Деректі жанрдағы дәуір дидары
16.03.2018
2284
0
Жақау Дәуренбеков,
жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері


Әдебиет – өмір айнасы.
Санамызға сіңіп қалған осынау сындарлы сұлу ұғым жадымыздың өшпес жазуындай.
Көзі қарақтының бәрі бас иетін осынау әдебиеттің сыры да, жыры да Өмір екені ешқандай дау тудырмаса керек.
Иә, қай заманда да қаламның ізі – өмірдің ізі болып қала бермек.

Ал, өмір дегенің өзегі талмас ғұ­мыр ғой, күннен күнге жаңғыру үс­тінде, ойдан асып озып барады: ғала­мат өзгерістерімен, даму үрдістері­мен, заманауи жаңалық­тарымен, қиялдағы кереметтерімен, зерделі жаңғырулары­мен;
Осылай өрлеуіне қарап ойға беки­сің – бұл Өмір мәңгілік энергиямен жаратылған, адамзаттың ақыл-ойын алға салған ғаламдық процесс екен. Әдебиет сол процестің қарапайым жыршысы десек те болар.
Оның бәрі әдебиеттің сан алуан жанр­ларының басты тақырыбы бо­лыпты, қазіргі дамуында да сол дәстүр жалғасын тауып келеді.
Осы орайда Әдебиеттің бір саласы – деректі прозаның екі құрылтай аралығындағы көрінісі толғамды да тартымды көрінер еді. Бұған қарап – қазіргі күн деректі жанрдың дәуірі десек те артық айтқандық болмайды.
Аты айтып тұрғандай дерек пен дәйек­тен тұратын, тағдырлардың ақиқатын ашып көрсететін, сол ке­зеңнің тыныс-тауқыметін бар қы­ры­нан баяндайтын бұл прозаның ерекшелігі – барды-бар, болғанды-болғандай аршып көрсетіп, ақиқатын алға тартуында, бәрін қаз-қалпында көркем сөзбен кестелей білуінде.
Осы ретте деректі проза шығар­ма­шылығының алға шығуы уақыттың талабына сай өнімді де өнікті болуында дер едік. Екі құрылтай аралығында деректі прозаның жаңа туындылармен толыға түскенінен оқырманға жеткен деректі туындылардың тек сандық жағынан ғана емес тақырыптың жа­ғы­нан да жаңғырған жаңа тұрпатты өмір­дің өзіндей жаңа беласулар мен биік­терге көтерілгенін мойындауымыз керек. Бұған деректі шығармалардың саны жағынан да, авторларының жаңа есімдермен көбейе түсуі де дәлел бола алады.
Айталық жыл сайын деректі проза­ның дүниелерін қорытындылап таразылау дәстүрі көп жайды алды­мызға жайып салады. Бірден көзге түсетіні – деректі прозаға атбасын бұрған көрнекті қаламгерлеріміз.
Бірінші лекте тарихи деректерге не­гізделген шығармалар оқшау кө­ріне­ді. Классик жазушымыз Мұхтар Мағауиннің «Шыңғысхан», Әнес Са­райдың «Ноғайлы» тарихи баяндары тұнып тұрған дерек пен шұрайлы тілдің тамаша үлгісі дерліктей. Тарихи қойнаудан сыр тартатын Нұрлан Қа­миевтің «Мөде хан», Талас Әсемқұлов­тың «Тұмар патшайым», Шәрбану Бейсенованың«Сүзгенің соңғы күн­дері», Ұзақбай Доспамбетовтің «Абы­лайдың ақ туы», Зейнолла Тілеу­жа­новтың «Қаракерей Қабан­бай»,Өтеш Қырғызбаевтың «Сү­гір»роман-хикаят­тары да тарихи де­рек­терді жаңаша көзқараспен, ұлт­тық пайыммен ұлықтай әпсеттеуімен ерек­шеленеді.
Белгілі тұлғаларымыз жайындағы деректі прозаның қоржыны да жылдан жылға толыға түскен. Атап айтқанда – Ахат Жақсыбаевтың «Иса ақын», Еркінбай Әкімқұловтың «Шәмші», Толымбек Әбдірайымның «Ағыл – тегілі», (Ілия Жақанов туралы), сондай-ақ қара сөздің хас шебері Қалихан Ысқақовтың «Келмес күндер елесі» мемуарлық роман-эссесі дерек­тік салмағы мен шынайылық сипаты және көркем тілімен жазылуы жағы­нан кемел туындылар.
Бұл қатарды Болат Бодаубайдың «Тұлға»(Еркеғали Рахмадиев туралы), Әділ Дүйсенбектің «Менің Шер-ағам», Зәкір Асабаевтың «Мэс­т­ро» (Ермек Серкебаев туралы), Қали Сәр­сен­байдың «Шал мен шындық», Қайсар Әлімнің «Өз өрмегім» (роман-күн­делік), Жанат Елшібектің «Түсімде көрген кітап» (роман-эссе) кітаптары – бүгінгі күннің бірегей тұлғалары жайлы баяндары толықтыра түседі. Мұндай дүниелер өткеннің жақсысын танып білу үшін, ең бастысы ұрпақ санасына сәуле түсіру үшін керек.
Ал қаламгер-журналистер Бауыржан Омаровтың «Онбірінші қаламұш», «Төртінші билік» пен Шархан Қазығұловтың «Оңашадағы онлайн ойлары» – форма мен стилдің жаңаша үлгісін тауып үдеден шыға білген, шұрайлы тілі мен орайлы ойы өрген бұрымдай өрелі баяндар. Бұл ерекшелігі басым дүниелер ғана емес, дәлірегі – кәдуілгі кәсіби жазудың көпке белгілі қалыбына жаңаша үрдіс әкелген қалами құбылыс (Дәйектей түссек, қазақ журналистикасындағы құбылыс дейік). Тілегіміз – осындай жазыс жалғаса бергей. Дәуір мен Уақыт үніне үлес қосып, тәуелсіз­дігі­міздің тұғырын нығайта түсуде қал-кадерінше тер төгіп жүрген заман­дастарымыз жайлы да аз кітап жарық көрмепті. Деректі проза – бұл тұрғыдан келгенде уақыт лебіне сай ұшқырлық танытқанын көреміз.
Аңыздан ақиқатқа дейінгі аралық­ты деректі дүниелерімен толықтырып, жалғап, ақтаңдақтарын аршып жазуға ден қойған авторлар қатарына Орыс­бай Әбділдаұлының «Ой тоғыс», Ораз Қауғабайдың «Әлмеректің бес баласы және Еділ-Жайық», бүгінгі күннің қаһармандары хақында, замана толға­нысы жайлы Жұмабек Кенжалиннің «Қалам қанаты», Әділғазы Қайыр­бе­ков­тың «Тұлғалар тағылымы», Талғат Айтбайұлының «Ел мен мен», «Айтпай қойды-ау демеңіз» кітаптары, сөз жоқ оқырманды жатық жазылуымен бау­рап алары айшықты да әсерлі, терең толғамды ізденістен туған дүниелер дер едік.
Жарыққа шыққан деректі дүние­лер­дің (роман-эссе, хикая, повестер, публицистика, толғамдар, т.б.) енді бір тобын қабырғалы қаламгерлер құ­райды. Бұрын көркем шығарма жазып көпке танылған бұл авторлар деректі шығармаларымен жаңа үрдісті пуб­ли­цистиканың үлгісіндей оқылымды, ұлт­қа берер тәлімі, айтар ақиқаты бар, ұрпақ жадына ұлағат үнін қалдырар, осылайша өз оқырманын таба алар дәйегі мен мәйегі мол дүниелер жа­зып­ты. Атап айтқанда:Самат Ибраим­ның «Сыр перне», Зәкір Асабаевтың «Ешкім білмейтін айла», Көлбай Адырбектің «Жүрек жұтқан», авторлар ұжымының «Герольд Бельгер кім?», Бегімбай Ұзақ­баевтың «Намыстан шыңдалған қайрат», Нұрмахан Ораз­бектің «Өт­кенге өкпе жүрмейді», Итен Қарым­сақұлының «Жүрек жазбалары», қаламгер Сәрсенбек Бекмұратұлының «Айтқыштар», Нұр­лытай Үркім­бае­ваның «Аласармас асқарлар» деп аталатын кітаптары.
Жыл сайын жыл қорытындысында деректі жанр прозасы бойынша байыпты баяндамалар жасалынады. Оларды қаламы қалыптасқан қалам­герлеріміз Жақау Дәуренбеков, Ма­ғира Қожахметова, Сара Ләтиева, Өтеш Қырғызбаев, Жұмабек Кен­жа­лин, Төреғали Тәшеновтер жасап бар­ды бағалай, жетістікті саралай білді.
Сөздің орайы келгенде айта кете­тің бір нәрсе – жарық көріп жатқан деректі дүниелердің жүйесіздігі. Көбісі «Өнегелі өмір» дегенді айдар етіп шығып жатады. Авторларды баспалар жағы да еркіне қоя бергендей, тақы­рыптарына қарай тұрақты сериялар ашу жағы ескеріле бермейді. Содан келіп бірін-бірі қайталау жиі ұшыра­сады. Бұл жерде басты гәп – серия ашуда бәсекелестік қажет емес, бірін-бірі толықтырып жататын, әр салаға сай айдарлардың ажарын ашатын жүйелілік, бағдарынан айнымайтын бірегейлік керек (Хош делік, әрі кеттік).
Кітап шығарудың бүгінгідей тас­қынды нөпірінен татымдысын, тағылымдысын таңдай білу, талғамға сайын оқуға ұсына алсақ ол – оқырман халықтың олжасы. Жаңа қоғамның өрлеуі мен өркендеуі кезінде кітаптың идеологиялық қуатты күш екені баршаға мәлім басы ашық мәселе. Демек, дәлелді қажет етпейтін талғам­ның сыны-тағасы таймайтын, тала­бынан танбайтын сын.
Иә, шыққан кітап көп. Оның бә­рін біле бермейміз, ал баяндамаларда қолымызға тиген кітаптардың шабысы мен табысы таразыланып талданды, талқыланды, байыппен бар қырынан сараланып бағасын алды.
Көп дегеннен шығады, асылында осының бәрі Тәуелсіздігіміздің арқасы екені даусыз. Ендеше сол тәуелсіз­дігіміздің қадірі мен қасиетін білуіміз керек-ақ. Оны айта жүру парызын ұмытпайық. Осы ретте қаламгер – замандасым Орысбай Әбділдаұлының мына бір өткір сөзі ойға оралып тұр.
«…бүкіл Қазақ елінің қам-қаракетін, жауапкершілігін мойнына артып, күн демей, түн демей күш-қуатын, ақыл-ойын арнап жүрген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлын сыйлау, құрметеу кім-кімге де болса парыз, міндет, адамшылық дер едік. Ел Тәуелсіздігі жолындағы жанқиярлық еңбектерін қалам ұстаған зиялы қауым жан-тәнімен түсінетіні ақиқат нәрсе. Атқарылған қыруар жұмыстар баяндалатын бұрын-соңғы кітаптарына және бір соқталы дүние қосылғаны бүкіл жұртшылықтан қол­дау тауып отыр. «Ұлы Дала ұлағаттары» аталатын бүгінгі таңдағы ең­бек қандай өлшемге салсаң да аса салмақты дүние, Тәуелсіздік жылда­рындағы бағалы жылнама, шежіре деуге толық негіз бар. Мемлекетті қа­лып­тас­тырудағы қилы-қилы қиын соқпақтар, жанкешті заманауи іс-қимылдар толқын-толқын ой жүйе­лерімен жинақталған жинақ көркем шығар­мадай оқылады, бойға қуат, көңілге шуақ құяды», – деген жол­дарына Елбасының «Тәуелсіздіқ дәуірі» кітабының тәуелсіз Қазақс­танның тарихын, экономикасын, сыртқы және ішкі саясатын зерделеген дерегі мол егемендіктің энцикло­пе­диясы екенін қосар едік. Мұндай де­рек­ті дүниелер қоғамымыздың қозғау­шы күші, жаңғыруының жарқын үлгісі.
Осы орайда кезекті сөзінде айтқан Әбекеңнің (Тәжібаев): «Әрбір жаңа шығарма дүниеге тұңғыш келген жаңа адам сияқты. Ол да өмірдегі орнын, жарығын, ауасын сұрай, тыңнан айтар сөзіне ілтипат тілей келеді», – деген көшелі сөзіне қосыла отырып, деректі шығармаларда оқырманнан жылы жүз – жылы қабылдау күте келетініне кәміл сенетінімізді айта кету ләзім деп білемін.
Деректі жанрдың – дәуір дидары мен дамуына атсалысуы бізді қуан­тады, шығармашылық шабыттың шоғын маздата түседі, ұлттық рухы­мыздың қайнары – рухани жаңғыруы­мызға да игілікті үлесін қосары сөз­сіз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір