Ғасырлар отын өшірмеген Отпан-биік
30.03.2018
1678
0
Сол күні де Отпантау басында от жанды. Бастауы атамзаманда жатқан ұран хабары – атой оты емес еді, ол. Жаңа тарихымыздың жаңғырған дәстүріне айнала бастаған ендігі мына қазақтың барақатты өмір оты, той белгісі, бірлік алауы. Жалпақ жатқан Маңғыстау жеріндегі Наурыз басы, Жаңа жыл келісі – «Амал мейрамы» солай басталады екен.
Маңғаз Маңғыстаудың ұзына өрлігіндей – Түпқараған түбектен Шөлтау жаққа көсіле, көлденең түскен Қаратау сілемдерінде еңсегей екі биік бар. Бірі – Бесшоқы, бірі – Отпантау. Өрлілік жағынан екеуі де қарайлас. Ал тарихы, сай-сала шат­қалдарында тұнып қалған жәдігер жауһарлары, соларға табан тірей кө­терілген аруақты рухы – бірінен-бірі биік көрінер еді. Шежіресі шер мен сырға толы, тарих тайқазаны ерлік хикаяттарға меймілдеген айтулы орындар бұл жерлер. Ата ру­хын ұлықтайтын тұғырлы орынды белгілегенде, бүгінгі көкірек көзі ашық ұрпақтың ұлы жолдың ұрым­тал ұтырындағы шежірелі, киелі мына Отпантау өрді таңдаған кесімі келісті-ақ!
Анығы, бұл таңдау ықылым за­мандар басында, бабалар кесімінде болған ғой. Белдеуде аты байлаулы, керегеде найзасы сүйеулі уақыттарда Отпантауда жанған «Ұран оты» – көбіне атой дабылы болған екен. Оны алпыс шақырым шығыстағы Бесшоқы жалғап әкетер екен. Бұл оттарды батыс-теріскей бетте – Түпқараған, Бозашы, шығыста – Шөлтау, Сай-Өтес, тіпті, Бейнеу тарабы, түстік-шығыста қасиетті Оғыланды, Шопан-Ата аймақтары, оңтүстікте – Теңге, Кендірлі өлке­лері, құбыла бетте – Ақтау, Ақшүкір мекендері көріп байқайтын болған. От ақ жалындап жанса, ақжолтай қуаныш хабары, қара түтінін бу­дақтатса, төніп келе жатқан қатер белгісі екен. Тіпті, дұспанның неше күншілік жерде, қай атырапта келе жатқанына дейін саралап айтып тұратын болған сонау оттар.
Міне осы биікте биыл да от жанды…
Биылға алау отын наурыздың 13-і кешінде, ақ пен қызыл тоғысын­да облыс әкімі Ералы Тоғжанов жақты. «Көкбөрінің» арқа үстінде Маңғыстау көгіне ақжалын от кө­теріл­ді. Той белгісі, бірлік оты, бей­біт өмір алауы – Маңғыстаудағы Жаңа Жыл келісі – Амал мерекесіне солай белгі берілді. Жаңғырған тарихымызда дәстүрге айналған, биылғы жылдың Отпантау – Адай Ата кесене-кешенінде басталатын «Амал» мерекесі ұйымдастыру Адайдың Келімберді арысының аға баласы Құнанорысқа және Маңғыс­тауды біраздан жайлаған осындағы Әлім Ата ұрпақтарына міндеттелген екен. Қазақтың кенжесі ғана емес Алаштың кішісі саналатын Адай ұрпақтары еншілеген «Қарашаңы­рақ» құрметіне аталған отауда Құ­нан­ орыс дастарқан жайса, Ата кесенесі беттегі үлкен алаңға Алты ата Әлім­нің символы іспетті – алшитып ең­селі алты орда тіккен екен жігіттер.
Қазыналы түбекті ен жайлаған Адай ұрпақтарымен тізе қоса тірлік кешіп жатқан көп ағайын қатарында берекелі болмысты бірге жасасып жатқан Әлім азаматтарының ша­қы­руы­мен, осынау Жыл басы – «Амал» мерекесі – Көрісу күні тойына «алыстан ат терлетіп» дегендей, ой­дан-қырдан, Алатау-Арқа-Сырдан біраз ағайын құралып келген жайы­мыз бар еді. Біз сезген ықылас – Маңғыстаудың шуақты күніндей еді десек, той көңілі – қарт Кас­пий­дің жарға соққан толқынындай деу лазым.
Тойдың беташар күні Отпантау мен Бесшоқы арасындағы Шетпе ме­кенінің шетін шаң қылып, тұл­парлар шабыс ашқан. Әсіресе, аламан бәйге қиқулы да, тартысты болып, көп ризашылығындағы әділ­дік үдесінде, Жамбыл облысы­ның Қордайынан келген «Қарасу» есімді сәйгүлік (ат иесі Айдар атты сейіс) 16 миллион теңгенің джип-пикабын қанжығасына байлап кетті… Алау отпен тоқсанды қыр асырып салған көпшілік келесі күні Амал-Наурыз-Жаңа жыл мерекесін ары жалғады. Төс қағысқан көрісулер, ықыласты лебіз-тілектер… «Әлім Ата шаңыра­ғына сәлем бере келдік!», – деп есік ашқан азаматтар… Ас та төк дастар­қандар жайылып, палуандар белде­сіп, мейрамға келген әнші-жыр­шы­лар Елмұра Жаңабергенова, Демеу, Шынберген той төріне төкпелеп өнер төкті… Ал 362 баспалдақ басына апаратын Отпан тау биігінде аруақты от алаулап тұрды. Бұл баспалдақтардың ұзын саны – Маң­ғыстауда жатқан 362 әулие-әнбия санына орайластыра жасалғанын айта кету керек…
Төңірек табиғаты бірегей бол­мы­сымен, тылсым сырларымен көңіл көзін тарта берердей… Киелі өлке. Тұнған шежіре. Аңыз-ертегіге бергісіз жәдігер-ұлағаттар… «Маң­ғыстау – тарих пен табиғаттың бірге толғанған тамаша дастаны, бірге салған таңғажайып суреті, бірге шерткен тағылымды шежіресі. Оны таңданбай көріп, тамсанбай түйсі­нуің мүмкін емес», – депті осы өл­кеге кіндік қаны тамған дара талант Әбіш Кекілбаев. Расында, көркем деген­нен гөрі, келбетіне кие қонған қатал сұлулықтың әр қыр-қолатында тіл­сіз тарих сөйлеп тұрғандай. Осы­нау өлкеде не жорамал, не аңыз жоқ десеңші!.. «…Шыңғысханның тегі – Адай. Ол жаһангиріңіз – Адайдың Мұңал руынан. Шалағай, біржақты ғұламалар кешегі саясаттарда Мұңал атамыз атын «Монгол», «Маңғұл» деп, әлемдік ой-сананы әбден ша­тыс­тырып жіберген» деген бір қы­зық ой осында алдан шықты. Осы жорамалға салса, Ақтөбе жеріндегі ұзыны 300 шақырымдай Мұңалжар тауы тауы да сол ата атынан болуы ғажап емес… Онан арғы тарих тере­ңін алтын жүлге қуғандай қазбаласа, Адай бастауы аса ежелгі заманмен астасып жатыр. Тарих атасы Геродот пен Страбон айтса, бұл шежіре б.з. көп бұрынғы дайлар (дахтар) дә­уірі­нен келіп, VI-IV ғасырларда Яксарт­тың (Сырдария) сағасы жағындағы парадарая сақтарының одағына кірген деген жобаны жоққа шығар­май, (демек, бүгін жақсы жарасымда өркендеп жатқан Арал – Каспий ұлдары арасындағы туыстық қаты­нас тамыры екі жарым мың жыл бұрыннан бастау алады деп айтса да болады), ал біздің заманның
І ғасырында Сырдарияның төменгі ағысында емес, Каспий теңізінің оңтүстік-шығыс жағында, яғни қазіргі Иран мен Түркменстан ше­ка­расындағы аймақтарды мекен­деген деген жорамалға табан тірейді. Ал ІІ ғасыр шамасында Каспий теңізінің шығыс бойын кең жайла­ған ежелгі дайлар осы адайлар болуы мүмкін деген ой тіпті айқын. Адай­лар оғыздардың «ада» (арал) «адай­лар» (аралдықтар) деген сөзінен шыққан деген ой да бар бұл жора­малдарда. Сол дайлар (дахтар) адай руының алыстағы бабалары деген нұсқа қиюлы қисын тауып тұр. Не де болса, Адай тарихы – күрделі де, жұмбақ, ғажап кезеңдермен астасып жатқан жырлы, терең сырлы шежіре.
Көнекөз тарихтың тыныс-тамы­рын басқан білікті азаматтар осыны айтты. Ал бізді Маңғыстау жолда­рымен алып жүрген, жас та болса білігі мол Ер Қосай ұрпағы Асқар ат­ты інішек тіпті біраз жайтқа қанықтырды. Елгезек азаматтың ақеден көңіліне шын риза болдық.
2004 жылы «Үш қиян» газетінде ақын, қоғам қайраткері Сабыр Адайдың «Адай ата рухына ескерт­кіш кесене тұрғызу керек» деген мақаласы жарияланған екен. Идея қызу қолдау тауып, «Адай» қоры құрылып, Қаратаудың еңселі биігі Отпанда 2005 жылы Адай Ата кесенесінің алғашқы кірпіші қала­нады. Сол екпінде Кесене және оның маңайындағы «Ақсақалдар ордасы», «Көкбөрі ескерткіші», «Ұран оты алаңы», «Ана ескерткіші», «Батырлар алаңы» құрылысы басталып, барлығы 2007 жылдың күзінде аяқталады. Кешен «Адай ата – Отпан тау» тарихи-танымдық этно-мәдени орталығы деп аталады.
Кешен кесіміндегі жіті ескерім­ді­лік, құрылыстың орайластыра салыну мәдениеті ғана емес, әр нысан, әр деталь әдемі идея бағы­тында тіл қатып тұрғандай екен. Сәулетші-жобалаушылар, құрлыс­шы-жұмысшылар, ұйымдас­тыру­шылар, ең бастысы, халықтың ықылас-махаббаты көзге ұрып тұр­ған бір кемел келісім. Орта ғасыр­лар­да бой көтеріп, бүгінгі ұрпаққа аңыз боп жеткен талай аруақты құрылыстардың біздің уақытта жүзе­ге асқан, сондай қасиетті заманауи нұсқасы десе де болар еді осынау кешенді.
Біз де өз бар-базарлығымызды той «қазанына» қостық. «Түгел сөз­дің түбі бір – түп атасы Майқы би» бабамыз осыдан 700 жыл шамасы бұрын, «Жанның ұлы Алшын-ды, біз үшін қанға малшынды…» деп тұжыр­ған. Міне осы тұжырымдағы «Біз» – Алаш арыстары болса, Жанарыс Алшын ұрпақтарының сол ағайын үшін «қанға малшынып» ғұмыр кешкен жаугершілік жағдайы – бір үлкен тарихи-моральдік тұжы­рым­ның негізі болып табылады. «Кі­ші Жүздің ұлына найза бер де, жауға қой!» кесімінің түп-бастауы, не­гіз-діңгегі сол. Әділдік тұғырлы әдемі кесім, бірақ біз осының (жал­пы, Үш Жүз туралы аузы дуалы, сөзі бәтуалы бейнелі тұжырымның) шығу тегін анық бағамдамай, оңды-солды айтып жүретініміз рас… Сол «найзалы» арыстың біраз қасиетін өзінің бүкіл тарих-болмысымен жалпақ жаһанға жария етіп келген, әрине, осынау Адай Ата ұрпақтары десек, артық айтқандық болмас еді…
«Қарашаңырақ» алаңындағы көпшілікпен жүздесуде (сөз бізге кештеу тисе де…) қонақ кәде ретті, орындалуы міндетті парызды атқара, білгенімізді солай ортаға салдық. Арал-Сыр бойындағы ағайын тіле­гін, Қазақ әдебиетінің абыз-ақса­қалы Әбдіжәмил Нұрпейісовтың арнайы сәлемін, Байбақты Сырым Датұлы күресін «Тар кезең» ро­манында баян еткен Мемлекеттік сыйлық иегері, жазушы Қажығали Мұқанбетқалиұлының маңғыс­таулық ағайындарға, осы мерекеге орай айтқан сәлемдерін жеткіздім. Былтыр жарық көрген «Абыржы» романымның 3 кітабын «Адай Ата» қорына табыс еттім.
Әлім Ата жігіттерінің ұйытқысы, Маңғыстау жеріне белгілі тұлға Жантеке Жәрімбетов атты азамат екен. Бұл жігіттер ісінен ұраны бір ата рухына деген ықылас, намысты тірлік, ұтырлы ұйымдастырушылық көзге айқын ұрып тұрды. Көп қонақтың жолын көтеріп, ағайынды жайғап-жайлаған да осы жігіттер. Басқасын айтпағанда, аламан бәй­генің бас жүлдесіне тігілген қымбат темір тұлпардың осынау азаматтар­дың Атымтай жомарттығы екенін атап өту керек. Алыстан алқалап жеткен ағайынға Каспийдің жар­лауыт жағасына жараса қонақтаған «Айдын» тойханасынан берілген арнайы қонақасыда өзіміздің ризашылық көңіл тілегімізді жеткіз­дік азаматтарға. Өмірлеріне аман­шылық-денсаулық, отбас­тарына құт-береке, қызметтеріне жемісті табыстар тіледік.
Сайдың тасындай жігіттер – Айтмұхаммед, Нұрболат деген аза­мат­тар алыстан келген ағайынға тік тұрып қызмет көрсетті деуге болады.
Ақтау мен Маңғыстау алабында көңілге ұнасымды мәдениет бар. Ақтау қаласы және қала маңы, біраз елді мекендер, күре жолдар бойын­дағы тазалық, эстетика, толымдылық нышандары көңіл жылытты. Бұл нышандарда жергілікті азаматтар­дың іс жауапкершілігі, мәдениет-мәрттігі, азаматтығы көрініп тұр­ғанын байқамау мүмкін емес. Бетеге мен боз жусан болмаса, басқа қыл­танаққа қолайы жоқ осынау қыты­мырлау өлкенің әр ұлтарақтай алабында желкілдеп бой көтерген әр өскін-дараққа қамқор көңіл бай­қа­лады. Сонан ба, «Маңғыстау – қатал өлке» деген таптаурын уәж бекер-ау деген ой көңілімізге қонақтап кетті.
Ежелгі тарих және бүгіннен белгі түскен қасиетті орындар… Қазақтың қоңырқай ауылдары… Қазақ көңілі төріне қоныс тепкен Қарасаз, Тау­шық, Атасу… Осынау мекендерде көрер көзге алып бара жатқан аса бір ерекшелік байқалмас еді. Дегенмен, сол жерлерде дүние есігін ашқан кей тағдырларға Жаратушы нұрындай талант сәулесі түскен. Талант пен шабыт желі әлемет екпіндермен олардың тағдыр желкендерін керней соққан. Сөйтіп, қоңыр топырақтан шыңдалып өнген алмастай жар­қырап, шын таланттар, халық мақтандары айдай әлемге мәлім болған… Таушық. Әбіш аға Кекілбев дүние есігін ашқан мекен. Күре жолдан қағаберіс, өрлеуіт биік ығында жатқан ұядай ғана ауыл. Әйтсе де, Маңғыстау қасиетінің бір шумақ мәйегі сол мекен үстінде ұйып тұрғандай болып көрінді маған… Мінәжат етіп, бет сипап өттім сол тұстан.
Мен ақын емеспін. Бірақ бір толғаныста:
Маңғыстау – маңғаз ертегім бар,
Көкшетау – керім, көркемім бар,
Сырдария – сұлу, еркелім бар,
Алатау-Алтай – төрт өрім бар!.. –
деген жолдар өзім топтап жүрген «Байырқалы байтағым» сериясына түскен еді. Сол байтаққа Маң­ғыс­тауда басталған «Амал мерекесі», Бір­лік оты – енді Наурыз думаны боп тарап бара жатқандай көрінеді.

Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,
жазушы, «Парасат»
орденінің иегері.

Қызылорда облысы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір