Мақсатымыз – әдеби байланысты күшейте түсу
06.04.2018
1319
0

Таяуда Алматы қаласындағы «Quality» мейрамханасында Еуразия шығармашылық гильдиясының кезекті отырысы өтті. Оған отандық ақын-жазушылармен қоса, шетелдік қаламгерлер келді. Соның бірі – Оңтүстік Африка Республикасынан (ОАР) Алматыға арнайы ат басын бұрған құрметті қонақ – Меган Вернер. Кітабын 16 жасында жазған Меган жиын-шарада көпшілікке «Жетістікке жетудің 7 қадамы» туралы баяндап берді. Басқосу мазмұнды һәм қызғылықты болды. Соның қапталында, кітап тұсаукесерін ұйымдастыруға ұйытқы болған Марат Ахмеджанов атты азаматты әңгімеге тартқан ек.


Марат (Марк) АХМЕДЖАНОВ,
Еуразия шығармашылық гильдиясы Төрағасының орынбасары, әдеби агент әрі баспагер


– Марат мырза, өзіңізді танысты­рып өтсеңіз…
– Менің аты-жөнім – Марат Ахмеджанов. Бірақ, сыртта мені көбі Марк деген атпен таниды. Өзім Англия астанасы – Лондон шаһа­рында тұрамын. Өзбекстанда тудым. Ал, негізінен – «Hertfordshire Press» бас­па­сының директорымын, баспа­гер­мін!..
– Баспа ісін меңгерген маман ре­тінде Сізге бір сұрағым бар. Бүгін­дері Иоганн Гутенберг заманын был­ай қойғанда, уақыттың, қазіргі көзі­қарақ­ты оқырманның талғамы мен талап-тілегіне сәйкес кітап шығару алға жылжығаны белгілі. Оқырманды кітап оқуға қалайша тартуға болады?!
– Дәл осы сауал – әр баспагер үш­ін өзекті. Өйткені, егер ол шығар­ған өнімді ешкім сатып алмаса, тұтынбаса, оған ешкім қызықпаса, онда істелген іс, төккен тер текке кет­пек. Бұл бірден белгілі бір бас­па­ның әлеуметтік-қаржылық жағ­да­йына әсер етері рас. Сондықтан да, мен «кітап өтеді» деген оймен шығару­ға тырысамын. Демек, соған сәйкес өнім біріншіден, барлық жағынан сапалы: безендірілуі, қаға­зы, мазмұны, екіншіден көпшіліктің сұранысына сай болуын қадағалай­мын. Бір ұққаным – Батыс баспа­гер­лері осы принципті басшылыққа алады екен.
– Мұнда анықтап алатын бір нәрсе бар секілді. «Көпшіліктің сұранысына сай» дегеніңіз жалпақ жұртқа арналған беллетристикаға жақындау нәрсе емес пе?! Мұнда ортаның интеллектуалды күш-қуатын да есепке алған жөн сияқ­ты. Тарқатып айтсаңыз...
– Әрине, бұл да – басты шарттың бірі. Және, әр елдің оқырманы да әрқилы келеді. Мен бұл жерде Еуропа елдерінің оқырманы турасында айтып тұрмын. Себебі, онда өз кітабыңды тегін тарата салу – өз еңбегіңді бағаламаумен пара-пар дүние.
– Жазылған шығарма бағалануы тиіс дейсіз ғой. Яғни, кітапті басып шы­ғару кезінде баспагер көркемдігімен қатар, экономикалық факторларды да қарастырады ғой, иә?! Мен Сізді дұрыс түсіндім бе?
– Иә! Өйткені, Бізге әр оқырман қымбат!..
– Жалпы, Еуразия шығармашылық гильдиясының басты мақсат-мұраты қандай?
– Мақсатымыз – әдеби байланыс­ты күшейте түсу және әр елдегі қалам­герлердің басын қосу. Қазіргі кезде санап отырсақ, осы гильдияға 50-ге тарта елдің шығармагерлері мүше. Оның ішінде ақын, жазушы, аудар­ма­шы, сыншы, драматургтар бар. Күн өткен сайын бұл ұйымның танымал­ды­лы­ғы арта түсіп, соған сай әдеби кеңістік те кеңейіп келеді. Айта кетер­лігі – Қазақстанның біршама қалам­гер­лері гильдиямыздың мүшесі. Ең қуантарлығы – осы!..
– Аталмыш ұйымның мүшелігіне өтудің шарттары нендей?
– Оның аса қиындығы жоқ деп ойлаймын. Әдеби агенттер арқылы Бізбен байланысқа шығасыз-дағы, анкета толтырып, өзіңіз туралы қыс­қа­ша мағлұмат беріп, жергілікті ақша­мен есептегенде 23000 теңге төлейсіз.
– Жыл сайын ба?
– Иә, жыл сайын.
– Мүшелікке өтудің артықшы­лық­тары қандай?
– Артықшылықтары – көп. Мәсе­лен­­ки, түрлі халықаралық әдеби бәй­гелерге қатысу мүмкіндігіне ие болу, ги­льдияға мүше елдерде өз кіта­быңыз­ды, немесе туындыңыздың тұ­сау­кесерін өткізу, шетелмен байланыс орнату деген сияқты…
– Ал, жатын орын мен арғы-бергі ұш­ып-қонудың жол-пұлын кім көтеріп алады?
– Ол – өзіңізден!.. Біз ұйымдастыру мен авторды таныстыру, насихаттау ісімен айналысамыз.
– Түсінікті! Сұқбатыңызға рақмет!

Блиц-сұқбатты ұйымдастырған: Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір