ӨРЕЛІ ӨЛЕҢ ӨРІСІ
16.03.2018
1895
0

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты


Қазақстан Жазушылар одағының 2012 және 2018 жылдардағы екі құрылтайы аралығында жарық көрген жыр жинақтары дәстүрлі жыл қорытындыларында талқыланып, жұртшылыққа таныс­тырылып келеді. Жекелеген жыр кітаптары туралы ағымдағы баспасөзде де ақпарат беріледі. Сондықтан, олардың бәрін тізбелеп, қайталап жатуды артық көрдім. Оның үстіне, бірен-саран өлең кітаптары болмаса, көпшілігі қолға да тие берген жоқ. Кейбірін әлеуметтік желіден қарап қана көзім шалғанын, ал кейбірін мүлде оқи алмағанымды, оған мүмкіндігімнің болмағанын жасыра алмаймын.

Иә, заман да, қоғам да, адам да өзгерді. Ұшқыр уақыт, аумалы-төкпелі кезең. ХХІ ғасырдың ши­рек бөлігін соңымызда қал­дырдық. Қаржы капиталы үстем­дік құрғаны соншалық, адами капиталды қорғап қалу бүгінгі таңда өзекті проблемаға айналып барады. Нарықты экономиканың талаптарына бірте-бірте көндігіп келе жатқан қазақ баласы сауданы қыздырудың, сату мен сатып алудың небір оңтайлы тәсілдерін меңгере бастағаны соншалық, тіпті, қоғамда бәрін қаржыға апа­рып тіреп, қарап тұратын бол­ды. «Бәрі де сатылады. Сатылмайтын ештеңе де жоқ!» дей­тін ұғым бұрын құлағымызға түрпідей тиіп, санамызға ине сұққандай әсер етсе, енді «мы­на­уың қанша тұрады?» деп әңгімені өзіміз бастайтын болдық. Жа­һан­дық дағдарыстардың жойқын толқындарының жалына жармасып жүргенде рухани жан-дүние­мізді біраз жұтаттық. Осын­дай жағдайда, Рухани жаңғыруға кеш те болса бет бұрғанымыз құп­тар­лық та қуантарлық.
Осы күні «Қазаққа өлең деген бір қадірсіз… көрінеді…» деп Ха­кім Абай қалай ащы айтқан деп еріксіз ойға қаласыз. Тура сондай болып тұр. Ең алдымен «шөп те өлең, шөңге де өлең» деп оқырман талғамын бұздық. «Екі қазақтың біреуі ақын болған» деп ақын­дық­тың қадір-қасиетін төмен­дет­тік. Өмір бойы дәрігер, заңгер, прокурор, тәртіп сақшысы немесе теміржол қызметкері болған кейбір көкелеріміз зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін бала­ларына, немерелеріне, шө­берелеріне, құда-құдағи­ла­рына, туыс-жекжаттарына, көршілеріне арнап шығарған құттықтау сөз-өлеңдерін әдемі безендірілген кітап қылып шығарып, ұрпақ­та­рына «өсиет қалдыруды» әдетке айналдырды. Қара сөзбен жазса, тақтан түсіп қалатындай, тек қа­на өлеңмен бұрқырататынын қайтерсіз. «Осы қолжазбамды бір ақын жігітке көрсетіп, өңдетіп алсам деп едім!» деп шіренетінін қайтерсіз. Жазушылар одағына келіп: «Ана бір қазақтың классик ақынын бір кезде бір кітабы шық­пай тұрып-ақ одақ мүшелі­гіне қабылдаған екен, менің үш кітабым шықты, неге қабылда­майсыңдер?» деп жерді тепкіле­ген­де, өкшесі қисаймайды ғой шіркіннің.
Қазақ өлеңінің қадірін түсіріп тұрған тағы бір жайт: ана тілінің уызына қанбаған, бесік жырын естімеген, тыңдамаған, батыр­лық, ғашықтық жыр-дастандар­мен сусындамаған ұрпақ өсіріп жатқанымыз. Балабақшадан бастап ана тіліне – қазақ тіліне деген махаббатты оятудың орнына жас сәбилердің, бүлдір­шін­дердің санасын жат тілдермен ул­ап, дүбара, шөре-шөре, жарымжан ұрпақ дайындап жатырмыз. Ағылшын, орыс, қытай, не­міс, т.б. тілдерді оқымасын, біл­месін деп ешкім де шек қойып отырған жоқ. Бірақ бастауыш сыныпты бітіргенше бала тек қана ана тілінде оқуы керек деген талапты ұлттық мүддеміз деп таныуымыз, танытуымыз керек. Бұл сөзді ең алдымен ұлтымыздың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқанын неге ұмытамыз?! Осыдан келіп, «қазіргі балалар кітап оқымайды, компьютер, қалта телефоны, интернет, әлеуметтік желілер кітап оқудан мүлде алыс­татып барады» дейтін жанайқай шығады. Философ Шопенгауэр­дің пайымдауынша: «Кітап оқу дегеніміз – өзіңнің басыңмен емес, өзге біреудің басымен ойлау деген сөз». Кітап оқымайтын адам кітап кейіпкерімен бірге ойлану, толғану, күлу, жылау, азап шегу немесе жан рахатына бөлену дегеннің не екенін сезін­бей­ді де. Ал осыдан мақұрым қал­ған жас жеткіншек қазақ
өл­еңі­нің құпиясын түсіне ала ма? Жоқ.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі біраз жылдар бойы қазақ әдебиетінде поэзия өзінің биі­гі­нен төмендеген жоқ, проза, драматургия кенжелеп дамып келеді, әдеби сын мүлде тоқырады деген ұғым-түсінік қалыптасқан болатын. Қазақ өлең өнерінің ХХ ға­сыр­дағы жеткен биігі Абай, Мағжан, Шәкәрім дәстүрлерін жалғастыруымен, Сұлтанмахмұт, Бернияз, Қасым, Әбділда, Сырбай сүрлеулерін жаңғыртуымен және Қадыр, Тұманбай, Сағи, Жұмекен, Төлеген, Мұқағали, Фариза, Тұрсынзада, Өтежан, Марфуға, Ақұштап, Мұхтар, Күләш, Жарасқан, Темірхан, Кеңшілік, Нұрлан, Иран-Ғайып, Исраил, Жәркен, Шөмішбай, Несіпбек, Серік, Ұлықбек, Есен­ға­­ли, Гүлнәр Салықбай, т.б. талант­ты ақындардың жырларымен жалғасын тауып жатты. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ өлеңі саясаттың жалаугері, қызыл идеологияның ұраншысы, таптық мүдденің жоқшысы болу міндетінен арылды, бірақ ұлттық поэзия өзінің дауысын биік мінберден естірте алмағаны да ақиқат. Оған енді нарықты эко­но­миканың бүйірден қысып, кітапханалардың көптеп жабылуы, жыр жинақтарының, газет-журналдар таралымының күрт кеміп кетуі, оқырмандар ауди­тория­сының өзгеруі, тіпті, ақын­дар­дың өзі бірін бірі оқи ал­май­тын­дай, оқымайтындай күйге жетуі әсерін тигізбеді деп айта алмаймыз.
Қазақстан Жазушылар одағы қоғамдық ұйымдар қатарында балғандықтан, ондағы шығарма­шылық кеңестердің жұмыстары да қоғамдық негізде атқарыла­ты­нын білесіздер. Одақтың ұйым­дас­тыруымен, қатысуымен өт­кізі­ліп жататын ақындардың мерейтойлық іс-шаралары, халы­қа­ралық, республикалық дең­гейде ұйымдастырылатын жыр мүшәйралары, жаңа кітап­тарының тұсаукесерлері, Абай, Мағжан, Ілияс, Мұқағали оқу­лары өлең өнерінің өрістеуіне серпіліс әкелуге аз да болса игі ықпа­лын тигізіп жатады. Респу­бли­калық деңгейде қолға алын­ған жыл сайын ұйымдастырыла­тын «Бір кітап – бір әлем» акциясы да оқырмандарымызды іздеуден, жоғалтып алмаудан туған амалдың бірі. Мәселен, биыл Сұлтанмахмұт Торайғы­ров­тың шығрмашылығына ар­налға іс-шараларға Қазақстан жазушылар одағының мүшелері белсенді түрде атсалысты. Бұл іс-шара да ақындар мен оқырман­дар арасындағы байланысты да­мытуға сеп. 2014 жылы Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген 10 томдық «Жыр маржаны: Қазақ поэзиясының антологиясы» да ақындар шығар­машылығына қомақты қолдау болғаны анық.
Ақындарымыздың жыр кі­тап­тарының шетел тілдерінде шыға бастауы да осы соңғы жылдар еншісіндегі жаңалық. 2013 жылы Мәскеудегі «Художественная литература» баспасынан «Тәуелсіз Қазақстан: Қазіргі заман әдебиетінің үш томдық анто­логиясы» жарық көрді. Оның бір томы қазақ поэзиясына арналды. Тұңғыш рет испан және әзірбайжан тілдерінде қазақ поэзиясының антологиясы жа­рық көрді. Өткен жылы қазақтың 5 ақыны Моңғолияның Улан Батыр қаласында өткен Дүние­жү­зілік поэзия фестивалына – Әлем ақындарының 37-кон­гре­сіне қатысты. «Әлем ақын­­дары – 2017» антологиясында жырлары ағылшын тілінде жарияланды. Ұлықбек Есдәулет, Қасымхан Бегманов, Қазыбек Иса, Жүкел Хамай, Ғалым Қалибек сияқты қазақ ақындары ЮНЕСКО-ның Янг Маурюс басқаратын Әлемдік өнер және мәдениет академиясына мү­ше­лікке қабылданып, гуманитарлық сала докторлары атанды. Бахытжан Қанапиянов, Есенғали Раушанов, Ғалым Жайлыбай, Дәу­рен Берікқажыұлы, Танагөз Толқынқызының жыр жинақта­ры шет ел тілдерінде жарық көріп, шекаралардан асты. Ас­та­надағы Ұлттық кітапхана­ның ұйымдастыруымен 100 ақынның өлеңдерін жеті тілге аудартып, шығару жобасы да назар аудартар жаңалық болмақ. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Шешенстан Мем­лекеттік сый­лы­ғының лауреаты, ақын Рафаэль Ниязбек Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының (TÜRKSAV) «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының иегері атанды. Ғалым Жайлы­бай­дың «Қара орамалы» Швеция­дағы халықаралық бәйгеде жүлде еншіледі. Нағашыбай Мұқатов­тың «Жарық дүние» жыр кітабы Қостанай облыстық меценаттар клубының жүлдесіне (1 млн. теңге) ие болды. Мұндай ақын­дарға қолдау-демеу көрсету іс-шаралары әрбір облыс аймағында болып жатса, ғанибет.
Тыныштықбек Әбдікәкімов­тің «Бесінші маусым жұпары», Серік Ақсұңқарұлының «Сайтан­ның сайран салуы», Шәкизада Әбдікәрімовтің «Сүлейдария», Мейірхан Ақдәулетұлының «Құмға түскен ізіңді құлай сүй­гем», Төрегелді Тұяқбайдың «Төрт тоғыс», Ғалым Жайлыбай­дың «Үш тал үкі», Бауыржан Жа­қып­тың «Еліккөрген», Светқали Нұржан­ның «Хан кегі», Маралтай Райым­бекұлының «Тарпаң», Мұратбек Оспановтың «Айшуақ», Дәулетбек Байтұрсынұлының «Топыраққа сіңген нұр», Алмас Ахметбек­ұлының «Көк тудың желбірегені» өлең кітаптарын, сондай-ақ, жырларымен жұрт жадында жүрген Заида Елғон­ди­нова, Ертай Ашықбаев, Сұраған Рахметұлы, Өтеген Оралбай, Аманхан Әлім­ұлы, Сабыр Адай, Баянғали Әлімжанов, Болат Үсенбаев, Әміре Әрін, Ахмет Кен­дірбекұлы, Оңайгүл Тұржан, Әбубәкір Қай­ран, Шәмшия Жұбатова, Бақыт­жан Тобаяқов, Бақытжан Райысова, Жанат Әскербекқызы, Те­мір­ғали Көп­бай, Болат Шарахымбай, Әлібек Шегебай, Нұржан Қуантай, Жарас Сәрсек, Бақытжан Алдияр, Талғат Ешен, Бақыт Беделхан, Ақберен Елгезек, Мағиза Құ­на­пияқызы, Алмат Исәділ, Ерлан Жүніс, Олжас Қасым, Азамат Тас­қараұлы, Мақпал Мыса, т.б. бар.
Еларалық әдеби байланыс­тарды жаңғыртудың бірнеше мысалдарын келтіруімізге болады. Мысалы, Төлеген Айбер­генов­тың 80 жылдығы Мәскеуде, Қарақалпақстанда тойланды. Балқардың ұлы ақыны Қайсын Құлиевтің Қап тауындағы 100 жылдық мерейтойына Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері барып қатысты. «ТҮРКСОЙ» ха­лықаралық ұйымының қол­дауы­мен Абай, Мағжан, Мұқағали бастаған қазақ ақындарының жыр кітаптары түрік тіліне аударылып шыға бастады. Биылғы Мағжанның 100 жылдығына орай өткізілетін іс-шаралардың Түрік елінде басталып кеткені туралы бұқаралық ақпарат құ­рал­дарында жазылды. Іргеміздегі қырғыз ақындарымен қарым-қатынас жанданып келеді. «Достық» жобасының аясында қазақ ақындарының өлеңдері қырғыз тілінде, қырғыз ақын­дарының шығармалары қазақ тілінде аударылып, шыға бастады. Кітаптары түрік, ағылшын, әзір­байжан, орыс, татар, неміс, испан, т.б. тілдерде аударылып шығып жатқан ақындарымыздың жолдары жалғасты болғай дей­міз.
Рухани жаңғыру аясында қазақ өлеңі де дүр сілкініп, жаңа мазмұнмен байып, ұлттық рухпен суарылып, өрісін кеңейте береді деген сенімдеміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір