Пантомима
30.03.2018
1740
0

Сами Пашазаде Сезаи


Сами Пашазаде Сезаи (1859-1936) – түрік әдебиетіндегі реализмнің негізін салған жазушылардың бірі. Ақсүйектер әулетінен шыққан ол жастайынан араб, парсы, неміс, француз, ағылшын тілдерін үйренді. Қолына қалам ұстаған кезден бастап, Намык Кемал, Абдүлхак Хамит Тархан сынды көрнекті жазушылардың ықпалымен өз шығармашылығында Батыс әдебиетіне ден қойды. Лондондағы Түркия елшілігінде 4 жыл екінші хатшы болып қызмет істеген уақытында ағылшын және француз әдебиетімен тереңірек танысты. Оның “Sergüzeşt («Шытырман оқиға») романы түрік әдебиетінің тарихында жарқын із қалдырды. 1879 жылы басылған тұңғыш кітабына “Şîr” («Арыстан») атты үш перделі пьесасы енді. Ал жазушының төменде ұсынылып отырған «Пантомима» әңгімесі 1892 жылы жарық көрген «Küçük Şeyler («Уақ-түйек нәрселер») атты әңгімелер жинағынан алынды.


Хасеки жақтағы бір тұйық көшеде оқшау тұрған үш бөлмелі үй – құдды бір мазар секілді – тас меңіреу үнсіздікке толы. Ескіліктің құрсауына қамалып, тәркі дүниеде ұмыт болып қалғандай-ақ. Шатырынан құлаған тақтай, төбесінен опырылған кірпіш, қабырғаларынан домалаған тас талай жылдан бері түскен жерінде жатыр. Кәріліктен шау тартып, ұсқыны қашқан грек әйел оқта-текте мыстанға тән епті де жіті қимылмен сыртқа атып шығып, үйіне керекті заттарын сатып ала сала, дереу табал­дырықтан кері аттайтын. Шілденің шыжыған күні Ыстамбұлдың бұл маңайын аптап ыстығы­мен тұншықтырған сәтте, үйдің шағын аула­сында дуалға иін тіресе өскен алып ағаш – жапырақтарының арасына жасырынған жанға жайлы самалының рахат лебін айналасына таратып, орасан үлкен жасыл желпуіш секілді – әлгі үйдің, сол төңіректің ауасын тазартып, көкірек тынысын ашатын.
Жаздың бір қасиетті жұма күні, түс әлетін­де осы үйден қолтығына дорбасын қыстыра шыққан ер кісі есікті мұқият әрі сақтықпен жауып, жол бойымен ұзап кете барды. Артынан қарағанда иығы мен белі тұтасып кеткен толық денелі, отыз үш жасар бұл адамның жуан, бірақ қысқа аяқтарынан көтерген жүгін қалаған жеріне жеткізуде қиналатындығы байқалып тұр… Шалғай түкпірдің жансыз көшелерінде ойлы, мұңды кейіпте ілгері адымдаған осы бей­шара жан халықты күлдіруге бара жатыр… Жұқа тақтайлардан салынып, жығылып қал­мауы үшін айналасына тіреуіштер қойылған бір ғимараттың алдына келді. Бұл ғимараттың есігіне бадырайған қара бояулы әріптермен «Әйгілі Паскалдың пантомимасы! Мұнда жұма және жексенбі күндері атағы жер жарған Пас­кал алуан түрлі өнерлері мен күлкілі ойын­да­рын көрсетеді. Қымбатты көрермен­дерінің ықыла­сына бөленген Паскал әр апта сайын оларды сахнадағы жаңа қойылым­дарымен тәнті етеді» деген құлақтандыру жазылған ақ парақ жапсырылған.
Ал Паскал деген – нақ соның өзі. Театры­ның есігін ашып кірген соң, ақтарған дорбасы­ның ішінен – үйреншікті қойылымына лайық – бұтына қап секілді қолпылдаған ақ шалба­рын, басына шаңқан түсті үшкір қалпағын алып киіп, бетіне түгел ұн жағып, құрбақадай тесі­рей­ген қара көздерінің астыңғы жағын қызыл бояумен әрлеп болғасын, бір сағаттан соң, ой­сыз ми, алаңсыз көңілден шыққан шат күлкі мен ду қол шапалақ ішінде қойылымын өткізер-ді.
Қойылымда бір әйелге ғашық адамның рөлін сомдаған Паскалдың махаббат сезімін білдіру үшін тілін шығарып, сүйіктісінің жүре­гін жаулаймын деп тоңқалаң асуы жиналған жұртшылықты күлкіге батырды. Театрдың ма­тамен көмкерілген төбесін тіреген жылжы­малы діңгекке арқасын сүйеп, езуіне шылымын қыс­тырып, қойылымды тамашалап тұрған бір көрермен: «Әй, осы Паскалдың тілін шығаруы бар емес пе?! Адамның ішек-сілесін қатырады ғой!», — деді. Бұған онсыз да сол жердегі шағын орындықтарда жайғасқан көрермендердің кө­бісі тамсанатын. Сахнаға жақын ложада бей­күнә, балаша күлкісімен өмірдің ащы-тұщы­сына алданыш сыйлай алатын жас бойжет­кен­дердің бірі, құдды қанаттарын шабыттана, шат­тана қағып самғаған құс секілді, кішкене қыз­ғылт еріндеріне үйірілген нұрлы бір жым­иыс­пен, алақанын көңілдене шапаттап, Паскал­ды қошеметтеп отыр. Эфталия есімді жиырма жасар бұл қыз әр апта сайын қарт анасымен бірге осы ложада жайғасады. Анасы одан: «Қы­зым, сенің бұл жерде көңіл-күйің көтеріле ме?», – деп сұраған сәтте, Эфталия Паскалды өліп қалған сүйікті итіне ұқсататынын және кейде оның іс-қимылдары мен мінез-құлқы бір көргеннен қатты ұнатып қалған маймылды есіне түсіретінін айтатын еді.
Міне, бүгін шыттай аппақ киініп, сиқырлы әсерге бөленген бұл жас қыз айналасында жаңғырыққан ызы-шудың ішінде бір сүйкімді мақұлығына ұқсайтын масқарапазға ложадан гүл шоғын лақтырды. Паскал үйме-жүйме ша­шыл­ған гүлдер бетіне, кеудесіне жанасқан сайын, қолын жүрек тұсына апарып, ең жанды жеріне соққы тиген жабайы хайуандай ащы дауыс шығарады. Бірер минуттан соң, Паскал театрының ішінде жерге шөкелей отырып, тыс­тағы адамдардың әлі тыйылмаған күлкісімен жағаласа, өксігін баса алмай жылады. Сорлы Пас­кал сұлу Эфталияны сүйетін. Бұл бейбақ неме сол бір мінсіз жаратылысқа ғашық еді!
Бірақ көңілінің тұңғиық түкпіріне жасыр­ған бұл махаббат сезімін біреуге айтуға, тіпті кішкентай кезінен барлық жан дертімен бөлі­се­тін үйіндегі қарт қызметшісіне де сырын жайып салуға батылы бармаған. Өмірінде ешбір әйелдің үздіккен көзқарасына, бірде-бір жанның ынтызар ықыласына бөленбеген еді. Жұрт өзінен тек қана сайқымазақ күлкіні талап ететін. Қарасаң, ренішті қалпында да, көз жа­сына ерік берген мұңды сәтінде де елдің бәрі оған күле қарайды.
Іңір түсе қойылым біткесін, әдеттегіше дор­басын қолтығына қысып, келген жолымен жабырқаңқы күйде үйіне қайтты. Бөлмесінің есігін ашып, қаңыраған баспанасында өзінен басқа тірі жанның жоқтығына, терезеден үңіл­іп, көшеде ешкімнің бейсеубет жүрмегеніне көз жеткізген соң, сұлу Эфталиясы туралы қиялдай бастады.
Бүгінгі қойылымда оған неліктен сон­ша­лық­ты күлді екен? Қойнындағы гүлдерді шы­ғарып, күрсініспен әрі құрметпен иіскеп сүй­ген­нен кейін, бөлменің төр жағына ұқыптап қойды. «Әй, гүлдер-ай, әй, менің түбіме жететін гүлдер-ай…», – деді. Шіркін, өзінің бір тілегін қа­был етсе… Бұл бөлмелерді гүл құмыра­ла­ры­мен безендіріп, сұлу Эфталиясын ана бұ­рыш­қа отырғызып, бар білген тамаша әңгі­ме­ле­рін айтып, түні бойы күлдірер еді-ау. Таң­ғажайып бір түстен оянғандай басын кө­тер­ді. Әттең, өте ұсқынсыз! Әттең, жұрттың мазағы! Кенеттен жылай бастады…
Соңғы күнінде жағымсыз жаңалық әкелген сол бір ай өте жылдам өтіп кетті. Екі аптадан бері театрға келмеген Эфталия тұрмысқа шық­қалы жатыр еді. Байғұс Паскал жұма күндерінің бірінде қойылымға жарымен бірге келген Эфталияның көңілін көтергеннен кейін, жү­регін парша-парша еткен қайғысын білдірмеу үшін еңсесі түскен бойы үйіне барып, бөлмесіне кіріп кетті. Есігінің ілмешегін іліп алды.
Ертеңгі күні түстен кейін оның есігін қира­тар­дай қаққан қызметші кәрі грек әйел еш жауап болмаған соң, үрейлене байбалам салып, сол маңайдан жиналған адамдармен бірге есікті сындырып, бөлмеге кірді. Босағадан аттаған бетте барлығы күле бастады. Себебі, Паскал асылған адам кейпінде, өзінің сол бір әйгілі шеберлігімен тілін шығарып тұрған болатын.
Алайда өмірінде адамдарды күлкімен қа­лай жарылқаған болса, дүниеден озғанда да ешкімді жылатпаған байғұс Паскалдың бұл жолғы халі жалған емес – өлімі хақ еді.

Түрік тілінен аударған: Айгерім Сабитова,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті түркітану кафедрасының
ІІІ курс студенті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір