Өмір шаттығын жырлаған…
23.03.2018
1602
1

Қазақ поэзиясына өзіне тән ерекшелігімен келіп, 20-дан асқан шағында қара өлеңнің қаймағын ішкен аға буын ақындарды, қалың оқырманды мойындатқан Төлеген Айбергенов поэзиясы туралы Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Төлеген Айбергенов творчествосы – өлімді жеңіп шыққан өмір шаттығының жыры», – деп баға берген екен. Өмір шаттығын жырға қосқан ақынның 80 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Жазушылар одағында әдеби-сазды кеш өтті. Оған Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасарлары Мереке Құлкенов, Бауыржан Жақып, Бақыт Беделхан, Ақберен Елгезек, «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының үйлестірушісі Әлімбай Аманбайұлы мен ақынның қызы Салтанат Айбергенова, Жазушылар одағының мүшелері, студенттер мен өлеңсүйер қауым қатысты. Әдеби кешті Жазушылар одағының басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет ашып, Төлеген ақын шығармашылығын құрметтейтін оқырманды айтулы жыр мерекесімен құттықтады.

Төлеген ақынның 80 жылдық мерей­то­йына орай «Байтақ ме­кенім» қоғамдық қо­ры 80 естелік медаль шығарған еді. Бұл ме­дальдар ақынның мерейтойы аясында өт­кен Мәскеу, Астана, Ал­маты, Ақтау қала­ла­рында Тө­ле­ген ақын шығармаларын наси­хаттаушы азамат­тарға та­быс­талған. Жа­зу­шылар одағында өткен кеш барысында «Төле­ген Айбергеновке 80 жыл» естелік ме­далі Т.Жүргенов атындағы өнер ака­де­миясының ұс­тазы Дариға Тұранқ­ұ­­­ло­ва­­­ға, ақын, Халы­қа­ралық «Алаш» әдеби сый­лы­ғы­ның лауреаты Қасымхан Бегма­нов­қа, қазақ тілінің жанашыры, Айбергенов шы­ғар­маларын түрік тіліне аударған ақын Оғыз До­ғанға, өзбек тіліне аударған Ба­ходир Убай­дуллаевқа, ОҚМПУ-нің ректоры Оңал­­бай Аяшевқа, сонымен қатар Ахмет Өмір­зақ, Ша­рафаддин Әмір, Жаңыл Асыл­бекова, Ермахан Шайхы, Әсел Айымбет секілді қалам­герлер мен журналис­терге, блогерлерге бе­рілді.
Сондай-ақ, бұл медальді ҚЖО Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет еліміздің әр ай­ма­ғынан келген Асылан Тілеген, Нұртас Тұрған­бек, Нұрболат Жолдасбек, Тұрсын­бек Ба­шар, Бекзат Сма­дияр, Мерей Қартов, Ми­рас Асан, Әсел Кәрібай, Тілек Ырысбек, Еділбек Дүйсен сынды жас ақын­дарға өз қолымен табыс етті.
Кеш барысында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Да­рын» Мемлекеттік жастар сыйлы­ғының лауреаты, дәстүрлі әнші Сәуле Жан­пейісова Төлеген ақынның өлеңіне жазылған әнін орындаса, жас ән­шілер әннен шашу шашып, Т.Жүр­­генов атын­дағы өнер ака­де­мия­сының студенттері Т.Ай­бергенов өлең­дерінен ком­по­зиция­лық қойы­лым қойды. Өлең сөздің пат­шасын мәнермен оқып, ха­лыққа жеткізіп жүрген студенттерге Жазу­шылар одағының атынан арнайы алғыс хат тапсырылды.
Бұған дейін Жазушылар одағын­да «Төлеген Айбергенов поэзиясы және қазіргі заман», Ақтау қала­сында «Атамекенін аңсаған Айбер­генов», Шымкент қаласын­дағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педа­гогикалық универ­ситетінде «Т.Айбергенов аңсаған әлем» деп аталатын халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар өткен болатын. Ондағы ғы­лы­ми жұмыстар жинақ болып жарыққа шық­ты. Бұған қоса ақын­ның 80 жылдығы ая­сында Мәскеу қаласын­дағы Ұлт­тар үйінде (Мәс­кеу­дегі «Астана» қоры мен Алматы қаласы әкім­шілігің мә­дениет басқармасының қол­дауы­мен), Ақ­төбе облысының Байғанин ауда­нында, Ақтау, Ас­тана, Шымкент, Теміртау қалалары мен Өзбекстанның Нөкіс қаласын­дағы екі жо­ғары оқу орнында ме­рей­тойлық кештер ұйым­дасты­рылған.
«Байтақ мекенім» қоғамдық қоры ақын­ның 80 жылдық ме­рей­тойы аясында өзге де ай­тулы шаралар ұйымдастыруды жос­пар­лап отыр.

ПІКІРЛЕР1
Әлімбай Аманбайұлы Найзабаев 26.03.2018 | 11:43

«Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы мен ұжымына алғызымыз зор. Бұған дейін Т.Айбергеновтің 80 жылдығына орай «тұлға» деген айдармен төрт бет арнап, тамаша мақалалар жариялаған болатын. Сіздердің жұмыстарыңызңа табыс тілеймін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір