Бес қаруын асынған
16.03.2018
1028
0
Көпен ӘМІРБЕК, сатирик,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

Бір құмырсқа қайықшылардың қайы­ғына жармасып өзеннің арғы бе­тіне өтсе ол жақтағы құмырсқалар «Сен біздің жақтың құмырсқасы емес­сің», – деп талап тастапты. Бас сау­ғалаған бейшара құмырсқа қайық­қа қайта жармасып өзінің жағалауына келсе мұндағылар «Сен бізді тастап кеткен құмырсқасың», – деп қабыл­да­сама керек…
Мұны айтып тұрғаным, са­тириктер қауымы қалжыңның қайы­ғына мінгенде әлгі әлжуаз құмырсқа секілді айныған емес. Съезд бен съезд аралығында сатирикер жауын­­гер жанрдың жалауын көтеріп, қо­ғамдағы жат қылықтарға қарай сөз найзасын түйреп келгені анық. Екі ара­лықта сатириктер сапы толықты, сарыуыз сатирик Нұрсұлтан Оқпанұлы, Жамбыл Жападан бастап, жасы тоқ­санға таяған қазыналы қалжыңның шебері Мыңбай Рәшке дейін еш тыным тапқан жоқ. Қарияларымыз Қа­жытай Ільясов пен Үмбетбай Уайдиннен айырылып, тәжірибелі әскердің бір шебі кемігендей болғанмен, кейін­гі жастар бұл орынды толықтырып жатыр…
Сексеннің сеңгірінен асқан семсер тілді Ғаббас Қабышұлы қалжың үшін қара терін төгіп, тынымсыз ең­бек етті. Соңғы төрт-бес жылдың өзін­де алты сатиралық кітап шығарды. Же­тіншісі баспада жатыр. Оның «Көңіл көгінде» деген Бауыржан Мо­мы­шұлынан бастап, Әнуар Әлімжанов сынды атақты тұлғалар жайлы ерекше естеліктер жинағына қолдау көрсет­кен – Мәлік Отарбаев есімді қаламдас бауырымыз.
Осы аралықта шыққан төрт кіта­бымның үшеуі мемлекеттік тап­сы­рыс­пен оқырманға жол тартқа­нын қуа­на айта аламын. 70-80-ге жуық сы­қақшының әрқайсысының атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, олар­дың еңбегін оқырман шығармалары­нан біле жатар.
Елбасы өзінің бір жолдауында «Ұйым­дасқан қылмыс пен сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күресте бұқара­лық ақпарат құралдарын да тиімді пай­далану керек», – деп айтқан еді. Осы ойды қолдаған «Нұр Отан» пар­тия­сы Төрағасының сол кездегі бірін­ші орынбасары Бауыржан Байбек елу жылдық тарихы бар «Ара» журналын Республикалық «Айқын» газетінің іші­нен айына екі рет, он алты беттен шы­ғаруды ұсынған. Қазіргідей аш­көз­дік, аярлық, жемқорлық етек ал­ған кезде «Ара» секілді тамырын кең жайған басылымға қолдау көрсеткені үлгі аларлық іс.
Ендігі қадамымызда да екпін бар. Көз тартатын көркем карикатурамен бе­зендірілген, көлемі 30 баспа табақ «Күллі қазақ күлкісі» атты қазақ сати­расының энциклопедиясын дайын­дадық. Баспаның жоспарында тұр. Сонымен қатар Ғаббас Қабышұлының идеясы бойынша «Нұрлы Әлем» бас­пасының директоры Жарылқасын Дәу­леттің жобалауымен қазақ сатира­сы­ның 100 томдық антологиясын құ­растырдық. Оның ең болмағанда 50 томын жарыққа шығарсақ деген ниетпен жұмыс істеп жатырмыз.
Қазақстан Жазушылар одағының Жарғысында бар ма, жоқ па, білмей­мін? Бес қаруын асынған белгілі сықақшы­лар­ды Жазушылар одағы­ның мүшелі­гіне өткізе алмай жүрміз. Сонау Маң­ғыстаудағы сықақшы Ерекен Қорабаев алпыстан асты дейді, ал жетпістен асқан Кемелбек Шаматай қаншама сати­ралық кітаптар шы­ғарып, әзіл сүйер әлеуметке таратты. Сонда олар­дың біреуінің жасын алпыстан, біреуі­нің жасын жетпістен асты деп шектеу қоюға бола ма? Қаламгерді жасына емес, жазғанына қарап бағалау керек деп ойлаймын. Жаңа келген басшылар осы жағына мән беріп, қағажу қал­ған мәселені қабырғасына алғаны дұрыс шығар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір