Қазақтың тұңғыш әйел-дәрігері
09.03.2018
9289
2
Алмас Жүнісбаев,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының
ғылыми қызметкері


 

Санжар Асфендиаровтың төрт әпкесінің бірі – революцияға дейінгі қазақ қыздарының арасынан тұңғыш әйел-дәрігер атанған Гүлсім Асфендиарованың қызмет жолы зерттеушілерге біршама таныс болғанымен, тың мұрағат құжаттары негізінде оның өмірі мен қызметінің белгісіз тұстарын ашып көрсетуге тырысамыз.

Гүлсім Асфендиарова 1880 жылы 12 қарашада Ташкент қаласында дүниеге келеді. Шамамен 1892-

Гүлсім білім алған Ташкент қыздар гимназиясы.

93 жылдары Сейітжафар Асфендиарұлы Гүлсімді Ташкент қыздар гимназия­сына оқуға береді. 1899 жылы гимна­зия­ның толық курсын аяқтаған Гүлсім, бітіру куәлігін қолына алады. Жер­гілікті халыққа, әсіресе оның кедей әрі тұрмысы нашар бөлігіне медициналық көмектің тиісті дәре­жеде немесе уақытында көрсетілмеуі салдарынан өлім-жітімнің көбеюіне куә болған Гүлсім, Ташкент қыздар гимназиясында оқып жүрген жыл­дары-ақ медициналық білім алуды мақсат етіп қояды.

Гүлсім Асфендиарова Петербор­дағы Қыздар медициналық институ­тына 1900 жылы түсіп, онда 8 жыл оқи­ды. 1905-07 жылдардағы орыс ре­волю­ци-

Апалы-сіңілі Гүлсім және Мариам Асфендиаровалар Петерборда оқыған қазақ студенттері арасында. Петербор, 1907 ж.

ясы тұсында Қыздар меди­ци­налық институты Петербордың өзге жоғары оқу орындары сияқты уақытша қызмет етуін тоқтатуға мәжбүр болып, осы себептен Гүлсім институтта тиісті 7 жылдың орнына 8 жыл оқып шықты. Гүлсім білім алған Петербор Қыздар медициналық институты (қазіргі академик И.П.Павлов атындағы Санкт-Петер­бург Мемлекеттік медициналық универ­ситеті – А.Ж.) патша жарлы­ғымен Петропавл ауруханасының негізінде 1897 жылы, 15 қазанда ашы­лып, тек Ресейде ғана емес, сонымен қатар бүкіл Еуропада медицина саласы үшін әйел дәрігерлерді, фармацевтерді және кіші медицина персоналдарын даярлаумен айна­лыса­тын тұңғыш оқу орны болатын. Гүлсім институтта оқыған жылдары оқу орнының басшысы – профес­сор­лар Д.Отт (1899-1905) және С.Салазкин (1905-11) болған.
Институтты аяқтаған қыздар дәрігер-терапевт мамандығын алып, «әйел-дәрігер» атағына қол жеткізді. Оларға тек әйелдерге арналған емдеу мекемелерінде қызмет ету құқығы берілді. Сонымен қатар, институтты аяқтаған әйел-дәрігерлер жоғары білімді медициналық кадрлардан тапшылық көрген Ресей империясы уездеріне міндетті медициналық қызметті өтеу үшін жіберілді.

Гүлсім Асфендиарова 1908 жыл­дың сәуір айында бітіру емтихандарын ойдағыдай тапсырып, 21 мамырда дәрігер дипломын алады. Гүлсім оқуы аяқталмастан, 1908 жылдың 11 сәуірінде Түркістан округтік әскери-медициналық инспекторына өзін Сырдария облысының Шымкент уезіне қарасты Темірлан ауылына ауылдық-учаскелік дәрігер ретінде тағайындауды өтініп, хат жолдайды. Бұл хатта Гүлсім өзбек, қазақ тілдерін жетік білетінін айта келе, өзіне жақсы таныс ортада – туған Түркістан өлкесінде қызмет етуге ерік танытады. Тура осыған ұқсас мазмұндағы хатты Гүлсімнің курстасы, подполковник Садық Әбдірахмановтың қызы Зейнеп те Түркістан округтық әскери-медициналық инспектордың атына жолдап, Ташкент уезінің Хан-Абад ауылдық-дәрігерлік учаскісіне дәрігер қызметіне тағайындауды өтінген.
Г.Асфендиарованың және З.Әб­дірахманованың өтініштерімен таныс болған әскери-медициналық инспек­тор 1908 жылы, мамыр айында Бас әскери-медициналық басқармаға сұраныс жібереді. Жоғары басшылық тарапынан бұл тағайындауларға еш қарсылық білдірмейтіні белгілі бол­ған соң, Гүлсім мен Зейнеп император ІІ Николайдың атына Түркістан әс­кери округына медициналық, дәлірек айтқанда мемлекеттік қызметке қа­былдау туралы сұраныс-хаттарды жол­даған болатын.

Гүлсімнің Петербордан Темірлан ауылына келгендігі жайлы Сырдария облыстық дәрігеріне жазған хаты.

1908 жылы, 5 маусымда әскери-ме­дициналық ведомство бойынша №86 бұйрыққа сәйкес Гүлсім Асфендиарова Шымкент уезінің Темірлан, ал Зейнеп Әбдірахманова Ташкент уезінің Хан-Абад ауылдық-дәрігерлік учаскілеріне жіберіліп, Сырдария облысының учаскелік дәрігерлері ретінде қызметке таға­йындалады.
Орыс әскері Түркістан өлкесін Ресей империясының құрамына күшпен қосқан соң, патша үкіметі адами және табиғи ресурстарға бай өлкені метрополияның шикізат көзіне айналдыруға ұмтылды. Соның нәтижесі ретінде өлкеде жаңа типтегі өнеркәсіп орындары, мамандана бастаған ауыл шаруашылығы, темір жол тораптары пайда болып, көптеген шағын орыс қалалары мен елді мекендері бой көтерді. Отарлық билік орындарымен жүргізілген әлеуметтік-экономикалық саясаты­ның барысында ең алдымен жер­гілікті халықтың орыс тілді бөлігіне тиісті медициналық көмекті ұйым­дастыру­дың қажеттілігі туындаған болатын. Біртіндеп өлкеде тұрақты қызмет көрсететін стационарлық медици­налық орындар мен меке­мелер – емханалар, ауруханалар, амбулатория­лар және емдеу пункт­тері ашылып, халықты медициналық көмекпен қамтамасыз ететін желіні кеңейту үшін жаңа дәрігерлік учаскілер мен фельдшерлік пункттер ұйымдасты­рыл­ды. Орталықтан Түркістан өлкесіне жіберілген еуропалық ұлт өкілдерінен шыққан дәрігерлер мен орта дәрежелі меди­циналық қызмет­керлер тек орыс тілді халық бөлігін ғана емес, соны­мен қатар медицина­лық көмек­тен мұқтаж болған жер­гілікті ұлт өкіл­дерін емдеумен де айналысты.
Патша билігі тұсында Түркістан өлкесінде әскерге және жергілікті халыққа медициналық көмек көрсету ісі негізінен арнайы бас­қармаға, облыстық, уездік және учаскелік дәрігерлерге жүктелді. Алайда, сырт­тан келген медици­налық персоналға сенімсіздікпен қараған жергілікті ұлт өкілдері бұ­рын­ғысынша медицина­лық көмекті алу үшін табибтер мен халық ем­шілеріне жүгінді. Осы орайда, отарлық әкімшілік жергілікті ұлт өкілдері арасынан медициналық кадрларды даярлап шығару ісінің маңыздылығына айрықша көңіл бөлуге мәжбүр болды.
Жергілікті билік орындары тарапынан қолданған барлық шараларға қарамастан Түркістан өлкесінде медицина саласының тиісті дәрежеде қаржыландырылып, ұйым­дастырылмауы және мамандар­дың жетіспеушілігі салдарынан халық арасында жұқпалы аурулар мен індет­тер кең таралып, олармен күреске медициналық персонал көп күш-қайрат жұмсап отырды. Сондықтан да, медициналық білімге ие болған, әсіресе жергілікті халық­тың арасынан шыққан әрбір адам Түркістан әскери округының бас­шылығымен қатаң тіркеуге алынып, үкіметке қызмет етуге міндетті еді. Осы санатқа қыздар медициналық институтының түлегі дәрігер Гүлсім Асфендиарова да кірді.
Петербордан темір жол арқылы штаттық қызмет орнына бет алған Гүлсім Асфендиарова Жүлек стан­ция­­сында дәрігер қызметін атқарған Әлмұхамед Көтібаровтың және оның жұбайы туған әпкесі Айшаның үйінде бірнеше күн тоқтап, қонақ болады. 1908 жылдың 27 шілдесінде Темірлан ауылына келген Г.Асфен­диарова, келесі күні өзіне жүктелген тікелей міндеттерді орындауға кірісе­ді. Жар­ты жылдан астам уақыт бойы Гүлсім Темірлан ауылдық-дәрігерлік учас­кесінің орыс елді мекенінде тұрып, негізінен еуро­палық ұлт өкілдеріне медициналық көмек көрсетуге мәж­бүр болады. Жергілікті халықтың тиісті дәреже­дегі медициналық көмектен аса мұқтаж екеніне назар аударып, өз қызметі арқылы туған халқына пайдасын тигізуге тырысқан Гүлсім Асфендиарова 1908 жылы, 9 қаңтарда Сырдария облыстық дәрігеріне жолдаған хатында Хан-Абад дәрігер­лік учаскесіне ауыстыруға өтініш білдіреді. Алайда, жергілікті учаске­лік дәрігер, Гүлсімнің курстасы және әріптесі Зейнеп Әбдірахманова өз қызмет орнында қалдырылған­дықтан, облыстық басқарма Гүлсім өтінішінің қанағаттандырылуы мүмкін емес екенін мәлім етеді.
Г.Асфендиарова Темірлан дәрігер­лік учаскесінде 4 жылдан аса уақыт еңбек еткен соң, әскери-санитарлық ведомствоның 1912 жылы, 15 қаза­нында шыққан бұйрығына сәйкес, Ферғана облысы, Наманған уезінің, Пап ауылдық-дәрігерлік учаскесіне учаскелік дәрігер қызметіне ауыс­тырылады. Жаңа қызмет орнына Гүлсім 1912 жылы, 12 қарашада келіп жетеді. Бұл уақытта Хиуа хандығында Асфендиар ханның уәзірі Сейіт-Ислам Қожа­ның ерік танытуымен халыққа меди­циналық көмек ұйымдастыру шара­лары қолға алынып, мемлекеттік қазынадан 100 мың сом қаржы бөлінеді. Осы қаржының есебінен 1911 жылы Хиуа қаласының ескі бөлігінде 100 орындық аурухананың құрылысы басталады.
1912 жылы желтоқсанда Хиуа бас­шылығы Түркістан округтік әскери-санитарлық инспекторы құпия кеңесші Рябчевскийдің атына хат жолдайды. Хатта Хиуа басшылығы қалада салынып жатқан ауруханадағы әйелдер бөлімінің ұйымдастыру жөнінде ақыл-кеңес сұрап, аурухана­ның құрылыс жоспарын тіркеп ж­і­береді. Бұл жоспармен мұқият таныс­қан Рябчевский оған бірқатар то­лықтыруларды енгізген соң, мақұл­дайды. Жауап хатында әскери-сани­тарлық инспектор «Хиуада емдеу орнының ашылуы өлкедегі жергілікті халықтың денсаулығын жақсартуда және кең таралған жұқпалы ауруларға қарсы күресте маңызды қадам болатыны» туралы пікір білдірген.

Әкесі Сейітжафар Асфендиарұлына Гүлсімнің жазған хаты.

Хиуа билеушілері 1913 жылы мау­сым айында ашылмақ аурухананың штатын білікті мамандармен жасақтау үшін Түркістан өлкесінде қызмет еткен орыс дәрігерлерін шақыруды мақсат етіп қояды. Мұндай шақыру­дың бірін уәзір Сейіт-Ислам Қожа 1912 жылы 25 қазанда әкесі Сейітжа­фар арқылы Гүлсімге жолдаған бола­тын. Уәзірдің ұсыныс-хатымен танысқан Сейітжафар 14 қарашада Наманған уезінің Пап ауылында учаскелік дәрігер қызметін атқарып жүрген қызы Гүлсімнің атына хат жолдап, Гүлсімнің қандай шарттар­дың негізінде Хиуа қаласына қыз­метке ауыса алатыны туралы сұрас­тырады. Гүлсім Асфендиарова­ның 1912 жылы, 16 қарашада әкесіне жазған жауап хатында патша үкіметіне төрт жарым жыл бойы қызмет етіп келе жатқанын, осы қызмет аяқталған соң, қартайған шақта тиісті зейнетақы алуды жоспарлап отырғанын, сондай-ақ Асфендиар-хан оның шарттарын толық қанағаттандырған жағдайда, түркі-мұсылман халқының игілігіне қызмет етуге даяр екенін хабар­лайды.
Өкінішке қарай, әкесі мен қызы арасында орын алған хат алмасу мұрағат қорларында толық сақталын­бағанымен, кейінгі оқиғалардың барысы көрсеткендей, Гүлсім Асфен­диа­ро­ва 1913 жылы, 4 шілдеде алды­мен император ІІ Николайдың атына, артынан Ферғана облыстық дәріге­ріне қызметтен босату туралы өтініш білдіреді. 1913 жылы 3 қыркүйекте әскери-санитарлық ведомствоның №113 бұйрығы бойынша Гүлсім Асфен­диарова өз еркімен мемлекеттік қызметтен босатылады.
Түркістандағы мемлекеттік қыз­метін тоқтатқан соң, Гүлсім Асфен­диарова Хиуа қаласында жаңадан ашылған ауруханаға жұмысқа қабыл­данады. Бұл жерде Гүлсім мұсылман халқына жарты жылға жуық уақыт медициналық көмек көрсетіп, ауа-райы ерекшеліктеріне байланысты жергілікті халықтың арасында кең тара­ған безгек, тырысқақ, сүзек сын­ды жұқпалы ауруларға қарсы күреске, індеттерден зардап шеккен ауруларды ажал тырнағынан алып қалуға күш-қайратын жұмсайды. 1913 жылы Хиуа ауруханасында әйелдер бөлімі мең­геру­шісі міндетін атқарған Гүлсім Ас­фендиарова орыс дәрігері А.Ани­симовпен біріге отырып, алғаш рет жүкті әйелдің жатырына операция жасап, жас ана мен нәрестенің өмірін ажалдан құтқарып қалған болатын.
Шалғай жерде дәрігерлік қызмет­пен айналысу Гүлсімге қиынға соқты. Осы себептен ол туған қаласы Таш­кент­ке қайта оралудың мүмкіндіктерін іздестірді. 1913 жылдың аяғына таман Ташкент қаласының басшылығы мол тәжірибе жинақтаған әрі өз еңбегімен жергілікті халықтың көңілінен шық­қан Гүлсім Асфендиарованы қа­лада ұйымдастырылған перзент­хана­ның бас дәрігері қызметіне тағайын­дайды. Осы қызметте Гүлсім Ас­фен­диарова 1917 жылы патша билігін жойған Ақпан революциясына дейін жемісті еңбек етіп қана қоймай, Түркістан өлкесінің тұрғылықты халықтың әйелдері арасынан меди­ци­налық кадрларды даярлау мақса­тында арнайы акушерлік курстарды ашып, оларға тікелей жетекшілік жүргізу арқылы педагогикалық қызмет­пен де айналысты.
Г.Асфендиарова Түркістан өлке­сін­де Ақпан революциясынан кейін орын алған саяси оқиғалардан да шет қалмады. Гүлсім Асфендиарова 1917 жылы 2-5 тамыз аралығында Ташкент қаласында өткен Түркістан өлкесінің қазақ-қырғыздардың жалпы жиналы­сына әкесі Сейітжафар (жиналыстың құрметті төрағасы) және інісі Санжар­мен бірге қатысады. Съезде Бүкілре­сейлік Құрылтай жиналысына Түр­кістан өлкесінің қазақ-қырғыз­да­ры атынан 15 депутат ұсыну мәселесі қа­ралып, депутат­тыққа кандидат ретінде қазақ қыз­дары­ның атынан Гүлсім Асфен­диарова да ұсынылған болатын.

Ташкенттегі әйелдер ауруханасының медициналық құрамы. Бірінші қатарда оңнан екінші Гүлсім Сейітжафарқызы. Ташкент, 1923 жыл.

1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Түркістан өлкесіндегі саяси билікті өз қолына алған большевик билігі тұсында да білікті маман Гүлсім Асфендиарова дәрігерлік және оқытушылық қызметтерін атқаруды одан ары жалғастырды. 1913 жылдан бері Г.Асфендиарова басқарып кел­ген Ташкент қаласындағы 30 орын­дық акушерлік-гинекологиялық ауру­хана­да және оның жанындағы амб­улат­орияда 1920 жылы медици­налық бөлімде 31 адам, ал шаруа­шылық бөлімде 15 адам қызмет етті. Сол жы­лы мамырда Тұрар Рысқұлов басқар­ған Түркістан өлкелік Мұсыл­ман бюросы Ташкент бөлімі­нің өтініш білдіруімен Гүлсім Асфен­диарова перзентхана жанынан жергі­лікті ұлт әйелдері үшін акушерлік мектеп ұйымдастыру жұмыстарына жетек­ші­лік етуді қолына алады.
Г.Ас­фен­диарова Ташкент қаласының ескі бөлігінде ашылған акушерлік мек­тептің алғашқы меңгерушісі болып тағайындалынып, онда оқытушылық қызметпен айналысады. 1920 жылы 13 ақпанда Ташкент қаласының ескі бөлігінде акушерлік курстарда оқыту ісін жүргізу мәселесі бойынша ар­найы кеңес шақырылып, оған Г.Ас­фендиарова да қатысады. Кеңестің шығарған қаулысына сәйкес Г.Ас­фендиароваға акушерлік курстарда әйелдердің физиологиясы бойынша дәріс оқу ісі жүктелді. Бұл курстардың мерзімі 10 ай, ал оларда өтетін әрбір сабақтың уақыты 50 минут болып белгіленді. Мектептің және акушерлік курстардың алға қойған басты мақса­ты жергілікті халықтың арасынан орта дәрежелі медициналық кадрлар­ды даярлау болғанына қарамастан, мамандардың тапшылығы салдары­нан дәріс оқуға және тәжірибелік сабақтарды жүргізуге негізінен орыс тілді дәрігерлер тартылды. Осыған байланысты жергілікті тілдерді жетік білген дәрігер мен педагог Г.Асфен­диарова халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, оқуға тарту, ана тілінде дәріс беру, жаңадан ашылған оқу орнының беделін көтеру сынды мә­селелерді шешуде үлкен рөл атқар­ды.
1924 жылы қазан-қараша айла­рында жүргізілген Орта Азия респу­бли­каларының ұлттық-мемлекеттік межеленуінен кейін Гүлсім Асфен­диарова ұйымдастырған акушерлік мектеп 1918 жылы Ташкентте ашы­л­ған алғашқы медициналық оқу орны – Түркістан өлкесі мұсылман­дарының медициналық мектебінің қарамағына өтеді. Осы мектепте, сондай-ақ қаланың өзге медициналық орындары мен мекемелерінде Г.Ас­фен­диарова өмірінің соңғы күндеріне дейін дәрігерлік және оқытушылық қызметтермен айналысып, жергілікті ұлт өкілдері арасынан медициналық кадрларды даярлау ісіне зор үлес қос­ты. Бүкіл саналы ғұмырын туған хал­қына қызмет етуге арнаған Гүлсім Ас­фендиарова 1937 жылы қайтыс болып, туған қаласы Ташкентте жерленді.
Көпке дейін қазақтың арасынан шыққан тұңғыш әйел дәрігер Ақ­қағаз Досжанова болды деген пікір орнық­қан болатын. Алайда, Түркістан уни­верситетінің медициналық факульте­тін аяқтаған А.Досжанова дәрігер дипломын тек 1922 жылы алған. Бұл маңызды оқиғаға «Тілші» газетінің қызметкерлері 1923 жылы 1 ақпанда «Аймақ ішінде» атты айдарда жұрт­шы­лықтың назарын аударып, үлгі ретінде көрсеткен. Оқуын аяқтаған­нан кейін, Г.Асфен­диарова жетек­шілік еткен Ташкент қаласының пер­­зентханасына жұмыс­қа қабыл­дан­ған А.Досжанова Гүл­сімнің шә­кірті атанып, одан тәлім алады. Жо­ғарыда айтылғандарды ескеретін бол­сақ, онда қазақ қызда­рынан арасынан тұңғыш болып дәрі­гер атағына қол жеткізген Гүлсім Ас­фендиарова, ал революциядан кейін дә­рігер атанған тұңғыш қа­зақтың қызы Аққағаз Досжанова деп есептеу әлдеқайда орынды әрі тарихи ақиқатқа еш қайшылығы жоқ.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 29.10.2019 | 00:38

Өте керемет.Себебі ол кісі жайлы өте қызықты және керемет.

Аноним 26.09.2021 | 05:55

Аяғым ауыр әйелмін алдым қырып тохтатмай жүр қандай ем жасесем болады

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір