ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ XV ҚҰРЫЛТАЙЫ
16.03.2018
2532
0
12 наурыз күні Қазақстан Жазушылар одағының XV Құрылтайы өтті.
XV Құрылтайға одаққа мүше барша қаламгерлер, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты. Айтулы жиынды министр Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрылтай делегаттарына жолдаған арнайы құттықтауын оқып ашты. Бес жылда бір келетін жиынның басы Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Нұрлан Оразалиннің есепті баяндамасымен басталды. Құрылтайдың алғашқы бөлімін төраға өзі жүргізіп отырды.


Сәбит ДОСАНОВ:
– Сіздердің бар­лы­ғыңыз, әрқайсыңыз ма­­ған қымбатсыздар. Біз бір ананың – Әде­биет атты ұлы ананың пер­­зентіміз, бауырымыз. Бауырын сағын­бай­­тын бауыр бар ма?!
Асыл сөз дейтін ұғым­­­ды білдіретін әде­биеттің жауапкершілігі де, тарихи миссиясы да аса зор. Нобель сый­лы­ғы­ның лауреаты, атақты физик Жорес Алферов: «Физика ғылымын дамыту үшін орта мек­тептерде әдебиет пәні сабағын арттыру ке­рек!» – депті. Феодализмді құртқан зеңбірек адам­зат қоғамы қаламға тәуелді», – деп Наполеон те­гін айтты дейсің бе?! Олжас Сүлейменов­тің: «Шекспирі жоқ елде Ньютон да болмайды», – д­е­ген сөзінде терең мән бар. Мұны айтып тұр­ға­ным өздеріңіз білесіздер, жаһандану ұлт­тық құн­дылықтарды жайындай жалмап, алпауыт мем­лекеттердің өзі дағдарыстан есеңгі­реп, әлем от­қа оранып жатқан аса қиын кезеңде Тәуелсіз Қа­зақстан барлық қиыншылықтарды ерлікпен ең­серіп, жарқын болашаққа «Мәңгілік Елге», «Нұрлы жолмен» жүріп келеді. Мұның сыры не, құпиясы қайсы? Бұған бір сөзбен жауап берер бол­сақ, оны сақтап тұру одан да қиын. Қиын іс­тің қиюын өзіне тән кемел ойлы кемеңгер­лік­пен, ерлікке тән ерен еңбекпен шешіп келе жат­қан Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген кө­се­мі бар ел бақытты. Бақытымыздың мызғымас алтын діңгегі Ұлт көшбасшысы ұдайы айтып ке­ле жатқан – ауызбіршілік. Бірлік бар жерде тірлік бар.
Менің ұғымымда жауапкершіліктің үлкені оқырмандарымызға ұсынар шығармалары­мыз­дың көркемдік деңгейі ғана емес, ең алдымен зиялы қауымның татулығы. Елдің тұ­­тас­тығынан, ұлт мүддесінен қымбат ештеңе жоқ. Оны ауызбіршілік арқылы ғана ұстап тұра ала­мыз. Менің қаламдастарыма, тағдыр­лас­тарыма айтар тілегім – бірлік, бірлік, тағы да бірлік! Өсер елдің арманы, өшер елдің жанжалы көп екенін ұмытпайық, бауырларым!
Сөзімнің басындағы әдебиет жайлы ойға орал­ғанда, ұлылардың бірі айтқан: «В момент се­резного обострения обстоновки резко воз­рас­тает роль деятелей культуры», – деген сөзі ойға оралып тұр. Қайшыласқан қарама-қарсы идео­логияның мылтықсыз майданында жазушының жауапкершілігі мен тарихи миссиясы да ұлғая түспек.
Екі съезд аралығында ғана емес, Нұрлан Ора­залин 22 жыл төраға болған одақ қызметін мен қанағаттанарлық деп қана айтып қоймай, ең жоғары баға мен зор құрметке лайық деп есептеймін. Нұрлан Оразалиннің төрт жыл бойы жанған отты жалаңаш қолымен ұстап, 39 мәр­те сотқа жүгінуі – ерен еңбек қана емес, аса үл­кен ерлік! Нәтижесі – көз алдымда сатылып кет­кен Одақ үйі де, Олжас салдырған конференц зал да, Шығармашылық үй де Одақ ен­шісінде!
Мерейтойлар мен қазаның қыруар шаруасы, жанрлық кеңестер мен әдеби жыл қорытын­дылары, Пленумдар үзіліссіз, ашық жүріп жатыр. Үкіметтен бір тиын алмай, қаржы қиын­­дығын да еңсеріп, орасан зор жұмыс істеген Ораза­лин­нің іскерлігін, қайраткерлік қарымына оның оппоненттері де тәнті.
Менің ұсынысым – Одақ жұмысы қанағат­танарлық деп бағалансын, Одақ басшысы Нұрлан Мырқасымұлы Оразалинге Құрылтай атынан алғыс жариялансын! Одақ төңірегіндегі жел сөзге желікпей қаламына, халқына сүйен­ген Нұрланның қайсарлығына, қайратына қай­ран қаламын! Үлгі аларлық өнеге!
«Ресейдің ақындары қашаннан, Бірге туған оғы­мен Дантестің» – деп Евгений Евтушенко тап басып, тауып айтқандай, қызғаныш Нұр­лан­ды ғана емес, талайымызды қансырата та­лаған. Сұңқарларды көре алмайтын сұқсұрлар барда қызғаныш та өлмейді. Жарқ ете қалса бір жұлдыз қолдамаймыз, жала жауып, етектен тартып қорлаймыз. Қызғаныштың қызыл иті қап­паған қай жақсың бар, айтшы кәне, қа­зағым?! Аз болды ма содан тартқан азабың?! Та­ланттың жауы – қызғаныш. Моцартқа Са­льеридің қолымен у берген де, жүрегі ақ, жаны пәк Дездомонаны өз қолымен өлтіріп, өзегін өрт, жандүниесін дерт шалған Отеллоны өкін­тіп, өксіткен де сол жауыз!
Аяулы қаламдас-тағдырлас бауырларым! Біз­дерді бір-бірімізден алшақтататын айыр­ма­шылықтан гөрі басымызды біріктіретін мүд­де­лер әлдеқайда көп. Соның ең бастысы – ұлт бо­­­лып ұю, ұлттық рухты асқақтату, ұлттық ұлы идея­­ларға қызмет ету. Ұлы мақсаттар жолында іш­­­тарлықтың желкесін қиып, ұсақ құш­тар­лық­тардан биік тұрайық! Оған қоса біз қаламдастар ғана емес, тағдырластармыз! Біздің еңбегіміз ауыр, тағдырымыз қиын. Жазушылар бірімізді-біріміз қараласақ, бірімізді-біріміз жараласақ, бі­рі­мізді-біріміз аямасақ, бірімізді-біріміз ая­ламасақ, бізді кім қадірлеп, кім қастерлейді?! Адам­дар бір-біріне көлеңкесін де, сәулесін де тү­сіреді. Аспандағы Ай мен Күндей айналаға үн­сіз сәуле шашып тұрғанға не жетсін! Жа­ман­дық жасау әлсіздің де қолынан келеді. Мықты бол­саң жақсылық жаса! Бір-бірімізге жақсылық жасауға асығайық! Адамдарға жақсылық жасаудан артық бақыт бар ма? Одаққа кім келсе де қаламдасымыз-тағдырласымыз – өз бауырымыз келеді. Сол жаңа басшыға деген өкпе-на­зымыз болса, оны жиып қойып, оған көмек­те­сейік. Одақтың ғимаратына, шығармашылық үйге көз тігіп отырғандар көп. Ең бастысы – осы қасиетті қарашаңырақтарымызды сақтап қалу­да бірлік, ірілік танытайық!
Одақтың жаңа басшылығына ұсыныс: ке­зінде Сәбит Мұқанов менің «Ақ аруана» атты по­весімді оқып, «әдебиетке үлкен талант келді» деп, Әбділда Тәжібаев: «Күләш Ахметова – ақын!» деп мақала жазды. Біздің толқын аға­лардың аялы алақанында өстік. Өкінішке қа­рай, бүгінде сол дәстүр – жастарға деген қам­­­қорлық біздер, ағалар тарапынан жоқтың қасы. Одақта жаңа секция – жас әдебиетшілер секциясын ашу керек! Одақтың бір хатшы тек қана жас әдебиетшілермен жұмыс істеуі қажет. Біздің өкшемізді басып келе жатқан талантты жастар тобы – әдебиетіміздің болашағы, елі­міздің ертеңі!
Хакім Абайдың: «Біріңді қазақ бірің дос, көр­месең істің бәрі бос», – деген ұлағатты сөзін ұлт­тың ұранына, бірліктің құранына айнал­дырсақ, қазақ алмас қамал жоқ! Оған құлақ аспасаң, өкініштен бөтен амал жоқ!
Қарғаша қарқылдамай, қыранша саң­қылдайық!
Қарғаның қуанышынан қыранның қай­ғысы артық!

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ:
– Тәуелсіздік, Назарбаев дәуірі талай та­ланттарға жол ашты. Мә­селен, жаңа ғана сөз бас­таған Сәбит Досанов бір кезде «Ғасыр хал­­ту­р­щи­гі» деген атақ­­қа ие бо­лып, артынан сөз іле­сіп жүруші еді. Енді, міне, заман өзгеріп еді сөз бастайтын серкеге айналды. Мен Жазушылар одағына, оның төрағасына айтатын сын­дарым­ды өткен Пленумда айтқанмын. Оны қай­талап айтпаймын. Біржола сөйлемей-ақ қой­сам деп едім. Бірақ Пленум мен Құрылтай ара­сындағы кейбір жағдайларды айтпасқа бол­майды. Пленумда Нұрлан Оразалин: «Болдым, біт­тім.Мен кетем енді, рұқсат беріңіздер», – деп, елмен адамша қоштасып еді. Сосын «кеткен екен ғой, жол болсын!» деп қойғанбыз. Бі­рақ олай емес екен. Өзі тыныш отырғанмен, өзі­нің сөзін сөйлейтін адамдарды топтап қой­ған ғой. Солардың бірі – Тұрысбек Сәукетаев бо­лып шықты. Ең алдымен, Тұрысбек өзін «Ме­нің атам Қазаннан шыққан, татармын», – деп жариялапты. Жасы жетпіске таяғанда не тү­лен түртті мұны деп таң қалдым. Сөйтсем, оның да мәні бар екен. Қазір қарапайым қазақ бол­ғаннан гөрі аз ұлттың өкілі болған тиімді екен ғой. Оларды төбемізге көтереміз. Аз ұлт­тың өкілдері жоғары тұрады. Тұрысбек Сәу­ке­таев соны біледі екен. Өйткені, қанша айт­қан­мен, атасы Қазаннан шыққан ғой. Есепшотқа алу­ды біледі. Сонымен, аяқ астынан, Тұрысбек жет­піске келгенде татар боп шықты. Бұл – бір. Жа­райды, болсын. Татарды да құрметтейміз. Та­тар болған соң арағайын есебінде мента­ли­тет­ті сақтау керек қой. Жоқ. Қазақтың көк­па­ры­на қойып кетті бірден. Мен туралы қанша сөз айтқан. «Ұрты толған уды Нұрланның бе­ті­не бүрікті», – дей ме?.. Кісінің ойына келмейтін сөздерді ойлап тапқан ғой. Әр сөзінде «классик» деп қағытады. Классикте кеткен бір өші бар сияқты. Біз классик болармыз, болмаспыз, бірақ Сәукетайларды он орап алатынымыз анық. Сөйтеді дағы, сахнадан классикті түсі­реді де «қабандай күркіреп Медетбек шықты», – дейді. Қабан деген шошқаның айғыры ғой. Бұл да классик. Сондай талантымызды Сәу­ке­таев беті былш етпей қабанға теңейді.
Бұл Сәу­кетаев нені алға алып отыр? Бірінші, өзі аз ұлт­тың өкілі. Оған ешкім тиісе алмайды. Екін­ші, Наполеонына арқа сүйеп отыр. Міне, осындай бейберекет, әдепсіз істер болды. Бұл – бір. Екінші сөзім, солар, Сәукетай бар, басқасы бар, Нұрланды көтермелеу үшін не дейді дейсің ғой. «Мына Жазушылар одағының ғимаратын пә­ленбай сотқа қатысып, көкпарға түсіп жүріп сақ­тап қалды» дейді. Бекер сөз! Легенда. Нұр­лан­ды қаһарман қылып шығару үшін қай­теді? «Қарсы жақтан бір жаулар келе жатқанда со­лармен тіресіп жүріп, әрең Жазушылар ода­ғы­ның ғимаратын алып қалды» дейді. Бекер сөз. Жазушылар одағына ондай қауіп төнген жоқ. Жазушылар одағын білем мен. Соңғы он съезге қатысқан адаммын. Алпысыншы жылы одақ­тың төрағасы Ғабит Мүсірепов Мұхтар Әуе­зовтің қолдауымен Қонаевтың алдына кіріп, ет-сүт өнімдері жөніндегі министрлікке арнап салынған ғимаратты сұрап алған. Тартып алған деуге болады. Қазақтың үш ұлы перзенті – Қонаев, Әуезов, Мүсірепов қол қойып алып бер­ген кейінгі ұрпағына. Үлкен ғимарат. Оны еш­кім тартып ала алмайды. «Мен алам» дегендер қазақтың алдында қарабет болады. Есте­ріңіз­де болсын. Бұдан кейін де осы принципті ұстауымыз керек.

(Реплика)
Нұрлан ОРАЗАЛИН:

– Біріншіден, ай­қай­ла­маңыз. Неге айқайлайсың сен? Қолыңнан жа­­ра­тып алған адамың емеспін. Айқайламай сөй­­ле!
Екіншіден, мен Тұрысбек Сәукетаевқа бір ауыз сөз айтқан емеспін. «Сондай мақала жаз» деген жоқпын. Міне, көкте – Құдай, мына ме­нің – жүрегім. Тұрысбектен сұраңыздар. Сон­дық­тан, жоқты бардай қып, жала жауып сөй­леуге болмайды. Сіз баяғыдан ата жасқа келген адам­сыз. Өткен жолы Пленумда мен үндеген жоқ­пын. Ал енді үндемегенге басына беруге бол­майды, жолдас Жұмаділов! Бәріңізден сұрай­мын. Жинақы, жөндеп, ынтымақты жи­на­лыс өткізу – менің жалғыз мұратым. Бәріңізді соған шақырамын.

Мұхтар ШАХАНОВ:
– Қадірлі қалам­дас­­тар! Қазақстан Жазушылар одағының көп жыл бұрынғы съезінде және телеканалдан бе­ріл­ген менің мынадай бір сөзім болды: «Ұлт­тық мүддеге келгенде Ора­­залин – Қоразалин бол­мады. Тауықәлин, Шөжеәлиннің дең­гейін­де самғады». Ал енді Нұрлан Оразалиннің үлкен ең­бегі бар. Ол қандай еңбек? Нұрлан би­ліктегі бас­шыларға жағынуды керемет шебер­лік­пен кө­р­сетті.
Менің тағы мынадай жырым бар:
«Шындық кейде қалың арпа ішіндегі бір бидай,
Неге әділдік күресінде жұрттың көбі тымпибай?
Рухсыздыққа кім шын мінез көрсетпесе қырғидай
Ондайлардың бүгінгі аты – Ырбигүл мен Жырбибай».
Өкінішке қарай, қазір біздің жазушылардың көпшілігі Ырбигүл мен Жырбибайға айналып кетті. Ал енді қазіргі кезеңде, өздеріңіз біле­сіз­дер, Қазақстан Жазушылар одағының сегіз жүз­ден астам мүшесі бар екен. Соның сегізі ел­дік, ұлттық мүдде күресінде бізбен бірге бо­лып­ты. Ал қалғандарының барлығы өлеңдерін­де, кітабында «ұлтты сақтау үшін күресуіміз керек» деп жазады. Ал іске келгенде бәрі стол­дың астына кіріп кетеді. Яғни, сөзі басқа, ісі бас­қа. Сондықтан, менің мынадай бір ұстаны­мым бар: Кім шындығын жоғалтып алса, ақты – ақ, қараны – қара деп айтудан қалса, елдік, ұлт­тық мүддеге тамыр жібере алмаса, пенделігі тек өзін ғана емес, қоғамын да алдаса ондай ақын­ның да, ғалымның да, саясаткердің де маз­мұн-даңқы далбаса!
Сондықтан әркім шындық, ұлттық мүдде биі­гінен көрінсін деп тілек айтамын.

(Реплика)
Н.Оразалин:

– Мұқа, сіз біздің жиналыс­та­рымызға, Пленум, көнференцияларға келген жоқсыз. Біздің бірде-бір жиналысымызда болып жүрген жоқсыз. Жиналысқа келмей, сырттан тон пішу, жиналыста болмай баға беру, ұйым жайлы сөз айту – ол өзін Жазушылар ода­ғынан жоғары қоятын, ұлылықтың ауруымен ауырған адамның әңгімесі. Тым құрыса жиын­ды, жиынға келген әріптестеріңізді сый­ласаңызшы! Жаңағы менің ата-тегіме байла-нысты айтылған ұйқасты мен сізге де айтайын. Маған осыдан екі-үш жыл бұрын «Шаханов – Ша­калов» деген хат келді… Сонда Оразалин – Қоразалин дейтіндей аталарымыздың не кі­нәсі бар? Сіздер біріңізді-біріңіз сыйлаңыздар, ағайын! Менің әкемде, менің атамда, менің та­лантымда ешқайсыңыздың шаруаларыңыз бол­масын. Мына жұмыс жөнінде баға бе­ріңіз­дер. Езуі тілініп сөйлеп жатқан екі ағама берер жауабым осы.

Бибігүл ИМАНҒАЗИНА:
– Құрметті әріптес­тер. Сіздерді көргеніме қуа­ныштымын. Үш жыл бойы орнымнан тұ­ра алмай жатыр едім, бү­гін келдім. Қаншама қа­за болған қаламдас­тар­­дың тізімі айтылды жаңа. Жүрегіміз шыдап отыр. Бір күні біздің де сол тізімге кіретініміз анық. Осыншама айқай, ойбай… Алдымен ха­лық­тан ұят болды.
Пре­зиденттен ұят болды. Жас­тардан ұят болды.
Қабдеш аға, сіздің жасыңызды ғана сыйлай­мын. Әрқайсың «Нобель» сыйлығын алғандай ші­ренесіңдер де жүресіңдер. Елбасымыз «Руха­ни жаңғыру» деген бағдарламаны тектен-текке ой­лап шығарған жоқ. Рухани жаңғыруды біздің ақын-жазушыларымыз өздерінің қара бастары­нан бастаса жөн болар еді. Туған елге тағзым! Біз­дің миллионерлеріміз өзінің еліне, жеріне тағ­зым етіп жүрсе, бұл бағдарлама да өмірге кел­мес еді. Осы бағдарламаға қызмет ету ең ал­дымен ақын-жазушылардың міндеті. Туған елі­мізде біз араласатын шаруалар қыруар еке­нін де мен жақсы білемін… Сіздерге жұмыс жет­пей ме? Неге елдеріңізге барып араласпайсыздар? Президентке сөзің, үнің жетуі үшін әуелі халыққа еңбегің сіңуі керек. Тек қана кітап жазумен айналыспау керек. Жазушы деген – Құдайдың оң қолы, ақын – сол қолы. Біз­дің ақындығымызды, жазушылығымызды ешкім алып тастай алмайды. Қаламымызды ешкім тартып алмайды.
Нұрлан Одақ ғимаратын күрделі жөндеуден өткізді, Жазушылар одағын сақтап қалды. Нұрлан Оразалин болсын, басқа болсын,
Президент қолдамаса ешқандай тірлік бітпейді. Құрылтай қарсаңында Президент Нұрсұлтан Әбішұлына арнайы хат жаздым. Құдайдан басқа маған ешкімнің әмірі жүрмейді. Оны менімен араласатын адамдар біледі. Сол хатты «Нұрлан жаздырды» дейтін көрінеді біреулер. Президентке хат жазғанымды Оразалинге неге айтуым керек? Неге есеп беруім керек? Керек десеңіз Оразалин білген де жоқ. Елбасына ба­ғыт­талған сол хатымды жоғарыдағылар әлі ұстап отыр. Бірақ Құрылтайдан кейін де өмір жал­ғасады, айналайын! Ол хаттан кейін барып Ора­залин маған «Қандай хат? Қандай шу болып жатыр?» деп хабарласты. Оразалин менің екі туып, бір қалғаным, жекжатым да, жерлесім де емес. Өзім тұлға ретінде сыйлаймын. Мың рет сенің жақсылығыңды көріп, бір рет өтінішін орындай алмай қалсаң, сенің дұшпандарыңды іздейтін адамдар бар екенін мен талай рет ба­сым­нан өткізгем. Сондықтан да атам қазақ «Іштен шыққан жау жаман» екенін бізге айтып кеткен. Оразалиннің де өзі жақсылық жасаған адамдардан қасірет шегіп жүргенін баршылық жақсы біледі.
Қабдеш ағамыз өткен Пленумда «ол кет­пей­ді, біз кетіруіміз керек» дейді. Айналайын-ау, сіздің бізге берген ағалық батаңыз осы ма? Енді Нұрекеңнің кететіні анық, уайымдамай-ақ қойыңыздар.
Қоғамдық ұйымды басқару оңай емес. Мен дәл сондай қоғамдық ұйымды басқарып отыр­ға­ныма 26 жыл болды. Ол үшін сенің билігің болуы керек. Халқыңның жаршысы болуың керек. Сонда ғана сенің үнің жетеді.
Біріншіден, мен Оразалиннің жұмысын қа­нағаттанарлық деп есептеймін. Нұрлан Ора­залинге мың да бір рахметімізді айтып, шығарып салуымыз керек.
Кезекті Құрылтайымыздың қызылкеңірдек бо­лып өтіп жатқанын көріп, бала-шағамның алдында қызарып отырмын.
Біздің «Атағымнан ат үркеді» деп, өздерін «клас­сик» санайтын кейбір жазушылары­мыз­дың таланты болса да, мәдениеттері жоқ екен­дері­не көзім жеткендіктен мен «Жазушының эти­касы» деген комиссия құрылса дегенді айтып жүргенмін.
Өзім қасіреттің де, қайғының да, тауқы­мет­тің де, сатқындықтың да уын талай ішкен адам­мын, сондықтан да, мен әр уақытта жа­зық­сыз жазаланған адамдардың, жылап-сықтап жүргендердің жанынан табылуға тырысамын. Кімнің тарысы піссе соның тауығы болып, біреуді сыртынан даттап жүргендердің менің алдыма түсіп бара жатқандарын да көрмей келемін.
Тағы да «Жазушының этикасы» деген сөзге оралайық. Тап жаңа бірінші қатарда отырған бір жігіт мен сөйлеп жатқанда «Иманғазина Астананың құйыршығы» деп айқай салды. Мен оның кім екенін біліп алдым, егер сол жігіт менен кешірім сұрамаса мен оны сотқа беремін, сол сотта менің қай уақытта, қай жерде кімнің құйыршығы болғанымды дәлелдей алмаса, алатын жазасын алады ол. Осыдан жиырма жыл уақыт бұрын бір жазушыны қазақшылыққа салып, соттатпаған ем, соныма сондай өкі­немін… Мүгедек мені зар еңіреткен жазушы ен­ді өзінше «классик» болып, әлі айналасына уын шашудан шаршамай келеді…
«Нұрланның денсаулығын Құдайдан сұрап отырамын» дейтіндердің Нұрланды талап жат­қанда жұмған ауыздарын ашпай қалғандарынан түңілдім.
Ой, сұмдық-ай, кімнің кім екені осындайда байқалатынына тағы да көзім жетті.
Отыз бес жыл бұрын басталып жазылған «Тау­қымет» романымды әлдеқашан Мемлекет­тік сыйлыққа ұсынатын ем, бірақ романның аяғындағы «Жалғасы бар» деген сөз кедергі б­о­лып келген. Енді осыдан үш жыл бұрын ая­ғы­на нүкте қойылған «Тауқымет» Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатыр, «Өзіңе-өзің қарсы жұмыс істеме, ертең мемсыйлықты ала алмай қаласың, Нұрлан сенің туған әкең бе?» деушілер аз болған жоқ. Құдайшылығымды айтпай қалсам қиянаттың көкесі сол болатыны өзіме аян, сондықтан Мемлекеттік сыйлықты бір Ал­­лаға тапсырдым. Мінеки, біздің адамшылы­ғы­мыздың немен өлшенетінін көріп отырсыздар…
Соңғы бес жылдың ішінде 132 ақын-жазу­шыларымыз өмірден өтіпті. Нұрлан Оразалин­нің ақын-жазушылардың қайғысына да, қуа­ны­шына да ортақтасып жүргенін ешкім жоққа шығара алмайды. 22 жылдың ішінде миллиард теңгеден астам қаржы жұмсаған Одақты «өлі одақ» деушілер, жақсыны көрмейтін, жақсының жақсылығын айтса қақалып қалатын, Алла Та­ғаланың қарғысына ұшыраған жандар. Қаржы табудың оңай емес екенін, Қоғамдық ұйымды жиырма алты жылдан бері басқарып келе жат­қан мен жақсы білемін. Соңғы он жылдың ішін­де «Неге Оразалин 42 адамға «АЛАШ» сый­лығын берді?» деуден шаршамай келе жат­қандарға талай рет қомақты жауап берілсе де, іші тар, ешуақытта біреудің жақсы­лығына қуан­байтын, біреудің қайғысынан өзіне күш-жігер жинайтын, өздерін «Нобель» сыйлығы­ның лауреаты сезінетін жазушыларымыз ха­лық­тың қасіреті мен тауқыметінің ортасында жүр­се таққа таласудың пендешілік екенін де жақ­сы түсінер еді.
Жазушылар одағы жазушыларды асырайтын, жазушыларға кітап жазып беретін Қоғам емес.
Жаңа келетін төраға 90 жылдардағы топа­лаңында емес, ол Жазушылар одағының қолды болып кеткен дүниелері жиналған уақытта келіп отыр. Екі туып бір қалғаның болса да шын­дықты ғана жақтайтын, талантты жастарды ғана қолдайтын, өз үнін кімге болса да жет­кізе алатын, біздің екінші үйімізге береке-құт әке­летін адам болуына шын жүректен тілек­тес­пін.

Смағұл ЕЛУБАЙ:
– Жақында Елбасы қазақ тіліне байланыс­ты Үкімет пен Парламентке ескерту жасады. Ол біреуге ұнады, біреу­ге ұнамады. Осы тұста біз қай жағында болуымыз керек? Лауазымды ше­неуніктер – ми­нистр­лердің, депутат­тар­дың ел алдына шы­ғып алып өзге тілде көстеңдеп отырғаны бізді жа­лық­­тырып болған, ағайын! Біздің тек айғай­лаудан басқа шарамыз қалмаған… Ұлттың, халықтың, қазақтың осы күйін сезген Президент оларға ашық ескерту жасады. Осы тұрғыда менің бірнеше ұсынысым бар.
Бірінші ұсынысым: Президентті қолдайық, мемлекеттік шенеуніктердің барлығы мемле­кет­тік тілде сөйлеуі тиіс деп қолдайық, мемле­кет­­тік қызметкерлерден соны талап етейік, ағайын!
Екінші ұсынысым: біздің ғимарат туралы әр­түрлі әңгіме бар. Оның бірі – ғимаратты ұстап тұруға болады, ешкім алмайды, үкімет өзі берген дегенге саяды. Мүлде олай емес, ағайын. Ғимараттың қомақты салығы бар, әр­бір жылжымайтын мүлікке салынатын салық бір жыл төленбей қалса, Үкімет ол үйді оп-оңай қайтадан алып алады. Алматы әкімдігінде «Алматы қаласының киелі мекені» деген тізім жасалып жатыр. Жазушылар одағын киелі мекен емес деп кім айта алады?! Жазушылар одағы – М.Әуезов пен Ғ.Мүсірепов сынды жүз­деген сөз алыптарының ізі қалған, сөзі қал­ған – киелі мекен. Сондықтан Алматы қаласы әкім­дігінің қызметкерлеріне құлаққағыс: Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратын киелі мекендер тізіміне енгізіліп, жазушы­лардың жеке­мен­шігіне мәңгі-бақи берсін.
Үшінші ұсынысым: Нұрлан Оразалин Қа­зақстан Жазушылар одағын нарық заманында 22 жыл басқарды. Егерде совет заманында басқарса әңгіме мүлде бөлек болар еді. Нұрлан мүлдем басқа заманда, өте қиын заманда төраға болды. Совет заманында Жазушылар одағының төрағасы депутат болатын еді, тіпті керек де­сеңіз Мәскеуде шығатын журнал­дың Бас редакторлары да депутат болатын, осындай съез­ге компартияның бас хатшысы қатысатын. Ол заманда Жазушылар одағының статусы мүлде бө­лек болды. Ал қазір түкке тұрмайтын, жүзде­ген қоғамдық ұйымның бірі болып қалдық, ағайын! Мінеки, сол себепті Жазушылар ода­ғының статусын, мәртебесін совет зама­нын­дағыдай етпесек те, мемлекет бұл одаққа ерекше қарауы керек. Өйткені, ұлттың сөзін, қазақтың сөзін, мемлекеттің сөзін айтатын осы отырған жазушылар. Мемлекет осы ұйымға сүйеніп, біз шамамыз жеткенше мемлекетке ақыл-кеңес беріп отыруымыз керек. Жазушылар одағына ерекше қоғамдық ұйым деген мәртебе беріліп, үкімет өзінің ерекше назарына алып, төрағаны ылғи да депутат етіп сайлауы керек деген үшінші ұсынысым бар.
Қиын кезеңде Жазушылар одағын шашыратпай, таратып жібермей, мүлкін тірнектеп жинап, бүгінгі күнге дейін алып келген Нұрлан Мырқасымұлына сіздердің аттарыңыздан алғыс айтып, иығына шапан жауып, қолын қысып шығарып салайық.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ:
– Енді Құрыл­тай жұ­мысын әрі қарай жүр­гізу үшін модера­тор­­лық міндет Әлібек Ас­қаровқа жүктеледі.

Әлібек АСҚАРОВ:
– Енді екінші мәсе­ле­ге көшейік. Алдымен күн тәртібін белгілеп алайық. Құрылтай жұ­мысында төмендегідей күн тәртібі ұсыныла­ды:
Бірінші: Қазақстан Жазушылар одағы Бас­қармасының жаңа құ­ра­мын сайлаймыз. Бұл – Пленум мүшелері деген сөз.
Екінші: Қазақстан Жазушылар одағы Бас­қармасының жаңа төрағасын сайлаймыз. Оны Пленум мүшелері сайлайды.
Үшінші: Ағалар алқасын бірге бекітеміз.
Төртінші: Қазақстан Жазушылар одағының бақылау, тексеру комиссиясын тағы да бірге бекітеміз. Басқа ұсыныстар бар ма? Мінеки, күн тәртібінде төрт мәселе.
Қарсылық бар ма?
Қабылдаймыз ба?

Үндеу және Қаулы оқылады.

Әлібек АСҚАРОВ:
– Құрылтайды өт­кізудің рег­ламентін бе­кі­­тіп алуымыз керек. Бір-бірі­мізді сый­лайық, ағайын. Жарыс­сөзге үш-бес минут бе­рі­леді.
Бірінші мәселе бойын­ша Пленум мү­ше­­ле­рін, Қазақстан Жазу­шылар одағының Басқарма мү­шелерін сайлаймыз. Басқарманың жаңа құра­мын оқу үшін мінбеге Ғарифолла Есім ша­қырылады.

Басқарманың тізімі оқылды.

Әлібек АСҚАРОВ:
– Залдан әртүрлі ұсы­ныстар, басқармаға кір­мей қалғандар туралы әртүрлі ұсыныстар айты­лып жатыр. Оның бәрін ескеріп, біз Бас­қарманың құрамын толықтыратын боламыз.
Ал, енді төрағалыққа үміткерлер туралы нақ­­ты ұсыныстарыңыз болса айтыңыздар.

Төлен ӘБДІК:
– Құрметті ағайын­дар. Бүгінгі мақсатымыз әдеби ортаға беделі зор, қо­ғамда өз орны бар адам­­ды сайлау. Ондай адам, менің ұғымымда бар. Оның аты-жөні – Ұлық­бек Есдәулет. Оның қаншалықты ақын екенін сіздер де біле­сіздер. Қазақтың ең талантты ақындарының бірі. Бұл – бір. Екін­шіден, ол қанша жерде жұмыс істеген, үкіметте де қызмет атқарған, соның мектебінен өткен. Оған айтарымыз, жұмысын ашық жүргізсін.
Менің төрағалыққа ұсынар адамым – Ұлық­бек Есдәулет. Бүгінгі қиын кезеңде біздің одақ­қа басшылық жасап, жұмысын ары қарай иге­ріп кетеді деп ойлаймын.

Әлібек АСҚАРОВ:
– Қадірлі Басқарма мү­шелері, бір ұсыныс түсті. Ол – Жазушылар ода­ғы келесі Бас­қар­ма­сының төрағасы ретін­де Ұлықбек Есдәулеттің кандидатурасы.
Ұлықбек Есдәулеттің кандида­турасы туралы пікірлеріңізді білгіміз келеді.

Темірхан МЕДЕТБЕК:
– Ұлықбек Есдәу­лет­­­ті барлығымыз қол­дайық.
Ал үміт артқан Ұлық­­­­­­­­бегіміз тазалы­ғын, талантын, кісілі­гін жоғалтпасын дегім ке­­леді. Барлық ағайын­нан Ұлықбекке дауыс беруін сұраймын.

 

Мұхтар ШАХАНОВ:
– Қазақтың талантты ақындарының бірі – Ұлықбек. Сондықтан, Ұлықбекті қолдайық.

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ:
– Төрағалыққа адал, таза адамды сайлайық. Ұлықбек жақсы ақын. Талантты ақын. Мен сол Ұлықбекке қосыламын.

Есенғали РАУШАНОВ:
– Біз бәріміз Ұлықбекті қолдайық. Ұлық­бек­тің өзін сахнаға шақырайық.

Ұлықбек Есдәулет сайланып, сөйлейді.

Әлібек АСҚАРОВ:
– Қадірлі ағайындар. Олжас Сүлейменов аға­мыз Ұлықбекті қолдап, хатын жіберіпті. Ол кі­сінің де сіздермен пікірі бір екен. Бір ғана кан­дидатура талқыланды, алдыларыңызға тү­сіп отыр. Ол өзіміздің сүйікті ақынымыз Ұлық­бек Есдәулет. Осы Ұлықбекті келесі Қазақстан Жазу­шылар одағы Басқармасының төрағасы етіп сайлаймын дегендер мандатыңызды кө­те­ріңіздер. Түсіріңіздер. Қарсы – жоқ, қалыс – біраз қалыс адамдар бар екен. Басым дауыспен Ұлықбек төраға болып сайланды. Енді, міне, өзің­нің орныңа келіп, өзіңнің орынбасар­ла­рың­ды, өз командаңды жасақта.
Мә­де­ниет және спорт министрі Арыстанбек Мұ­хамедиұлы екі ауыз сөз сөйлейді.

Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ:
– Құрметті ағайын­дар. Көп-көп рахмет! Бү­­гінгі Құрылтай өте маңызды өтіп жатыр. Не­ге десеңіздер, біздің бәрімізге керегі – елі­міз­­дің келешегі, ел ты­ныш­тығы. Өздеріңіз бі­­ле­сіз­дер, «Рухани жаң­ғыру» бағдарлама­сы бойын­­ша алты бағытта біздің министрлік тіке­лей жұмыс жасап жатыр. Соның ең бастысы – сіз­дердің еңбектеріңіз дүниежүзінің алты ті­ліне аударылады. Сол үшін тағы да сіздерді құт­тықтауға рұқсат етіңіздер!
Сонымен бірге, қазіргі уақытта әлеуметтік шы­ғармалардың санын біз анықтап жатырмыз. Бұрын кітаптар екі мың дана болса, қазір кітапханаларға жету үшін бес мың данамен шығады. Өткен жылы заңға өзгерістер енгізіп, бірінші рет сіздердің қаламақы мәселесін кө­тердік. Шығарылған шығарманың автор­лығында сіздер қаласыздар. Оны да біз өз­герістерге міндетті түрде енгіземіз. Сіздердің ат­та­рыңыздан Ұлықбек Есдәулетті құттықтауға рұқ­сат етіңіздер. Жұмысы жемісті болсын! Бі­рігіп жұмыс істей берейік. Көп рахмет!


ҰЛЫҚБЕК ТУРАЛЫ СӨЗ

Жазушылар Құрылтайының барлық делегаттарын келе жатқан Наурыз мерекесімен құттық­таймын! Денсаулық, бақыт, сәттілік және табыс тілеймін!
Жазушылар одағын ширек ғасыр басқарған Нұрлан Оразалинге алғыс білдіремін. Темірдің де жүзі қайтады, өзінше шаршайды…
Дәл қазір Жазушылар одағына әдебиетіміз бен мәдениетімізге жаны ашитын, қаламгерлер тағ­дырына бей-жай қарай алмайтын адам керек.
Мен Ұлықбек Есдәулетті көп жылдан бері, сонау өзін әдебиетші ретінде танытқаннан бастап білемін. Ол Қазақстанның қазіргі үздік ақындарының бірі һәм бірегейі. Біз бір кездері Жазушылар одағының бас­шы­лығында бірге қызмет істегенбіз, сонда ол өзінің талантты ұйымдастырушы екенін таныт­қан.
Жазушылар одағының «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналы сияқты негізгі басылым­дарының Бас редакторы бола жүріп, ол өзінің үлкен өмірлік тәжірибесі мен ерекше қарым-қабілетінің арқасында жігерлі басшы ретінде көзге түсті.
Ұлықбек Есдәулет қазақ тіліндегі оннан аса кі­тап­тың авторы. Ол тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де мойындалған аз ғана қазақ ақын­дарының бірі. Оның кітаптары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Ол – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ­станның Еңбек сіңірген қайраткері. Оның бұдан да басқа сіңірген еңбектері мен марапаттары же­терлік. Менің ойымша, ол Қазақстан Жазушылар одағын басқаруға әбден лайық.
Бұл мәртебелі орынға оның кандидатурасын қолдай отырып, ел мәдениеті мен әдебиетіне бей-жай қарай алмайтын еліміздің барлық ақын-жазу­шыларын Қазақстан Жазушылар одағының Бас­қарма төрағалығына сайлауда Ұлықбек Есдәулеттің кандидатурасын қолдауға шақырамын.
Мен оған сенемін және қолдаймын!

Олжас Сүлейменов,
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының құрметті төрағасы.


XV Құрылтай соңында Қазақстан Жазушылар одағының жаңа төрағасы боп белгілі ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет сайланды. Жаңа төраға Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының жаңа орынбасарларын таныстырды. Басқарма төрағасының орынбасарлары ақын Ақберен Елгезек, қаламгер, журналист Мереке Құлкенов, ақындар Бауыржан Жақып және Бақыт Беделхан тағайындалды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір