ҚАРАСӨЗДІҢ ҚАБАНБАЙЫ
06.04.2018
2338
0
Жұбымыз жазылмаған дос едік
…Осыдан жарты ғасыр бұрын… ару қала – Алматы жаз шыға ерек­ше құлпырып кететін. Оқтай түзу кө­шелердегі жап-жасыл ағаштар, көз­­дің жауын алатын алқызыл гүл­­дер алыстан мен мұндалайтын. Арық­тардағы сылдырлап ағып жат­қан мөлдір су қандай еді? Кө­ше­лерде қазіргідей кептеліс жоқ, трам­вай, автобустар толассыз жо­лаушыларды қалаған жеріне жет­кізіп жататын.
Алматының сұлу кө­рінісіне там­сана қарап келе жат­­­қанымда Ки­ров қазіргі Бөген­бай батыр кө­шесінің бойын­­дағы түшпараханаға келіп қа­­лыппын. Енді бір сағаттан кейін емтихан. Арманымыз – жур­на­лист болу. Ол кезде елімізде жур­­на­листер әзір­лей­тін жалғыз оқу ор­ны – С.М.Ки­ров атындағы Мем­лекет­тік универитетіне оқуға түсу қиын­ның қиыны болғаны да жа­сы­рын емес.
1968 жыл. Тамыз айының бі­рін­ші жұлдызы. Кезекке келіп тұр­ғаным сол еді, шымыр денелі, өңі кавказ жігіттеріне келетін ке­ліс­ті бір жігіт сыпайы амандасты да, бірге тағам алды. Таныстық. Ма­рат Қабанбаевтың да арманы жур­налист болу, сонау Зайсан ау­данының Қаратал ауылынан ке­ліпті. Мен де Зайсанның Саржыра де­ген шағын ауылынан екенімді айт­қанда, ол қуанып қалды. Ба­ғы­мыз жанып, екеуміз де жұбы­мыз­ды жазбайтын дос болдық. Бізбен бір­ге Шығыс пен Семейден Ғалия Омарханова, Мейрам Оралов, Бақ­қайша деген қыз – барлығы 50 жас қыз бен жігіт журналистика факультетінің студенті атандық. Оқуға түсе са­лы­сымен бірінші курс сту­дент­терін Қазақстан кең­шарына жүзім жинауға алып кетті. Бір айдан кейін Алматыға оралып, Виног­ра­дов көшесіндегі үш қа­батты жа­тақ­ханаға жайғастық. Сонымен сту­денттік өмірдің естен кетпес қы­зықты күндері басталды.
Бірінші курсты тәмамдаған біз босқа сандалып жүргенше ақша та­байық деп, 1969 жылы универ­ситет жанынан құрылған студент­тік құрылыс отрядына жазылдық. Командиріміз – төртінші курс сту­денті Эдик Кривобоков. Өзі қа­тал, жұмыс десе жанын салатын, бас­қалардан да соны талап ететін жан­кешті азамат. Ол кезде респуб­ли­калық екпінді құрылыс деп жа­рия­ланған Қапшағай ГЭС-інің құрылысы басталған болатын. Көкөрім біз тау-тасты қопарып, те­міржол өтетін тұсын тазартуға тиіс­піз. Жұмыс ауыр, таңғы бесте жұмысқа кірісеміз, оңтүстіктің ап­тап ыстығы басталған кезде үш-төрт сағат демалып аламыз да, қа­раңғы түскенше тау-тасты қо­парамыз…
Марат үшінші курсқа дейін бізбен бірге оқыды да, соңынан «Ле­ниншіл жас» газетіне қызметке тұ­рып, сырттай оқу бөліміне ауыс­ты. Университетті 1975 жылы аяқ­­­тады. Марат екеуіміз бірер жыл бір жатақханада, жарты жыл «Ар­ман» кинотеатрының жоғары жа­ғындағы тау етегіндегі пәтерде бір­ге тұрдық. Маратпен бірге тұр­ған уақытта көп нәрсені үйрендім де­сем, артық айтқандық емес. Ол бос уақыты бола қалса жазу жаза­тын, көркем әдебиеттерді көп оқи­тын. Әкесі ерте қайтыс болған, науқас анасының жағдайы белгілі, ағыл-тегіл келіп жатқан мол қар­жы жоқ. Марат оқуды жақсы оқы­ды, стипендиясын тұрақты алып тұрды. Ол кезде студенттердің шә­кір­тақысы – 35 сом. Сол 35 сом­ды ала салысымен Мәкең отыз күн­ге бө­ліп, ақшасын үнеммен жұм­­­сай­тын.«Жұлдыздардың» разылығы
…1968 жылы университет жа­ны­нан тарих факультетінің екінші курс студенті Бағдат Әлімжановтың ұйымдастыруымен «Қызғалдақтар» атты ансамбльді құрып, көрші ауыл­­дарға, Жамбыл, Оңтүстік Қа­зақ­стан, Атырау облыстарына гас­тольге шығып жүрдік. Бір жылдан кейін бізге ақыл-кеңес айтуға саз­гер Ескендір Хасанғалиев пен әнші Нұрғали Нүсіпжанов келді. Олар ан­самбльдің атын «Аққу» деп өзгер­ту жөнінде кеңес берді. Ансамбльдің аты шыға бастады. Сол кездегі жал­ғыз телеарна мерекелерде бізді жиі шақыратын. Университеттің дом­бы­ра оркестрі Алматыдағы ауыл шаруа­шылығы институтының шы­ғармашылық ұжымынан кейін екін­ші орын алатын. Қытайдан қо­ныс аударған атақты күйші, шертпе күй­дің шебері Уәли Бекенов, бізден бір курс жоғары оқитын, кезінде Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінде ойнаған Тілеумұрат Қо­жабеков те оркестрдің шығар­ма­шылық жағынан өсуіне көп үлес қос­ты. Менімен бірге оркестрдің дайын­дығын жиі көретін Марат до­сым бос жүрмепті, бір күні «Ле­нин­шіл жас» газетіне көлемді «Ақ­қу» қанат қақты» деген мақаласы жарқ ете қалды. Несін айтасыз, «Ақ­қу» ансамблінің атағы ша­рық­тап шыға келді. 1969 жылы Мәс­кеу­де өткен «Алло, мы ищем таланты» бай­қауына қатысуға мүмкіндік алуы­мызға сол Марат жазған мақа­ла себеп болды ғой деген ой жиі ес­ке түседі. Қысқасы, еліміздің түк­пір-түкпірінен келген өнерпаз қыз-жігіттер «жұлдызға» айналдық.
1984 жылы Алматы жоғары пар­тия мектебінің тыңдаушысы болып жүр­генімізде Мәкең елден келген ана­мызбен қосып бізді үйіне қонақ­қа шақырды. Жұбайы – Сәуле Қам­зи­на тәрбиелі, мәдениетті жан, бізді жы­лы қарсы алып, төрге шығуы­мыз­ды өтінді. Сол жолы Марат до­сым маған көп сыр айтты.
Жазу бөлмесіне кіргізіп алған соң «Кермек дәм» деген романының қа­лың қолжазбасын көрсетіп, келе­шек­те «Кентавр» деген роман жазу ойын­да бар екенін айтты. Жоғарыда айт­қандай Мәкең жетімдік пен жоқшылық тақсыретін көп көрді, сыр­қат ана, шиеттей іні-қарын­дас­та­рына арқа сүер қамқоршы болды асырап бақты. Ауылда қара жұ­мыс істеді, кешкі мектепті бітір­ген соң үш жылдай аудандық «Дос­тық» га­зе­тінде қызмет етті. Қиын­дық­ты көп көрген Мараттың шы­ға­р­ма­ла­рын­дағы кейіп­керлердің негізінен өз за­ман­дастары болып келетіні сон­дық­тан болар.

Андерсен атындағы сыйлықтың иегері

Мараттың балаларға арнап жаз­ған шығармалары өміршең бол­ған­дықтан, оқырмандары да көп бол­ды. «Арыстан, мен, виолончель жә­не қасапхана», «Бақбақ басы тол­ған күн», «Жиһангез Тити», «Қа­ла және қыз бала», «Сурет салғым кел­мейді», «Кермек дәм» повестері мен әңгімелер, романдары қазақ про­засының жауһарлары саналады. Ма­раттың публицистикалық ма­қа­ла­лары республикалық газет-жур­налдарға жиі шығатын. «Қазақ қай­да барасың?», «Талант тас жа­ра­ды», «Құралай», «Бұл зиялы – қай зия­лы?», «Блат, қайда барасың?», «Қа­зақта бір ру бар алқаш деген» атты мақалалары кезінде оқыр­ман­дарын дүр сілкіндірді. 80 жыл­дар­дың өзінде Мараттың «Ақмолаға көш­кін, ағайын» деген толғандырар та­қырыптағы мақаласы көпшілікті селт еткізгені сөзсіз. Марат Қабан­бай­дың қаламынан туған «Жеңе­ше», «Қабан қарғын», «Құралай», «Тау еркесі», «Қызық пен шыжық», «Жы­лан» деген әңгімелері де қазақ про­засына тың өзгеріс пен жаңалық әкел­ген туындылар. Ал балалар жай­лы Мараттың жазған хикаят­тары мен әңгімелерін оқырмандар іздеп жүріп оқитын.
Осыдан жарты ғасыр бұрын ар­ман қуып ару қала – Алматыда бас қосқан біздің курстастар арасынан талай таланттар шықты. Мемле­кет­тік сыйлықтың лауреаты, ақын Кү­­ләш Ахметова, ақындар – Қайыр­бек Асанов, Мейрам Оралов, Мә­дина Көбеева, филология ғы­лым­дарының докторы, профессор, бел­гілі жазушы Кәкен Қамзин, сы­қақшы, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, «Парасат» ор­де­нінің иегері, «Ара» журналының бас редакторы – Көпен Әмір-Бек, жур­налистика саласындағы Пре­зи­дент сыйлығының лауреаты, рес­пуб­ликалық «Ұлан» газетінің ре­дак­торы болған көсемсөзші Бей­­­­сембай Сүлейменов, ҚазМУ-дің про­фес­соры Клара Қабылғазина, журна­лис­тер Асқанбай Ерғожаев, Жұма­гүл Саухатова, тағы басқалардың есімі оқырмандарға жақсы таныс. Курс­тастар Мараттың талантына бас иетін, жазған өлеңдері мен әңгімелерін ең алдымен жерлесі­міз­ге оқып, бағасын алатын, кемші­лік­терін түзететініне сан мәрте көз жеткізгенбіз.
Университеттің бірінші курсын­да оқып жүргенімізде біз «Бұзау» ат­ты газет шығардық. Газет деген аты ғана, дәптердің бірнеше бетіне ку­рс­тас достар жайлы небір қы­зық­ты жәйттерді жазатынбыз. «Ит же­тектеген Баққайша», «Қабанбаев фа­милиясын неге өзгертті?», «Кур­сы­мыздың үш сұлуы» сынды ха­бар­лар күн сайын шығып жататын. Өкі­ніш­ке қарай, бұдан жарты ғасыр бұрын­ғы газеттің қиындысы менде сақ­талмапты. Ал Асқанбай мен Кә­кен, Көпенде сол газеттер қиын­ды­сы бар деп естідім. Реті келгенде ай­та кету керек, біздің курс сондай ұйым­шыл еді.
Шығармалары өзі туып-өскен Сауыр, Сайқан тауларындай асқақ та биік Марат Қабанбай өз елінің та­­бысына қуанып, кемшілігіне күй­зеліп, қабырғалы публицисти­ка­­лық шығармаларын дүниеге әкел­­ді. Мараттың 2013–2015 жыл­дары Ал­матыдағы «Таймас» баспасынан жа­рық көрген 5 томдық шығармалар жи­нағында қара қылды қақ жарған өт­кір сындары мен көсемсөздері, ро­мандары мен повестері, әңгі­ме­лері топтастырылған.
Мараттың шоқтығы биік шы­ғар­масы – «Арыстан, мен, виолон­чель және қасапхана» хикаяты оқыр­мандар тарапынан жоғары баға алды. Ол журналдарға басыл­ды, жеке кітап болып шықты. Ал «Пы­сық болдым, мінеки» атты туын­дысын Нәдия Әлімбекова орыс­шаға («Вот он я, бывалый») ау­дарып, Мәскеудегі «Детская ли­тература» баспасы кітап етіп жа­рық­қа шығарады. Мәдениеті мен әде­биеті дамыған Еуропаның көзі­қарақты оқырмандары бұл хикаят жайлы естіп, ақыры Алмания елі оны неміс тілінде басып шығарады. «Қарлы құйын» деген атпен жарық көр­ген кітаптың салмағы мен пар­қын түсінген авторға көп ұзамай Ха­лықаралық Г.Х.Андерсен атын­дағы сыйлық берілді. Марат – бұл атаққа ие болған жалғыз қазақ жазу­шысы. Марат өмірінің соңғы күн­дері қаржы тапшылығын көп көр­ді. Дәрі-дәрмекке ақша таба ал­май қиналған кезде өмірлік жары Сәу­ле Камзинаға жан сырын ай­тып, ойымен бөліскен еді.

Айтматов пен Мүсіреповтың ақылы

Мараттың жұбайы Сәуле Қи­зат­қызы айтады:
«Мәкең қысқа ғұмыр кешсе де, ар­тына өшпес шығармаларын қал­дырды. Балалардың жан-дүниесін те­рең зерттеп, оннан астам шы­ғар­ма­лар жазған Мәкең тірі болғанда 70 жылдық мерейтойын атап өтер еді.
Екеуіміз небәрі 25 жыл отастық. Ол ағасы – Оразды, жеңгесі – жур­на­лист, ұзақ уақыт Зайсан аудандық «Достық» газетін іскерлікпен бас­қар­­ған Әмина Сақажанованы, бауы­ры – Болатты ерекше жақсы кө­ре­тін. Ал тағы бір ағасы Хасен қай­тыс болғанда қатты қайғырды. Ұлы Айбек, қыздары Айгүл, Алуа де­генде шығарда жаны бөлек бола­тын. Айбек өткен жылы отау құрды, келінім Лаура тәрбие көрген, мені ерекше сыйлайды. Айгүлдің екі ба­ласы бар, ал Алуа қызметте.
Мараттың «Кентавр» шы­ғар­масының тағдыры жайлы сұрай­тын­дар көп. «Кентаврды» жазуға Ма­рат көп уақыт жұмсады. Бірақ өзі онша ұната қоймады. Әбдіжәміл Нұр­пейісов ағамызға рахмет, толық аяқталмаған романды «Таң шол­пан» журналына жариялатты. Бірде Мә­кең Бішкекке барып, Шыңғыс Айт­матовқа жолығып, «Кентавр» ро­манын оқып береді. Шықаң бол­мы­сы бөлек, жаңа тұрпатта жазыл­ған романды ұнатып: «Бауырым, тағы бір қарап, өңдеп шық», – деп ақыл айтыпты. Сол жолы Марат Қыр­ғызстаннан көңілді оралды. «Қа­зақстан тәуелсіздік алып жатыр, де­мек, жаңа романды осы заманға лайықтап жазу туралы ой келді», – деп, қолына қаламын қайта алды. Амал бар ма, төтесінен келген ажал оған мұрша бермеді. Мараттың мі­незі тұйық, сырын жария ете бер­мейтін. Бірде Ғабит Мүсіреповпен жо­лығып, әңгімелескенін айтты. «Қа­­зіргі жазушылар халық ауыз әде­биетін көп оқымайды, Марат, осы­­ны есіңде сақта», – депті атақты жазу­­шы, ағасы. Достары, інілері Ма­ратты ерекше құрметтейтін, жер­лестері, қаламгерлер Ұлықбек Ес­дәулет, Заманбек Әбдешов, Әбет­хан Тоқтаған, Тұрысбек Сәу­ке­таев, Талаптан Ахметжанов біздің үйге келгенде, телефон шалғанда, аға­ларының ақыл-кеңесін тың­дай­тын. Оңқа, сізді досыңыз ерекше сый­лап, көңілді отырған кезінде: «Та­лай рет ретжітіп едім, бірақ ақ­көңіл азамат қой, жақсы адамның ашуы жібек орамал кепкенше»,– деп ағы­нан жарылатын»…
Балалардың сүйікті жазушысы, кө­зі тірісінде ешбір атаққа қызық­па­ған Марат Қабанбайды қазақ елі, өзінің кіндік қаны тамған Зайсан өңірі, Өскемен жұртшылығы ұмыт­па­ған шығар, ең болмаса еске алып, құрмет көрсетіп жатса, несі айып?..
Марат – «Ана тілі» газетінде жауап­ты қызмет еткен кезде ана ті­лінің тазалығы үшін күрескен бір­ден-бір жазушы. Ал «Дат» газетінде бас редактор болған кезде оның қа­ламынан өткір сындар мен зама­нымыздағы орын алған кемшіліктер жайлы толғаныстары бірінен соң бірі шығып жатты. Көзі тірісінде Ма­рат Қабанбай ешбір атаққа ие бол­ған жоқ, оны сұраған да емес. Алайда оқырмандары қаламы ұш­қыр жазушысын ұмытқан жоқ. Өскемен мен Зайсандағы кітап­ха­наларда оқырмандар конферен-ция­сы өтті. Осы орайда, талантты жазу­­шы, көсемсөзші Марат Қа­бан­байдың есімін Өскемендегі балалар кітапханасына, кіндік қаны тамған Зай­сандағы бір мектепке, көшеге беріп жатса, «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы аясында жүзеге асқан оңды шешімдер болар еді кеңейе тү­сер де­ген ой келеді. Осыдан 12 жыл бұ­рын Гайдар атындағы об­лыс­тық балалар кітапханасына Марат Қа­банбайдың атын беру жөнінде бас­тама көтерген едік. Алайда, «Бая­ғы жар­тас, сол жартас» – әзір­ше қоз­ға­лыс жоқ…

Оңдасын Елубай,
«Құрмет» орденінің иегері, жазушы, журналист.

Өскемен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір