О, о, о, Көпен келе жатыр… Көпен бара жатыр!..
16.03.2018
2359
0

Мыңбай РӘШ,
ҚР Еңбек сіңірген мәдениет
қайраткері


– Ойхой! Әне… Көпен келе жатыр!..
Ой, көрерменін күлкіге көміп тастады-ау!
– Айтса айтқандай, Көпен дара батыр!
– Ау, ол енді қайда бара жатыр?..
– Сайыпқыран сатирик қой,
Барар жері көп қарада тұр…
Он сегізінде әскерге барды,
Сатириктер «сүзіскен» байқау Мәскеуге барды.
Бас жүлдені қалпағымен ұрып алды.
Сый-сияпатты қырып алды.
Біз білетін Көпеннің
Сара жолы мен дара жолын
Санап тауыса алмайсың… қиын!..
Оған жетпейді миың!
Қаршадайдан баспаханада вахтер болды.
Отырар театрында актер болды.
Алматы облпрокуратурасында
Баспасөз хатшысы болды.
Бас бүркөрөр Қайрат Мәмидің хатшысы болды.
Парақорды прокурарша бүгесінен түсірді.
Жалақорды шігесінен түсірді.
Тоңмойынды топқалаң асырды,
Шатақшылды тоңқалаң асырды…
Қияс қылықтыларды,
Қаламмен сою қасірет болды.
Түбін түсіре тексергенде
Бір мекемеде бес рет болды…
Қазрадио мен Ара журналында
Бас редактор болды.
Сатиралары сара атанға жүк болғандай
«Аты жоқ» – сықақ жазды.
Отыздан астам кітап жазды.
Крылов, Михалков, Маршакты
Мұртын сындырмай қотарғанда
Деген жоқ еш «шаршатты»…
Ау, шегір көз шәкіртім
Көпен Әмір бек
Қайда бара жатыр?
Білесіңдер ме?
– Білеміз, білеміз.
Сөйлей қалса күлеміз.
– Тсс… ешкімге тіс жармаңыз,
Ол нағыз… ол нағыз
Атышулы дара батыр!
Қырсыздарға орнатып «заманақыр»,
Дарын таудың шыңына бара жатыр.
Шоң шабытымен шыңға да шығады.
Неге десең,
Таланты толысқан,
Бойында мол ұстам,
Дара жолда…
О!.. О!.. тфә, көз тимесін…
Көпен келе жатыр…
Көпен бара жатыр!..

Су басу мен
шуласу…
Көктем ізін қуа
Қасат қардың қабырғасы сөгілер,
Тоң-мұз еріп сай салаға «төгілер»
Әлек салған «құдасындай» ақынның
Тасқын тулап, ауыл жаққа жөңкілер.
Мұздай дүлей тұрғын үйді құлатар,
Қора-қопсы, моншаларды сұлатар.
Қарияларды қайғыртар,
Жас бөбекті жылатар.
Осылай еді былтыр да,
Осылай болды биыл да…
Күнкөріс соқты қиынға,
Еті үйренген төрелер
Мұны алмайды миына.
Өйдөйт!
Су тасқыны басталысымен
Тұс-тұстан өкіл қаптайды.
Әкім біткен абыржып,
Ауылға қарай аттайды.
Бөтенше жақтан келгендер,
Төтенше сөзін бастайды.
«Сөйтеміз де бүйтеміз!»
Уағдалардан аспайды.
Тұрғындарға мал-жан мен
Бас қайғы.
Тұтқиыл тасқынға еті үйренген төрелер,
Сырттай «қап-ай!» дегенмен,
Іштей мүлде саспайды.
Төтеншеліктер бөтенше бөседі.
– Әне, эксковатор көседі,
Бөгет жасаушылар бар деседі.
Мылқау тасқын тыңдасын ба?
Шара қолданбағандарды жыл басында,
Басынғандай мөңки береді.
Үрейлілер мыстары құрып «көңки» береді.
Биліктегілер
– Бұл табиғаттың ылаңы, – деседі.
Халықтың қажет шыдамы! – деседі.
Жал-жал болып үйілген қар суы,
Қойға шапқан қасқырдай
«Арсалаңдап» тасып жатыр.
Әлдекімдер бума жүктерін арқалап,
Үйлерінен қашып жатыр.
Айтпаңыз деймін,
Жыл сайын су басу да,
Ойбайлап шуласу да,
Дағдыға айналып кетті.
«Ауру қалса да, әдет қалмайды»,
Мұндай жауапсыз әдеттен,
Мағыналы медет қалмайды.

Білесің бе?.. білсеңіз «күлесіз» де…
Ау, ағайын!
Оқырман!
Алты рет ашылып
Алты рет жабылып отырған.
Тотияйын тілі болмаса,
Сырқаты жоқ,
Жанашырлар қолдамаса
Өздігінен ұшуға мұржасы жоқ,
Басылым барын білесіз бе?
Ә… білсеңіз лажсыз «күлесіз» де.
Ол жар дегенде жалғыз дара –
Сатиралық журнал «Ара»!
Басы артық сөз қаламасақ,
Түп-төркінін қазбаламасақ,
Қалың оқырман аманатымен,
Ғабит Мүсіреповтің шапағатымен,
Осыдан алпыс жыл бұрын ашылып еді.
Тәңірім жарылқасын! – деп.
Күлкі шашуы шашылып еді,
Ұзақ ұйқыдағы жасырулы
Басылымды
– Басыңда көтер!
Ұйықтағаның жетер! – деп.
Тірілтіп алған
Классик жазушымыз Мүсірепов,
Оқырмандар «тәубә» дескен,
Оған да шүкір етіп.
«Алдарыңа барамын,
Қыңырлар мен жемқорды
Аямастан шағамын!» – деп.
Ұша жөнелген «Арамыз».
Тоңмойындар мен топастардың,
Жең ұшынан жалғасқан жақтастардың.
Небір «дөкейдердің» үрейлерін қашырды,
Өз беделін алты қырдан асырды.
…Заманымыз нарық болды.
Біреу семіз, біреу арық болды.
Қаптаған салық болды.
Істері алға басқандар
Ха-ха-халасып қарық болды.
Көп ұйым өз қотырын өзі қаситын болды,
«Өткірміз» дейтіндер жұқарып жаситын болды.
Нарық салмағы «Араға» түсті,
Ақтың талғамы «Қараға» түсті.
Бас редактор Көпен
Бұл қиындыққа төпеп,
Еңсесі түсіп безеп қақты.
«Қол қусырып жатпау керек!
Қолдаушыны тапқан керек!…».
…Қаржы қыспағынан,
«Ара» қанаты талып, құлап түсті.
«Ара жабылды» сөзі,
Құлақтан құлаққа ұшты.
Шегір көз Көпен
Жол тауып төтен,
– Кәні, әуп! Орныңнан тұр! – деді.
«Ара» тағы қанат қаға бастады,
Оқырманын таба бастады.
– Оу, Көпен!
Жарайсың! – деді.
Қолдаушыға көп алғыс,
Өзіңе ақ алғыс!
Қамқоршылар табылса,
Шалғайға ұшып барармыз!..
Тілегі осы «Ара»-ның,
Қалғанын өзің қарағын!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір