Кітап тарату жүйесінде ұлттық саясат жоқ…

0
94 қаралды

Эрнест Төреханов, жазушы


– Уақыт атты шексіздікпен өл­­шер болсақ Қазақстан тәуелсіз ел болған 27 жыл уақытты – қас-қағым сәт деуге болар. Бірақ осы аз ғана уақытта дүние тү­бірі­мен өзгергендей көрінеді. Дүниені өз­гертетін Адам екені белгілі. Адам­­дар қарым-қатынасында, пси­хологиясында да әрқилы өз­ге­рістер қалыптасты. Осы төңі­рек­тегі ойларыңызбен бөліссеңіз?
– «Бүгіннен жақын, ертеңнен алыс ешнәрсе жоқ…» Кеше ғана өт­кен Қазақстан жазушы­ла­ры­ның ХV Құрылтайы тарих кө­шіне ілесіп, ұзап бара жатыр. Бес жыл күткен Құрылтайда ес­тен кетпес бес сөз айтылды ма?.. Есіме түс­пей тұр… Деген­мен, Құ­рылтай өт­ті. Жазушылар одағының бас­шы құрамы, бас­қар­ма мүшелері сай­ланды. Жазу­­шылар одағының үйі әлі де көзге оттай басылып, ор­нында тұрғаны көңілге медет. Тәуел­сіздік жылдарында жазу­шы­лар үйінде ұйыған тыныштық жал­ғасар ма екен, әлде әдебиеттің әр тұста қордаланып қалған мә­се­лелерін запыран иісін мүң­кіт­пей, кемсітіп-мұқатпай баспа­сөз, Пленумдарда рет-ретімен Абыз­дар­ша ақылға салып ше­шеміз бе?.. Әдебиет – өнер атау­лының Анасы. Кезінде (КСРО заманы) Қа­зақстан жазушы­ларының Пле­нумына ешқандай ша­қыру­сыз-ақ кине­мато­гра­фистер, ре­жис­­сер­лер, актер­лер, сурет­ші­лер, му­зы­кант­тар, жоға­ры оқу орындары­ның оқыту­шылары мен сту­­­денттер, дербес зейнет­кер­­лер өз аяғымен келіп сығы­лыса отыратын. Өйт­кені, әдебиет, өнер мәселелерімен қа­тар, жазушылар өз Пленумда­рын­да елдік, қоғамдық ірі мә­се­лелерге араласатын. Сонда ара­сы 300 метрдей жерде екі пар­ламент жа­рыса жұмыс істеп жатқандай кө­рінетін. Жоғарғы Кеңестің сес­сия­сы өз шешімінде жазушы­лар­дың пікірін ескере­тін. (Мә­селен, жерді сату мәсе­лесі).
– Ол заманды бүгінгі күнмен са­лыстыру қаншалықты дұрыс?
– КСРО туралы сөз бастасақ: «Қы­лышынан қан тамған СССР за­мананда» деп дүрсе қоя бере­міз. Қа­зақтың басынан не өт­педі? Ұлы Дала жерінде ақсүйек болып ша­шылып та қалдық, тым-ты­ра­қай қашып, өзге ел­дер­ден пана да іздедік, жар басына қазақтың игі жақсыла­рын іріктеп апарып, екі мәрте Голощекин қынадай қыр­ды. Талай-талай жақсылар шолақ те­рі күрте киіп, басына әскери қа­­қыра киген ақымақ қа­зақ­тар­дың (шолақ белсенділердің) қо­лынан қаза тапты. Өз басым түрлі жиындарға, Құрылтайларға қаты­сып жүріп, 20 жыл «Қазақ тілі» қоғамының басшы орга­нын­да еңбек етіп жүріп аңғар­ғаным, әрі шо­шынғаным – «шолақ бел­сен­ділер» «тұқы­­мы­ның» азаймағаны. Дәл солай, өзінің білімі, дүние­та­нымы, кісілігі, дәл өзіндей жан ие­леріне деген аяушылығы, адам­гершілігі, нәпсіге беріктігі, мем­лекетшілдігі, ұлт, мемлекет дең­гейінде ойлау қабілеті жетпей жа­тып, таққа да, баққа да, орын­тақ­қа да жанкештілікпен ұмты­ла­тын төбесіне шеге қақ­саң кір­мейтіндердің елді ба­сып қал­ғаны – ең үлкен қасірет.
Міне, «Рухани жаңғыру» осы құ­былыстарды жоюдан басталуы тиіс деп ойлаймын. Дүниені жар­қыратып, адамдарды бауыр, дос-жолдас, ниеттес, бір-біріне жақ­сы­­лық тілеуші, үлкенге ізет, кі­­шіге қамқор қоғам қалып­тас­тыру ең алдымен әдебиеттің, өнер­дің, БАҚ-тың, жүзінен има­ны төгілген, кең пейілді, бас тері­сі кең басшылардың адам­дық міндеті. 17-18 миллион эгоцент­рист ел бола алмайды.
– Менмендікті жоюда әдебиет пен білімнің қауқары қанша­лық­ты?
– Әл-Фараби бабамыз «Тәр­бие­сіз берілген білім сол елге мың мәрте қасірет әкеледі», – деп айт­қан. Мәселен, атом бом­ба­сын, су тегі бомбаларын аса да­рын­ды ға­лымдар ойлап тапты. Бүгін сол бомбалар өз басымызға келіп жа­рыла ма деп қауіп етіп отырмыз. Қару тікелей Адамды қырып-жою үшін жасалатыны түсінікті. Әл-Фараби бабамыз соны Орта ға­сырда-ақ болжапты. Бүгін «экономика» деп ұранда­тып жа­тыр­мыз. Білімді, тәр­бие­лі, мә­де­ниетті, қайырымды Адам екінші ке­зекке ысырылды. Бұл дұрыс түсі­нік емес. «Экономика» адам ақыл-ойының жемісі ғана. Дү­ние­де әр мемлекеттің өз жағ­дайынан туындайтын мыңдаған экономикалық үлгісі (модель) бар. Біз жоспарлы, орталық­тан­ды­рыл­ған экономикадан нарық­тық экономикаға көштік. Ол үшін дамыған, Қазақстанға ұқсас мем­лекеттердің экономи­калық үлгі­лерінен бізге қолайлы тұстарын алып, жамау-жасқау өз моделіміз­ді жасадық. Модель, яғни бекіген үлгі де Конституция секілді бұр­маланбай орындалуға тиіс сара жол. Алайда бүгін 1995 жылы қа­былданған Конс­ти­туция­да ма­за жоқ. Депутаттар, билік басын­дағылар Ата Заңға түзету енгізу керек деп екі күннің бірінде ұсы­ныс айтып жатады. Осылайша, Конституцияға өзгеріс енгізу сән­ге айналды. Ал оның сыртын­да Конституцияда ескерілмеген, мүмкін қажеті де шамалы қанша­ма Заң қабыл­данды. Ал халықты қатты қи­найтын және бір тұ­рақ­сыздық – Салық саласындағы «қышыма» кеселге айналып бара жатқан­дай… Мемлекеттің түпсіз қа­зына­сын тірнектеп толтырып жатқан ұсақ саудагерлер, толар-толмас бизнесмендер тоқсан­дық, жылдық есеп беруге барар­да абақ­тыға бара жатқандай дірдек қа­ғады. Өйткені бұрынғы салық та­лабына адам миы жетер-жет­пес, ақылға қонар-қонбас көп өз­геріс енгізілген болып шы­ғады. Есеп тапсырушы, яғни бюджетке өз үлесін қосуға кел­ген адам 6-7 са­ғат кезекте тұрып, қағаздарын те­резеге ұсынғанда инспектор: «Анау жерде салық тәртібінің жаңа үлгісі қысты­рыл­ған. Соған қарап, қайтадан құжаттарыңды толтыр», – деп қағазын лақтырып жібереді. Бұл өзгерістер туралы салық ко­митет­тері неге жалпақ жұртқа алдын-ала айтпайды?.. Айт­қанда оған да жауап дайын. «Казахстан­ская Правда» мен «Егемен Қа­зақ­станның» бәленінші номе­рін­де салық тәртібіне қатысты жаңа нұсқа жарияланған.
Және бір айта кетерлік жайт – фискалды орган қызметкер­ле­рі­нің шетінен дөкір, жүгенсіз, менмен боп келетіндігі. Ол мінез­дің көлеңкесінде бір қулық жат­қа­нын бәрі біледі, жаны мұрны­ның ұшына келгенде әлгі есеп-қисап қағаздарының ара­сына бір «сүйкімді қағаз» қосым­ша кетеді. Одан сол шаруа дереу оңалады. Сен өзіңді ең бақытты жан сезініп, тоналғаның есіңе де түспей дел-сал келе жатасың…
– Әдебиет тақырыбына орал­сақ…
– Өткен съезде Мәдениет жә­­не спорт министрі кітап тара­лы­мын 5 мыңға көтердік, қала­ма­­қы­­ны кө­бейттік. Қазақ жазу­­­шы­ларының шығармаларын әлемнің алты ті­ліне аударып жатырмыз, сондай-ақ жазу­шы­дан кітап авторлығын 70 жылға сатып алатын жағдай жасадық деген секілді бірқатар жақ­сылықтарды жеткізді. ХІV Құ­рылтайда сол кездегі Мемле­кет­тік хатшы төралқада отырып, Мәдениет министрлігінен кел­ген жауапты қызметкерлерге қала­­мақы мәселесіне қатысты бірне­ше тапсырманы ел алдында жел­ке­лерінде тұрып жаздырған еді. Одан соң өзі сол министр­лікке бас­шы болып ауысты. Әлгі ай­тылған уәденің бірі де жүзеге ас­пастан одан ары басқа жұмысқа ауы­сып кетті. Енді кешегі Құрыл­тайда да министр біраз уәде берді, «аузы күйген үріп ішеді» дегенмен бұл жолы Мәдениет министріне сендім. Дәл бүгін ол министрлікке тіре­ліп тұрған шаруа аз емес. Қа­зақстан Тәуелсіздік алғалы бері қазақ кітаптары мен оқулықтар «Атамұра» дейтін аядай дүкенде ғана сатылып жатыр, оған да тәуба. Бір өкініштісі – сол дүкен­ге бас сұға қалсаңыз дү­кен­шілері жаппай келі түйіп жат­қан­дай дүңк-дүңк етіп, үлкен-кіші демей зекіп сөйлейді. Үш мәрте бас сұқ­тым, сосын тезірек кетуге ты­рыс­тым. Ал, «Академ­книганың» 4 дүкені түгелдей орыс ағайындар­дың жекемен­шігіне өтіп кетіпті. Кітаптары­ның 99 пайызы орыс және ағылшын тілінде. Мен дү­кен­нің директорларымен әңгіме­лес­тім. Атырылып тұрған мінез жоқ. Жөн-жосығын, рет-ретімен ай­тып берді. «Біз кітапқа тауар деп қараймыз. Осы жұмысымыз біз­ге табыс әкелуге тиіс. Егер ха­лық сатып алып жатса гагауз, ау­ған тілінде кітап әкелсеңіз де өз ба­ғамызды қосып, сатып бере­міз», – дейді директор. Бұл жерде ұлт­тық саясаттың, мемлекеттік мүд­денің жоқтығы анық сезіліп тұр.
КСРО кезінде қаламгерлер, ға­лымдар керегін осы «Ака­дем­к­нига» дүкенінен іздейтін. Олар өте ыңғайлы тұста орталықта тұр. Екі дүкені КазҰУ-дың қарсы бе­тін­дегі, бұрынғы «Универси­тетс­кая» көшесінің төңірегіне жай­ға­сыпты. Оларда да қазақ кі­та­­бының түнемегенін дүкен иелері ашық айтып тұр. Соны­мен, қазіргі Розыбақиев пен әл-Фараби қиылысына жақын орналасқан «Кітап қала­шығы» дүкені, Астанадағы 7-8 кітап дүкендері, облыстар­дағы (бар-жоғы неғайбыл) кітап дү­кен­дері 27 жыл бойы Ресейдің басылым­дарын сатумен келеді. Ал менің жазушы әріптестерім­нің көпші­лігінің өз қаржысына шығарған кітаптары үйлерінде үйіліп жатыр. Мен атап өткен дүкен­дерге, «Академкнигаға» «Ескендір мен Роксана» деп аталатын тарихи романымның 10 данасын апарып сатуға қой­ғызғам. Дүкен иесі өз Жарғысын көрсетті. Жарғыға сәйкес жеке автордан келген кітап он күн тегін тұрады ек­ен. Кітап сатыл­маса одан кейін­гі әр күнге автор өзі ақы тө­леуге тиіс. 10 күннен соң қайыра барғанымда 10 кітаптың 8-і сатылып кетіпті. Екі дана кітапқа дүкен иесі кеңшілік жасап, сатылғанша тегін тұра берсін деп алып қалды. Мен директордан «Осындай үлкен 4 дүкенді қалай толтырасыз?», – деп жөн сұрадым.
«Біз Москвадағы 2, Ека­терин­­бургтегі 2 корпорациямен шартқа отырдық. Электронды пошта арқылы олар жаңа кітаптар тізбесі мен аннотация­сын жібереді. Соған қарап өз тапсырысымызды әзірлейміз. Тапсырыс 7-8, 10-11 күнде келіп жетеді. Ол корпорациялар кітап шығармайды, өтімді деген кітап­тар­ды тек бір миллион таралымға дейін көбейтеді де Курил арал­да­рынан Калининград облысына дейінгі аралықта таратады. Оларға Сіздің Македонский ту­ралы кітабыңыздың орыс тілін­дегі 1 данасы жеткілікті. Сізбен шартқа отырады, ВААП-та (Ав­тор­лық құқық жөніндегі агент­тік) тіркеледі. Сізде «Ескендір мен Роксана» кітабыңыздың орыс тіліндегі нұсқасы жоқ па?», – деп таңдана сұрады. Аудартуға қаржы жоқ деп шынымды айт­тым.
Арада біраз уақыт өткенде Валерий Бондарев деген баспа­гер телефон соғып, кітаптың орыс тіліндегі бір данасын жіберуімді өтінді. Алғаш кітап­тың тұсаукесері өткенде Мұрат Әуезов Ұлттық кітапханы­ның директоры еді. «Тұсаукесерді бізде өткіз, одан соң кітапхана мен автор арасында шарт жасап, романды толығымен кітапхана сайтына қоялық», – деп ұсыныс жасады. Ұсынысын қабыл ал­дым, роман кітапхананың сай­ты­на қойылды. Мен күтпеген жайт мынау: кітапхана кітап туралы кең көлемді, жай-жап­сар­лы аннотацияны екі тілде – орыс және қазақ тілінде қайта жазып, сайтқа қосыпты. Соның арқасында маған Мәс­кеуден, Екатеринбургтен, Ба­ден-Ба­деннен біраз адам теле­фон соқ­ты. Бәрінің сұрағы – орыс тіліндегі «Ескендір мен Рок­сана». Баден-Баденнен хабар­ласқан 60-тың үстіндегі кісі өзінің ленинградтық еврей екенін айтып, «Мен кітапты неміс тіліне аударсам деп едім. Одан соң ол кітап Германияда, Австрияда сатылар еді», – деді. «Жомарттың қолын жоқ байлай­ды» деген осындай-ақ болар… Енді бұл мәселені министрлік қолға алған болса кітаптың жолы ашылар, он төрт жылғы мехна­тым ақталар, деген үміт кеудеде тірілгендей.
– Қазақстан Ресей баспагер­ле­ріне ұдайы қызмет жасай бере ме? Сіз не ойлайсыз?
– Бізде я қаламгерге, я қазақ оқырманына пайдасы жоқ тұманды саясат бар. Ол кімге ке­рек екенін, кімнің қысастығы екенін түсіне алмадым. Ол не дейсің ғой? Осы уақытқа дейін мемлекеттік тапсырыспен шы­ға­рыл­ған кітаптар 2000 таралым­мен шығарылып келді. Мен 30 баспа табақ кітапқа 2200$ көлемінде қаламақы алдым. Той жүргізуші Асабаға той иесі бір кештік даңғаза еңбегіне осынша ақы төлесе ол той иесінің бетіне лақтырып кетер еді… Мен 14 жыл бойы көне элладаны, Ви­за­н­тияны, Македонияны, сол кез­дегі Италияны, парсы им­перия­сының тарихын, Кіші Азия халықтырының тұрмыс-салты, Сақ әлемін құраушы Ти­грахауда, Хаомоварга, Массагет, Аримасты, Арийлер, Муаренахр, Соғды, Бактрия, Үйсін пат­ша­лығы, Қаңлы патшалығы жайлы 7-8 жыл тек оқумен, конспек­тілеу­мен, қолдан карта сызумен болдым. Бар ақпар бойымда кілкілдеп, оқи-оқи Александр­дың өзі қандай адам болғанын сезінгенде ғана жазуға отырдым. Европа жазушылары жазған 24 романның бір де бірінде Маке­донс­кийдің Парсы империясын 4 жылда талқандап, одан соң Үндіге алаңсыз аттану үшін кеңесшілерінің, тарихшылары­ның пікірін қабыл алып, сақ әлемін Үндіден оралып келгенше ес жия алмастай ету үшін біздің ата-бабаларымызбен соғысқа­нын, сұрапыл дауылша жайпай салам деген ойы іске аспай 3 жылда өзі шашылып қала жазда­ғаны еш шығармада айтылмаған. «Ұлы қолбасшы, әлемнің әмір­шілі­гінен дәметкен. Александр Қаңлы патшасының кенжесі Рохшанға ғашықтық жолымен үйленді. Оны бұрын осы тақы­рыпқа қалам тартқан евроцент­ристер құйқылжытып, Роксана Бақтұрдың ең беделді майбөксе­сінің қызы екен. Александрдың қалауына риза болып, табанын жалауға дайын болғандарын жазған. Ал шын тарих Алек­сандр­дың әлсіреп, сақтар­мен шешуші шайқасқа барса әске­рінің тамтығы ғана қалатынына көзі жетіп тұр. Әлем әміршісі болмақ түгілі Үнді жорығына дәрмені жетпей, елдегі Демос­фен­ның ығындағы оппозиция­дан және жасқанып дәл қазір өз еліне де беттей алмас халде еке­нін іштей мойындады. Милет қаласынан босып келген пат­ри­ций­лер, аристократтарға қара та­бан қара халыққа қаңлы пат­шасы Байтақ жер, мал беріп, жинақы қоныстануларына, өзі­мен өзі болуға мүмкіндік жасай­ды. Сол гректердің патрицийла­рынан мұғалім жалдап ба­лала­рын илида тілінде сөйлей ала­тын етеді. Ал ерекше туған Рохшан (көне қыпшақ тілінде Раушан деген есім осылай ды­быс­талған) әкесінің тілмашы бола жүріп, Александр бастаған делегациямен 5-6 мәрте кез­де­седі. Сол кезде Александр Рох­шанға шын пейілімен ғашық болады). Александр Рохшанға күн мен түн теңескен наурыз тойы күні құда түседі. Бірақ Байтақ бөркін аспанға лақтыр­майды. «Рохшанның бас еркі өзінде, анасы арқылы сөзіңді жеткізейін. Ал өзі не шешеді солай болады», – деп сөзін до­ғара­­ды. Рохшан сақтың 130-140 мың әскері мен соғыста әбден шың­далған грек-македон әскері соғысса ағалары мен 18 жастағы інісі мерт бола ма, бір мен үшін екі жақтан 80-90 мың адамы кеңістікте ыңырсып жатады-ау деген оймен Александрдың сөзін қабыл алады. Міне, осылай Сақ әлемінің ерлігін айтпай кеткен евроцентристік пиғылда­ғы 24 автордың сыңаржақ саясатына осы кітап арқылы лайықты жауап берілді.
– Елдегі кітап саудасына қайта оралсақ…
– Кітапты Қазақстандағы 15 мыңға жуық кітапханаға тық­палау дұрыс емес. 27 жыл бойы қазақ тіліндегі бір кітап қалың саудаға түскен жоқ. Жаппай сатылған жоқ. Сондықтан қазақ жазушыларын халық ұмыта бастады. Баспадан орауымен келген кітап жылт етіп жарыққа шығады да дереу кітапхананың күңгірт бір бұрышына барып түнекте тұрып сарғаяды. Қазір мен Қаскелеңдегі аудандық кі­тап­хананың қарсы бетінде тұрамын. Кітапханаға күніне 1-2 адам келе ме, жоқ па?.. Тым-тырыс. Жаңа «туған» кітапты осылай «өлтіріп» жатырмыз. Кітапханашылар қандай кітап келгенін, оның не туралы екенін ең болмағанда ватманға жазып та қоймайды. Одан гөрі кітап саудаға түскені жөн емес пе?! Бірте-бірте кітап сатып алушы­лар көбейеді. Оқитын кітабы болмаса балалар оның қадір-қасиетін, кез келген ойды, су­ретті, көріністі дәл бере ала­тын пластикасын, ішкі мәдение­тін, байлығын кімнен үйренеді?
1994-98 жылдары болу керек… Ә.Қажыгелдин премьер-министр болып тұрған шақта «Оптимизация культурных учреж­деннии деген желеумен 10 мыңдай кітапхана қоры өртелді. Екінші дүниежүзілік соғыс ал­дында Гитлер Берлинде Алек­сандр-плацта кішігірім шоқыдай етіп үйгізіп, кітап өртетіп еді. Біз «өртеуден» екінші орынға кө­те­рілдік. Ересектердің жайын былай қоя тұралық. Ал бүкіл ел болып мектеп жанындағы балаларға, онда да жас мөлше­ріне дәлдеп әңгіме, ертегі жазу ұмыт болды. Үйде немере­лері­мізге керек болар деп КСРО заманында балалар, жоғары сынып оқушыларына лайық деген кітаптарды ала беруші едім, қазір соны талғажау етіп отырмын. Ал заман осылай тұра береді деп ойлағандардың үрім-бұтағы не оқып жүр деген ой көкейден кетпейді… Қазақ­с­тандық патриотизмге үндейтін өлеңдер (тақпақтар) бар ма? Жаңа жыл, 8-наурыз, 21-22-наурыз, 1-мамыр, 9-мамыр, жыл мезгілдері, Отан, Астана, т.б. күндерге арнап жазылған тақ­пақ­тар қазір емге табылмайды. Ол туралы кім ойлауға тиіс?.. Білім министрлігі ме, әлде Мә­дениет министрлігі ме? Әлде осы мың салсаң бір баспайтын қазақ тілін жылы жауып шүлдірлеуге біржола көшеміз бе? Парла­мент­те де Білім және ғылым Коми­теті, Мәдениет комитеттері бар шығар? Сондағы кемең­герлер осы мәселелер туралы ойлай ма екен?.. Айта берсек, проблема көп. Сірә, әуел бастан бұл мәсе­лелерге билік жиреніш­пен қа­раған болар?.. Әуел баста жақсы адам тәрбиелеу мәселесі ұмыт қалғаны анық. Баршамыз дүние, табыс, ақша қуып кетсек керек. Бір данышпан айтқан екен: «Бі­рінші түймесін дұрыс қадамаған, келесі түймелерін де дұрыс қада­майды», – деп. «Рухани жаңғы­ру­ды» ел болып қолдап, мүмкін түзеліп те кетерміз? Ол әркімнің ар-ұяты, санасына жүк болсын…
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Назым ДҮТБАЕВА.

Пікір қосу