Мәшһүр Жүсіп және халық мұрасы
30.03.2018
3482
0

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген, Абайдан кейінгі көрнекті қазақ ақындарының бірі, қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинауда мол үлес қосқан Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына биыл – 160 жыл толып отыр. Ауыз әдебиетінің нұсқаларымен ерте танысып, халықтық жыр- дастандарды жаттап өскен ол 1875 жылдан біраз уақыт оқытушы болады. «Дала уалаяты» газетіне хат-хабар, мақалалар жіберіп, тілші болып, «мәшһүр» атанады.

Мәшһүр Жүсіп 1887-90 жылдары Орта Азияны аралап, Самарқан, Ташкент, Бұхара қалаларында араб, парсы тілдерін үйреніп, Шы­ғыстың классикалық әдебиетімен су­сын­­дайды. Осы жылдары көрнекті түр­ко­лог-ғалым В.Радловпен танысып, «ауыз әдебиеті» үлгілерін жинап, бастыру істері­мен айналысады. Қазақ ауыз әдебиеті үлг­і­ле­рінің 5 томын жинап «Мес» деген атпен бастырып шығарады. Қолжазбаның «Мес» атануы тегін емес. «Мес» – бес биенің тері­сінен істелген қымыз ашытатын ыдыс. Он­дай ыдыс бүкіл қазақ зиялыларының бас қосатын ұлы дүбірлі тойларына арналып жасалатын болған.
1862 жылы Столыпин реакциясынан кейінгі қазақ даласына орталық Ресейден жерсіз шаруалар көшіріліп, оларға қазақтың шұрайлы жерлерін зорлап тартып әперуі салыстырмалы түрде сипатталады.
Адасып осы күнде қазақ қалды,
Бұрыңғы ата-баба рәсімінен.
Жылқыға керек жерге егін салып,
Жер жыртып мұжық қалмас кәсібінен.

Жойылуға баратын жол тарылған соң,
Айрылды мал да, жан да несібінен.
Зынданда не бір шағбыз қазақ қалды
Ұлықтың қылған зорлық кесірінен, –
деп, ХІХ ғасырдың ІІ жартысы кезіндегі Ресей империалистерінің қазақ халқына жасап отырған зорлық-зомбылығын ашына әшкерелейді. Зорлық-зомбылыққа шыдай алмай, бас көтергендерді Патша үкіметі түрмеге тоғытты. Бұған ақын «Қазағым оян!» бүкіл мұсылман болып бас қосыңдар, бір тілекпен, бір жүрекпен әділетсіздікке қарсы тұрыңдар!» – деп елді белсенді күреске шақырды.
Бір ниет дін қамы үшін бастаңыздар,
Бұрынғы араздықты тастаңыздар!
Сайлаңдар депутатқа кісі тауып,
Айдалып, атылудан қашпаңыздар, –
деп, бас кетсе де, халық ісі үшін аянбай кү­рес­ке шығуға бірігіңдер дейді. Осы көз­қа­ра­сы үшін жергілікті әкімдер Мәшһүр Жүсіп­тің басқан ізін аңдуға белсене кіріседі.
«1904 жылы жаз айында Мәшһүр Жүсіп патша үкіметінің озбырлығынан қара халықты қалай қорғауға болады?» деп Баянауылдан Шыңғыстаудағы ұлы ақын Абайдан ақыл сұрап хат жазады. Мамыр айында Семей уезінің уряднигі Абайдың ауылына келіп, Абайдың үйіне тінту жа­сай­ды. Бірақ хатты таба алмайды. Бұл хат Абай сияқты қазақ зиялыларына да терең ой салған, патша әкімдерінің қазақ зиялыла­ры­на сенімсіз көзбен қарауына себеп болған сияқты. Көп кешікпей ұлы ақын Абай да дүниеден өтеді.
Мәшһүр Жүсіп 1907 жылы Қазан қала­сын­да Хусаиновтардың баспасынан «Хал-ахуал», «Сарыарқа кімдікі?», «Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» атты кітаптарын бастырып шығарады. Ақын­­ның бұл шығармаларында қазақ хал­қына бостандық беру, елде мектеп-медресе ашу, жер мәселесі сияқты өзекті мәселелерді көтереді.
Халық ауыз әдебиетінің көптеген үлгілерін, дастандар мен хикаяларды жинап бастырады. Бұқар жырау, Шортанбай, Шөже, Кемпірбай, Әсет, т.б. ақын-жыраулардың әдеби мұраларын хатқа түсіріп қалдырады.
«Қалмады ойлай-ойлай басымда ми» деген өлеңінде адамның жастық шағы бақ пен сордың адам басына біткен қасиетінен пайда болатындықтан, жақсы мен жаман­дық­ты салыстырып көр де, жақсымен жол­дас бол, жақсы – ай мен күндей, әлемге бірдей деген ойды айтады. Сырты жылтыра­ған, бірақ іші арам қуларға жолама, олар ба­сыңа күн туғанда сені сатып кетеді деп жақ­сы мен жаман мінезді адамдарды са­лыстыра суреттейді. Азаматтың бақыты отбасынан басталады. Бақыт пен байлық талапты ерге еңбегі арқылы келеді. Адал еңбек етіп, тер төксең, жақсымен жолдас бол­саң бақыт та, байлық та сені өзі іздеп та­бады. Бай болу, бақытты болу, адал ең­бекпен мал табу, кісі сөзіне ермеу, жолдасты дұрыс таңдай білу – адамгершілік зор қасиет. Адал дос ағайыннан артық дегенді айтады. Ақынның «Жалқаулық туралы» деген өлеңінде баланы жастайынан еңбекке тәрбиелеудің маңызына тоқталады. Кім елгезек, еңбексүйгіш болса, сол жақсы аза­мат болады. Жақсы – көпке ортақ. Жақсы адам болу, еңбекті сүю, балаға жастайынан берілетін дұрыс тәрбиеге байланысты екенін өлеңінің өзегіне айналдырады.
«Сарыарқа кімдікі екен?» деген кіта­бында қазақ жұртының ХХ ғасыр басындағы өмірін суреттей келіп, өнер-білім іздеу, мәдениеті озық елдердің қатарына қосылу, берекелі, бірлікшіл ел болу идеясын кө­тереді.
Болғаннан алты ауызды ынтымақсыз,
Басыңа келген жоқ па талай қорлық, –
дей келіп,
Тауып ал тұман түспей тұстасыңды
Жолдас бол сынап алып қостасыңды.
Баласы дін мұсылман ұрандасып,
Қосыл да кісі санына, қос басыңды, –
деп ел бірлігіне шақырады. Бірлік қып, басыңды қос, пайдаңды ойла, алтыбақан алауыздықты, ұрлық-қарлықты таста. Берекелі бірлікшіл ел болсақ, бізді ешкім басынбайды дегенді айтады. Ақын бұл шығармаларында қазақ халқына бостандық беру, елде мектеп-медресе ашу, жер мәселесі, сөз бостандығы сияқты өзекті мәселелерді көтереді.
Мәшhүр Жүсіп 1930 жылы ұзақ ауырып, төсек тартып қалады. Осы кезде ақын өзіне арнап 4 бөлмелі кесене салдырады. Кітап­хана, қонақ үй, асханамен қоса, төртінші бөлмені мәйітханаға арнайды. Ақын өзінің сүйегін жалбызбен жудырып, мәйітті мәңгі сақтауды өсиет етеді. Мәшhүр Жүсіп 1932 жылдың көктемінде дүниеден озады. Бейіті Баянауылдың күнбатысына қарай 35 ша­қырым жерде, Шілікті деген төбе басын­да, Ерейментау – Астана жолының бойында орналасқан. 1936 жылға дейін көпшілік қауым Мәшһүр Жүсіптің басына зиярат етіп, түнеп, қой сойып, құран бағыштап, мінәжәт ететін болған. Мәшhүр Жүсіптің бейіті 1936 жылға дейін әулие атанып келеді де, сол жылдары Баянауыл аудандық партия комитетінің I-хатшысы Хисмуддинов деген татар азаматы бұл жолды бюльдозермен бұздырып, бейітке 2 милициядан тұратын күзет қояды. Көп кешікпей I-хатшы қызметінен алынып, бір аяқ, бір қолынан сал болып қалса керек. Ел «әулиенің әруағы соқты» дегенді айтып аңыз етеді.
Мәшhүр Жүсіптің бейіті бүгінде алғаш­қы қалпына келтірілген. Басында шырақшы бар.
Мәшhүр Жүсіптің немересі Қуандық Фазылұлы филология ғылымының док­торы, Павлодар мемлекеттік университе­ті­нің профессоры болып ұзақ жылдар қыз­мет еткен, бүгінде зейнеткер.
Көрнекті фольклорист-ғалым Мәшhүр Жүсіп Көпеевтің туғанына 160 жыл мерей­тойы қарсаңында ақынды мәңгі есте сақтау мақсатында Павлодар педучилищесіне оның атын беру, сондай-ақ, университетте Мәшhүр Жүсіп атындағы стипендия тағайындау, арнайы кабинет ашу, ақын шығармаларының толық жинағын шығару жұмыстары қолға алынса, нұр үстіне нұр болар еді деген ойымызды басылым арқылы құзырлы мекемелерге айтқымыз келеді.

Серғазы Қалиев,
педагогика ғылымының құрметті академигі,
Қазақ Мемлекеттік Қыздар университетінің профессоры,
педагогика ғылымының докторы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір