ҚАРЫМДЫ ДУЛАТИТАНУШЫ
16.03.2018
1787
0

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымының
докторы, профессор,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дің «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры


1990 жылдардың соңына қарай дулатитану ғылымына қарай оң бетбұрыс жасалды. Оның басты себебі, еліміздің тәуелсіздік алуы, өзді-өзімізге келіп, жоғымызды іздеп, түгендей бастауы­мыз еді. Әлбетте, XV ғасырдың соңғы жылында дүниеге келіп, қым-қуыт талас-тартысы мен өзара қырқысқан соғысы мол XVI ғасырда өмір кешкен үлкен қайраткер-ойшыл, әскери қолбасшы, танымал ғалым, жазушы, ақын, тағдырдың жазуымен Үндістан жерінде мәңгілікке орын тепкен Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати туралы бұрын да жазылып жатты.

Оның атақты «Тарих-и Рашиди» еңбегі туралы орыс ғылымына алғаш танытушылардың бірі Ш.Уәли­ханов болды. Академик Ә.Марғұлан өткен ғасырдың қыр­қыншы жылдарында М.Х.Дулати туралы арнайы ғылыми мақала жазып, оның қазақ тарихын тану­дағы орнын даралап айтты. Әлемдік ғылымда атақты ғалым бабаның «Тарих-и Рашиди» еңбегі туралы терең зерттеулер жазылып жат­қан­да, шындығы керек, жоғарыда айт­қандай жекелеген жағдайлар бол­маса, қазақ ғылымында дулати­тану­ға тұтас бетбұрыс жасалмай жат­қан еді. Қазақстандағы іргелі оқу орындарының бірінің М.Х.­Ду­ла­ти есімін алуы, алда бабаның 500 жылдық мерейтойының келе жатуы тәрізді жайлар да ықпал жасады. Оның бер жағында белгілі шы­ғыстанушы ғалым Ә.Дербісәлі шетелде елшілік қызметінде жүр­ген­де де, Дулати тақырыбын ойынан бір мысқал шығармай, ғылыми ізденіс үстінде болған. Осындай жай­лар жалғаса келе, бірін-бірі қоз­ғап, біріне-бірі себеп болып, қа­зақ ғылымында дулатитанудың жаңа серпінмен дамуына мүмкіндік ашты.
Сол 90 жылдардың соңынан бе­рі ұлттық дулатитану саласында тұ­рақты, қажырлы еңбек атқарып келе жатқандардың қатарында М.Х.Дулати қоғамдық қорының ди­рек­торы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұхтар Қазы­бек­тің есімі мен еңбегі де айрықша ат­алады. Әсіресе, оның әлем ха­лық­тарының көптеген тіліне ау­дары­лып, ғылыми-әдеби жәдігер, тарихи дерек көзіне айналған ба­ба­мыздың «Тарих-и Рашиди» еңбе­гін қазақ тіліне аудару, қазақ оқыр­ман­дарына жеткізу жолында тын­­бастан, үздіксіз жиырма жыл­дың көлемінде жұмыс атқарып ке­ле жатуы – ешқандай жасқанбай-ақ, ұлт мәдениетіне қосылған
ел­еулі үлес деуімізге болады.
Дулатитанушы М.Қазыбек пен парсы тілінің маманы, ғалым Ә.Нұралиевтің бірігіп аударып, қа­­зақ оқырманына ұсынған «Та­рих-и Рашиди» («Хақ жолындағылар тарихы») еңбегі (Алматы: «Мирас» баспасы, 2015. 768 б.) – сол ұзақ уа­қытқа созылған қажырлы ең­бектің жемісі. 1999 жылдан бастап дулатитану саласында тұрақты еңбектенген ол қолжазбаны аудару жұмысына 2005 жылдан белсенді қа­тысып, бұл істі 2013 жылы аяқ­та­ғанмен, одан кейінгі уақытта да үнемі жетілдіру, өңдеу үстінде болған. Тәржіма жасаушылардың айтуынша, «Тарих-и Рашидидің» толықтырылған бұл жаңа басылымы душанбелік көшірме нұсқа негізінде жолма-жол аударылған. Кітапта М. Қазыбектің елу бетке жуық «Адамзат ақыл-ойының алы­бы» атты көлемді мақаласы берілген.
Көлемді мақалада автор Мұ­хам­мед Хайдар Дулатидің (1499-1551) мемлекеттік, қайраткерлік, ғылыми, әдеби – өзге де сан салалы еңбегіне, айрықша дарын-қа­біле­тіне жан-жақты сипаттама бере келіп, оның басты клас­си­ка­лық еңбегі «Тарих-и Рашиди» туын­дысын жазудағы мақсатына, шы­ғарманың жанрлық ерек­ше­лігіне кеңінен талдау жасайды.
Автор шығармасында өзі, ата-тегі жөнінде молынан мәлімет бере келіп, туындысын жазудағы басты үш мақсатты айқындайды.
«Тарих ғылымының мүддесіне орай барлық оқиғаларды саралап, айырмашылығын бір-бірімен салыстыра отырып, сабақтастырып баяндау керек. Тарих ғылымының маңызын тек көпшілік қана емес, бүкіл әлем мойындаған, сөйтіп адамдар ата-бабалары туралы мә­ліметтерді, көне дәуір оқи­ға­ла­рын әңгіме етіп, оларды өз кәдесіне жаратып келген. Алайда түрік­тер­дің басқа халықтардан бір ерек­ше­лігі – олар өздерінің барлық көр­ген-білгендерін, өткен кезең оқи­­­ғаларын ауызша түрде әң­гі­ме­леп отырады. Сөз жоқ, кейде ғи­ба­дат қылушылардың ақыл, пайым­дарының да бізге сол қаз-қалпында жете бермейтіндігі бір ғана құдайға аян», – дейді ол [«Тарих-и Рашиди» («Хақ жолындағылар тарихы») / Аударған М. Қазыбек, Ә. Нұралиев/, Алматы: «Мирас» баспасы, 2015. – 768 б., 57-б. Бұдан кейінгі кейбір үзінділер де осы еңбектен алын­ған].
«Мен, Мұхаммед Хайдар ибн Мұхаммед Хұсейін, немере-туыс­тарымның, ағайын-жұрағат­тарым­ның арасында Мырза Хайдар аты­мен танымал болған едім. Өзімнің хал-жағдайымның, мүмкін­ді­гім­нің жоқтығына, пұшайман­ды­ғыма әрі бейшара күйіме әрі па­қыр­лығыма қарамастан аса қажет деп есептелгендіктен, осы игілікті жұмысты қалайда қолға алуға бел байладым. Бөгде ел басқын­шы­лары­ның езгісінен жуырда ғана құтылып, азаттығын алған моғол хандары (қағандары) өз елінің болашағы үшін көп қауіп-қатерге, қиыншылықтарға төтеп бере білді. Дүрбелең оқиғалардың себеп-сал­дарынан ел арасындағы шежіре, оқиғаларды тарих бетіне хаттап түсірушілер болмады, содан жазылмай қалды, сол себепті олар өздерінің өткендері мен бүгінгісін ауызша түрде ғана әңгімелеп отырған.
Бүгінде, яғни, 951 (1544-1545) жылы тарихымызда, бастан кешкен оқиғаларды, аңыз-әңгімелерді еске сақтап қалған қарттар жоқтың қасы. Сондықтан да бұл жұмысты қолға алып, атсалысуды қажет деп таптым. Егерде осылайша батыл әрекет жасамайтын болсам, моғол хандарының өткендегісі мен бүгінгі хал-жағдайы да тарих бетіне енбей қалатын түрі бар. Осы жайды ойлағандықтан, мына тарихи оқи­ғаларға ой көзімен қарап, зерделеуді өзіме мақсат еттім. Осы кітапты оралымды да бейнелі, әрі дәстүрлі әрі мадаққа сай сөздермен бастауға шама-шарқымның келетіндігіне кәміл сенімім жетті», – дейді ұлы баба.
Шын мәнінде, кітаптағы оқиға орамдары мен оның баяндалу шеберлігі М.Х.Дулатидің ғалым, әрі жазушылық талантын аша түс­кен. Оның үстіне кітаптан алынған жоғарыдағы үзінділерді біршама толық келтіріп отырған себебіміз – нұсқаны қазақ тіліне аударушылар М.Қазыбек пен Ә.Нұралиевтің жемісті еңбегін көпшіліктің назарына ұсыну. Аударма тілінің жатық та түсінікті болуы – қажырлы ең­бек пен қарым-қабілеттің нәтижесі. Бұл көпшілік қауымның ұлы баба мұрасын оқуға жол ашады. Аударма тілі түсініксіз, шұбар ала болып жатса, оны кім оқиды, оның байыбына кім жетеді? Жалпы, біздің байқауымызша, М.Қазыбек пен Ә.Нұралиевтің «Тарих-и Рашидиді» қазақ тіліне жатық та көркем, шебер аударып шығуы дулатитанудағы сәтті қадам болды. Бұл еңбек ал­дағы көптеген зерттеулерге жол ашары сөзсіз.
М.Х.Дулати бұл айтулы шығар­ма­сын неге Тоғылық Темір ханнан бастағанын да ашық айтады. Оның дулатитанушы М.Қазыбек жаз­ған­дай, үш түрлі басты себебі бел­гілі.
«Бірінші себебі – Тоғылық Те­мір ханнан бұрынғы хандар жайлы жазылған тарихнамалар болғаны­мен, одан кейінгі болған оқиғалар толық баяндалмаған, сондықтан өткен тарихты қайталап жазуды қажет деп таппадым. Ол тарихна­ма­дағы біраз оқиғалар Тоғылық Темір ханға байланысты болған­дық­тан, оларды тағы да қайталап жату «Евфрат дариясының жаға­сынан құдық қазғанмен» бірдей еді.
Екінші (себебі) Тоғылық Темір ханнан кейінгі хандардың ешқай­сы­сының дәрежесі мен мәртебесі ол жеткен деңгейге жеткен емес, мемлекеттің дәулеті де [қуаты да] соншалықты болған емес.
Үшінші себебі – моғол хандары­ның ішінен Тоғылық Темір бірінші болып ислам дүниесінің шұғыла­сына бөленді, тек содан кейін ғана ол елін кәпірлік тауқыметінен құт­қарып, исламның құдіреті мен шапағатына бөленуге қол жеткізді, сөйтіп бүкіл ұлысын исламды тұ­тын­ған елдер қатарына қосты. Сол себепті бұл тарих оның даңқты атымен байланысты, ол туралы әңгімеден басталмақ. Сөйтіп жоға­ры­да айтылған осы үш жағдайға байланысты бұл тарихты шынында да Рашидтің (Хақ жолында­ғы­лар­дың) тарихы деп атауға болатын еді».
Кітаптың жанрлық сипатын
М. Қазыбек өзіне дейінгі әдебиет­тану­шы ғалымдардың пікірлерін қолдай отырып, әдеби-мемуарлық роман деп таниды.
Көлемді мақала «Моғолстан. Моғолдар дегеніміз кімдер?», «Қа­зақ тарихының атасы», «Қазақтың тұңғыш жазушысы», «Ғұлама ға­лым», «Мұхамед Хайдар Дулати шы­ғармасының дүниежүзілік тарихи маңызы» деген бөлімдерден тұрады.
«Моғолстан. Моғолдар дегені­міз кімдер» деген бөлімде туындыда кеңінен айтылатын мемлекет, этника атауына тоқталады. Мұндағы басты ой Моғолстанды Моңғолстанмен шатыстырмау қажеттігі, оның бір-біріне мүлде жанаспайтын екі ұғым екендігі арғы-бергі ғалымдардың пікірлері­мен, өз ой қорытындысымен
дә­йек­теліп беріледі. Моғолстан мен монғолстанды шатыстырып қол­дану жайын біз де байқадық. Ду­лати­ді терең зерттеуші, тың мәлі­мет­терді алға тартушы әйгілі үн­дістандық ғалым Мансура Хай­дардың еңбектерінде де монғолстан сөзін қолдану ұшырасады. Мұның дұрыс еместігі белгілі жай. М.Қа­зы­бек бұл тарихи процесті ғы­лыми негіздеп баяндаған академик
Ә.Мар­­ғұланның: «Жетісудің сол кездегі саяси аты Моғолстан болса, мекендеген тайпаларды ресми тілде моғол деп атады. Бірақ бұл моғол деп отырған көшпелі тайпалар монғол да емес, ұйғыр да емес, өзбек те емес, түрік тілінде сөй­лейтін сол жердің тарихи заманнан келе жатқан тұрғын халқы болатын. Екінші түрде айтқанда, моғол деп атаған елдер – кейін ұлы жүз құрамына кірген үйсін мен дулаттар, қаңлы мен шанышқылы, жалайырлар. Бұларды біріктіріп, саяси тіршілік ретінде не моғол, не дулат деп атағандығы байқалады. Дұрысында бұл моғолдарды шаға­тай ұлысынан бөлініп шыққан сол кездегі қазақ тайпаларының (ұлы жүздік) бірінші саяси тіршілігі деуге болады», – деп келетін пі­кі­ріне сүйенеді.
«Дулати прозасы – әңгімелеу прозасы, оқиғасы баяндау сипатында өрілетін туынды, сонымен қатар керемет ғибратты диалогтерге құрылған шығарма. Қаламгер оқиғаны баяндай отырып, әңгіме, диалог формасын шебер қолдана біледі, әңгімелесу үстінде кейіпкер­діің психологиясын, қимыл-қоз­ғалысын, бет-бейнесіндегі құ­бы­лысты өте нәзік түрде бейнелейді.
Мұхамед Хайдар адам портретін қара сөзбен кестелеуде хас шебердің небір қайталанбас үлгісін көрсетеді. Дулатидің әдеби стилі мен тілінің көркем де айшықтылығы, бейне­лі­лігі, ойын образбен берудегі шеберлігі, оқиғалардың барысын, желісін үзбестен сатылап жеткізіп отыратын баяндау үлгісі – «Тарих-и Рашидидің» өн бойынан сезіліп отырады. Сонымен қатар салыстыру, әдеби шендестіру, теңеу тәсілін де қаламгер өте ұтымды қолданады, ол оқырманын жалықтырып алмау жағына ерекше мән береді. Айтып отырған оқиғаға оқырман тарапынан сенімсіздік тудырмас үшін – әбден екшеп барып, оқырманға жеткізуге тырысады», – дейді зерт­теуші туындының көркемдік сипаттарын жинақтай айтып.
М.Қазыбектің бұл ой-толғам­да­ры­на біз толық қосыламыз. Шын­ды­ғында, М.Х.Дулатидің туындысын бір жағынан тарихи-шежірелік ғылыми еңбек деп қарағанымызбен, ондағы қолданылатын әр алуан көр­кемдік амал-тәсілдер, сөз құ­былтулары мен айшықтаулар бұл туындының әдеби сипатын да ажар­лай түседі.
Қалай дегенде де, М.Қазыбектің М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегіне қатысты айтқан әдеби ой-толғамдары ескерерлік пайымдаулар. Сондықтан шығарманы әдеби-көркемдік тұрғыдан зерттеуде автордың ой-толғамдары ескеріліп, пайдаланылуы қажетті деп біле­міз.
«Дулатидің дүниетанымын те­ре­ңірек әрі жан-жақты қарастырып тану үшін алдымен оның фи­ло­софиялық-гуманистік идеяларына, педагогикалық-психологиялық ой-толғамдарына, тарихи-құқық­тық пайымдауларына, мемлекеттік басқару, қолбасшылық толғам­да­рына талдау жасап, зерделеуіміз керек. Дулати қазақтың әл-Фара­биден кейін шыққан философы, ол жазба мәдениетке негізделген тарихи-сабақтастық арналары қайнарлы философтардың ілімін өз бойына сіңіріп, олардың тәжіри­белерін өз дүние танымын да­мы­ту­ға пайдаланып, көркем шығар­ма­сында шебер қолдана білген ой­шыл сөз зергері, Дулати қазақ фи­лософиясының дамуы мен қа­лыптасуына өз тарапынан үлес те қоса білген білімпаз ғалым», – дейді зерттеуші.
Осы ретте М.Қазыбек оның әдебиет, өнертанушы, кітаптанушы ғалым екенін де айта келіп, ұлы бабаның кітап көшірушілер туралы жазған бөлімінің қазірде қы­зығып оқитын, танымдық, тарихи мәні жоғары, кітап басу ісінің, кітапты көркемдеу өнерінің, кітап шығару мәдениетінің жетістіктері туралы жазылған арнайы салалы еңбек екенін атап өтеді.
Сондай-ақ, зерттеуші Мұхам­мед Хайдар Дулати шығармасының дүниежүзілік тарихи маңызына кеңінен тоқталып, күншығыс тарихын, Орталық Азия, Шығыс Түр­­кістан, Тибет және Үндістан туралы жазған тарихшылар, жазушылар «Тарих-и Рашиди» кітабына сенімді дереккөзі ретінде пайда­лан­ғанын айтады. ХІХ ғасырдағы қазақ ғалымы Ш.Уәлихановтың Қашқарияға барған қауіпті сапарында «Тарих-и Рашидидің» аудармасын шекарадан алып өткені, сөйтіп орыс зиялы қауымына бұл еңбекті алғаш таныстырушы бол­ғаны айтылады. Шоқанның мақа­ласында Мұхаммед Хайдардың генологиялық кестесін жасалған. Зерттеуші М. Қазыбек дулати_тану­дың кейінгі кезеңдегі зерт­теу­леріне де сипаттама жасайды. Әсі­ресе үндістандық ғалым профессор Мансура Хайдардың тынымсыз зерттеу жүргізіп, М.Х.­Ду­лати жөнінде ағылшын тілінде кітап жазуын жоғары бағалайды.
Бір кездері қолжазбадан кө­шіріліп, әр алуан нұсқалары әлем кі­тапханаларына кеңінен тарап кеткен ұлы баба мұрасы арада бірнеше ғасыр өтсе де, зерттелу үстінде. Өз бағасын жоймаған құн­ды жәдігер бүгінде қазақ ғалым­дары тарапынан да қарастырылып, зерттелуде. Міне, соның қатарында белгілі дулатитанушы Мұхтар Қазыбектің зор еңбегі бар. Оның және белгілі ғалым, профессор Әбсаттар Нұралиев екеуі бірлесіп аударған «Тарих-и Рашидидің» душанбелік көшірме нұсқасы ду­латитануға қосылған сүбелі еңбек болды деп білеміз. Жақсы аударма ғылымға жол ашады. Ендеше, дулатитану ғылымы жаңа зерттеуімен дами түсері сөзсіз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір