Ілияс ЖАНСҮГІРҰЛЫ. Бақытты Жамал
06.04.2018
9490
3
Сүйінші! І.Жансүгіровтің «Бақытты Жамал» әңгімесінің мәтіні табылды. «Аз өмірі мен шығармашылық жо­лының қысқа кезеңінде-ақ қазақ халқының ру­хани алтын қорына қосылған төл шедеврлерін дү­ниеге әкелген» (М.Әуезов) Ілияс Жансүгіров қа­зақ әдебиетінің қалыптасып, дамуына үлкен үлес қосты. Төменде ұсынылып отырған «Бақытты Жа­мал» әңгімесі 1937 жылы «Сталин жолы» басылымының ақпан, наурыз айларындағы нөмірлерінде жа­рияланған екен. Өкінішке қарай, Ілияс ақ­талғаннан кейін жарыққа шыққан шығармалар жи­нағының ешбіріне енгізілмей, назардан тыс қа­лып келген. Сексен бір жылдан кейін бұл туынды оқыр­манымен қауышып отыр.
Ескерту: Әңгіменің жазылу стилін, орфогра­фия­сын өзгертпестен ұсынып отырмыз.

Шара ҚЫЯХМЕТОВА,
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы,
филология ғылымының кандидаты,
«Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының
аға ғылыми қызметкері.


І

Іле өзенінің оң жағындағы ор­қаш-орқаш тауларды қақ жарып кең жол шығысқа қарай қасқиып жатыр. Бұл жолды Киріп жолы дейді. Жол бір жерлерде адыр-адыр асуларды, жықпыл-жықпыл жыраларды, шың-шың сайларды қақ жарса, бір жерде таудың жазық төсін тіліп, теңіздей кең даланы кесіп өтеді.
Осы кең жолдың жиегімен қы­быр­лай басып бір жаяу жолаушы ке­леді. Түр-тұрпаты ұзақ жол жүріп, көп бейнет көрген кісі сияқты. Әбден шаршаған, тұлғасы шайқалады, басы былғақтайды, аяғы шалысып, әзер ғана адымдайды. Үсті-басы шаң, көшкен елдің жұртындағы күліне түнеп шыққан бұралқы ит сықылды, жағы қураған, көзі суалған, бет-аузын ыстық түтетіп, шаң-топырақ басып, самайдан сорғалаған тозаңмен бат­тасып, жарық ерні кеберсіп кеткен. Сол түнерген бетіндегі таңқылау мұр­ны борсықтың бұзылған ініне ұқсай­ды. Кірі сорғалаған кеңірдегі сора­йып, түсі тозық шүберекті еске тү­сіре­ді. Үстіндегі бес патпан кірлі жұлма жейденің жыртық жағасы жұт жылғы жүдеу түйенің жабуындай күнге күйген күн иықтан салбырап келеді. Қара кір дамбалдың балағы борша-борша. Басындағы түте тақия торғайдың тозық ұясын еске түсіреді. Шаңмен баттасқан бастағы өскелең шаш қотыр ешкінің жүніндей үрпиіп, бұрқыраған терден маңай сасиды. Жалаң аяғында сау тамтық жоқ, жара-жара, домбық, асудан тұралаған аттай аянкестеніп тастақ жолды баса алмайды.
Оның аяғына жолдың қиыршығы пышқының жүзінен жүргендей. Сон­дықтан, ол жолдың шетін қағылдап басып жиектеп келеді, бір қолында қабығы аршылған ақ таяқ, бір қолын­да аузы бақадай ашылған көн етікті жұлма шекпенге орап, айыл белдігі­мен буып арқасына салған.
Күн ыстық, жол ұзақ, жаңа жақ, жаяудың жаны қыл үстінде ілгерінді-кейінді өтіп жатқан аптамабілдер күрілдеп, пырылдап тыным бермейді. Біреуінен құтылса екіншісі келіп қалады. Көз ұшында көрінген бір қара лезде жетіп, «жолды бер, бер р р, бер р р р!» дегенді кіжініп қоя бере­ді. Кейде жолдың қысаң, жалтарыс жерлерінде тіпті қысылады. Алдынан бір мәшине келіп қалып, бұрыла берем бе дегенде артынан келіп қалған екінші мәшине ішіп-жемге қоймай ақырып, бақырып жерге тығып жібере жаздайды.
Жол қанша кең болса да бұл жо­лау­шыға тар сықылды. Жан-жақтың бәрі жат. Осы ұзын жолдың үстінде ол өзін өте кем, өте қор деп сезеді. Өзі­нен надан, өзінен осал жан жоқ сықылданады. Айналаға қарағанда өзі аса әлсіз, аса құнарсыз, қоңыз, құрт сияқтанып, ерсілі-қарсылы зуылдап, зырылдап өтіп жатқан мә­ши­ненің біреуі қағып кетсе қоңыздай жаншылып қалатындай көрінеді. Ана мәшинені мініп өтіп жатқан топ-топ адамдар нағыз адам деген солар. Олар мәшинені жүргізіп, дүниені сиқырға айналдырып жер мен көкті көшіріп темірді, отты көлік етіп жүрген ер­тедегі «иа пері, иә періште» сықылды. Айнала жат, адамдары жаңа.
Жол жүре-жүре тауға тырмысты. Тауға тырмысқан сайын жақпар-жақпар тастарды қашап салған толып жатқан көпірлерден өтті. Мұндай тар жерлерде талай ауыр, жеңіл аптама­бел­дер, ағылған адам,тасылған жүк­тер кез келіп, жолаушының жанын қыспаққа салды. Негеде болса көніп келе жатқан жолаушы қысыла-қым­тырыла жүріп келеді. Біраздан соң мәшиненің күжіліне аздап бойы үйре­нейін деді де.
Жолаушы жүре таудың жол асатын қырға кезеңіне шыққанда тау жақтан самал соғып қоя берді. Бұл желден жаяудың бүтін денесі сергіп, рақаттанып кетті. Ол арқасындағы бумасын жерге қойып «ух» деп тасқа отырды. Бұл жолдың бір биік жері еді. Ол тау басына құзғындай қонып, кір жейдесінің жеңімен көзіне құйылған шаңды терін сыпырып сүртті де жан-жағына қаранды. Алды-арты, оңы-солы, айналасы ашылып сала берді. Қараған сайын төңірегі көзіне жылы ұшырайды. Әне, анау аспанға өрлеп, басы бұлттан асып жатқан Алатау, мынадай ашық күннің нұрына шағы­лы­сып, аппақ күміс тау сияқтанады. Ол Алматының тауы. Мынау сол Ала таудың арғы арқа жағын бауырлай иір-иір болып жатқан ақ суыртпақ Іле өзені. Бұл өзен Батыс қытайдан Қазақыстанға құйылып жатыр. Өзен түрі биіктен қарап отырған жолау­шы­ға өзі келе жатқан тас жол сияқтанады.
Жолаушы көзін алыстағы Алатау­дан Еңістегі Іледен аударып, оң жағындағы қоңыр мықыр тауларға қарады. Алыста Ақ тышқан асуы аға­рып, Қазан жайлауы керіліп көрінеді. Оған жалғасып бура қожыр, Қарағай­лы жатыр. Онан төменірек тойған аю­дай тырайып, Аламан тауы сұлай­ды. Батыс-жақта Матай тауы көкке көкиіп, көзге сағымданады. Оның Ілеге төгілген жағында Қалқан тауы қылтиып қалыпты. Мұның өзі отыр­ған кезеңі Іленің оң жақ қабырғасын­да жатқан қатпар-қатпар қату тауы­ның жол асқан жеріндегі бір биігі.
Ол осы биіктен жан жағына қа­рап ойланып отыр.
– Ой, дүние-ай, өскен жерім-ай! Қай жағына қарасам да көзіме оттай басыласың! Өткен күндерімді еске түсіресің. Бұл жер бұрын бес болыс Суан деген елдің жері еді. Бұрын таз­дын басындай тықырайып жата­тын таудың бауырлары – сол елдің қара құйрықтай қыстап жүретін мекені еді, енді қандай абат болып кеткен! Мынау тақ-тақ тас жолды бұл таулар­дан тартылар деп кімнің ойына келу­ші еді. Асқар тау, меңіреу тасты тал­қандап бұл жолды салған неткен күш, не деген жандар? Бұған қанша қазына кетті екен? Бұл жерден мәшине жү­рер деп қай қазақ ойлаған? Қазақ хал­қы қашаннан осы жерде өсіп-өн­се де өміріне мұндай өзгерісті көріп пе еді? Біздің атамыз, атамыздың атасы, оның атасы барлығы да осы жерде қыс қызылға, жаз аққа жары­май аңдай өмір сүрмеді ме? Қазір не болған? Бұлардың бұрын біріде жоқ еді, кеше ғана… кеше ғана жоқ еді…
Осындай ойлармен жолаушы тау басында біраз ойланып отырды. Мұндай таң қалған тәтті ойлармен бірге өзі де тынықты. Тәні тыңайып, бойы сергіді. Түйіншегін иығына салды да ілгері қарай жүріп кетті.

ІІ

Күн кеш. Ымырт жабылып, қас қарайып барады. Ауылдың шетін ала отырған қаукеншік қараша үйге бір әйел қырманнан қайтып, от жарық қылды. Үйге жағылған от аңғал-саңғал үйдің жан-жағына қарай көп жерге жұлдыздарды жылтыратты. От жарығына үй ішіде тегіс көрінді. Төр алдында текемет, сырмақ, от киіз дегендерден ырым жоқ, тек төселген шөп көрінеді. Төр жүктен таза. Ке­беже, сандық орнына отырған бір ыңыршақта бума дағар (қап) жатыр. Үйдің бір жағында жарық берме қазан мен топатай шелек, салтақ ошақ; үйдің екінші жағында салам төсек үстіне бір ескі сырмақ салын­ған. Оның үстіне қарны жарық қара кір жастық пен тозық құрақ көрпені қағып-сілкіп жыйып қойыпты. Аузы жапырайып, сетік мұрын қара шәугім от басында отыр.
Жамба отыннан жалындап жан­ған жақсы оттың сәулесі көбірек жа­қын отырған әйелдің бетіне түседі. Қаймақ қабақ, қара көз, қара торы әйелдің бетіне оттың қызуымен қан жүгіріп құлпырғандай. Бұл әйел – Жамал.
Жамал мыжырық шәугімге су тол­тырып, отқа мосы тігіп, шәугім асты. Астына ақырындап от жағып, шай қайнатуға кірісті. Оттың үй ішіне ойнақтап түскен жанды жалынына қарап отырып Жамалдың да ойына әлде нелер түседі.
– Міне шәугімде шуылдай бас­тады, шайда қайнап қалады. Өтеген кешікпей келсе екен! Осы ыстық су­ды ұрттап жатар едік. Өзімде бүгін әбден шаршадым. Күнде мұндай шаршағандығым білінбеуші еді, немене аяғым қоюланайын дегені ме жерігім қанғаны, жақында ғана емес пе еді. Енді баланың өсейін дегені ме? Бала өсейін дегенде ананы шаршатар болар ма? Әрине, сүйтетін шығар…Беу, дүние-ай! Аман-есен босанып осы баламды тапсам, мен бақытты болар едім-ау! Бақытты болар едім. Балалы болып, оны еміреніп емізіп, қызықтап сүйіп отырар едім. Оны киіндірер едім, өсірер едім, оқытар едім, оның әрбір жасындағы өскен қызығын қызықтар едім, оның бір өнерлі адам болып шыққанын көр­сем!… ол қандай қызық, қандай ба­қыт?! Япырмау, әлі, Өтеген неге кешікті?
Жамал шуылдап қайнаған жапы­рық шәугімді жерге қондырды, әлдеқайда төсек түкпіріне тыққан шүберек түйіншекті тауып алып, пұшық шәйнекке септі.
– Адыра қалғыр, бұл шөпте тау­сылды-ау! Уыстап салсан да ақ судың өңін бұзбайды. Өзі сондай сасық, осыны ішкеннен бері тамағымды ауыртып жүр. Беу, шіркін, бір қай­на­тым мамле шай табылса, осындай шаршап келгеніңде терді бұрқыра­тып, бір ішсең!
Жамал осы үйдің әйелі. Бұл осы үйдегі Өтегенге қосылғанша өмір теперішін қатты көрген әйел. Өзі тегі бір кедейдің қызы еді. Ата-ана қызы­ғын көре алған жоқ. Әкесі де, шешесі де ерте өліп, жас жетімдікті Жамал кішкентай күнінен көрді. Көрінген­нің отынымен кіріп, күлімен шығып, күнелтті. Көбінесе жүрген үйі Қайра­лап дейтін бір жамағайыны болушы еді. Сонікінде болды. Ол күнде Жа­мал сияқты жас жетім бала түгіл тепсе темір үзетін қайраты бар, дені сау жар­лы жігіттерде өмірде жарый ал­майтын. Тапқаны тамағына жетпей, не үстіне, не астына жоқ болып, басында үй, қойнында қатын болмай қанғырып жүретін. Ол уақытта қазақ кедейінің көпшілігі осы сияқты өмірде өтуші еді. Біреу жетім, біреу жесір, біреулер жалшы, біреулер жар­лы-барлығы бір-бір байдың айнала­сында ауыл болып, ашты тоқты күн көруші еді. Қайралапта бай кісі емес. Ол да бір сіңірі шыққан сұмырай. Ол Жамалды он үш жасында бес қараға бір қатыны өлген шалға сатып жібер­ді. Шал он үштегі баланы алып, ұзын көйлек кигізіп, басына жаулық са­лын­дырып кішкене қатын қылып қойды. Бірақ, ол шал да Жамалмен бақытты болған жоқ, Жамалды малданып екі жыл тұрғаннан кейін сүзектен өліп кетті де, Жамал ғана жалғыз қалды. Ол шалдың иесіз үйінде бір жыл аруағын күтіп отырды да күн көре алмайтын болған соң үйінің құрымын тастап, Көктал атты қазақ-орыстың стансасына кетті. Онда әр қорада бір жүріп жұмыс іс­теді. Біреудің үйін, біреудің кірін жуып күнелтті.
Өтеген Жамалға осы Көкталда жолықты. Ол астық піскен уақытта осы жерді жылда бір аралап шығатын әдеті еді.
Егін салатын қаланың астығы қауырт піскен уақытта қырдан де­се­шілер келеді. Күндеп, көтеріп алып астық орып, жұмыс қылады. Қылған қызметіне ақшалай, астықтай ақы алып, орақ бітіп, тағы керексіз болған соң қырына қайтып кетеді. Ондай жұмыс іздеген жарлы жігіттер тапқан азын-аулақ ақшасына уысты құлақ астығына қырдан айырбастап мал алып, не біреуге беріп үйіне тұрып, қыстай жана бос жата береді. Жігіттер бұл табыстарын не байға, не қалыңға береді. Сүйтіп, қырдағы қазақ жар­лы­сының көп тіршілігі осы қалыпта өтетін еді.
Ал, Өтеген өзі жарлы болғанымен ол жігіттердей маңдайы күнге күйіп, табаны жерге тиіп еңбек істемейді. Еңбек істеуге ол туасы шорқақ. Ол қы­р­да мал бақпайды, ойда егін салмайды. Қалаға сауды қылмайды, біреудің есігінде жалға жүрмейді. Жасынан жұмысқа піспей бүркемік, бощалаң өскен жалқау. Қолынан келетін өнері-мал сояды, шаш алады, сәурік пішеді, тықылдатып домбыра тартады. Жасында төрелердің қасына еріп мырза шалыстау өскен. Өтеген түбі Төлеңгүт. Оның әкесі жасынан Жылы бұлақтағы Есім төренің есі­гінде малын бағып, отын жағып өткен адам болса да Өтеген сорлы әкенің жалқауы, жалғызы болған еді. Ол бала күнінен-ақ төре балалардың жанындағы жалбаң Төлеңгүті болып, оның өмірі бейқамдықпен, қол бостықпен өткен еді. Кейін кеңес өкі­меті орнап бай, жарлы бөлініп, төре, Төлеңгүттердің жігі ашылған да Өтеген тек ел ішінде әрі-сәрі болып қалды. Жетісудың өзге жарлы-жалшылары ұйым жасап, еңбек істеп, жерге қоныстанып жатқанда Өтеген белгілі жұмысқа белсеніп түсе алмай онда-мұнда сандалумен болды. Өзінің ежелден Төренің Төлеңгүті екендігін ауызға көп алып, ауыл собеттердің де қасына еріп, Пасеб­ком­ға қағаз тасушы болып та көріп еді, онан да еш нәрсе шықпады. Қай­да барса да жалқаулығы кежегесінен кей­ін тартып ілгері жібермейді, қай­тып айналып, баяғы таз қалпына түсе берді. Жалғыз атпен тентіреп жаз жайлаудағы елді қыдырып қымыз ішіп, әр үйді қонақтаумен өткізіп, қысқа қарсы қалаға барған пайдашы жігіттермен селбесіп алатын еді. Ораққа келген қос-қос жігіттердің қосын аралап, алған астығын тасып өз қызметін соларға істейтін еді. Сүй­тіп тапқан уысты-құлақ астығы біреу­дің қолына кіріп, жеңіл-желпі жұмыс істеп қыстан шығушы еді. Өтеген осындай күйде жүргенде ол Жамалға жолықты, Жамалдың ол-пұл жұмса­ғанына жүріп, жақындасты. Ақы­рын­да бір-біріне ұнасып, екеуі ерлі-зайыпты болды.
Бұлар бір-біріне жылы сөйлесіп, бас сүйісіп қосылуымен бірге екеуінің бір-біріне білдірмеген екі есебі бол­ды:
Жамал есебінде: бұл өзіме тең жас жігіт. Мен тегі ерге тимей отыра ал­май­мын, бар қызығым алдымда. Мен мұның басына байлау, аяғына тұсау болып, екеуміз бірге өмір сүреміз. Егер бұл ондай болып шықса-біз тіпті байымасақ та бақытты адам болар­мыз-деген.
Өтеген есебі: бұл өзіме тең жас қа­тын. Мен тегі қатын алмай өтпей­мін. Мынау орнықты, отбасының мықты әйелі. Мен мұны алсам – жа­ным тыныш болар. Бұл әрі қатын, әрі ер­кек, бұл менің артсам түйем, құ­шақтасам қатыным. Бұл менің үйімді үй қылар, өзімдіде асырар. Егер бұл ондай болып шықса-біз байымасақ та бақытты болармыз – деген.
Осы есеппен бұлар Көкталда қо­сылды. Үш ағаштың басын буып қара қосқа кірді.
Қаланың десесі біткеннен кейін Өтеген мен Жамал қырға қайтпақ болды. Жамалдың тірнектеп жиған ақша, астығына екеуі киім-кешек алып, астық іздеген бір Ақшомшыдан үш дағара астыққа бір еркек жирен тай алып, күздігүні Өтегеннің өскен жері Жылыбұлаққа келіп, сол жердегі туысқандарына қосылды. Міне сонан бері Жамал мен Өтеген бірге тұрып келеді. Үй тұрмысы осы.
Өтеген келмей кешікті. Жамал тысқа шықты. Түн қараңғы. Жамал­дың үйінен басқа үйде жылт еткен көрінбейді. Ауыл әлде қашан жатып қалған. Аспанды тесіксіз бір бұлт қор­шап алыпты. Жел оңнан шығып келеді…
– Күн бұзылып кетіпті-ау, қы­р­ман­дағы астық жауынға ұрынбаса жақ­сы болар еді, деп Жамал бір ой­ла­ды. Арқан салынбаған аңғал-саң­ғал үйін жел жығып кетер ме екен-деп екі ойлады. Сүйтіп, үйінің белдеуін тартыңқырап байлап жатып:
– Қызық-ау, әлгі Өтеген не бол­ды? Қазір ғана барамын деп қалып еді ғой, тегі тегін болмас… Бір нәрсеге ұшырады ма? Әлде астындағы атынан айырылып қалды ма? Әлде Жақыпбек бір жаққа жұмсап жіберді ме, онда маған айтып кетпей ме? Міне, түн ортасынан ауып бара жатқан шығар…Әлі жоқ… Осы тұрған қырман мен екі ортада не бәлеге ұшырап қалды? -деп мазасызданып, Өтегеннен дыбыс болмаған соң Жамал қайтып үйіне кірді. Үйге от жарық қылып еді, енді жағар отыны да қалмапты. Шығарған шайы құсып, суып қалуға айналыпты. Шайын жасап бір шыны ішіп көріп еді, аузына татымады. Күні ұзын қырманда істеп шаршаған Жамалдың денесі әбден шаршап, есінеп, ұйқысы келді. Жамал жарық қарын қара жастықты от басына таман тартып алды да, Өтеген келгенше деп жантая кетті.

ІІІ

Осы Жамалдардың қалхозын ба­сында Жылы-бұлақ әртелі дейтін еді. Қалхоздың жері Қату, Қалқан, Матай тауларының арасындағы жазылып жатқан жазықтың Ілеге еңістеген кең жырасында. Қыс бұл жерде асықтай қар жатпайтын күнгей, сондықтан жер аты Жылы-бұлақ.
Бұл жердің бай тарихы бар. Ке­шегі падша үкіметі Жетісуды жаулап-алғандағы тірегі болған Әділ төре осы жерді мекендеген. Әділ сұлтан осы жерден қырғыз, қазаққа қарсы қол бастап, падшаға істеген қызметіне шен алып, шекпен жамылған. Әділ­ден соң оның баласы Ұршоқпар, ұры Тезек төре осы арада үйірлеп қатын алып, ұрпағын төккен. Бұл төре тұ­қымдарының елге бірі болыс, бірі тілмаш, бірі би болып қашаннан қа­зақ халқына бір уыс төрелер өкімін осы арадан жүргізіп кеткен.
Кейін совет үкіметі келген соң төрелердің туы құлап, десі қайтқанда бұлардың қол астындағы ел еркіндеп төрелерге тізе қыла бастаған. Қа­шаннан қазақты билеп-төстеп кел­ген хан тұқымдарының Жылыб­ұлақтағы жерін алып, олардың ірі пеодалдарын кәнпескелеген. Кешегі хан Тезектің баласы Құдаярқан деген төре осы қалхоз отырған жерден жер алдыры­лып, ел ішінен сүрілген.
Құдаярқанның төрт қатыны-төрт ауыл еді. Ауыл басы мыңғырған мал, шұбырған жалшы, топырлаған Тө­лең­­гүт еді. Осы Құдаярқан кәнпес­ке­леніп малы кедейлерге, үлестіріл­ген­де, төренің төңірегіндегі жалшылар үштен-төрттен мал алысты. Мал алы­сып бастарын құрап әртел болыс­ты. Бұрын әр жерде бытырап, әр тө­ренің есігінде жүретін жалшылар, малайлар қолдарына мал тиіп қара-құ­ралы болған соң күш-көлікті бірік­тіріп егін салып кәсіпке кірісті. Сондағы әртелге кірген үйдің саны он жеті еді. Оның бірі Өтегендікі.
Бұл он жеті үй Жылыбұлақ, әрте­лін­де бір жыл бірігіп егін салып, тірлік еткеннен кейін қалхоздастыру басталды. Жаппай қалхоздастыру негізінде бай-құлақ табы жойылсын!-деген ұран тасталды. Осы ұранмен осы жердегі ауылдардың асты-.үстіне келіп, ел іші дай-дай болды.
Жанның бәрі қалхозға ұмтылды. Ел кедейлері қалхозға кіріп өкіметтен жәрдем алып ұйымдасып шаруа құрамыз десе, бай-құлақтар, қулар қалхозға кіріп түсімізді өзгертіп, жан сақтаймыз деп жан таласты. Ондай қулар қалхоздың ең жауапты жанды жеріне кіріп қалуға тырысты. Ел іші қым-қиғақ тартыс. Байлар қатты сасуда. Малын тығып, басын жасы­рып әлек. Кейі қатталып, кейі сотталып, қашып-пысып әбігер. Бір сыпырасы айдалып, бір сыпырасы қашып, бір сыпырасы жасырнып қалхозға кіріп, қалып жатыр. Байдың қу құйыршықтары белсенді болып осындай сапырылыста ылай судан балық аулап, қалхозға неше түрлі зиян істеп жүр. Соның бірі Жақып­бек.
Жақыпбек бұл қалхозға 1930 жыл­дың басында пайда болды. Жұрт жаппай қалхоздастырылған заманда мынау жылыбұлақ әртеліне өзге ауылдардан үйір-үйір ауылдар көші­ріліп келіп ұйыстырылды. Үй саны сексенге жетті. Соның бірі Жақып­бектікі. Жақыпбек Шата деген рудан шыққан бір қу тақым еді. Бұл өзі бұрын да, соң да дәулетті кісі болма­ғанымен қу құйрық, түлкі мінез, пысық адам болған. Қолы хат-шот білетін, тілді ауызды қу табан болған сон Есім төре болыс болғанда екі сайлау старшын болып та түскен. Сол Жақыпбек мынау сапырылыс заман­да келіп Жамалдардың қалхозына кіріп кеткен еді. Ол қалхоздың жұмы­сына белсене қатысып бастық та болып алып еді. Жақыпбек бастық болардағы жалпы жиылыста Жамал қарсы қол көтеріп:
– Бұл кісі бізге жарамайды – дегенде Дарыбай деген бір Төлеңгүт:
– Іскер, хат-шот біледі, қалхозға пайда келтіреді! – деп мақтап өткізіп жіберген де Жамал сөзі далада қалған. Жақыпбек бастық болып алған соң алуан түрлі қулықпен жымын білдір­мей істеп қалхозшылардың бірін-біріне атыстырып, ішіне іріткі салуға кіріскен. Оның Жамалға жаулығы қалхозға кірген күннен басталса да, сырты жылмаңдап, ішінде Жамалды қалай атуға оғы жоқ болып жүретін.
Жақыпбек Жылыбұлақ қалхозы_на бастық болып алған соң белсен_ділік істеді. Ауыл түгіл ауданға көзге түсуге тырысты. Қалхоздың ең жақсы атын мініп, ойға-қырға шауып, ат үстінен түспеді. Ол ұдайы ауданда жүреді. Аудандағы әр хабардан хабардар. Күні бұрын құлақтанып, қам қылады. Аудандағы кейбір әкімдердің, ауылдағы белсенділердің бір сыпырасымен Жақыпбек әкей-үкей. Олар өткен-кеткенде Жақып­бек­тің үйіне қонып, түстенеді. Он­дайларға тәтті ет, ащы арақ Жа­­қып­бекте әрқашан дайын. Қал­хоздың беті қызыл келіншектерін жинап, белсенділермен базарлап жатады. Өзі гәзет оқып, заңдарды жаттап, саясаттан сөйлеп отырады. Қалхоз жиылысында ақыра-бақыра баяндама жасайды. Ол сөйлеген сөзінде аудандық секретардың атымен айбынта сөйлеп, Голощекин сөздерінен дәлел келтіреді. Көптің ортасында тұрып бай-құлақтарға кіжінгенде аузы көпіріп қиқылдап-шиқылдап қалады. «Белсенділік» қызметі мен Жылыбұлақ қалхозы іскер атанып, өз ауданынан мақтау да алып қойған еді.
Жақыпбек сырт жағынан жұрт көзіне осындай белсенді, қалхозға қамқор адам сияқты көрінсін де, оның ішкі ниеті қалхоздан тіпті кереқар жатыр еді. Қалхозға кіргенде ол өзіне де, қалхозға да сенген жоқ. Оның ойы жан сауға, қалхозға та­салап қалам деген ой. Қалхоздан сырт­қы байлардың бытшыты шығып, елдің бәрі жалпағынан қалхозға кіріп жатқанда-оған қалхоздан басқа жерде орын қалған жоқ. Ол амалсыз­дан қалхозға кіруге керек болды.
Бұл жыл ел ішінің дай-дай болып, жер-жерден байлар бандысы күшейіп, қалхозға шауып, қағынған уағы. Осындай уақытта Жақыпбектің қалхозға кіргені байларға ұнап кетті. Мұның канпескеленіп, сотталып қашып жүрген руласы, жекжат-жұраты жалғасып ішті-тысты болды.
Жақыпбек қалхоздағы өмірінің тұрақты болуына өзі де сенбеді. Өзге қалхозшыларда Жақыпбекпен қойындаса алмады. Тек бастық деп оның айтқанын тыңдағаны болмаса, іштері елжіреп кетісе алмады.
Жаз ортасынан кейін Жақыпбек өзінің қалхозда қала алмайтындығына көзі әбден жетті. Қалхоз шаруасының орасан бүлініп бара жатқанын сезген қалхоздағы Ерторы, Ахмет, Жамал сияқты адамдар жиылыста Жақып­бектің басқаруын сынай бастады. «Ішіміз жаман, ішіміз таза емес» деген күңкіл көтерілді. Осы күңкілдің кешікпей іске айналатынына көзі жеткен Жақыпбек қалхозға қастығын күшейтіп, өзінің бас қамын істей бастады. Қалхоздан қалайда кетуге бел байлады. Қашқан-пысқан байдың бандыларына жалғасып, оларға жәрдем істей бастады.
Өтеген қалхозға мүше болға­нымен бұрынғы қалпынан өзгере қойған жоқ. Әлі жалқау, жұмысқа қыры жоқ. Жамал өз ақылын құла­ғына қанша құйып, қанша сүйрейін десе де қырсау есектей жүрмейді. Көбінесе сөз іздеп , үй қыдырып домбыра тыңқылдатып, ескі дағды­сынан шыға алмайды. Ол жирен аттың қалхоз ортасына түсіп кетке­ніне тіпті-ақ ісі наразы. От басындағы уайымы сол. Сөзінің тарпы қалхозға кіруді Жамалдан көретін сияқты.
– Әй, қатын-ай, осының арты не болар екен, осы ұйымға кірмей, бай­қай тұрайық дегеніме болмап едің, міне жалғыз атты алды да ақсақ иттей шоңқайтып кетті, түбі аттан бір жола айырылдық қой! – деп қоятын. Оған Жамал тоқтау айтып:
– Жоқты сөйлеп, уайымды кө­бейт­пей отыр. Қалхоз өз-қалхозым. Қалхозда бар болса-біздікі, бізде бар болса-калхоздікі! Не болса да қал­хозға кірген қалың елмен бірге көре­міз! – деп кесе айтып тастайтын.
Өтеген Жамалдың осындай сөздерінен тоқырап, бұл қатынды «өлерін білмейтін ақмақ әйелге» қосып қоятын.
– Е, бұл не білсін, «қатын ақыл­сыз, бақа құйрықсыз» – көреміз әлі, қалхоздың арты не болатынын деп ішінен ұпайласатын.
Осындай босаң Өтегенге Жақып­бек жаңаса кетті. Өтеген де оғаң жампаң, Жақыпбек Өтегенді қара жұмыстан шығарып, ат үстіне мін­гізді. Жирен атты қалхоз жұмысынан шығарып, Өтегеннің қолына тигізді. Оны өз қасына ертіп алып, онда-мұнда жұмсап жүретін болды. Бірақ, Жақыпбек көпке шейін Өтегенге де сырын сездірген емес. Ол оны өзімен бірге алып жүріп, қалаға қонақтатып, арақ ішкізіп, әуей қылып жүрді.
– Сен Жақыпбекке елжірей бер­ме, ол қу құйрық, сені бір күні шоң­қай­тып кетеді! – деген Жамалдың сөзіне Өтеген недәуір ашуланып:
– Сен антұрған қатынсың, өз жақсыңды көре алмайсың. Жақыпбек болмаса жирен ат әлдекімнің астында жүрмей ме? Бұдан былай Жақаңа жағыңды ашпа, үйтсек күн көре алмаймыз! – деп Өтеген зықынап білгенсіп қойған. Осы сөзден кейін Жамал Өтегеннен күдер үзіп оған қарсы, Жақыпбекке қарсы еш нәрсе істей алмай, лажсыз қала берген.
Егін пісті. Қалхозшылар ораққа қол қойды. Жақыпбек те жаулығы ашылатынын сезіп, жанталаса баста­ды. Осы кезде Өтеген де алаңдап ат үстінде жүретін болды. Ол үйіне кей күн түнеп, кей күн түнемейді. Көбіне­се Жақыпбек жанында, соның жұмсауында болады.

Латын қарпінен кириллицаға түсірген:
Айжан ОРАЗБАЕВА,
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті, І.Жансүгіровтің әдеби музейінің қызметкері

(Жалғасы келесі сандарда)

ПІКІРЛЕР3
Аноним 27.01.2020 | 20:23

Жақсы шыққан

Аноним 25.01.2024 | 10:37

Мен болғанда 15 жасын туғызады едім

Аноним 26.01.2024 | 11:11

Жақсы шыккан екен😍👍🏼

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір