шығармашылық шы­райы мен өріс бағыты комсомол-жас­тардың республикалық штабының тұрақты қамқорлығында болды. Реті келгенде айта кету керек, кешегі республика комсомол ұйы­мының бай мәдени-көпшілік және сан-салалы идеялық-тәрбие жұмыстарына әсте көз жұмуға болмайды. Бұл, әсіресе, бү­гін­гі күні жастар арасындағы жұмыстың ба­ғыт-бағдарының әлі толық айқындала қой­маған кезінде ерекше мәнді, таптырмас тағ­лымды.
Садықбек Хангелдин туасы ақын бола­тын. Сондықтан ол күнделікті қауырт қыз­мет бабынан уақытты «ұрлап» жазды. Тек жаз­дырмай қоймағандарды ғана қағаз бе­тіне түсіріп отырды. Ол лауазымды қыз­мет­те жүріп ақындықтың айдынына еркін шы­ғып, даңғыл жолына тура түсе алмады. Қан­ша шебер жүзгіш болғанымен теңіз бұйыр­май, тағдыр маңдайына көлден бас­қаны жазбағандай құбылыс болды. Сол се­бепті бала күнінен серік еткен өлеңді ұзақ тербетіп отыра алмаған ақынның тө­мен­дегідей көңіл-күйін, саналы сезімін, ашық та адал пейілін, кішірейіп басын июін түсінуге болады:
Кешір, Өлең?
Келдім қатты сағынып,
Бір өзіңде бар қызығым, бар үміт.
Оңашада сырласыншы өзіңмен
Ақын жаны ағынан бір жарылып.
Кешір, Өлең!
Айыптымын алдыңда!
…жоқ, аяма, қайта мені сал мұңға.
Кештеу келіп, ерте кеттім қоштаспай –
Кім біледі – жатырқап та қалдың ба?
Кешір, Өлең!
Бір лап етіп жандым да,
Лаулай алмай обалыңа қалдым ба?
Ғашықпын деп жылап жүріп,
Оралмай, кеткен қыздай
Сені азапқа салдым ба?
Қандай бір өнер болмасын, сүйген сұлуың­дай тұрақты да шынайы ықыласты тәуір көреді. Поэзия да солай, жан-жаққа алаңдауды ұнатпайды. Өйткені өнер – қа­сиетті дүние, құдіретті күш. Содан «Әнім­нің келтіре алмай күнде ырғағын, Сезіп-ақ ащы тердің жүрмін дәмін» деген, ақын­дық­ты тұрақты жансерігі ете алмаған Сәкең зейнеткерлікке шыққаннан кейін ескі до­сына қайта жолықты:
Келдім қайтып –
Мың қайғымен алысып.
Саған деген сағынышпен жарысып.
Бұлбұл қонып,
Құшағыма Күн кірді –
Өзіңменен бүгін қайта табысып.
Шегі де, шеті де жоқ ақындықтың са­па­рына қайта түскен ақынның көңіл-күйін, жү­рек лүпілін өмірінің соңғы жыл­дарында жаз­ған «Жансарай» атты өлеңінің мына алғашқы жолдары былайша сездіреді:
Сапардамын –
Тынымсыз жүріп келем.
Қамшылайды жол серік – үміт деген.
Кезігер ме ақ құсым іздеп жүрген –
Қалың нуға қақ жарып кіріп келем.
Ақын жаны әдетте ізгілікті сүйеді. Оның жүрегі Отан деп соғады, шабыты хал­қым деп қанат қағады. Оған елінің ты­ныш­тығы мен бірлігінен артық ардақты, қа­сиетті дүние жоқ, сезім пернелері осыған ар­налады, осыны биіктетеді. Сондықтан ақын­ның:
Мен тілеймін таңым күліп атса деп,
Тау мен Дала ән тербетіп жатса деп.
Қабақ шытпай бір-біріне адамдар,
Достық нұрын Күн жамылып батса, – деп жыр­лауын оқырман түсінеді, тілегіне тілек қо­сады. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің басты же­тістігі де, асыл мұраттары да, ер­теңгі оны тұ­ғырлы ететін құдіретті күштер де осы бір­лікте, тұтастықта жатыр емес пе?
Қанша ақындықты тұрақты серік ете ал­мады десек те Садықбек Хангелдиннің бұл өнерге өкпесі жоқ, артында шы­­ғар­ма­шы­лықтың мол мұрасын қалдырды. Оған 11 өлеңдер жинағы, 9 публицистикалық кі­­таптары дәлел бола алады.
Әдебиет пен өнер саласында Садықбек Хангелдин өлеңмен ғана шектелген жоқ, әң­гіме, очерк, әдеби зерттеу, рецензиялар мен мақалалар да жазды. Оның «Махамбет жыр­ларындағы Исатай бейнесі», «Абай және Лермонтов», «Ілияс Жансүгіровтың жаңа­шылдығы», Қасым Тоғызақовтың «Сі­бір Омары», «Баспасөз бетіндегі тұрақ­ты сөз тіркестері» және басқа зерт­теу­лері­мен қатар Асқар Тоқмағанбетов, Айтпай Хан­гелдин, Әбілда Тәжібаев, Зейнолла Шү­кіров, Иранбек Оразбаев, Әнуарбек Дүй­сембиев, Азат Алтаев, Саид Баязитов, Тұр­сынзада Есімжанов, Қалаубек Тұр­сынқұлов, Нұрхан Жанаев сияқты қалам­гер­лердің шығармашылығы жайлы мақ­а­лалары; Даргомыжский мен Қалдаяқовтың, Жандарбекова мен Ералиеваның және бас­қа әнші-күйшілердің өмірі мен өнері жай­лы очерктері; көрнекті қоғам қай­рат­керлері Міржақып Дулатұлы, Өзбекәлі Жә­нібеков, Аманша Ақбаев жайлы естелік, эсселері; тәуелсіздік тұсында ел басына ор­наған қоғамдық, саяси-әлеуметтік, мә­дени ахуалға байланысты жазылған «Тәуел­сіздікке тәуекел», «Бұлдыр бағыт», «Басы ашық әңгіме», «Біз жан ашығандықтан айтамыз», «Ұлттың жайын, тілдің қамын ойласақ», «Отқа май қүймаса да…» деген мақалалары оқушы жүрегін жылытпай тұра алмайды. Бұл заман талабына сай жазылған мақалалары, публицистикалық туынды­лары еліміздің бұқаралық ақпарат құрал­дарында, әсіресе, газет-жорналдарда жиі жарияланып тұрды. Мұнан басқа ол – ұрпақ тәр­биесіне, қоғамда болып жатқан әрбір сая­си өзгеріс­терге байланысты және де спорт тақырыбына үн қосып баспасөз бет­терінде жариялаған көптеген мақалалардың авторы.
Әр қаламгердің өмірде өз «терезесі» бо­­ла­ды. Ол сол өзінің терезесімен ғана өмір, қоғам туралы толғанады, дүниеге зер са­лады, көргеннен өнеге алады, ойдан түйін түйе­ді. Сәкеңнің терезесі кең еді, сондық­тан ол басқалардан көбірек көретін, бас­қа­лардан тереңірек түсінетін, анықырақ ұғы­натын. Оның үстіне ақынжанды адам­ның ойлау, түйсіну қабілеті бөлек қой. Ол қай салаға қалам тартса да, жорғалай жө­не­летін, жеткізбей кететін.
Садықбек Хангелдин Сыр бойының та­нымал журналисі, көп жыл қызметтес бол­ған Өтеген Жаппарханов «Ол алдымен пейі­лі жомарт, адамгершілігі асқақ, іс-әрекетімен, тыныс-тірлігімен, сөзімен де, жү­ріс-тұрысымен де өзгеге ұсынар үлгісі бар, мінезге бай тұнба тұлға» дегендей, шын мәнісіндегі абзал азамат болатын.
Белгілі ақын Қайнекей Жармағамбетов ке­зінде «Әр адам ашылмаған бір роман» деп жазған еді. Мен де елу жылдан астам Сә­кеңмен қатар жүріп, талай сыр алыссам да байқамаған дүниелерім жоқ деп айта алмаймын. Алайда оның азамат, қайраткер ретінде адалдықты ту еткеніне, ақын ре­тін­де әділеттілікті жыр еткеніне кепілдік бере ала­мын.

Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымының докторы, профессор.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір