Арал ақиқаты қашан айтылады?
23.03.2018
1297
0

1969 жылы наурыздың бірінен екісіне қараған түні, қиыр шығыстағы Уссури өзенінің ортасындағы «Доманск» атты шағын аралға үш жүздей Қытай «әскері» күтпеген жерден басып кірді.

Ертеңінде тосын жағдайды білмек болған «Нижний Михайловск» шекара бекетінен барған отыз­дай шекарашыны тілге келместен қарсы та­рап қырып салады. Көрші шекарашы бекетінен көмекке келген кіші сержант Юрии Бабанский, Қытай әскеріне қайсарлық көрсетіп шегіндіруге мәж­бүр етті. Артынан естіп-білгеніміздей қытай жа­ғы осы ұрысқа күні бұрын дайындалған көрі­неді, өзеннің арғы жағалауына 5 мың әскерін әкеп орналастырған екен. Доманск аралын қы­тай­лар «Чжаньбао», яғни «Асыл арал» деп атайды екен, аралдын ұзындығы 1 500, ені 500 метр.
Ол жылдары шекара белгісі тартылмаған­дық­тан қы­тай­лықтар аң-құс, балық аулап ке­летіндерді шекарашылар мылтық кезенбестен тө­белесіп ары асырып қуып шығады екен. Содан сол жылдың 3 наурызынан бастап алыс-жақын­нан 7 мың әскерді жедел топтастырды. Забай­кальск әскери округінен біздің полктан 20 әскерді 3/ІІІ кешкі сағат онда Оловянная станциясынан пойызға тиеп, таңғы сағат алтыда қиыр шығыс­тағы Лучагорск атты аудан орталығына түсіріп, 15 шақырым жердегі палаткалы қалашыққа әкеп ор­наластырды. Ол жер бұрын түлкі фермасы бол­ған, тас жолы бар ыңғайлы орын екен. Ша­тыр­да күндіз-түні темір пеш жанып тұрады. Тө­секке бес қаруымызбен киімді шешпей жа­тамыз, дабыл қағыл­ғанда тез дайын болсын де­гендері болу керек. Артынан ойлап қарасақ, Забайкальеден келген 500 әскерді ұрыстың алдыңғы шебіне дайындаған екен. Шығыста 5 шақырым жерде «Нижний Михайловск» шекара бекеті, ұрыстың бас штабындай болды. Бекетке күнделікті келіп-кетіп жатқан басшылардың көлігі, тіпті күнделікті екі-үш ұшақтар қонып жатады. Бізден он шақырымдай жерде «Доманск» аралы. Өз басым үш қақ­тығысқа қатыстым, біздің қалашықтан 12 әскер қаза болып, 20 адам жараланды. Ертеңінде екі вертолёт келіп адамдарды тиеп алып кетті. Ша­тырға келгенде біздің полктан Абдолла деген өз­бек жігіті мұңды өлең айтып жылай беретін.
Зарлай берген соң, лейтенант Резников деген взвод командиріміз, осы босқа өліп қалар деп, да­лаға шығармай пешке от жаққызып қоятын. 14 Нау­рызда березент жабылған 3 грат артелерия құ­пия машинасы, басшылардың екі уаз көлігі және бір автобус түстен кейін сағат үште біздің қасымыздан Қытайдаң «Асыл аралы» Доманскге қарай өтті. Сол күнгі түнде сағат оннан аса аспан жерге түскендей жарқылдап, аралды шөп шық­пас­тай етіп атқылап, қара тасқа дейін күй­діріп жандырды. Артынан екі мемлекет мәмілеге келіп, Қы­­тайдың «Асыл аралын» өздеріне қайтарып беріпті. Осы соғыста біз жақтан 100-ден аса адам өліп, 5 адамға Кеңес ода­ғының батыр атағын берді. Қытай жақтан шығын 300-ден асады деседі.
Жалғыз қазақ Сүлей Керім құрдасымыз «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды, ардагер өз ортамызда көш бастар төрағамыз. КСРО Қорғаныс министрі төрағасының бірінші орынбасары генерал полковник Николай Захаров аралды аралап, көзбен көріп, ойға түйгенін «Независимая» газетіне төмендегідей жазыпты. Көрші застава бастығы сержант Виталий Бубенинге (қазіргі демалыстағы генерал-майор, кеңес Одағының батыры) «балам, мен азамат соғысын да, Ұлы Отан соғысын да көріп едім, бірақ дәл мынандай сұмдық көріністі бұрын-соңды көрмеппін деп көзіне жас алыпты. Қап-қара болып күлге айналған аң-құстармен қатар адамдар­дың сүйегін ажырату мүмкін емес, белгісіз қалған қайран боздақтар-ай» деп қайта-қайта күрсіне беріпті дейді. Сол кез­дегі күркіреген Градтың әсерінен жақын маңдағы әскерлердің денсаулығына да зияны көп тиген екен. Мысалы, Алматы облысының Қарасай ауданының Қошмамбет ауылынан Жақсылық Бараков деген замандасымыз «Алма арасан», «Көктем» шипа­жайын басқарған білімді дәрігер болған азамат. Жақсылық Домансктегі соғысқа қатысқан құрдасымыз 56 жасында өмірден өтті. Жәкенді емдеген профессорлар «Се­мей­де полигонда болдың ба?» деп күдікпен сұраған көрінеді. Сөйтсе от шашқан Градтың әсерінен болған ауру деп анықтама беріпті…
Мен де «Заболевание связано с воздействием ио­низирую­щих излучение» деген анықтамамен үшінші топтағы мүге­дек­пін. Тағы бір дерек «Алматы ақшамын» газетінде «Домансқ арда­гері (мүгедек) Шәміл Ахметовке мемлекет үш бөлмелі пә­тер, Мәскеуде қолбасшы Гречко өз қолымен «Волга» көлігінің кілтін сыйлаған» деп жазыл­ған. Сол мақалада Доманск ардагері Дүйсенбек Сазанбекұлы туралы да жазылған болатын. «Елу жылда ел жаңа» демекші, күйбің тірлікпен әлі де ескерусіз ұмыт қалған замандастарымыз шалғай ауылдарда бар сияқты. 2017 жылғы 2 наурызда Мәң­гілік алауға гүл шоғын қойғанымызда ор­та­мызға Еңбекшіқазақ ауданынан үш ардагер құр­да­сымыз келіп қосылды. Доманскдегі қақты­ғыс­тың алды-артын аңдап біздің әскерлерді бәрінен кейін ең соңынан таратты. Өз полкімізге 5 ма­мырда келіп жеттік. Менімен бірге бір рота, бір звод­тан Мұхамадиев Керейбай, Мұсабеков Серік­қан деген замандастарымда болған еді, кәзір үшеумізде Алматыда тұрамыз. Совет Одағының темірдей қатал саясатының тұмша­лауымен Доманскідегі соғысты да ешқашан тіс жарып ай­тыл­масын деп ант-су ішкізіп, қол қойғызып алған болатын. Соның салдарынан кешегі күнге дейін үнсіз жүріп, баз кештік…
Доманскде ақ қар, көк мұз жастанып өкпеме суық тигізіп Забайкальский әскери госпиталінде (Чита қаласында) 7 ай емделіп, әскерден елге 6 ай кешігіп оралдым. Госпиталдағы сарғайған құ­жаттарым осы күнге дейін үйімде сақтаулы тұр. Ал­маты қаласының маңайында, 20 шақты ар­дагер-замандастарым бар. 70-ке қараған ша­ғымызда жылдан-жылға сиреп бара жатқан жайы­мыз бар.
1. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, про­фессор, академик, қоғам қайраткері Наға­шыбек Қапалбекұлы
2. Қызыл жұлдызды Сүлей Керім.
3. Нүптекеев Рақымхан
4. Жүмәділов Көлбай
5. Қазтаев Болат
6. Сыдықбеков Оңғарбай
7. Жаңабаев Бәтжан
8. Нүсіпәлиев Амантай
9. Бақтыбаев Серік
10. Түсеев Аманкелді
11. Махметов Бекжан
12. Қонаев Абдуазиз
13. Дауытов Аблез
14. Боранбаев Өміржан
15. Бағысов Абай
Жылда 2 наурызда Панфилов саябағындағы алауға жиналып, сол сұрапыл күндерді еске алып, тағзым жасап тұра­мыз.
Биыл да 2 наурыз күні қар аралас жаңбыр жауып тұрса да, Панфилов саябағындағы алауға гүл шоғын қойып, өткендерге құран оқып, тәу еттік. Ауған соғысы ардагерлер одағының төр­ағасы, Пар­ламент депутаты Бақытбек Смағұлов сөз сөй­леп, алдыңға толқын ардагер ағаларды құрметтеп, сый­ластығын білдірді.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 сәуір­дегі нөмірі 2247 Қаулысымен және ҚР Үкі­ме­тінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы нөмірі 161 Қау­лы­сымен Ұлы Отан соғысы ардегер­лері дәре­жесімен теңестірілдік, осы күнімізге тәубә дейміз!
Жылда көптеген аудандар мен оқу орында­рын­да, мектептерде жастармен жүздесіп кездесу өткізіп тұрамыз. Жүрсін Ерманов ардагер деп ай­тысқа да шақырады, Сәуле Жанпейісова қа­рындасымыз дәстүрлі әндер кешіне шақырып құр­мет көрсетеді. Жыр алыбы Жамбылдың туған кү­нін көппен бірге атап, бас қосып кездесіп тұра­мыз. Парламент депутаты Бақытбек Смағұлов бауырымыз, полковник Ким Серікбаев, подпол­ков­ник Баймолдин Серікбай деген азамттарға ризашылығымызды білдіреміз. Тілектері мен алғыстарын айтып жиі ортамызда болып тұрады.
2019 жылы Доманскідегі оқиғаға 50 жыл бо­лады. Барлық ардагер құрдастармен ақылдасып, әркім өз өмірбаян естелік­терін баяндап, көптеген үлкен мақалалар жазармыз, ұрпаққа үлгі болар­лық!

Дүйсенғали ҚАЛДЫБАЙТЕГІ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Бауыржан Момышұлының мұрасы және жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру» жобасының үйлестіру мүшесі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір