Абайдың «көлеңке» архетипі
06.04.2018
6433
2
Мақпал Оразбек,
филология ғылымының докторы, профессор

Архетип дегеніміз – адам сана­сында сақталып ке­ле жатқан бас­тапқы образ. Философиялық сөз­­дікте: грекше «арғы, бастапқы об­раз» деген ма­ғынаны береді. Кейін­гі антикалық фило­со­фияда (Филон Александрийский, т.б.) «бей­не, идея» деп түсіндіреді.
Бұл ұғымды философиялық ка­тегория ре­тін­де жандандырған швейцариялық ғалым К.Юнг. Ол Филон, Цицерон, Плиния еңбек­те­ріне сілтеме жасай отырып, адам санасындағы туа біткен алғашқы кес­кіндердің өмірде әртүрлі жағ­дай­лардың (қайғы, қорқыныш се­зімдері, алаңдаушылық немесе шы­ғармашылық қиял, фантазия, т.б.) әсерінен жанданып, белгілі бір образдарға айналуы деп түсін­ді­реді. Ендеше, архетип көркем әде­биетке, ақын-жазушылардың шығармашылығына тікелей қа­тысты екенін байқаймыз. Шы­ғар­машылық психологиясын зерт­теу­ші ғалымдар көркем шы­ғар­ма­ның тууын, идея мен символдардың жан­ды суретке ай­налуын, адам са­насының терең түпкірінде жа­сы­­рын жатқан, күллі адам ба­ла­сының жара­ты­лысында туа біткен кес­кін, бейнелерден іздейді. «Бағ­зы [первобытный] образ немесе архетип – адам немесе демон кес­кінді фигура, бұл тарих қой­науын­да пайда болып, үнемі қайта туын­дап отыратын процесс барысында творчестволық фантазияның (шы­ғармашылық қиял) өзін-өзі та­нытуы» (Юнг К.Г., Нойманн Э.Пси­хоанализ и искусство).
Автор шығармашылық процесс барысында өз психикасында бұрыннан бар бағзы архетиптік образдар елесі негізінде өзі де ойламаған кез­дейсоқ, бірақ нақты әрі жаңа образдарды да кемелділікпен бейнелейді. Юнг шығармашылық про­цесс кезіндегі автордың көптеген зерттеу­шілер шешімін таба алмай жүрген «жұмбақ» күйін, оның творчестволық тұлғасындағы «ар­хе­тип образдардан бастау» алып, соның ырқын­да барлық басқа дүниені ұмытып, о баста өзі ой­ламаған кейіпкерлерді тудырып, сұмдық ситуацияларды кейіпкерінің бейсаналық ырқында суреттеп кететінін түсіндіріп берген». Көркем өнер дүниесінің ішінде, әсіресе әдеби көркем шығарманың табиғаты күрделі, пси­хологиялық қатпары өте терең, адам баласына жұмбақ болып келетін өнердің айрықша бір түрі. Сондықтан да психолог ғалымдар көркем шы­ғарманы туғызушы автордың психологиялық қыр­ларын ашып, автор тұлғасының шығар­ма­шылық ерекшеліктерін (особенности) анық­тау­ға ұмтылды. Шығармашылық тұлғаны анықтау үшін оның шығармасында суреттелген образ­дарды психологиялық жағынан зерттеуге тура келеді. Бұл туралы ХХ ғасыр басында Ж.Ай­мауы­тов: «Адамның жан құбылыстарын зерттеп, та­ныс болу үшін сол шығармалардағы кейіп­кер­лердің (тип) бастан кешірген халдерін бақылау ке­рек» деп түсіндіреді. Ендеше жазушы шығар­ма­сында бейнеленген образдың архетипіне үңілу арқылы көркем шығарманың идеясын, авторлық позициясын айқындаймыз.
Адамзат санасында бағзы заманнан келе жат­қан ұжымдық архетиптер бар. Солардың бірі – кө­леңке архетипі.
Көлеңке – адамдар мен жан-жануарлардың, қоршаған ортадағы пішіні бар кез келген заттар мен нәрселердің жарық түскен кездегі күңгірт, көмескі сұлбасы. Көлеңкенің өзіне тән формасы бар. Бірақ сұлбаның пішіні уақыт қозғалысына, күн сәулесінің түсуіне қарай өзгеріп отырады. Сон­дықтан өнер дүниесінде, көркем әдебиетте, психология және жаратылыстану ғылымында көлеңкенің өзіндік философиялық мәні бар. Ал әдебиетте көлеңкенің аллегориялық, мета­фо­ралық және ауыспалы мағыналары жеткілікті. Сондай-ақ, адам санасында «көлеңке» архетипі әр түрлі образға ие. Көлеңке өмірдегі нәрсе­лер­дің, оның ішінде адамдардың да күн түспейтін жағындағы көмескі сұлбасы болғандықтан, шындықтан алыстау, жұмбақ, құпия жақтарымен қатар, тұрлаусыздық пен тұрақсыздықтың сим­волы ретінде де ұғым қалыптасқан. Күнді бұлт басқанда көлеңке де жоғалады. Абай бұл туралы: «Жаман дос – көлеңке, басыңды күн шалса, қа­шып құтыла алмайсың, басыңды бұлт шалса, із­деп таба алмайсың», – дейді.
Әлем әдебиетінде көлеңке архетипі туралы шы­ғармалар өте көп. Әлемге танымал жазушы Г.Х.Андерсеннің «Көлеңке» ертегісі, Е.Шварц­тың «Көлеңке» атты ертегілік пьесасы бар болса, А.Шамиссоның «Петер Шлегельдің таңғажайып тарихы» деп аталатын фантастикалық ертегісі, Э.М.Ремарктың «Жұмақтағы көлеңке» («Тени в раю»), А.Камюдің «Бөгде» («Чужой») романдары бар­шаға мәлім. Тіпті осы ХХІ ғасырдың басында да шетел жазушылары бұл тақырыптан бас тарт­қан емес. Испан жазушысы К.Руис Сафонның «Жел­дің көлеңкесі» («Тень ветра»), Д.Робертстің «Шан­тарам. Тень горы» романдары жарыққа шық­т­ы.
Орыс жазушылары мен ақындарының да бұл тақырыптың айналасында жазған шығармалары аз емес. ХІХ ғасырда әйгілі орыс ақындары К.Н.Батюшковтың «Досымның көлеңкесі» («Тень друга»), М.Лермонтовтың «Силуэт», «Я ви­дел тень блаженство, но вполне…», «Я жду ее в сум­рачной равнине», «Как жизнь скучна, когда бор­нья нет» т.б. бірқатар өлеңдері, Л.Н.Толс­тойдың «Ит және оның көлеңкесі» мысалын атауға болады. ХХ ға­сырдағы орыс жазушысы Н.И.Сладковтың «Кө­леңке» деп аталатын ертегісі бар. Демек, әлемдік әде­биетте көлеңке туралы философиялық ұғым-тү­сінік әрбір халықтың дүниетанымына сәйкес көр­кем шығармаларында өзіндік образдар мен кес­кінге айналған.
Көлеңке ұғымына байланысты қазақтың ма­қал-мәтелдері, тұрақты тіркестері де бар. «Қоян кө­леңкесінен қорқады», «қорыққанға қос көріне­ді» деген мәтелдермен бірге «көлеңкесінен қорқу» деген тұрақты тіркесті кездестіреміз. Аталған мы­салдарда көлеңкенің қорқыныш ұғымымен бай­ланысты екеніне көз жеткіземіз.
Бұл ұғым – әлемдік философияда жалпы адам­зат­қа ортақ түсінік. Неміс зерттеушісі, К.Юнг­тің шә­кірті Э.Нойманн «Өнер және уақыт» («Искусство и время») еңбегінде: «Дүниеде тұрақтылық бұ­зыл­ған кезде, адамды қашып құтылмастай тозақ жал­майды (человека неизбежно пожирает nigredo) қараңғылық және хаос (prima materia), жә­не әлемде екі архетиптік кескін: Сайтан (Дья­вол) мен қаһарлы Ана билік орнатады. Сайтан (Дья­вол) – бұл көлеңке, жауыздық, депрессия, сө­ніп бара жатқан жарық, өршеленген үйлес­пеу­шілік (отчаянная дисгармония)» деп көлеңкені «қа­раңғылық, жауыздық, депрессия» сияқты адам­ға үрей туғызатын ұғымдармен қатар атайды. Осы қорқыныштың өнер адамдарында, олардың шығармаларына әсерін: «Егер суретшілер туралы айтатын болсақ, соңғы алпыс жылда атақ-даңқы шық­қан бірнешеу ғана: Сезан, Ван Гог, Гоген, Руссо, Мунк, Клее, Матисс, Шагал, Пикассо – та­рихта бұлардан өзге ештеңе болған жоқ. Бұ­лардың әрқайсысы өздерімен тұтас әлемді та­нытты, әрқайсысы өздеріне тән жанқиярлықпен жал­ғыздықта өз бастарына төнген хаосты жеңіп шық­ты немесе осы хаосқа форма берді. Біз бүгін­де нәтижесіздік, түңілу мен индивидумның (тұл­ға­ның) қараусыз, керексіз қалғаны туралы жиі ес­титініміз кездейсоқ емес. Суретшілерге тән бұл се­німсіздік, тамырынан жұлынып қалу және әлем­дік қираудың қорқынышы композиторлар мен ақындарға да тән» деген тұжырым жасайды.
Қазақ әдебиетінде ақын Абай да «Көлеңке ба­сын ұзартып» өлеңінде:
Көлеңке басын ұзартып,
Алысты көзден жасырса, –
деп өнер мен ғылым, білім, билік, саясат саласына «ба­сын ұзартып» көлеңкелер келсе, қоғамда ал­дау, арбау, білімсіздік, көзбояушылық орын алып, ел болашағы, мемлекет болашағы, ұрпақ бола­ша­ғы «алыста, көзден жасырын қалады» дегенді мең­зейді.
Күнді уақыт қызартып,
Көкжиектен асырса, –
деп қызарып, ұясына батып бара жатқан бей­мез­гіл уақытты суреттеген сияқты болғанымен, «уа­қы­ты, заманы келіп тұрғанда, көлеңкелер елді әу­реге салып, қоғамда қитұрқы жағдайлар ор­на­татынын «Күнді уақыт қызартып» деп тұс­пал­дай­ды. Уақыты алмасқанша, яғни «көкжиектен ас­қан­ша», дәурені өтіп, жас ұрпақ келгенше ел өмірі бұ­лыңғыр тартатынына жете мән береді. Себебі, Абай да елінің Патшалық Ресейдің отарына айнала бас­таған шағында өмір сүрді. Жерінен, малынан айы­рылған, орыс ұлықтары мен жергі­лікті бас­шылардан қорлық көрген халықты көрді. Шен-шекпенге, атақ-даңққа сатылған болыс, билердің ел ішіне салған ойранын көрді.
Күңгірт көңілім сырласар
Сұрғылт тартқан бейуаққа, –
деп сырласарға қара таппай, өзінің де құр сүлдері қа­лып, «көңілі күңгірттеніп», өзі де сол көлең­ке­лер­дің біріне айналып, «сұрғылт тартқан» бей­мез­гіл уақытпен сырласады.
Төмен қарап мұңдасар,
Ой жіберіп әр жаққа.
Өткен өмір — қу соқпақ,
Қыдырады талайды, –
деп әбден тапталып, талайлар жүріп келген, өзі де амалсыз жүріп, басқалар да қаласаң да қа­ла­масаң да сол «қу соқпақпен» жүруге мәжбүрлігін, елдегі нәтижесіз істер мен оқиғалардан түңіліп, байлауы жоқ босқа кеткен уақытқа, артта қалған өкінішті өмірге, қазақ өміріне «ой жібереді».
Нені тапсаң, оны тап,
Жарамайды керекке.
Өңкей уды жиып ап,
Себеді сорлы жүрекке, – деп, қанша қармансаң да өткенінен «керекке жарайтын нәрсе» таппай, бүкіл өмір бойы тартысып, таласып жиғаның «у» бо­лып, сол «уыңмен» «сорлы жүректі» улайсың дей­ді. Болыстыққа, аға сұлтандыққа таласқан па­рақор «жақсылардың» ел ішін бүлдірген талай істерінің куәсі де болды.
Адам ағзасындағы тіршілік көзі – жүрек. Қу тір­шілікте азап көретін де адамның жүрегі дегенді мең­зейді. Өзі бастан кешкен дүниенің өтіп кет­кеніне ғана налып отырған жоқ, Абай өткені мен бо­лашақтың да көлеңкелі екеніне баға беріп отыр. Оның жүрегіне салмақ салып отырған да осы көлеңке өмір мен көлеңке тағдыр. Абай осы­лайша көлеңке архетипіне мүлде терең тұрғыдан ой көзімен келеді.
Г.Х.Андерсеннің «Көлеңке» ертегісінде, Шварц­тың «Көлеңке» пьесалық ертегісінде де кө­леңкенің адамның екінші жартысы, көлеңкелі жа­ғы үнемі қаралық жасап, өзінің өліміне алып келетінін тұспалдайды. Г.Х.Андерсен шығар­ма­сына ыстық өлкеге алыстан келген ғалымның кү­ні бойы ешқайда шықпай қайырымдылық, сұлу­лық, жақсылық, махаббат туралы жазып, дә­лелдеп,зерттеп жүргенінде жанынан бір елі қал­май жүрген көлеңкесімен болған оқиға өзек бо­лады. Абайдың «ұзарған көлеңкесі» сияқты ға­лымның да көлеңкесі кешқұрым балконға да­ланың ауасымен тыныстауға шыққанда сөйлеседі. Ан­дерсеннің кейіпкері көлеңкесін қуып жібереді. Арада көп уақыт өткенде көлеңкесі адам кейпінде қайтып оралады. Қайдан келгенін сұрағанда ол көр­ші үйдегі поэзиядан келгенін жеткізеді.Құл­пы­рған, көңілді көлеңке поэзияның соншалықты асқақ, жоғары көңіл-күймен өмір сүріп жатқанын да баяндайды. Ендігі жерде адамзат үшін еңбек жазып, жүдеп-жадаған ғалымды азғырып, өзімен саяхатқа ертіп алып, өзінің көлеңкесіне айнал­дырады. Амалсыздан ғалым өзі көлеңкеге айна­лып, ал көлеңкесі мұның әміршісіне айналды. Ханшайыммен көңіл жарастырған көлеңке оны мәңгіге өзінің тұтқыны еткісі келеді.Шындықты айтқысы келген ғалым көлеңкесінің құрбаны бо­лады. Адамзатқа арнап жазған қайырымдылық, сұлулық, жақсылық, махаббат туралы дәлелдері өзінен өзге ешкімге керегі болмай қалады.
Абай да өзінің айналасына айтқан ойлары ту­ралы былай дейді:
Адасқан күшік секілді,
Ұлып жұртқа қайтқан ой.
Қара сөздері мен өлеңдерінде, поэмаларында Абай адам өмірінің мәні туралы, оқу, білім, өнер, еңбек, махаббат, имандылық,сұлулық туралы же­ріне жеткізе жырлады. Бірақ сол ойларын өзіне қай­тып келген «ұлыған, адасқан күшікке» балай­ды. Еліне арнаған ұлы ойлары жетімсіреп, «адас­қан күшік секілді» күй кешкен, жан дүниесі құ­ла­зып, жалғыздықта, көлеңкеге айналған ақын об­­разын көреміз. Халқының отаршылдық қа­мы­тын кие бастағаны, «бас басына би болып», елдің өз билігі өзінен кете бастағаны ақын жүрегіне у болып құйылды деуге әбден болады.
Жалпы, әлемдік әдебиетте көлеңке әр түлі сим­волдық ұғымдармен суреттелді. Соның бірі – «елес» (призрак) образы. Абай да адамның өйткені, ар­тындағысы тек өкінішті өмірінің елесі екенін:
Өкінді, жолың бекінді,
Әуре болма, оны қой, –
деп, тіршілікте текке әуре болудың қажеті жоқ деген байламға келеді.
Орыс зерттеушісі Н.Г.Урванцева «Зеркала как принцип поэтики в русской детской литературе ХХ века» (Казань, 2015) еңбегінде «көлеңке адам­ның екінші жартысы (двойник) немесе елесі, кес­кін сұлбасы» деп түсіндіреді. Қазақ әдебиетінде Ж.Аймауытовтың «Елес» әңгімесі осы сарынға құ­рыл­ған. Жазушы біреумен дауласады.Сөйтсе ол өзінің екінші жартысы немесе елесі болып шы­ғады. Андресен мен Абайда да көлеңке елес пен адамның екінші жартысына айналады.
М.Бах­тин әдебиеттегі мұндай құбылысты: «Айна­дағы адам. (Человек у зеркала) Бұл құбылыстың қиындығы (қарапайым болып көрінуінде). Оның эле­ментінде. Жай ғана формуласы: мен өзіме бас­қа біреудің көзімен қараймын, өзімді басқа­ның көзқарасымен бағалаймын. Бірақ бұл қара­пайымдылықтың астарында өзгеше қиындық, оқи­ғаға қатысушылардың (олар көптігі) өзара қа­рым-қатынасы. Менің өзіме сыртқы бейнем қа­лай көрінеді. Мен өзім туралы ойлағанда, өзім­ді өзіме қалай көрсете алам» (6,241) деп адамның өзіне айнадан қарағандай, өзінің жан дүниесіне үңілуі деп түсіндіреді. Ендеше, көркем шығарма маз­мұнына арқау болған көлеңке кескіні де кейіп­кердің өз жан дүниесіне үңілуі, айнадан көр­гендей өз бейнесіне өзге біреудің көзқара­сы­мен қарауы деген байламға келеміз. Л.Н.Толс­тойдың «Ит және оның көлеңкесі» мысалында сүйек тістеген иттің су­дан өз бейнесін, суға түсіп тұрған көлеңкесін кө­ріп, аузындағы сүйегін тастай салып, судағы ит­тің сүйегін алам деп суға батып кеткен мысалы да көлеңке архетипінің жазушы шығармасында өз­геше образға ие болғанын көрсетеді. Н.И.Слад­ков­тың «Көлеңке» ертегісінде де әсем табиғат ая­сында аюдың өз көлеңкесімен алысқан сәтін су­реттейді. Демек, әдебиетте көлеңке тек адам обра­зына ғана қатысты бейнеленбейді. Ол жан-жануарлар туралы шығармаларда символдық бей­неге айналады.
А.Байтұрсыновтың «Кісі мен көлеңке» мы­са­лында өзінің көлеңкесін қанша қуса да жете ал­маған ессіз адамға біраздан соң «әуре болып, неге қудым» деген ой түседі. Сол кезде мұның ар­ты­нан көлеңкесі өзі қуады. Бұл жерде ақын адамның басына «қонатын бақты» осы көлеңке кейпінде көрсетеді. Бақ адамның басына қашан қонатыны және қай кезде кететіні белгісіз. Бақ – ол да жұм­бақ құбылыс. Бақ қонақтап бір жерде тұратын, тұрмайтыны белгісіз. Ол да адамның ақылы мен ха­рекетіне байланысты. Демек, көлеңке архетипі көптеген ұғымдармен бай­ланыста қаралады. Әде­биеттегі «айна мифологе­масымен», дьявол, са­тана мифологиясымен, елес, аруақ (призрак) немесе түрлі күштер мотивімен, көлеңкенің ма­гия­лық күші туралы, жұмбақ, құпия жаратылыс, көмескі сұлба ұғымдарымен және адамның іштей екіге жарылуы (раздвоение личности) сияқты бейсаналықпен байланыста қарастырылады. Қа­зақ әдебиетінде ХХ ғасырдың ортасында С.Бақ­бер­генов «Адам және көлеңке» деп аталатын ро­­ман жазды. Тәуелсіздік кезең әдебиетінде де кө­леңке архетипін өзек еткен ақын-жазушылар бар.
Қазақ әдебиетінде Абай дәстүрі ғасырлар бойы өз жалғасын табуда. «Абай дәстүрі және қа­зіргі қазақ әдебиеті» деп аталатын ұжымдық жи­нақта академик, абайтанушы З. Ахметовтің «Абайдың адам мен қоғам жайындағы концеп­циясы – қазақ топырағындағы жаңа концепция, Абай адамды белгілі қоғамдық өмірдің жемісі, нәтижесі ретінде қарады, оның қимыл-әрекетін, пси­хологиясын, моральдық келбетін өмірге, әлеу­меттік тұрмысқа байланысты көріп, бағалап-бей­неледі» деген тұжырымына ден қоямыз. Абай­дың көлеңке архетипін негіз еткен шығармасы әлем­дік әдебиеттің көтерген мәселесімен үндес­тік тапқан.
«Көлеңке» архетипі жалпы адамзат баласы­ның санасына тән ұғым екені батыс ойшылдары К.Г.Юнг пен Э.Нойманн еңбектерінде айтылған бо­латын. Сондай-ақ, аталған ғалымдар көлеңке­нің магиялық күші туралы жан-жақты зерттейді. Яғни, адам санасы іштей екіге жарылып, екінші «кө­леңкелі» жағының адамды бейсаналы түрде жаулап алатыны психоаналитикалық тұрғыда зерттелді. Демек, Абай шығармасы әлемдік оймен са­бақтасатынына көз жеткіземіз. Абайдың кө­леңкесінің астарында әр түрлі көлеңкелер тұрға­нын аңғарамыз. Абай көлеңкені бір ғана образбен бермейді. Абайдың көлеңкесі осы бір лирикалық қысқа өлеңде әр түрлі архетиптік кескінге енеді. «Алыс­ты көзден жасырған», елге қиянат жасаған сат­қындар көлеңкесі, елді алдаған алаяқ, істеген ісінің нәтижесі жоқ көлеңке, төмен қарап өзімен сырласқан өзінің екінші жартысы, өз көлеңкесі.
Демек, көлеңкеге айналған өзі. Юнгтің пі­кірін­ше адамға өзінің «көлеңкесін» көрсету пай­далы. Себебі өзінің жарық жағы мен күңгірт, бұ­лың­ғыр жағының ортасында тұлға өзінің анық «менін» көреді. Абай да адамға өзінің көлеңкесін көр­сетіп, өкіну мен қайғыруға әкеледі. Өзінің «кө­леңкесін», яғни көлеңкелі жағын көрген адам, өз күнәсін көріп, сезініп қайғырады, өкінеді. Абай да өкінеді.
Ермен шықты, ит қылып,
Бидай шашқан егінге.
Қанша жақсылықтың егінін егіп, еңбек жаз­ға­нымен, елді үйретем, тәрбиелеймін десе де «ер­мен шығып, ит қылады». Осы жерде де көлең­ке архетипі жаңа мәнге ие болды. Абай өзгенің кө­леңкесін және өзінің көлеңкесін бейнелейді.
Әлемдік философия мен әдебиеттегі, өнердегі «кө­леңке» архетипін қазақ дүниетанымында бір ға­на өлеңі арқылы жаңғыртты. Көлеңке архетипі әлем әдебиетінде күні бүгінге дейін көркем шы­ғарманың өзегіне айналып келеді.

Астана қаласы.

ПІКІРЛЕР2
Досжан БАЛТАБАЙ 09.04.2018 | 17:54

Мақала ұнады!

Аноним 13.05.2020 | 17:53

Танымдық мәні терең мақала

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір