Жүрек арызы
09.03.2018
1892
0

Алматының қақ ортасында Жазушылар одағы бір сәтке қалғып кетпейін дегендей сілкініп, еңсесін тіктеп алды. Талай тарихтың куәсі болған үлкен үй бейнебір уақыттың әрбір сәтін қалт жібермес үшін бұрынғыдан да қырағы тартқан сыңайлы. Үшінші қабаттың шеткі жұмыс бөлмесінде мен және Мұқағали. «Алыптар мекені болған жап-жасыл сарай ішін түн қараңғы­лы­ғында рухтар кезіп жүреді-мыс» деген алда-жалда сыбыстарды жиі естиміз. Кезсе кезетін де шығар, кім біліпті?.. Әңгіме ауанына қарап, дәл қазір менің жанымда Мұқағали­дың рухы отыр екен деп ойлап қалмаңыз. Менімен бірге оның күнделігі мен жыр жинағы. Ақын Мұқағалимен өлеңдері арқылы бала шақтан сырласпыз. Ал күнделігінде, өздеріңіз де білетіндей, бар адамға ұқсаған және ұқсамаған бір адамның бүкпесіз сыры ақтарылыпты. Ол да болса толық емес. Сол адамның жан әлеміне енді ғана бойлап, «әрі қарай не боладыны?» ойша долбарлап, дегбірі таусылған оқырман көңілін ара-арасында кездесетін «осы арада тағы да жыртылған» деген сарашы сөзі су сепкендей басады. Енді сол жыртылған парақтармен бірге ғайыпқа кеткен беймәлім сырларға аңсарың ауады. Адамға тән ең табиғи құбылыс – жоқты іздеу. Әлде өзі, әлде өзге біреудің қолымен данышпан ақынның қаншама ой-арманы умаждалып, қай жақтарға лақтырылды екен?.. Оның бізге жеткен өлеңдерімен бірге осы бір аз ғана мөлтек сырына да тәубе. Осының өзі оны ақын да емес, данышпан да емес, ең әуелі адам ретінде танып, білуге шамшырақ.

***
Поэзия… Оны ұғына да алмай тұ­рып, әуелі ғашық боласың. Ал­ғаш­қы махаббатыңдай тап-таза ұшыра­сады. Ешқандай ойға жетелемейді басында. Өзіңмен, әлде өзіңе тым ұқ­сас біреумен табысқандай күй кешесің. Жұмбақ күй.
Жер бетінде қанша адам болса, кем дегенде жартысынан көбі өлең өлкесіне келіп құлапты. «Жесірдің айырылмас сырласы боп, жендеттің көзінен жас ағызатын» саф өлең жүректе әлі күнге шешімін таппаған жұмбақ сынды тұңғиық тартады. Бұл құбылыс поэзияның өзіндей түсінікті әрі түсініксіз. Түсінікті болатын се­бебі – өлеңнің көбіне-көп ішкі сезімге құрылатыны, ал түсініксіз болатыны – сырттай қарағанда қара­пайым ғана әрқайсымыздың көңіл-күйімізді бейнелеген ұйқас сөз қалай­ша мәңгі өшпес жалынға айналатыны. Әрине, барлығы емес.
Әр халықтың поэзиясының өз өлшемі бар. Англияда Шекспир, Ре­сейде Пушкин, ал қазақта… «қазақ поэ­зиясының өлшемі – Абай және Мұқағали», – депті академик Сейіт Қасқабасов. Абай қаншалық тұңғиық болса, жыл өткен сайын Мұқағали да халық жүрегіне соншалық тереңдеп бара жатқандай. Мұқағали – фено­мен. Мұқағали – тұлға. Мұқағали – ақын. Егер жалғай берсең сызық­шалардың саны да көбейіп кетер еді. Бірақ оған ең лайықты теңеу – ақын­дық. Ол – ақын. Бүгінгі «ақындар­дың» қаптаған заманында көңіліңізде өлең өлкесіне деген сенім азайып бара жатса Мұқағалиға қараңыз. Ол сізді адастырмай, тазалық әлеміне қайта әкеледі. Сіз өлеңге бұрынғыдай ғашық боласыз. «Ақын деген сөзді Хан Тәңірі шыңынан да биікке көтере алған Мұқағали кім?», – деп қалар едіңіз сонда іштей тамсанып…

***
Ғажайып туындысын бүгін де аяқтай алмады. Қасқырдай қау­ма­лаған мың сан ойдан секем ала баста­ған ол көңілінің қатпар-қыртысын­дағы қазыналарын өз қиялынан қорғаштап әлек. Қайсыбірін қағазға түсірсін? Жоқ, асығып-аптығып жаман өлең жаза алмайды. Жазған соң тек мықтысын жазу керек! Әтте­ген-ай, бір жарық сәуле келіп мына түннің түндігін түрер ме еді? Қап-қара түнек қой, түнек! Әншейінде жылт етпе жарық берер жұлдыздар да көрінбейді.
«Қап-қара, ғажап, сиқырлы
Қашпаңдар қара бояудан!
Қандырып уыз-ұйқымды,
Қап-қара түннен оянғам…
Қап-қара түнді көрдім де,
Жап-жарық таңға кездестім…»
Әрі қарай… Тыныштық. Кейде осылай. Ол сұрапыл ойларын бір ме­зет қағазға түсіре алмай әлек болады да, әп-сәтте барлығын ақтара салады. Оған бәрі оп-оңай. Оған бәрі қиын. Тек қана «шабыттың бүкіл сөлін сығып алып, құр сүлдерін қалдырған­ша орнынан тұрмаса» болды. Бас­қа­сының бәрі бекер. Ол кейде жауынды күнгі бұрқасындай түсініксіз. Кейде ол жаңбырдан кейінгі топырақтай басылып қалады. Және соның бәрі та­биғи. Егер жолаушылап келген жан қарсы алдынан бірнеше бұлақ қатар шыға қалса, сөзсіз Мұқағали бұлағына бірінші бұрылар еді. Оның жанының тұнығы жырына да дарыпты. Жан… Әдебиетпен бірге жасасып келе жатқан қашанғы ұғым. Онсыз әде­биетті елестете аласыз ба?

***
«…Жеңгей керемет адам! Біраз мызғып тұрды да: «Бүгін өртеніп өлген адамның арманы жоқ», – деп, сыртқа ақ қарға шықты да, бұтақ бұтап әкеліп, пешті қайтадан дүріл­детіп жіберді. Кешегі көрші қырғыз малшыларының слетін (тойын) әңгімелеп, әзілдеп отыр. Мені әзілдеп бір қойды. Бұрышта жазып отырмын. Не деген керемет жандарсыңдар, жандарым! Кім біледі сендерді? Кім түсінеді?! Құдірет деген кім?…», – дейді Мұқағали өз күнделігінде.
Кім түсінеді? Оның бүкіл өмірі (шығармашылығымен қоса) осы бір сұраққа мәңгі бақи байланған. Саналы ғұмырында «адам өмірінің, адам жанының зерттелмеген, қалам тартылмаған» тұстарын табуға ты­рысыпты ол. Шынында да, кім тү­сінеді адамның жанын? Ал Мұқағали ЖАН тереңін қопара береді.
«…Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,
Менің нәзік жанымды кім түсінер!?», –
депті ақын.
Бұл өлең жолдары бір өзіне ғана емес, барлық адамға арналған. Сон­дықтан оқыған сайын оқушы оған қайта орала береді. Мұқағали адам тағдырын жүрегінен өткізіп, өмірі арқылы баяндауға құмар. Бір өзінің ғана емес өлеңдері арқылы бар адам­ның тағдырын жырлап тұрғандай. Көзбен көріп, көңілден өткізген оқи­ғаларды соншалық сезімталдықпен, тазалықпен жеткізеді. Оқушысының әрбірімен жеке сырласқан оған қа­лай­ша сенбессің? Қайтіп ғашық болмассың?

***
Мұқағали поэзиясының өзегі – адам, идеясы – адамдық. Оның поэ­зиясы адамзаттың өзіндей қарапайым әрі күрделі. Ол адамның жан әлеміне терең бойлағаны сонша ақыр аяғында сол тұңғиықтан шыға алмай қалған секілді. «Бүкіл менің жазғаным – бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адам­ның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуа­нышы туралы поэма. Егер нан-басаңдар, барлық өлеңімді жинап, бір жинаққа топтастырып көріңдерші. Естеріңде болсын, әрбір өлеңім өз орнында тұрсын», – дейді ақын. Оның бүкіл поэзиясы бір ғана АДАМ. Он­да тұтастық бар. Бүтін адам. Кем­ші­лі­гінің өзі оның табиғатын толықтыра түседі.
Дәрігер науқастың тәнін ғана ем­­дегенмен жанын сауықтыра ал­майды ек­ен. Ақиық ақын жетім­сі­реген жүректерді өлеңмен емдеуге тыры­сып­ты. Тәңірдің өзі оның аузына кие­лі сөз салған. Бейнебір бүкіл адам­ның жан жарасын жырың­мен сауықтыр дегендей.

***
Мұқағалиды білетіндер оның Қара­саздан Алматыға әлемдік әде­биетті түгел тауысып келгендігін айтады. Барлық шығармашылық иелеріне тән ізденіс, еңбек, еліктеу – оған да тән. Мұқағали қолтаңба­сының қалыптасуына ең қатты әсер еткен ақын Қасым Аманжолав екені байқалады. Екеуі де еркін. Екеуі де өз қалауынша жазды. Екеуі де табиғи.
«Жеді.
Тынды…
Керемет дерттер төніп,
Кең кеудеде кетті ғой кектер сөніп.
Қасым деген – қалғыған жанартау ғой,
Жанартау ғой.
Жанды да кетті өртеніп…», –
дейді ол Қасым туралы өлеңінде.
Қазақ өлеңіне Қасым келгенде социалистік реализм шылбырымен бұғаулана бастаған әдебиеттің айда­рынан еркіндік лебі есіп өткендей болып еді. Қасым ақыннан кейін қазақ өлеңіне келген Мұқағали да адамның жан әлеміне ешқашан ешкімнің билігі жүрмейтінін аңғарт­қан ішкі еркіндігімен кірді. Бейнебір осы сәтте Қасымның «сөнген» үміті Мұқағали болып қайта маздағандай. «…Ерігіп отырып, аулақта ұшып жүр­ген құсқа және дүрбі салдым. Бүркіт екен. Манағы Ақиық есіме түсіп, көкті тінтіп ем, тауып алдым. Сұмдық биіктікте рахаттана жүр екен… Ақ­иықтан көз алмаймын. О, керемет! О, Бостандық – Еркіндік! О, Құдірет!!!», – дейді ол күнделігінде. Мұқағали қыспаққа салынған қасіретті дәуірдің өзі туғызған ақиығы.
«…Қуанта бірақ алмады,
Сонау бір үйді шеттегі
Соғыстың соңғы көктемі», –
дейді ақын.
Кеңес одағының дәуірлеп тұрған шағында Мұқағали осылай жырлай­ды. Соғысты партия ерліктің нағыз үлгісі ретінде көрсетіп жатқанда, Мұқағали оның сұрапыл сұмдығын өлең соңындағы үш-ақ жолмен әш­кере­лейді. «Мұқағалидың ешкім жолын кескен жоқ, қолынан қаққан жоқ деп айта алмаймыз. Бәлкім, оның пенделіктен көрген азабы да жетіп артылар. Бірақ, оны мұқалтқан тек бұл емес. Оны діңкелеткен аяғын аттатпас тоталитаризм мен одан туындайтын күнбағар конформизм. Ол солармен алысып, соларды еңсер­ген сайыпқыран», – депті Әбіш Кекіл­баев ақын жайлы сұхбатында. Ақынның өзі:
«…Маңдайымнан сыйпаған
бір жан болса,
Енді қалған өмірімді қияр едім», – деп күйінеді.
Көңілін алдына кілем қып төсе­ген­де артынша қырын беріп, одырая қарағандарды елейтіндер мен елемей­тіндер болады. Мұқағалидың сезімтал жүрегі ондайды әсте елемей қалмас еді. Бұдан оның әсіре кекшілдігін ем­ес, алдына келген кім-кімді де сырт­қа теппей, бауырына тартқан адамдығын ұғасың. Оның алып кеудесіне симаған үлкен жүрегімен осылай қауышасың. Болмашы боп көрінетін «қайғының» өзі ақын жү­ре­гіне жүк боп артыла беріпті. Ақын – сонысымен де ақын. Жер бетінде ақын­нан өткен сезімтал халық бар ма.
«…Менің көзім енді ашыла бас­та­ғандай. Басқаларды, қоршаған ортамды ұға бастадым. Неге екенін, кейде маған бүкіл адамзаттың баласы дос болып көрінеді, ал кейде туған шешем де қас сияқтанып кететін сәттер бар. Ол, сірә, менің адамдарға соншалық шектен тыс жаным ашып, есесіне олардан да өзіме сондай жанашырлық күтетіндіктен болар», – деп сыр ақтарыпты ол. Ақынның «мейірім бер» деп жиі айтатын да сондықтан. Оның нәзік жүрегі жылт еткен мейірімнің өзінен жалынға оранады. Сол сияқты бір ғана қатыгез көзқарастың өзі оған соншалықты ауыр. Бұл да «айтарын абайламай ашық айтып» алады да содан өзі үнемі опық жеп жүреді. Дүниелік мұң-шерден ақынды ылғи да құтқарып қалатын бір-ақ нәрсе: поэзия. Ол өзінің ғана емес, өзіне ұқсас кеудесін­де жаны бар адамзаттың қуаныш-қайғысын өлең арқылы зерттейді. «…Мені адамның өзі, сыртқы сүлдері емес, мінез-құлқы, қатынасы, ойы мен психологиясы қызықтырады. Олар­ды түсінуге тырысамын. Адам­дарды түсіне отырып, олардың да мені түсінгенін қалаймын. Менің бүкіл поэзиямның мәні, міне, осы, Поэзия – мен үшін жанымның шы­рылы. Басқа ештеңе де емес», – дейді ол күнделігінде.

***
Мұқағали дүниені тәрк еткеннен кейін оның екінші өмірі басталып кетіпті. Әдетте екінші өмір бізге беймәлім екінші дүниеде болады деседі. Ал оның жаңа өмірінің бүршігі жер бетінде қайтадан бүр жарған секілді. Ақынның демі әлі таусыл­мағандай. Сенбесеңіз, өлеңін тағы бір оқып көріңізші. Ол сізбен бірге тыныстап жатқанын байқайсыз.
«Жақындық сеземін
Жерден де аспаннан,
Жылылық сезінем
Мұздардан, тастардан.
Өмірім, сірә да, әріден басталған,
Әріден басталып,
мәңгіге тасталған…», –
дейді акын. Ол мәңгі тірі АДАМ об­ра­зын өлеңмен осылай бедерлепті. «Та­биғат сол өз қалпында әдемі, оны әдемілеудің қажеті жоқ», – депті ол. Мына жыр да дәл сондай. Айналып келгенде бұл ұлы ақынның өзін емес, мәңгі өлмес адам жанын, сезімін ұлықтап тұрған ӨЛЕҢ ғой.

***
«Әдетте тіпті де жақсы өлеңі көп те, бірде-бір жаман өлеңі жоқ жыр кітаптары аса сирек ұшырасады. М.Мақатаевтың «Қарлығашым, келдің бе?» жинағы сондай айда-жылда бір ұшырасатын аса сиректің бірі», – депті Әбіш Кекілбаев. Ақиық ақын көзі тірісінде шығармашылығы жөнінде жүрек сөзін айтқан заңғар жазушыға қатты риза болып: «Өзім өзім болғалы мұндай сөзді бірінші рет естіп тұрмын. Бұрынғы екі жинағым үн-түнсіз өтті ғой. Бұл жолы кіта­бым­ды бір түсінсе, сен түсінеді ғой деп әкеліп ем. Бір кезде насыбайшы ша­лыма қатты риза болып едің. Қателес­пеп­пін. Ойымдағыны ұқтың», – деп құшақтап, қолын қысыпты. Бір дәуір­де өмір сүріп, бірін-бірі таныған бұл екі ТҰЛҒА әдебиет биігінен адал­дықтың үлгісін паш етіп, қол бұл­ғап тұрғандай. Ал біз олармен шы­ғар­малары арқылы әлі ұзақ сыр­ласамыз.

«Современник» журналына Лаура Сюрвилльдің ағасы Бальзак жайлы алғашқы өмірбаяндық жазбасын жариялаған Чернышевский: «Бальзактың адамдығы оның жазушылығымен тең дәрежедегі құрметке лайық», – деп мәлімдепті. Бұл сөз Мұқағалиға да арнап айтылғандай.

Нұрлайым БАТЫР.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір