АҚЫН АРУЛАРДЫҢ АЙШЫҚТАРЫ
09.03.2018
5089
3
«Қазақтың ауызша әдебиеті» сериясымен ҚР Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрген «Қараүлек ана, Қамқа Қазыбекқызы, Алмажан Азаматқызы, Ұлбике Жанкелдіқызы, т.б. шығармалары» (Алматы. «НұрлыPress.kz», 2014-288 б) кітабына Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы «Авторлық ауызша әдебиет» ғылыми орталығының директоры «Ақындар аманаты» атты қазақтың ауызша әдебиеті жобасының авторы, филология ғылымының докторы, профессор Бекен Ыбырайым жазған аннотацияда: «Өлеңмен ойлау, өлеңмен сөйлеу өткен ғасырларда өмірдің өзіндік қызығына, өнердің өзгеше саласына айналғанына – ақын қыздардың шығармалары да жарқын куә. Төкпе ақындардың санатында қыздардың осынша мол ұшырасуы – әлем әдебиетінің тарихында бұған дейін болмаған, қайталанбас құбылыс. Шашасына шаң жұқпаған талай ақын ағалар қыздардан сан мәрте ұтылғанына тарихта мысалдар қырғын. Оқырмандарға ұсынылған осы жинаққа есімдері ел жадында сақталған аяулы да ардақты ақын қыздардың шығармалары-өлеңдері, айтыстары енгізілді», – делінген.
Қазақ айтыс өнерінің жыр күм­бе­зіне өзіндік өрнек, қайталанбас на­қыш әкелген өнер дүлділдерінің қа­тарын көбейтіп, оның ойлы да құнды мұраларына мейлінше мол үлес қос­қан ару ақынның бірі – «таң­дайында өлеңнің ұясы бар» даңқты ақын қыз Ұлбике Жанкел­діқызының өзгеге ұқсамайтын ой сәулесі, сөз сәулеті ер­ек­ше, тілі ше­шен, жүзі көркем бол­ға­нына айтыс­тары айғақ. Айталық, Күдері қожа­мен болған айтыстағы мына жолдар қыздың білімділігін, тапқырлығын, өжеттігін дәлелдесе керек: «Айта­мын айт дегеннен, қожам, дүрсін, Қожам, тоқсан түрлендің мені көр­сең. Оны тапсаң бір тыныс алар едің, әзірет Әлінің атасын тауып берсең», – дейді. Тағы да Ұлбике үс­те­­­мелеп сұрақты жаудырып, састырып сөз сабақтайды: «Сабақ­тың басын сұраса, үнді дейді, Жаман сөз жақсы адамға мін-ді дейді. Пайғамбар, ат сұрамақ сүндет еткен. Әкең атын сұраймын, кім-ді», – дейді», – деген жолдарда сауал қоя отырып, сөздің ырғағынан арылмай, теңеулерді де тең бастыра отырады, «үнді, мінді, кімді» деген сияқты ұйқасты мінсіз құрып, ойлы сөз сап­таулары да сауатты. Екінші нұсқасында да Ұлбикенің өктемдігі, өжеттігі, өресі әрбір жыр жолдары­нан көрініп отырады. Күдері­нің қожа атанып, молда болып елді алдап, жан сақтап жүрген кәсібін өткір сынап: «Көр тисең ашуына біздің қазақ, Қожаңды құл, төреңді сарт дейтұғын. Мысықша көзін жұ­мып, елді алдаған, Қожаны оңдыр­май­ды ат дейтұғын», – деп кісі өл­ген­де, ат пен тон алып, нәпсісін тыя ал­маған қожаларды қатты сынға алып, жеңіске жеткен Ұлбикеде шиыр­шық атқан серпіліс, шуағы мол шумақтар мол, мәселен: «Өлең десе көңілім судай тасар, Мен емес қару таппай сөзден қашар, Қан жауғырдың тексізін мұнан байқа, Өкпелеген қойшыдай тұра қашар», – деген жол­дар нағыз поэтикалық қуатын таны­тады.
Жанкел деген ақын Ұлбикенің Кү­дерімен сыйластығы жөніндегі ел арасындағы аңыз әңгімені ша­мы­на тигізіп: «Жайына жігітшілік қой­мас екен, Ұлбике, сөзіңе жұрт тоймас екен. Тарап жүр ел аузында бір әңгіме, Ұлбике Күдерімен сыр­лас екен», – дегенде, Ұлбике іліп алып: «Салады қойшы қойын алқа-салқа, Мінеді құдай сүйген алтын таққа. Бір итті итаяқтан тойыпты деп, Келіп пе ең итаяқтан жаламақ­қа», – деп әрі астарлы, әрі уытты сөзбен әдептен аспай әдемі әжуа­лай­ды. Тасты жарған шынардай шырынды сөзбен-ақ шамданбай, әжелері­міздей «шым­шып» алады. Осы жерде Жанкелді қызға деген көңілін: «Қазаққа аты шыққан мәш­һүріңмін, Мен болдым саған ғашық жас күнімнен. Келгенде сен бір жатқан бағлан қозы, Аңдыған қараңғыда қасқырыңмын», – деп біл­діргенде, ақын қыз өжеттене өр­нек тоқып өлеңмен: «Жанкел, сен қасқыр болсаң қабысарсың. Ел кел­се, сендей қасқыр ебін таппай, Дала­да тасқаба жеп қарысарсың», – деп жауабын беріпті.
Ұлбикенің әрбір сөздеріндегі сары алтындай сөз маржандарын терер болсаңыз, тіпті айтыстарын сол күйі мы­салға алып талдауға тұ­рар­лық. Шынында да айтыс өнері дер кезіндегі дәмділігін жазбаша түрдегі талдауда түрлендіріп айт­са­ңыз да, айызыңыз қанбай, көңіліңіз толмауы – табиғи заңдылық.
Ұлбикенің Таспақожамен ай­тысы (1-нұсқа) да осындай ойлы дүниелерге құрылған сұрақ-жауап­тан тұратын танымдық туынды. Мысалы: «Өлең мен ән әуелден бір келіскен, Қос қанатты құстай боп шығар іштен. Нұх кемесі қайырлап қалған кезде, Жетім бұзау бишара қайдан түскен?», – деген сауалдарда діни сауаттылық айқын. Таспа­қожамен болған айтыстың екін­ші нұсқасында Ұлбикенің айттырып қойған адамына наразы болып, көңілі кем кезінде әдейі іздеп келген жас ақынға разы болып: «Жастай өскен жерімде бағыланмын, Онда кетсем, елімді сағынамын. Қабы­лан­ның қолы­на түсіп қалдым, Жазға­нына тәңірдің не қыламын?», – деп өзегін өртеген өкінішін өлеңмен өрнектейді. Осындағы теңеулер, тапқыр ойлар, этногра­фия­лық детальдар, дала халықта­рында тән философиялық ой­лар, этикалық құндылықтар қан­шалық­ты наным­ды? Оқып көрелік: «Айран болса, күбі іші бос болмайды, Бір-біріне жақсы адам өш болмайды. Өзі әкеліп құдайым қосса-дағы, Бөл­тірік пен ақ қозы дос болмайды». Осы жолдарда кешегі көне көрініс­тер ғана емес, адамзат табиғатындағы мәңгілік құндылықтар, эстиз­тенцио­нал­дық мәселелер, жақсы мен жаман­ның мәңгілік тартысы ауылдың қаршадай қызын қанша­лық­ты тол­ғандырып, әдемі теңеуді әңгімелеуге әкелген. Оны өзі де Ізтілеу мен атақты Мәделімен айты­сында былайша баяндайды: «…Әудем­жармен әуелі үнімді аштым, Он екімде өлеңмен тілімді аштым. Он үшімде өзімдей бозбаламен Жұмбақ айтып, өлеңмен жағалас­тым… Моншағымның әр тасы бір өлең-ді, Бесігімде үйренгем бар өлеңді. Балапандай кезімде қайран шешем, Тал бойыма дарытқан қара өлеңді», – деп анықтап береді. Мәделі ақын да өзінің қарсыласы­ның оңай олжа еместігін мойындай отырып, бағалай да біледі: «…Сұлу қызға тұс-тұстан көз түседі, Қысыл­са да, аузына сөз түседі. Өлең айтып отырған Ұлбикенің Кеудесінде бұл­бұл құс тілдеседі» десе, енді бірде: «…Ат ары­тып, айтысқа келгендердің, Арқасына ырситып қамшы бастың», – десе, оған Ұлбике: «Әуелден-ақ адамзат тіл, көмейлі, Шайпау сөз қыз жөнінде не демейді. Іздеп келген сол ақын кетіп қалған, Қой да үріккен жағына бет­темейді», – деп мақтағанға таспай, өзін өрескел өсірмей, қарапайым түрде салмақты сөз, тапқыр теңеумен салқын жауап береді. «Ұлбике мен жігіт» айтысы қызық оқиғаға құрыл­ған. Жанкел байдың бір үйір жылқы­сының іші­нен Ұлбикенің бәсіре тайы жоғалып, ақын қыз Түркістан мал базарынан іздеп, өлеңмен жар салып жүргенде бейтаныс бір жігіт өлеңмен қосы­лып, екеуі айтысқа түседі. Жігіт: «Қауын иісін білмеген түйнекті үзер, Шекпен жайын білмеген өрмекті үзер. Сұлу қыздың бәсіре тайын алған, Сол ұры да ертең елден бе­зер», – десе ақын қыз да қағыта қақты­ғысып: «Бұл өлеңнің адам жоқ кілтін ашқан, Кең сарайдан өлеңін түртіп ашқан. Ай­тысуға ме­німен келген байғұс, Қатты са­сып, қалпағын тастай қашқан», – деп сес көрсетіп, жеңіп кеткен. Жоғарыда аталған ақын, айтыскер қыздардың бәрі де – айтыста сан ақыннан, сан топта озып, жүлде ал­ып жүрген жүзден жүйрік, мың­нан тұлпар боп танылған талант­тар.
ХІХ ғасырда өмір сүрген, бірақ өмір мен өнербаяны белгісіз ақын қыздың бірі – Жыға қыз. Оның Ку­бала ақынмен айтысқан жырының 1 және 2 нұсқасы беріліпті. Жыға қызды айттырып қойған елдің ақыны Кубала (масқар деген рудан болса керек) өзінің жасы да орны да үлкен­дігіне мән бермей, отырыстағы өлеңін жалғастырға­нына жыны келіп, сөз бастайды. Ақын қыз айылын да жи­май, оны кекесінмен тойтарып оты­ра­ды. Кубала: «Торының айыл, тұр­ман, тебінгісі, Сөз сөйлейді әрбір жерде кемел кісі. Тап болған заманына мен қайнағаң, Ұялмай сөйлей ме екен келін кісі». Жыға қыз: «Кубала, бала десем, жігіт пе едің? Басыңда ақ қал­па­ғың түбіт пе едің? Ішінде топты жұрт­тың келін дейсің, Кубала, менен неге үміттендің?», – деп өзіне өжеттене қарсы сұрақ қойып, айтыскерге тән тапқырлық­ты танытады. Қыз Жыға анау-мынауға дес бермейтін, нені де қайсарлықпен қарсы алатын ақыл­ды, батыл ақын екендігі Кубаланың ең қатты қарғысына да әдеппен, ақындық мәдениетті ұстана отырып ұстам­дылық­пен: «Астымда атым мінген ақ боз атым, Қолыма найза алғаным салтанатым. Әкемнің оң жағында бала тапсам, Болмай ма ол өзіме қол­қанатым», – деп жауап қатуынан бай­қалады. Қазақ қызына тән иба, инабатты түрде берген жауабы Кубала ақынды шамдан­дырып, артық-ауыс сөздерге бар­ғыз­дырып, ұрысуға дейін апарады. Нәтижесінде жүйесіз сөзден тосы­лып, ақындық қасиетті жоғары ұста­ған ақын қыз Кубала ақынмен ай­тысып береке таппай­тынын ұғ­ып, өз еркімен сайыстан шы­ғады.
ХІХ ғасырдағы ақындардың көр­некті өкілдерінің бірі – Жібектің Бала Оразбен айтысы да осы жанр тари­хын­дағы жауһарлардың бірі. Мұн­да да ақын ерлерге тән өркө­кі­рек­­тікпен әйел жынысын жүндей тү­туге тырыс­қаны байқалады. Бала Ораз: «Көтерсе құдай бағымдай, Меніменен айтыссаң. Сындырар­мын сағыңды-ай, Жиырма бестен асқанша, Отызға аяқ басқанша, Осындай шалпы тіліңнен, Байлаған құдай бағыңды-ай», – деп тарпа бас салса, Жібек қызда сөзден қақал­май: «Менімен қағыссаң, Сынды­рар­мын беліңді. Өшірермін үніңді, Басармын, бала, деміңді», – деп М.Әуезов айт­пақ­шы «ә» дегенге «мә» деп тойтарыс береді. Елі мен жұртындағы жайсаң­дарды мақтап дес бермеген бала Оразды Жібек қыз өзі білетін ақиқат­тар­мен алдын орап, сөзден тос­тырады.
Топ жарған ақын Нұрила Әбен­қы­зының (1896-1921) ақындар айты­­сында бірнеше ақынмен қатар­ла­са айтысуы және оған атақты ақын Жам­был­дың төрелік етуі, бұл өнер сайы­сы­ның маңыздылығын көрсетсе ке­рек.
Нұриланың нұрлы нақыштарын нақты мәтіндерден байқайық:
«…Жасымнан шаршы жиын топқа түстім, Ақынмен көңіл соққан көп айтыстым! Телегей теңізіне көптің малтып, Халықтың қайнарынан шәрбәт іштім. Сондықтан мүдір­мейді тіл мен жағым, Кенеттен тез қамданып ой, қиялым, Алдында әлеуметтің сөйлегенде, Кетеді кө­теріліп аруағым», – деген жолдардан әуеннің де, жырдың да қуаттылығын, ой құнарлылығын сезінеміз. Ақын қызбен айтысуға ынтық ақындар Шүкітай, Бармақ, Кенен, Үмбетәлі шығады. Ақырында Нұриламен теңдесі деп танылған Үмбетәлі тізгінді алып, айтысты бастап, жек­пе-жек сөз сайысына шығады. Өлеңге өрен жүйрік Үм­бе­тәлінің: «…Ала сөйлеп әркімді омы­рауға, Ұшырадың, Нүрік-ау, үлкен дауға, Аттан байтал аптығып озған емес, Сұрамаспын сондықтан сенен сауға», – деген өктем сөзінен сес­кен­­беген сұлу сөздің шебері Нұрила ақын:
«…Айтар сөзден адасып ал­быт­тан­дың, Мен талайын албыттың қаң­­ғыртқанмын. Жем жеген екі мезгіл сәуріктей боп, Әулігіп айдалаға аң­ғырт­тандың… Боламын деп өлеңге көңілі теңдей, Бір ша­лым­ға көбісі қалған келмей. Үпіл­мәлік ішсең де,Үмбетәлі, Мен жеңемін сөзіңді бұйым көрмей», – деген жолдардағы өз таланты мен білімділігіне деген сенімділік, қай­сарлық, алған бетінен қайтпайтын қа­жырлылық көрінеді. Нұрила ақынның әсіресе, лексико­нын­да қазақы көне сөздердің жарасым табуы да оның өзіндік өрнегін, тілдік, көркемдік ерекшелігін та­нытады. «Ал­быттану, бір шалым, үпілмәлік» т.б. сөздердің бүгінде ар­хаизмге айналып, әдеби айна­лымнан шығып бара жатуы қандай өкінішті. Кезі келгенде сөзге көрік, ойға өріс беретін әдемі сөздер-ақ екен.
Нұрила ақынның адуынды да айбарлы сөздеріне шыдас бере ал­май ер болса да әдепсіз сөздерге ерік беріп, ашуға мінген атақты ақынмен одан әрі айтысса әлдеқалай боларын іші сезген соң, Жамбылдың өзі қазылық жасап: «Бағы жанса байталдың бағасы зор, Адасқанын Үмбеттің байқады ол. Бұл жердегі айтыстың кезегінен Нұрилаға беретін теңеуім сол», – деп бата бе­ре отырып, ақындық аруағы қысып, өзі де сөз жарыстырып, өлең өресін сынағысы келіп сайысқа шақырады. Алайда Нұрила өзіне тән әйелдік әсемдікпен атасын әспеттей отырып: «Келін болып еліме былтыр түстім, Сізге жайын айтпақпын бұл жұмыстың: Нәресте бар үйімде және әлсізбін, Босанғалы болып ед маған үш күн…», – деп рұхсат сұрауында ақындық мәдениет «менмұндалап», сол кездегі ақын қыз­дар­ға тән айтысқа осылай аяқас­тынан келетін, олардың еркін оты­рып, кеңінен көсіліп сөз көшін түзеуге мүмкіндіктері де бола бер­мей­тінін баяндайды. Сөйте тұра сайыпқыран құстардай қай қақты­ғыс­­тарда да қайсарлықпен қар­сылас­тарын шаң қаптырып кететін тапқырлығы – бүгінгі айтыскер аруларымызға үлгі-өнеге. Бір емес, бірнеше жүзден жүй­рікпіз деген ақындарды жеңген Нұрила ақынға Жамбылдың берген бағасы, әрине, біздің берген баға­мыз­дан жоғары, құнды болары сөзсіз: «Жамбылдың жасы жетті жетпістерге, Мұндай бала көргем жоқ өткір тілге. Дауы­сың көкке жетіп, аспан жарған, Естідік әуезіңді бір түн біз де. Олай болса, тоқтату мүмкін емес, Бар, шырағым, ұлықсат бердім сізге. Қара табан болғанда қарашығың, Шақыра­мын, кел сонда біздікіне. Сөзіңнен сорға­лаған тамады алтын, Аңқылдаған адамға көңілі жарқын». Талантты бағалаған, танытқан Жам­былдың бағасы бүгін де құнды.
Тегінде айтыс өнері іркіліссіз ізде­ністі, жүйелі дайындықты, тәжірибе жинап, шабыт алар жиі жарыстарды қажет етеді. Өйткені, кез келген өнер үзіліссіз ізденісте ғана табысты бол­мақ.
Қалай болғанда да тәуелсіздік кезеңіндегі жаңарған айтыс өнеріне жаңаша көрік сыйлаған Надежда Лушникова, Шолпан Қыдырния­зова, Әселхан Қалыбекова, Жұмаш Ос­пан­бекова, Әсия Беркенова, Райхан Нәкеева, Тәушен Әбуова сынды сайыпқыран сөз сайыскер­лері­нің дәстүрін жалғастырған Айнұр Тұрсын­баева, Жансая Му­сина, т.б. бұл өнердің өміршеңдігін өздерінің өнерлерімен жалғастырып келе жат­қа­ны жүрек жылытады. Қа­зақ халқы­ның қашаннан сал­та­нат-сауығы бол­ған, айтыс өнерін­дегі ақын қыздардың да алар орны ерекше.
Гүлзия Пірәлі,
ф.ғ.д., профессор, әдебиеттанушы
ПІКІРЛЕР3
Аноним 08.12.2019 | 21:56

Қысқасы жоқ па не маған қысқасы керек еді

Аноним 09.12.2019 | 23:21

Көп екен қысқарта аласыз ба???

Аноним 12.12.2019 | 18:50

Керемет ♡♡♡☆☆☆
Осыны жазаған адам білімді ақылды секілді

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір